ҚЫРКҮЙЕКТЕ ҚАЙДА ДЕМАЛСА БОЛАДЫ?

Міне, жаз да бізбен қош айтысуда. Жаймашуақ күндер жиі бұлтпен торланып, жел соғып, жаңбырмен ауысуда. Жазғы демалыс күндері аяқталып келеді. Әлеуметтік желілер теңіздегі күннің батуымен, фламинго жүзген бассейндер мен құмдағы жазулармен толып жатыр.
Бірақ жазғы күннің аясында қыздырына алмағандар, қыркүйекте демалатын орындарды таңдап, қолайлы жерлерді есіне түсіре бастайды. Бұл таңдауда әдетте, барлық жағынан қолайлы табылуы, баруы, қонуы, қызықты тамашалайтын орындарының болуы және бірінші кезекте, қаражат жағынан қолжетімді болуы қажет.
Сіз миллионды қала Шымкент жайлы не айтқан болар едіңіз? Күтпеген ұсыныс па? Ал неге болмасқа? Жетіп алу оп-оңай: ұшақпен, пойызбен, автобуспен, көлікпен. Кез келген талғам мен қалтаға сай келетін варианттар бар және бағасы да қолжетімді. Қайда тоқтауға болады: ыңғайлы заманауи хостелден бастап бесжұлдызды белгілі желінің қонақүйіне дейінгі ұсыныстар бар.
Соңғы тармақ – не көруге болады? Бұл тармақта шексіз мүмкіндіктер бар: сансыз жасыл бақтар, бірегей экспонатты музейлер, бас айналдырар шеберлікке ие цирк артистерінің шығулары, ең ұзын сужолақты аквобақ, африкалық белдеулі зообақ және басқа да толып жатқан көрнекті орындары бар. Ал Шымкенттің ең басты өзгеше ерекшелендіретін жері – ғажайып киелі орындары. Тарихтың рухы, ерекше архитектуралық құрылыстар, жұмбақты аңыздар нағыз саяхатшыларды өзіне сөзсіз тартады.
Қаланың күш-қуатын сезіну үшін бірінші кезекте, Шымкенттің тап ортасында орналасқан киелі бұлақтың орнында болған дұрыс. Аңыз бойынша ерте заманда бұл жерде данышпан және емші Қошқар ата өмір сүріпті, қазір бұлақ атаның атымен аталады. Халық аңызына жүгінсек, Қошқар ата елді керемет қасиеті бар бұлақтың суымен емдеген екен. Емші ата өзеннің бастауы болатын Шымкенттегі бұлақтарды тазалап отырған. Қайтыс болғаннан кейін ел атаны бұлақтың жағасына жерлеп, оған атаның атын беріпті. Керемет факт – бұлақ суының температурасы жылдың кез келген мезгілінде +11 градусты құрайды.
Қазіргі уақытқа дейін жергілікті халық бұл жерді қасиетті деп құрметтейді. Ескі замандарда осы жерде халық сейілдері, үлкен жәрмеңкелер, дәстүрлі құрбандық шалулар өткізілген. Қазіргі күнде 1917 жылға дейін өте танымал болған Сейіл Қошқар-Ата мерекесі қайта қалпына келтіріле бастады. Ертеде өзеннің жағасында киіз үйлі қалашық орнатылып, сауда орындары ұйымдастырылған көшпенділер тауарлар алмастырып, үлкен қошқарды құрбандыққа шалып, Қошқар Атаның рухына жүгініп, бейбітшілік, молшылық пен береке-бірлік сұраған.
2015 жылдан бастап жергілікті белсенділер мен биліктің қолдауымен шымкенттіктердің өміріне Қошқар Ата қайта оралды. Дәстүр бойынша мерекеде ең үлкен қошқар таңдалып, оның иесіне ақшалай сыйлық беріледі. Түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылады, мысалы, иығындағы қошқармен отырып, тұру жергілікті ерлердің күші мен шыдамдылығын көрсетеді.
Тағы бір киелі орындардың бірі – қаладағы ең ескі мешіттің ғимараты. Оны «Жәми» мешіті деп атайды. Оны XIX ғасырдың ортасында Қоқан хандығы салтанат құрған дәуірде Ферғана өңірінің шеберлері ферғана-ташкент әдісімен құрған. Бұл ғимараттың құрылғанына 200 жыл шамасы болды деген сөз. Оның қабырғалары тарихтың рухымен құнарланған, оның ішіне кіру ерекше бір сезімдерді оятады. Мешіттің құрылған кездегі қалпы сақталмағанымен, сөзсіз, ғимарат тарихи маңызды мәртебесіне ие.
Шымкентте тағы бір аудан бар, оның бүкіл ауқымы киелі орындарға тұнып тұр, бұл – Сайрам. Орта ғасырларда бұл қала аумақтың басты қаласы – Испиджаб болған. Сайрам өзінің тарихи кескінін әлі де сақтаған. Бұл үшін баурайынан екі жаққа кететін қорғанды қаланың «бас қақпасы» қалпына келтірілген.
Сайрамның киелілері жайлы ондаған аңыздар бар, халықтың оларға деген сүйіспеншілігі ондаған кесенелерге айналып, ауданды тұндырып тұр. Соның ішіндегі маңыздылары – Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесенелері.
Ибрагим ата ерекше құрметті Ахмет Яссауидің әкесі, уағыздаушы болған. Ибрагим ата бейітінің басындағы кесене бірнеше рет қайта өңделген. Біріншісін уақыт бұзса, екіншісін жер сілкінісі зақымдаған. Кесенені қайта өңдегеннен кейін оның бастапқы кескіні жоғалып кетті.
Қарашаш ананың шын аты – Айша Бибі, Ахмет Яссауидің анасы. Бай адамның қызы болғанына қарамастан мұқтаждарға әрдайым жәрдем қолын созған. Қарашаш ананың кесенесі де зақымдалуларды бастан өткізді. Бірнеше қайта өңдеуден кейін кесене өзінің байырғы қалпына келді.
Түркістандағы Ахмет Йассауидің кесенесіне жол тартардың алдында, Сайрамға келіп, оның ата-анасына құрмет көрсету дұрыс деп саналады.
Ерте замандарда Сайрамның аумағында Қызыр пайғамбардың мешіті де орналасқан болатын. Қазір оның орнында тарихшылар ІХ-ХII ғасырлар деп белгілеген мұнара-минарет қана қалды. Қызыр ата Пайғамбар болатын. Аңыз бойынша ол мешіттен 60 жыл бойына шықпай, осыдан кейін тағы біраз өмір сүріп, аспанға тірілей қабылданған екен.
Тағы бір киелі орын – XVI ғасырдың соңында құрылған Әбділ Азиз бабтың кесенесі. Ол Ислам дінін тарқатып, Тәңірілікпен күрескен араб әскерінің туын ұстаушысының құрметіне құрылған. Әбділ Азиз «дінсіз» түргештердің қолынан қаза тауып, қайтыс болғасын қасиеттілер деңгейіне көтерілген.
Қаланың аумағында, вокзалдың жанында, ескі Шымкент қалашығы орналасқан. Бұл бірегей орын қаланың қазіргі заманғы орнынан табылған. Мұнда табылған артефактылар Шымкенттің жасының
2 мың жылға дейін екендігін көрсетіп отыр. Барлық қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан соң бұл жер заңды негізде Шымкенттің туристер үшін ең үлкен де көзтартар жері болатындығы сөзсіз. Қалашық ашық аспан астындағы мұражайға айналады. Қабырғалардың бойымен тақырыптық кварталдар, шығыстық үлгідегі жаяу жүрушілер аяқжолы, қолөнер шеберлерінің сауда нүктелері, сувенирлер дүкендері, ресторандар және басқа да мәдениет ошақтары мен демалыс орындары ашылады. Қабырғалардың ішінде болса ескілік жанкүйерлерін галереялар мен қаланың барлық нүктелеріне көз жеткізетін бақылау нүктелері күтеді. Тәуелсіздік бағынан тура келуге болатын қаланың ескі қақпасына кіру жолы қалпына келтіріледі. Сонымен бір уақытта тарихи объектіде археологиялық ізденістер жалғасып жатыр.
Ал қаланың шекарасынан шығып кетемін деушілерге, адамзаттың бесігі саналатын қасиетті Қазығұрт қорғанында болу керек-ақ. Ол Шымкенттен бар болғаны 40 шақырым жерде орналасқан.
Қазығұрттың киелі болуының себебі, аңыз бойынша, бүкіләлемдік су тасқыны болған кезде Қазығұрттың төбесі ғана суға батпай қалыпты. Сол жерге Нұх Пайғамбардың кемесі тоқтапты. Оның символы қазір таудың басында еңсесін мақтанышпен көтеріп тұр. Ол жерде сопақша келген алаңшаны көруге болады. Көлемі бойынша ол Библияда жазылған Нұх пайғамбардың кемесінің кескініне толық сәйкес келеді. Шынында оқиға осы жерде болған болса, ойлап қараңыз, бізді қандай сиқырлы саяхат әлемі күтуде?!
Қазығұрттың төменінде Адам ата мен Хауа Ананың немесе Адам ата мен Ана жердің символы болған биік жартас бар. Тұтас жартас қылышпен шауып жасалғандай. Ойпаңның ішінде екінің бірі өте алмайтындай шатқал бар. Оны кесіп өту адамның күші мен дене құрылысына емес, оның жан-дүниесінің тазалығына байланысты. Ондай адамдар шатқалды оп-оңай кесіп өтеді. Ал кімнің ойы таза болмаса тастардың арасында қыстырылып қалады. Бұл нағыз рухты сынайтын, бас тарта алмайтын сынақ емес пе?!
Оқып отырғаныңыздай, Шымкент пен айналасындағы әрбір орын бай тарихқа тұнып тұр. Адамның қиялында орта ғасырлық шым-шытырман оқиғаларды, үлкен шайқастарды, таңғажайып оқиғаларды оятады. Бұл сіздің Шымкент пен оның айналасындағы көретіндеріңіздің тек аз ғана бөлігі. Көптеген киелі орындарды, тарихи ғимараттарды, табиғат ғажайыптарын бүкіл оңтүстік өңірден көруге болады. Оларды өз көзіңмен көру – уақыт машинасымен саяхат жасауға тең ғанибет! Бүгінгі күні Сізде мұндай мүмкіндік бар. Шымкент Сізді құшақ жая қарсы алады!
Диана Батищева