«НҰРЛЫ ЖОЛ» ЕЛДІҢ БІРТҰТАСТЫҒЫН БЕКЕМДЕУДЕ

301
0
Бөлісу:

Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды салуға және жөндеуге үш жыл ішінде 950 миллиард теңгедей қаржы жұмсалған. Бұл дерек Мәжілісте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында автомобиль жолдарын дамыту» тақырыбында өткен Үкімет сағатында жария етілді.

Отырысты ашқан Мәжіліс вице-спи­кері В.Божко Қазақстанды ха­лықаралық көлік-логистикалық ағындарға интегра­циялау «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының басымдықты міндеттерінің бірі ретінде айқындалғанын еске салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында автожолдар мен порттар салу мен оларды жетілдірудің басымдылығын тағы да атап өтті.
Президенттің еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі Мәжілістің тұрақты бақылауында тұр. Ол «Нұрлы жол» бағдар­ламасының басқа да бағыттарымен бірге, 2016 жылғы 26 желтоқсандағы және 2017 жылғы 10 сәуірдегі Үкімет сағаттарында қаралды. Өткен үшінші сессия барысында депутаттар осы бағыттағы 3 қарыз алу туралы келісімді, сондай-ақ Өзбекстанмен, Норвегиямен, Әзірбайжанмен арада халықаралық автокөлік тасымалдары туралы шарттарды ратификациялады. «Қазақстандағы кедендік реттеу туралы» заңы қабылданды. Бұл жеткізілімдерді рәсімдеу және шекаралардан өту тәртібін айтарлықтай жеңілдетті.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында тағы қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде Инвес­ти­циялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек баяндап, негізгі қорытын­дыларға тоқ­талды. Оның айтуынша, автожол саласы бағдарламаның басты бағыты болып табылады.
– Мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары халықаралық және республикалық маңызы бар автожол­дардың құрылысы мен реконструкциясына 932 миллиард 4 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде 472,8 миллиард теңге – Ұлттық қордан алынды. Бұл қаржы еліміз­дің барлық аймақтарында 5,6 мың шақы­рымнан астам жолға құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Барлық жобаларға 80 мыңға жуық жұмысшы тар­тылды. Отандық өндірушілер материал­дарының үлесі 95 пайыздан асады, – деді Ж.Қасымбек.
2016 жылы аяқталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәліз, ми­нистрдің бағалауынша, бағдарламаның басты көрсеткіші саналады. Жоба мем­лекет экономикасына оң әсерін тигізген. Жүк тасымалдау көлемі 33 миллион тоннаға жетті, ал Қазақстан аумағын басып өтетін, сол үшін әртүрлі алымдар төлейтін транзит 2,5 есеге артып, жалпы көлемі 900 мың тонна болды. Осылар есебінен жинақталған жылдық орташа экономикалық пайда 190 млрд теңгені құрады. Жүктің жолға шығындайтын уақыты 2 есеге, жол-көлік оқиғалары 27 пайыға, өлім-жітім 35 пайызға қысқарды.
Дәліздің бойында жолды пайдаланушы көліктер мен жүргізушілерге сапалы қызмет көрсететін, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беретін
277 жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Ондағы 73 ны­сан соңғы жылдары құрылды: 23-і Жамбыл облысында, 19-ы – Түркістан облысында, 16-сы – Қызылорда облысында, 15-і – Ақтөбе облысында.
«Нұрлы жол» аясында елордадан нұр сияқты еліміздің әр бұрышына шұғылалы-сәулелі түрде тарайтын жолдар салу қолға алынған болатын. Әйтпесе, кеңес кезінде Қазақстанның барлық жолдары Ресейге шикізат тасуға бағдарланып төселген. Салдарынан, еліміздің өңірлері орта­лықпен және өзара лайықты дәрежеде байланыстырылмады.
«Сәулелік принцип» бойынша «Ор­талық–Оңтүстік», «Орталық–Шығыс» және «Орталық–Батыс» дәліздерінің құ­ры­лысы жүргізілуде. 2013 жылы бастал­ған «Орталық–Оңтүстік» автокөлік дәлізінің ұзындығы 1 мың 291 шақырымға тең. Бұрын бұл бағытта ескі жол болған, енді оның орнын басатын заманауи дәліз толығымен 1-техникалық категорияға ауыстырылады.
2013-2017 жылдар аралығында 171 шақы­рымдық «Астана – Теміртау» және 104 шақырымдық «Алматы – Қапшағай» учаскелерінде қозғалыс ашылды. Министр биыл 14 шақырымдық «Теміртау – Қара­ған­ды» учаскесіндегі қозғалысты аша­тын­дарын хабарлады. Қарағанды қала­сы­ның айналма жолында (48 км) және 228 ша­қырымға созылып жатқан «Құрты – Бу­рыл­­байтал» жол телімінде жұмыстар басталды.
Бұған қоса, биылғы қазан айында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы үшін сырттан тартылған қарыздарды үнемдеу есебінен босаған қаржыға 297 шақырымдық «Балқаш – Бурылбайтал» учаскесінің реконструкциясына кірісу үшін келісімшарт жасау жоспарлануда.
– Құрметті депутаттар, қарыз жөніндегі келісімді тез арада ратификациялау бойынша көмек берулеріңізді сұраймын. 2019 жылдан бастап, мемлекеттік кепілдік заемдары есебінен 363 шақырымдық «Қарағанды – Балқаш» және 67 шақы­рымдық «Құрты – Қапшағай» учаске­лерінің реконструкциясын бастау жос­парлануда. Жоба 2020-2021 жылы аяқталады деп болжап отырмыз, – деді инвестициялар және даму министрі.
Ұзындығы 904 шақырым болатын «Орталық – Шығыс» дәлізінің ре­конс­трукциясы да толық қарқында жүргізілуде. Бүгінде 200 шақырымдық «Астана – Павлодар» және 204 шақырымдық «Пав­лодар – Семей – Қалбатау» учаскелерінде қозғалыс ашық. Осы жылы тағы 500 шақырымда жұмыстар жалғасуда. Ми­нистр Ж.Қасымбек оның ішінде 239 шақырым жолды 2018 жылы, қалған 261 шақырымды 2019 жылы аяқтауға уәде етті. Осылайша, биыл Астанадан Павлодарға дейінгі, ал 2019 жылы Қалбатауға дейінгі қозғалысты толық ашпақ.
Ал «Орталық – Батыс» жобасы аясында 299 шақырымдық «Қандыағаш – Мақат» учаскесінде жұмыстар жүруде. Негізі, бас қаламыз Астананың барлық өңірмен тікелей автокөлік жолымен байланысуын жолға қою арқылы «Нұрлы жол» бағ­дарламасы мемлекетіміздің біртұтастығын нығайта түсуге ықпал етеді.
Еліміздің батысында, сондай-ақ жалпы ұзындығы 120 шақырымға жететін «Ақтөбе – Қандыағаш» (60 км) және «Атырау – Астрахань (Ресей)» (60 км) учаскелерінде реконструкциялау жұ­мыстары басталды.
Мұның сыртында шекара бойындағы өңірлеріміздің көршілес мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынас­тарын дамыту үшін «Орал – Тасқала» (100 км), «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» (61 км) жобалары іске асырылуда. Бұлар солтүстік көршіге бастайды. Қытай халық республикасына шығу үшін «Қалбатау – Майқапшағай» (415 км), «Үшарал – Достық» (184 км), «Тас­кескен–Бақты» (20 км) жобалары қолға алынған. Маңғыстау облысында Өзбек­станға жеткізетін «Бейнеу–Ақжігіт» (84 км) автожолы қалпына келтірілуде.
Қазіргі кезде мемлекеттік бағдарлама аясында, бұдан бөлек, «Щучинск – Зеренді» (80 км), «Қостанай – Денисовка» (114 км), Жетібай – Жаңаөзен» (73 км), «Қордай айналма жолы» (80 км), «Ұзынағаш – Отар» (96 км), «Меркі – Бурылбайтал» (266 км), «Осинов асуы» (32 км) және «Талдықорған – Өскемен» (763 км) автожолдарын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл Қазақстан тарихындағы алғашқы ірі концессиялық жоба «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын» (ҮАААЖ) салу жұмысы басталды. Ол транзиттік жүк және жеңіл көліктердің онсыз да түтінге булыққан Алматы қаласына кірмей, сыр­тымен айналып өтуіне мүмкіндік беріп, тиісінше, қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізбек.
2018 жылдың соңында «Денисовка–Қарабұтақ» (40 км), «Кеген – Жалаңаш–Сәтті» (35 км) және «Ақсу – Курчатов» (24 км) автожолдарын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан өзге, күрделі жөндеу жұмыстары аясында 33 апатты көпір мен өтпежолдар жөнделіп, 17 жерүсті жаяу жүргіншілер өтпесі тұрғызылуда. Сондай-ақ 5 шекаралық бекет өткеліне, тарата айтсақ, «Қарақоға», «Ауыл», «Уба», «Жаңа Жол», «Сырым» бекеттеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
– Бюджетке түсетін салмақты азайту және «Нұрлы жол» аясында автожолдарды күтіп ұстау мәселесін қамтамасыз ету үшін ақы алу жүйесін енгізу жұмыстары жал­ғасуда. Атап айтқанда, жалпы ұзын­дығы 469 шақырым болатын «Астана – Темір­тау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» учаскелерінде ақы алу жүйелерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 5,5 мың шақырым болатын 13 жолда ақы алу жүйесін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары аяқталады. Оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі де бар, – деді Ж.Қасымбек.
Жеңіс Қасымбек өз сөзінде республи­калық маңыздағы автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 76,9 млрд теңге қарастырылғанын мәлім етті. Ал жергілікті жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 145,9 млрд теңге арна тартпақ. Сөйтіп, 2017 жылмен са­лыстырғанда, қаржыландыру 58,9 млрд теңгеге ұлғайды.
Қазіргі уақытта республикалық жол бойларында 1 859 қызмет көрсету нысаны бар екен. Олардың 42 пайызы немесе 780-і ұлттық стандартқа сай келеді. Жыл аяғына дейін 70 нысанды стандартқа сай келтіру жоспарлануда. Бұл қызмет көрсету нысандарының қай жерде орналасқанын жүргізушілер біліп, аялдайтын орнын алдын ала жоспарлай алуы үшін оларды IRU Transpark, GoogleMaps, Яндекс карта цифрлы карталарына енгізу жұмыстары жүргізілуде.
– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды кең ауқымда іске асыру – Қазақстанның ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының катализаторы. Сондай-ақ ол өңіраралық байланыстарды қамтамасыз етеді және әлемдік көлік жүйесіне ық­палдасуға мүмкіндік туады. Бұл бағдарла­ма қосымша жұмыс орындарын құру арқылы дағдарысқа қарсы бағыт­талған сипатқа ие. Құрылыс материалдары, туризм, өндіріс сияқты салаларға және тұтастай алғанда, ел экономикасына айтарлықтай мультипликативті әсер етеді. Көлік инфрақұрылымын жетілдіру нәтижесінде тасымалдау жылдамдығы артады, көлік шығындары төмендейді. Қазақстанның іскерлік белсенділігінің, өнімділік пен транзиттік әлеуетінің артуына жол ашады, – деп түсіндірді министр Жеңіс Қасымбек.
Үкімет сағатында қосымша баян­дама жасаған палатаның эконо­микалық ре­форма және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов автомобиль жол­дарының сапасына қатысты мәселеге назар аудартты. Мысалы, 2016 жылы «Боғас – Қарағанды» республикалық ма­ңы­зы бар жолының «Тарбағатай – Аягөз» учас­кесіне орташа жөндеу жүргі­зуге бір­неше мердігер тартылған, олардың әр­қайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен тө­сеген. Нәтижесінде, жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде бұзылып жатыр.
Сондай-ақ депутаттар бірқатар жо­баларды іске асырудың бастапқыда бел­гіленген мерзімдерінің бұзылуы және оларды бірнеше мәрте түзету, мемлекеттік бағдар­ламаны іске асырудың жоспарлы көрсет­кіштеріне қол жеткізбеу, жол жа­бын­дарының көтеру қабілетінің жылдам тозуы секілді мәселелерді көтерді.
Талқылау соңында депутаттар қаралған мәселе бойынша тиісті ұсынымдар қабылдады.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*