ҚАРАШЫҒАНАҚТА ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҮЛЕСІ АРТАДЫ

176
0
Бөлісу:

Қарашығанақ мұнай-газ кенішін ұлғайтудың бірінші кезеңінің басталуына аз ғана уақыт қалды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО Б.В) компаниясы бұл жобада қазақстандық үлесті дамытуға міндеттеліп отыр және ол міндетіне кірісіп те кетті. Компания мұнай-газ саласына қажетті өнім шығаратын отандық өндірістің өрісін кеңейту мақсатында Қарашығанақтағы шетелдік мердігерлерге қазақстандық қондырғылар мен материалдарды сатып алу шартын қойды. Бұл жөнінде Астанада өткен Қарашығанақ кенішін игеру ісінде жергілікті үлесті дамытуға арналған форумда белгілі болды. Жиын барысында «ҚПО Б.В» жобалау, сатып алу мен құрылыс саласында қызмет көрсететін 130-ға жуық отандық және халықаралық компанияны өзара әріптес болуға шақырды.

Әуелі аталған компания туралы аз-кем ақпар берсек, «ҚПО Б.В.» Қарашығанақ жобасын жүзеге асы­ратын компаниялардың басын біріктіретін консорциум. Бүгінде Қара­шығанақ жобасына бес ел қатысып отыр: «Royal Dutch Shell plc» (Нидерланды, Ұлыбритания), «Eni» (Италия), «Шеврон» (АҚШ), «Лукойл» (Ресей) және «ҚазМұнайГаз» (Қазақстан). «ҚПО Б.В.» 1997 жылы Қазақстан Үкіметі мен халықаралық консорциумда серіктестер қол қойған өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге сәйкес жұмыс істейді. Сол келісім бойын­ша «ҚПО Б.В.» Қарашығанақ жоба­сын 2038 жылға дейін бас­қарады.
Қазақстан Республикасы Энер­гетика министрлігі мен «PSA» ЖШС қолдау білдірген форумға жобалау, сатып алу және құрылыс бойынша кешенді қызмет ұсына­тын, бірлескен кәсіпорын құруға мүдделі отандық және халықаралық компаниялар, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Инвестиция және даму министрлігі, БҚО әкімдігі басшылары, Парламент Мәжілісі депутаттары, Өкілетті орган – «PSA» ЖШС және бірқатар үкі­меттік емес ұйымдар: «Атамекен» ҰКП, «Қазақстанның сервистік компаниялар одағы», «Қазақстан машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестіктері, сонымен қатар Италия – Қазақстан сауда палатасы, Ұлыбритания халықара­лық сауда департаментінің басшы­лары қатысты.
Жиында Қарашығанақты кеңейту жобасының І кезеңі, «ҚПО Б.В.» компаниясының та­уар, жұмыс және қызмет ұсынушы­ларға қоятын талаптары, жергілікті үлесті дамыту стратегиясы мен Қарашығанақты кеңейту жобасы­ның І кезеңі шеңберінде тауар, жұмыс және қызметті сатып алу жоспары талқыланды.
Форумды ашқан «ҚПО Б.В.» бас директоры Эдвин Блом жиын мақсаты Қарашығанақ кен ор­ны­ның қуатын кеңейту бойынша алда тұрған жұмыстар кезінде жергілікті үлесті дамытудың бола­шағын талқылау екенін атап өтті. Оның айтуынша, компания осы мақсатта барлық жағдайды жасап ке­леді. Мәселен, компанияда қа­зақ­­­­стандық үлесті дамытудың екі жыл­дық бағдарламасы жасалды. Бұл ҚР Индустриаландыру және машина құрылысын дамыту жө­ніндегі мемлекеттік бағдарла­масын жүзеге асыруға ықпал етуге бағыт­талған.
Блом мырза «ҚПО Б.В»-да қа­былданған ірі мұнайсервис шарт­тары бойынша серіктестік және бірлескен кәсіпорындар құру тура­лы міндетті талапты енгізу жөнін­дегі стратегиясы өз кезегінде соңғы екі жылда отандық компания­лардың айтарлықтай күрделі жобаларға қатысуына мүмкіндік бергенін айтады. Мұндай тәжірибе Қарашығанақты кеңейту жобасы кезінде де жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде «ҚПО Б.В»-ға жергі­лікті қамтудың үлесін арттырып қоймай, сонымен бірге Батыс Қазақстан облысы мен Қазақстан экономикасын дамытуға қосатын үлес көлемін өсіре түседі.
«Өте таяу уақытта біз жобалау, сатып алу және құрылыс қызметінің әлеуетті жеткізушілерінің білікті­лігін көтеруді бастаймыз, ол жерде нарыққа қатысушыларға қазақ­стандық компаниялардың қаты­суымен бірлескен кәсіпорындар немесе консорциумдар құру, қазақ­стандық қондырғылар мен мате­риалдарды міндетті сатып алу, сондай-ақ жергілікті мамандарды дамыту шартын қоямыз. Осының барлығы Қазақстан өнеркәсібін сыртқы инвестиция мен технология трансфертін тарту арқылы тұрақты дамытуға жағдай жасауға жол ашады» дейді Эдвин Блом.
Айта кетейік, 2018 жылдың алғашқы жартысында «ҚПО Б.В.» қазақстандық үлесті қамтуда 56,2 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл көрсеткішті ақшаға айналдырып көрсек, 200 миллион долларды құрайды екен. Тұтастай алғанда, 1997 жылы ОСРП (Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге) қол қойылған сәттен бастап «ҚПО Б.В»-ның сатып алуларындағы қа­зақстандық үлес 6,7 млрд долларды құрап отыр. ҚПО бас директоры­ның орынбасары Марат Кәрімовтің айтуынша, сатып алулардағы қа­зақ­­стандық тауарлар үлесі жұмыс істеу мен қызмет көрсетуге қара­ған­да, әлі де аз болып тұр. Компа­ния осы олқылықты жоюға кіріс­пек.
«Жұмыс істеу мен қызмет көр­сету салаларында қазақстандық қамту деңгейі 70 пайызға жетті. Ендігі біздің назарымыз – Қазақ­станда жасалатын тауарларға ауып отыр. Егер 3-4 жыл бұрын біз Қа­зақ­станда жасалатын тауар­лардың ішінен жанар-жағармай (дизель отыны, табиғи газ, бензин, сұйық азот) немесе құрылыс материал­да­рын алып келсек, енді жоғарғы тех­­нологиялық материалдарды, тауар­ларды (аса ауыр және қалың қабырғалы сепараторлар, модулды электрлі подстансалар, металл құ­рас­тырылымы, трансфор­матор­лар, жылу алмастырғыш, бұрғы­лаушы қашау, шарлы клапан, бұрғылау құ­бырлары, химиялық өнімдер) алып отырмыз. Бұл жұмыс өзінің жалға­сын табады» дейді Марат Кәрімов.
Бір күнге белгіленген форум ары қарай дөңгелек үстел шең­берінде өткізілді, бұл жерде ком­пания өкілдері форум қатысу­шыларының Қарашығанақты кеңейту жоба­сының І кезеңіне жоспарланған сатып алуларына қатысты сұрақ­тарына жауап берді. Мәселен, фо­румға қатысушыларды аталған жобаның стратегиясы, соның ішінде жергілікті қамту стратегия­сын жүзеге асыратын компанияның шарт және сатып алу бөлімінің жұмысы, мәліметтер базасында тір­келу үшін жеткі­зушілерді баға­лау процедурасы және ҚПО-ның тендер талапта­рына қатысты мә­селелер қатты қызықтырды. Со­нымен қатар форум аясында әле­уетті мердігер­лер мен отандық өн­дірушілердің қатысуымен инте­рактивті сессия өткізілді.
Жиын соңында «ҚПО Б.В.» бас директорының орынбасары Марат Кәрімов форум отандық кәсіп­орын­дарға халықаралық сапа стан­дартына сай болу үшін қосымша стимул берді деген сенім білдірді. Форум делегаттары іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырыл­ғанын және тиімді болғанын атап өтті.

Астана


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*