ТЕЛЕГЕЙ ЖЫРДЫҢ ТАМШЫСЫ

2230
0
Бөлісу:

Светқалимен іні-дос болып араласқанымызға 30 жылдан асыпты. Бір сақа жігіттің жасы. Бүгін біз осы сыралғылығымызды саудасыз тапқан қазына-кендей көріп, қуанбағымыз заңды. Өйткені Светқалидың өлеңін зерделегенде, сөз жоқ, оны өзінің ақындық жаратылысынан бөлек қараудың мүмкіні жоқ. Мұндай арқалы ақынның шығармаларының беделі, бірінші кезекте, өзі жайлы аңыздардың себебінен дүр етіп көтерілетіні даусыз. Ал өлеңнің дербес мықтылығы өз міндетін кейінгі замандарда атқара береді. Шығарманың көркемдік биіктігі мен автор жайлы аңыз – бір-бірін толықтыратын, бір-біріне нәр беретін, қатар аққан эстетикалық қос арна. Халық сүйетін сан ақындардың рухани және биографиялық өмірі – бұған дәлел. Светқали өмірінің де аңызға айналарлық дара беттері жеткілікті.

Менмін деген білімпаздардың қолы әрең жететін оқуды тап бітірер шақта тәрк етті де кетті. Ит нәжісі дәрі болғанда оны дарияға тастайтыны сияқты қажеттіні былай қойып, тапшылығы шамалы нәрсені біреу сұраса, оған сонша маңыз артып, болмашыны боталы түйедей еткенімізбен, қол жетпес қымбатқа көз сүріндірмей өтіп бара жатқан біреу бола қалса, осының мұнысы қалай деген әуестікпен сол қымбатымызды тегін беріп жіберуге бар қыршаңқы пиғыл пенденің көбіне тән. Құндылықтар мен құнсыздықтардың орны алмастырылып жатқан кеңестік кезде бұл дағды жалпылық сипат алған еді. Светқалиға да оқу орнының жоғары эшелонынан: «Келіп дипломын алсын, өзім жәрдем беремін» деушілер болды. Бірақ сабазың қайырылмады. Бәз бір оқырмандар осы тұста мырс етер. Жұрттан ала бөтен бөлінгенді, жұрттың жақсылығын тәрк еткенді, жасы үлкеннің сөзін жерге тастағанды, әрі-беріден соң, «атың шықпаса, жер өртенің» керін несіне дәріптеп отыр дейтіндер де табылар. Жөн. Бірақ бұған да өз жауабымыз бар. Біріншіден, біз мұны дәріптеуден аулақпыз. Өйткені көпке үлгі ететін іс емес. Біз бұл жерде мынаны айтпақпыз: Бәріміз жабыла «Дайын тұрған дипломыңды алу қиын ба?» дегенімізде, «Мұқағалида да диплом жоқ, Шәмшіде де диплом жоқ» дегенді айтты. Бізше, бұл – жай шығарып салманың сөзі. Өйткені Мұқағалиға да, Шәмшіге де ешкім «дайын дипломыңды ала ғой» деген жоқ, өйтсе олар алар еді. Бұл жердегі әңгіме басқада. Сыраханаларда сыбырлап қана айтылатын алаш азаматтары жайлы әңгімеге әбден қаныққан ол сол заманда-ақ Мағжанның бірнеше өлеңдерін жатқа айтып жүрді. Жұртшылыққа тәуелсіздік кезінде ғана көру нәсіп болған Мағжанның фотосуретін төс қалтасынан тастамайтын. Онсыз да жаны сүймейтін өкіметтің ұлт алыптарын қыршынынан қиған қаныпезерлігіне қаныққан кезде, көкірегінде бітіспес кек оянып, оған қызмет етуден үзілді-кесілді бас тартуға бекінген екен. Әрине, мұндай пиғылды тіс жарып айтуды керек қылмайтын әрі онысын қоштай қояр жан табыла қоймайтын кез. Соны білгендіктен де шығарып салма сөзге иек артқан.

Кеңес үкіметін мүлде мойындамай келе жатқан шалдардың сарқыттары сол кезде де Қазақстанның әр түкпірінде кездесіп қалатын. Соның бірі – өзі өлеңге қосатын «банды» атанған Ұзақбай қарт. «Банды» атасының сөзін өзі де:

Қиын екен оқ жауғаны аспаннан,

Булыойыққа кіріп кеттік сасқаннан,

«Көшкен – жұттан, қашқан жаудан құтылар!» –

Әлі қашып келемін сол қашқаннан.

 

Сөйтіп, көптен аулақ салдым іргемді,

Одан бері заман неше түрге енді;

Арт жағымда кілең қызыл шибөрі –

Мен қашқалы жетпіс екі жыл болды! –

(«Адайдың ақырғы «бандысы») деп жырға ораған. Мұндай рухы ешқашан жығылмайтын қара нарларды үлгі тұту да «мүмкін еместі» мүмкінге айналдырған шығар.

Әскерге де көпе-көрнеу барған жоқ. Құтқармайтын «құрығы ұзын» үкіметтен қашып құтылудан үміт оянбақ түгілі, ой қозғалмайтын заман еді. Ол үміт Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Кейкі, Құрмаш, Аманғали, Құныскерейлерден соң-ақ үзіліп, ол ой Мәдилерден кейін-ақ тұтқындалған. Сол алпауыттар құтылмаған құрықтан құтылды. Ақыры бармады. Заманы өткен «банды» шалдардан басқа ешкімде қалмаған (біз солай ойлаймыз) үстем үкіметке бағынбау үмітінің жалғыз Светқалида сақталғаны және таңғажайыпқа қалдырып осыны іске асырғаны ақын жанының құлдық қамытын кимеуге жан-дәрмен ұмтылғанынан, ол үшін бәс емес, бас тіккен жанкештілігінен деп қана білген жөн. Құландар ғана жұтатын ауаның, киіктер ғана ішетін судың тазасына қанып өскен, астың адалы, аруананың сүті сіңген дегдар бойының, бекзат болмысының доңыз етінен жантүршігерлік күйде жиіркенгенінен, ақындарға ғана нәсіп етілген еркіндікті бейпіл ауыз, былапыт офицердің құзырына тапсыруға үзілді-кесілді қарсылығынан деп ойласақ қателеспеспіз. Мырс ететіндердің дыбысы тағы шықандай. «Әскери міндеттен қашып…» Бірақ бұл міндет – қай міндет? Бұл – бұғауға мойынсұнып болған біздер үшін міндет. Ал Кеңесті қабылдамай кеткен кешегі ерлермен жаны бір, ой-сезімі ортақ, ал үміті олардан да артық Светқали үшін бұл – құлдық. «Құныскерей, Аманғали, Құрмаштың, – жарқылына еріп талай қырға астым. Қырға астым да, құпиямды түнге аштым, – жасын-ізді Елестермен ымдастым. «Банды» атанған, «жынды» атанған ерлермен, – жатынымда жатқан күннен сырласпын. Күтуші едім – ертіп алып кетердей, – бесатары сатырлаған кіл қашқын. Күйтіне әуре болмаған еш бір бастың, – ерлерді іздеп, мың сан парақ құмды аштым. Жолдарына шашып дәйім нұр-басқын, – жұлдыз-кірпік, Ай-жанарын жұмбас түн. Жеті түннің қатпарына тығылған, – олармен мен бір табыспай тынбаспын!..» Осы жолдардағы сыр ақынның шыны еді!..

Білемін, дәл қазір дәлелдің топанын қаптатсаң да аңдаусызда айтып қалғанынан қайтпай табандап тұрып алатын даурықпа-дәукестер көп. Бірақ сол даукестерді ләм дегізбейтін бір шындық бар бұл жерде, ол – ақынның ешкімге ұқсамас дара бітімі. Біздің ұзағырақ дәлел іздеп отырғандағы айтпағымыз да сол. Сол дара бітім – қаламгер туралы аңыздардың лек-легімен тууына себепкер. Міне шайыр шығармаларының даңқын арттыратын ең басты түрткі осы аңыздар.

Күнделікті тіршіліктегі терең ой толғаныстарын, шешендік қасиеттерін былай қойғанда, қарапайым ғана қимыл-әрекетінен, сөйлеу дағдысынан, сөз саптасынан, тіпті тұрған тұрысы мен мимикасынан да Светқалидың дара жаратылысы самалдай еседі де тұрады. Соның бәрінде көне ұлттық қалыптың нышандары бар. Сонау сексенінші жылдары сахнадан өлең оқығанда, ақын ағаларынан жақпас дағды сыпатында ескерту алып жататын алақанымен қос жағын аузымен қоса қаусыра жабатын әдеті де қыр асып кеткен қазыналы қарттардың сақалын тарамдап отырып сөйлейтін салиқалы, сынға толар сияғын еске түсіретін. Сол кезде Мейірхан Ақдәулетұлы оны «кішкентай шал» деп атап жүрді. Маған Светқали өркениет топанында бірте-бірте жұтылып бара жатқан баба дәстүрдің, ата салттың жалғыз жоқшысындай көрінеді. Олай дейтінім, ол бұл шындықты басқаларымыз сияқты шарасыздықпен мойындаған жоқ. Үміттенудің өзі қиын осы күрескерлікті сөзімен де, ісімен де көрсетіп, әлгі топан ағызып әкете алмаған жалғыз қазықтай ағынды екіге жарып, өз орнында қадалып қалған.

Өтті сөйтіп факультетте зор Кеңес,

Зор Кеңестен төмен бе еді мендегі өш!

Тайып тұрдым қағып тастап қолдарын,

Ақын деген анау айтқан сорлы емес! –

деген жолдарда жоғарыда біз жеткізбек болған болмысы тайға таңба басқандай тұлғаланып тұрған жоқ па. Дәріптеуге әбден лайықты, кешегі Алаш қайраткерлерінің сарқыты Рымғали Нұрғалидың онсыз да асқақ тұлғасын шырқау биікке көтерген ақынның бұл шерінде (шер – «шайыр» сөзіне негіз болған шығыс әдебиеті бойынша «өлең» дегенді білдіреді) өз болмысы одан да айқынырақ зорая түскен. Бірақ мұнда автордың өзімді де қоса көрсете отырайын деген шығармашылық пиғылы, көркемдік саясаты жоқтығы шүбәсіз. Ол – автордың біз айтқан аңыздық болмысы тудырған табиғи, риясыз бейнесі. Тіпті, жортасы бар, шыны бар өткен өмірінің жетесіздіктерін жерге ұрып «жерлеген» сайын автор тұлғасының бұлдыры кетіп бедерлене түседі:

Жындай орап «ақын» деген қошемет,

Тартылатын, өрті ұратын кесе көп.

Тәліптерге таптырмайтын шәйірді

Ұстаз қауым жақтырмайды, не себеп?..

 

Көз көгеріп, бет жыртылып, шеке ісіп,

Достармен де қалам кейде шекісіп.

Мен – сабақтан, сабақ менен сытылып,

«Уһ» дегенде өзегімнен от ұшып.

Және де:

Көп алдында жатпайын деп жалбақтап,

Алғысты да айтпай кеткем мен бетпақ!

Мен – кім едім?

Нөл едім ғой ол күнде,

Қайран Ағам алды сол күн нөлді ақтап!

Кеудеде шер, қалмап еді-ау құса түк,

Самғап едім қайтқан жандай құс атып.

Шығарды да кілең нөлдің алдына,

Кісінетті – Единица құсатып! –

деп тәтті юморға орап ұсынылған ащы шындықтың сәулесінде автор мен кейіпкер бейнесі бір-бірін жарыса көкке сүйреп аспандап бара жатқаны елестейді. «Айтпай кеткен алғысын арқалап» сонау бозбала шағына ойша оралған шайыр өзін жөргекте былғанған шаранаға, «ғылман-ағасын» сол былғаныштан тазартқан қолға балай отырып, іңгәлағанының «жер жаңғыртқанын» айтады. Ия, сол «жер жаңғыртқан іңгә» – біз айтып отырған аңыз.

Осы жағдаятттардың бәрі оны шын аңыз-тұлғаға айналдырды. Қазақстанның әр тұсынан әдебиетке мүлдем қатысы жоқ адамдардың «Светқали деген ақын бар екен» деп, ол жайлы болғаны бар, болмағаны бар қилы әңгіме айтып тамсанып отырғанын талай жолықтырдым. Ал жазуға азды-көпті қатысы барлардың оны көрмегендері болса да, білмегендері болған жоқ.

Жақын досыңның шығармашылығын талдау қиын болады екен. Бұрындары бір мақаланы осынша ұзаққа созбаған екенмін. Табаны күректей жылға айналыпты. Әу баста мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Таңның лағыл жұлдызы» жинағын қолдау мақсатында басталған. Неге екені белгісіз, қазылық (комиссия) жинақты іріктеуден өткізбепті. Сонда да бастағанды аяқсыз тастау жаманның ісі екенін ескеріп, жаманның қатарында қалмауға жанталастық. Жазылмыштың созылатынындай да бар. Дос алдындағы парыздың салмағы мен нысаныңның мықтылығы осылай мықшыңдап тарта алмай қалатын ауырлықты жүктейді. Мықтыны көрсету үшін одан кем түспейтін талдау қажет. Айтпасақ – достық парызды өтемеу, айтсақ – өнер талап ететін үдеден шыға алмай қалу сияқты екі оттың арасында қалдық. Ақырында, талап деңгейінен шықпай жатсақ оқырман түсінер һәм кешірер деген үмітке ердік. Мақаланы оқыған жан «жыл бойы жазғаны осы ма» деуі де кәдік. Бірақ әр сөзді «айтсам ба, жоқ па» деп он ойланғанда, мерзімнің ұзара берері анық қой.

Мақаланы жазар алдын «Таңның лағыл жұлдызын» Қажығали Мұқаметқалиев ағамыздан алдым. Авторға кітабыңды беріп жібер дегенімде сол кісі арқылы жолдапты. Хабарын алған соң, Қажекеңе телефон соқсам: «Мықты кітап екен, оқып жатыр едім…» деп кітапты қимай тұрғанын шын сезіндім де, бірер күн өткізіп барып, алуды жөн көрдім. Кейін барғанымда: «Сіз әбден оқып алсын деп кешірек келдім» деп едім. «Айналайын-ау, қайдан оқып болайын. Бұл кітапты бірден оқуға болмайды. Асықпай, бір-бірлеп, әбден сіңіріп оқу керек. Мұндай өлеңдерді көптен бері оқыған жоқпын», – деді тамсанып. Дәл айтты. Солай екенін мен де сездім. Алайда зымыраған қазіргі уақыт сенің тәттінің дәмін алып, талмап отырғаныңды көтермейді. Мақаланы жазу үшін сыдыртып оқуға, қолға түскен әсерді ұстап қалуға талпындық. Назардан тыс кеткен, санадан сырғып өткен асылдардың, зая кеткен айтулы сәттердің қанша екенін Бір Құдай ғана біледі. Пенделік әлсіздікпен пішкен пішімнің ақын өлеңдерінің көркемдік келбетіне шақ келмесі анық. Дегенмен жазғанымыз оқырманды ақынның поэтикалық әлеміне жол сілтеуге жараса, мақсатымыздың муафық болғаны дейміз. Осыларды ойлай келіп, Светқали сияқты ақындарға мақала арнау үшін алты айың не, алты жылды жіберсең де артық етпес деген ақталудың да ұштығына қол жеткіздім.

Ұлтын шексіз сүю де кез келгенге бұйырмасы хақ. Оның ұлылармен үндесер жері де осы. Бір ғана мысал:

«Қазағым!» – деп туды алғаш ғазалым,

Сол халыққа бардай әлі жазарым.

Тілек айттым мінәжатты түндерде:

«Қазағымның алдында ал, – деп. – Ажалым!..»

(«Қазағым»). Ақын махаббатының табы өлеңінен ғана емес, біз тауыса алмай отырған болмысынан да айналасын шарпып тұрады. Қазақстанның қай түкпіріне барса да, қай рудың ақсақалымен кездессе де сол рудың шежіресін өздеріне түгелдеп беріп таңғалдырып жатады. Тіпті баз біреулер сәлем жолдап, өзінің түп-тегін анықтап беру жөнінде қолқа салғанына, олардың өтінішін көпке ұзатпай орындағанына да куә болдық. Бір түсіп, дәм татқан үйінің бала-шағасы, зәузатына дейін түптеп біліп, араға жылдар салып жолыққанда, кеше көргендей аттарынан, жай-жапсарынан шатаспай саулық сұрасып жатқанда таңданасың да тұрасың. Бұл оның мән беріп, маңыз артқан мәселелерінің тек қана ұлттық құндылықтарға қатыстылығынан хабар береді.

Ол қазақылық атаулыны қаншалықты сүйсе, соны түбірімен жоюды жоспар еткен, соны ойрандаған кеңестік кесірді соншалықты жек көрді. Жек көріп қана қойған жоқ, ыза жинады, кек тұтты. Өйткені ол ұлттық асылды ойрандау түгілі, оған сызат түсіруді қабылдай алмайды. Сондықтан шағын сюжетті өлеңдеріндегі лейтмотивтің бірі – ұлттық жәдігердің кез келген түрін қасиет тұтпауды үлкен апат қатарында көрсету. Сонау студент шағындағы «Қара сабадан» тартып, біздің қолымыздағы «Таңның лағыл жұлдызы» жинағындағы «Шалдың баласына» дейін осы арқау үзілген емес. Тесілген қара сабаны күл-қоқысқа лақтырып тастаған келіннің ісі емес, қасиетті бұйымға зәредей болса да қимастық сезімінің оянбауы, болмашы себеппен қолданыстан қалған құттың құтысын құйттай болса да қадір тұтпағаны қынжылтады. Қынжылтады десек аз, мұның арғы жағында келе жатқан қазақы қасиеттің бәрін еш қымсынбай аяққа таптай салатын нөпір күштің нышанындай қарап, көңілде қауіп пен үрей туғызады.

Әу бастағы арынынан аумай, бет алған бағытынан танбай келе жатқан ақынның «Таңның лағыл жұлдызы» жинағында бәрібір басқа сапаға ауысқанын көреміз. Мұнда өзі құлай сүйген халқының әлемге жар сала мақтана алар қасиеттерінің қайнар көзін таныған, соның себебінен ол махаббаттың қиындық әкелер ауыртпалығын ризашылықпен көтеріп алуға бейіл пейіл мен пайым иесі айқын зораяды.

Індеті ібілістің ұлғайғанда,

Шын ерді сыныменен шыңдайды Алла.

Жер келді екіталай – Ер сыналар,

«Кім тұрып қалар екен бұл майданда?!» –

(«Топ пен талап») деп өзінің Пайғамбарымыз «Ұлы майдан» («Джихад кабир») атаған, өз бойындағы дұшпандармен күреске бел буғанын жария етеді. Оның ендігі жердегі сөзі де сол майданда жеңіске жеткен әулиелермен бір болатыны осы жинақта нақты таңбаланған. Бұл бетбұрыс ақынның даңқына дабыра қосты, бірақ ұнамсыз сықпытта. Мұны дінтанушылық тұрғыда әліпбилік білімі де жоқ бәзбір журналистердің сырттан келген шатақ дінге қарсы тұрамыз деп жүріп, шатасуы бар, ауыз жаласып матасуы бар, керісінше солардың сойылын соғып кетуімен байланыстырамыз. Олар Светқалидың атына ертегілік қиял да ілесе алмайтын небір жалаларды тіркеді. Бұл да даңқ. Бірақ бұны даңқтылықтың әрдайым дүдамал дақпырттармен бірге жүретін дағдысы деуге келмейді. Бұны бағана айтып өткен құндылықтар мен құнсыздықтар алмастырылған кеңестік «мұра» көрінісі демек ләзім. Атадан қалған асылды жылтырақ қағазға орап берген нәжіске айырбастай салудың нұсқасы. Алайда ол былапыты көп әңгіме. Бұл тұсқа көп аялдасақ, тәтті ауыздың дәмі кетеді. Ә дегеннен-ақ біздің мысқыл мен кекесін күлкілерге мән беріп жатуымыздың, даукестерге алдын ала қам жасап, әлі айтылмаған ілікпе сөзіне уәж іздеп әуреге түсуіміздің сырын қымбатты оқырман осы бір тұста түсінген болар.

Енді оқырманды сиқырлы әлеміне ұйықша тартып әкететін өлең сырына үңілмегіміз ләзім. Жалпы зияткерлік сөз өнеріне тән тартымдылықтың ең басты кілті – оның жұмбақтылығы. Яғни көркем сөз әлеміндегі өз тұтынушысын арбай байлайтын сиқырдың ең бастысы осы жұмбақтылық. Зияткер оқырманның ақын жасырған жұмбақты тапқанынан қанағат алуы, өз ойының өзі сүйетін ақынмен өрелесе алғанына масаттануы –көркемдік әсердің ең бастысы. Ақын өлеңдеріндегі астарын зерделі жан ғана аша алатын метафораларды ұғыну жасырған жұмбақты шешудегі қисынмен орайлас. «Қиялым бар жетпіс түрге құбылған – Қарамашы көздеріңмен бір түсті»; «Ұранымды есі Алаңға салғыздым…» деген жолдардағы біз бөліп көрсетіп отырған сөздердің мағыналық әр тараптылығы да ой арқылы көңіл тоғайтатын тетіктер. Оның қабатында антитезалық қолданыс тұр. Қарама-қайшылық қашан да сезімді селт еткізетін әсерге ие.

Светқалидағы «сылдыраған келісімнің» бірі – ішкі ұйқас. Шайыр шерлерінің өз музыкасы өзінде болатыны осы ішкі ұйқастың зейнеті. Оның ғазалдарын өзге тілдің өкілдері де емірене тыңдайтындай. Осы кезде Қасым Аманжоловтың Низамиге арнаған өлеңіне қатысты хикая өзін айтқызуға мәжбүрлейді. Ұстазымыз З.Қабдолов бір кездегі бізге оқыған дәрісінде оны нәрін келтіре тамылжытып еді. «1947 жылы Бакуде Низами Ганжауидің 800 жылдық тойы өтеді. Қазақстаннан Мұхтар Әуезов пен Қасым Аманжолов барады. Түрлі ұлттық республикалардан барған ақындар өлеңдерін оқиды. Бір-бірінің тілін онша ұға бермейтін көрермендердің маужырап, ұйқылары келе бастайды. Бір кезде сахнаға бүркітше қомданған Қасым шығады. «Иран шахқа мұңың шақпа, Низами, Біздің шақта гүл құшақта, Низами», – деп бастағаннан-ақ жұрттың ұйқысы шайдай ашылады Міне, тілді ұқпаса да тыңдаушыны сейілткен әуез әсемдігі болатын». Ұстазымыз осы сөзін өзінің атақты «Сөз өнерінде»: «Өлеңге аллитерация мен ассонанс дарытқан ажар мен әсер сондай, тіпті осы жолдарды түсінбейтін аудитория да бір сәт қызыға таңырқап, тыңдап қалуы мүмкін», – деп тұжырып беріпті. Светқалида ішкі ұйқас өзгелердегідей некен-саяқ емес, бастан-аяқ орын тепкен. Мұны оқымаған адамға айтсаң, қауып алмаса да, қауіп алары даусыз. Зейнолла ұстазымыз да: «Жалғыз-ақ бұл тәсілдерге тым ден қойып, көбірек дыбыс қуалап кетуден сақ болу керек. Ондай әрекет әдебиеттегі әшейін пішінді ғана жылтыратып, мазмұнды сұйылтып жіберуі ықтимал», – депті мұндай қауіп хақында. Бірақ Светқалидан мұндай олқылық таппайсың. Себебі, оның ішкі ұйқасы да, дыбыстық қайталаулары да әрі үндік әрге, әрі мағынаға дәйім мүлтіксіз қызмет етіп тұрады. Тіпті қарапайым баяндауда да жүрісі бұл жорғалықтан танбайды. Мысал:

Жау емінсе, сау елінде жатар ма! –

Сау етістік Самның таңы атарда

(«Адайдың ақырғы «бандысы»). Осы екі ғана жолда жатар ма, атарда деген басты ұйқастан басқа жау, сау, Сам (бұған сау деген омонимнің екінші сыңарын қосыңыз) және де емінсе, елінде дыбыстық үйлесімді есепке алғанда, екі ғана тармақтың қым-қиғаш байланысқан үндестіктен тұрғанын көреміз. С, ж, т дыбыстарының қайталануымен келген аллитерация, е дыбысының жиілігінен туындаған ассонанс та әсерге ықпал қосады. Таңдануға тұрарлығы, бұл сөздердің көркемдік қызметі әуезділік тараптан ғана емес, айтып өткеніміздей, мағыналық сипаттан да діттеген тұстан шыққан. Мәселен, бірінші тармақтағы сау – метонимия, емінсе – метафора, екінші тармақтағы  таң – синекдоха. Екі тармақ үшін құбылтудың үш түрі аз олжа емес. Және тағы айтамын, олардың әуезділікке үлес болған қызметін қосыңыз. Осыдан-ақ Светқали өлеңінің әсер ету диапазонының өзгеше кеңдігін пайымдау қиын емес. Одан зияткер де, тобырлық мәдениет тұтынушысы да тұшына алар қанағат табады. Көркемдік рецепт жөнінен үстірт қана зер салсақ, мағына – зияткерге, әуез – қарапайым жандарға, тіпті өзге ұлт өкілдеріне де дедік.

Светқалидың ақындық тұлғасы жыраулық мінездің, ғашықтық-дәруіштік пейілдің, жыршылық кең тыныстың, Еуропа классиктеріне тән сыртқы әлемнің сырт еткен сәтінен сыр табатын байқағыштық-сезімталдықтың үйлесімімен қалыптасқан.

Бебеулі желден ұғар сыр бар ма? –

Жатқандай бағзы нарларым боздап,

Шақырғанда ұран ұлар шыңдарда

Қандағы сөнген әруағым маздап…

(«Ұлар жырлы Ұлытау») деген шумақта уақыт пен кеңістіктің алапаты ақынның құйттай жанарына құйылып жатқандай көрінеді.

Орфография заңын жорта бұзады. Мәселен, жазу дәстүрімізге өткен ғасырдың 50 жылдарының соңында енген и әрпін ол көбіне ый немесе ій түрінде жазады. Л, р әріптерінен бастап жазып жүрген сөздеріміздің алдына үнемі ы таңбасын қояды. Еңбегі елеусіз қалып келе жатқан ерлердің бірі – Светқалимен ортақ ұстазымыз, тілші-ғалым Сапархан Мырзабеков марқұм ағамыз жазу ережеміздің дәл осы заңдылықтары ұлттық сөйлеуіміздің қалыбын бұзып, орасан зор зиян әкелгенін зар илеп жалпыға жеткізе алмай кетті. Осы тұста суды екіге айырып тұрған қазық-қазақ тағы еске оралады. Бәріміз мойындап қойған жазу ережесін жалғыз ғана Светқалидың мақсатты түрде бұзып жазғаны – ұстаз өнегесіне адалдық қана емес, ұлт тағдырына алаңдаудан туған әрекет.

Ақынның қарағайға қарсы біткен бұтақтай болған тосын дағдысының бәрі жас дәуренімізде баршамыз еліктеген Еуропа ақындарының бунтарлық мінезіне еш қатысы жоқ. Өзіміздікі емес, өзгелер қысастықпен үйреткен, соған етіміз өлген дағдыларға, «солай болуы тиіске» айналып кеткен әдеттерімізге кереғар, «олай емес» түріндегі Светқалидың әрбір әрекетінің астарында ұлт санасына жойқын зиян әкелер кеселге деген бітіспес күрес жатыр. Психолингвистика маманы Ырысбай Бисетай ағамыздың еңбектерінен тілдік дыбыстарды өзгерту арқылы санаға, психикаға әсер етуге болатынын білеміз. Ал мұның арғы жағында ұлттық сананы бұзудың да құйтырқы мүмкіндіктері бары айқындалмақ. Болмашы көрінген әдет-дағдылар астында айырқұйрықтай бұғып жатқан, біз сезінбеген апатты Светқали неге жазбай таниды? Ол аңғарымпаздық қайдан бітті оған? Бұл, сөз жоқ, ұлт жолындағы шын жанпидалық қасиеттен.

«Таңның лағыл жұлдызына» «Тарғыл тағы», «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастандары енген. Ақын поэмаларының басты тақырыбы – ерлік. Жай ғана ерлік емес, өмір мен өлім таразыға тартылғанда, ақылдың безбенімен сан рет өлшеніп, замандастардың ғана емес, әруақ пен ұрпақ назарына салынған, даналықпен суарылған ерлік. Жеңіліс табатыны айдан анық болған көтеріліске шығарда немесе туыстастар қанын мойнына жүктерде келешек буынның тартар айыбының салмағын шын сезе отырып, сонда да тәуекелге бел буған ерлердің сын сағаттағы күйін мейлінше иланымды, дәл беру Светқалидың ғана қолынан келіпті. Қолынан келгені – ақын танымы мен дүниеге көзқарасының сол ерлермен ортақтығынан болған. Оны ортақтастырған – Құл Қожа Ахмет Ясауи ілімі. Сондықтан да Светқали поэмаларынан Ер Досан, Еңсегей бойлы Ер Есім кешкен басты оқиғалардың тарих ғылымында әлі анықталып болмаған дүдамалдардың себеп-салдарлық нақтылығына қол жеткізгендей боламыз. Әйтеуір бұл дастандарды оқи отырып, көкейде шыны осы болса керек деген сенім ұялайды. Шайыр шыншылдығының басты көрсеткіші де осы тәрізді.

Жалпы, мықты ақындарды таныта алу үшін мақала емес, кемінде монография арналуы тиіс. Ал мақала жазыла қалса да, ол сол суреткерді сан қырынан қарастырған көптеген зерттеулердің түйіні ретінде көрініс табуы керек. Сондықтан тыңға түскен түрен түріндегі мақаланың шалағайлығы көп болмағы заңды. Мұндайда жазарман жеке әсер мен пендеуи сезгірліктің (интуция) басшылығына ілесуге мәжбүр болады. Сонда да болса, біз оқырманға теңізден тамшы татыруға тырыстық. «Теңіз» деп атауға Светқали шығармашылығының көлемі ғана емес, тақырыптық аумағы ауқымдылығы, идеясының зияткерлік тереңдігі, пафостық алуандығы, көркемдік күрделілігі мен ықпалдылығы күмәнсіз лайықты.

Светқали кіл алыптармен рухани сұхбаттас. Бірақ ол Абайша қазағының мешеу қалған жақтарынан ылғи қайғы ойламайды; Мағжанша әлеуметтік шытырманнан бойын аулақ салып, көркемдіктің көгілдір әлеміне дендеп еніп, соның ләззатынан қанағат тауып, қалып қоймайды; Қасымша шиыршық атқан сезім драматизмін де көрсетпейді; Мұқағалиша тағдыр тауқыметінен жеңіліс тапқан көңілдің жанартауын күндей күркіреген күрсініспен бермейді; Жұмекенше дүниенің әр сәтінен пәлсапа тауып, оны сұлу суретке орамайды; Төлегенше барлық әлемге бауырмалдықпен, келместің бәріне сағынышпен қарамайды; Жұматайша жұмбақ жымиыспен қуанышқа да, қайғыға да салдық сезіммен паң түрде, тым биіктен көз салмайды. Бірақ солардың бәрімен байланысы бар. Өйткені бір кезде соларға еліктеп-солықтаған. Ол кезеңнен әлдеқашан өтіп кетсе де, сол сүйкімді еліктеулердің ізі қалған. Оның жырларында осы алыптар әкелген жетістіктердің синтезі жоқ емес. Светқалида автордың өз сезімі, ойы мен көңіл-күйі өте тереңдікпен, шыншылдықпен беріледі. Мұнда автобиографиялық емеуріндер барынша мол, олар автордың рухани халін айқынырақ көрсетіп отырады. Оның бейнелегендерінен бейнелеушіні оңай табамыз. Бұлай болатыны, ақынның аңыздық дәрежеге көтерілген тұлғасының ықпалдылық әлеуетінен. Тіпті бұл құбылыстың автордың еркінен тыс та іске асып кетіп жататыны айқын. Светқали шығармаларының көркемдігі рольдік медитациядан, адресаттық алмасулардан емес, негізінен алғанда, тілдік тұрғыда көрінеді. Ал бағалылығы – шынайылығында. Ол қиял әлеміне шығандап кетпейді. Қоғамдық дүмпулердің, әлеуметтік сілкіністердің бел ортасында көрінеді.

Ол сезімді сөзбен жеткізудің де, баяндау мен суреттеудің де шебері. Әсіресе, туған жер, бабалар мекені табиғатының суретін Светқалиша салу тек қана шынайы махаббат қана туғызатын ерекшелік.

Қазығұрттың етегі кіл қызғалдақ,

Күн мен шыңның арасы…

Тұрмыз маздап…

Сәлден кейін саулық-Ай мекіреніп,

Қоя берді жамырап жұлдыз қоздап…

(«Қазығұрттың басына кешкі сапар»). Және де:

Ұлытау еді арқауы сырдың,

Аңыз гүлдеген әр қырқасында.

Ортағы менен Кертағы шыңның

Тағдырым жатыр тарғыл тасында, –

(«Ұлар жырлы Ұлытау») дегені сияқты өзінің сол табиғаттың біте қайнасып кеткен бір бөлшегі екенін дәйім сездіріп отырады.

Светқали баяндауларында да баяндылық бекем. Әсіресе, поэмаларындағы соғыс суреті бөліп айтарлықтай. Аласапыран арпалысқа өзің араласқандай болып қан қыздырып, делебе қоздыратын қасиеттің көне эпостардағыдай әрлі әсірелеусіз, нәрлі үдетусіз-ақ, реалистік бейнелеуден туып жататының да өз сыры бар. Ол – ақынның бабалар ерлігінің қайнар көзін айқын білуінен. Мәселен, ұрыста алған жарақаты үшін бір-бір біріне «құтты болсын» айтқан ерендердің жанпида әрекетінің барша мұратының Жаратушы ризалағын табудан туып жатқанын түйсінген жан толқымай қалмақ емес. Тарихты терең білудің де мұндағы орны орасан. Жауға өзін ерге таңып шапқан көзсіз батырлардың шәйіт бола кетсем, мүрдемнің өзі досқа демеу, дұшпанға айбар болсын деген ниеті қалай көңіл тербетіп, көзге жас үйірмесін. Авторлық шынайылық пен білімділіктің, тағы да айтамыз,  шеберліктің жарқырай көрінетін бір тұсы – осы соғыс полотносы.

Светқалимен қатар шапқан шайырлардың көбінен бұның тынысы кеңірек екені уақыт өткен сайын айқындалуда. Олардың кейбірінің алапаты бір кездері Светқалидан да асты деуге болады. Бірақ тез оңған әсіреқызылдай күйге түскендері баршылық. Ал Светқали шабысының барған сайын үдей түсуі өзі сәби шағынан сүтін ішіп өскен адайдың көкмойнағын елестетеді. Және бұл үдеудің көкесі алда екенін де анық аңғарамыз. Тек аман болсын. Оның сыры бар ма? Әрине, бар. Ол, «Мақсат болса, жол да табылады» деп әлдебір дашышпан айтқанындай, ақынның мақсатының айқын, махаббатының кәміл болғанында! Сондықтан одан әрдайым тек қана шаһхарлар (шедевр – Ж.Жақыпбаев) күтеміз.

Болат ҚОРҒАНБЕК, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Бөлісу:

Пікір жазу


*