ЕЛБАСЫ ЕЛОРДА ДАМУЫНА КӨҢІЛ БӨЛДІ

104
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент әкімшілігінің басшылық құрамымен кездесті. Мемлекет басшысы кездесу барысында Әділбек Жақсыбековке Президент әкімшілігінің басшысы лауазымында және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, оның Қазақстан Республикасы мемлекеттілігін қалыптастыру және дамыту ісіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға Президент әкімшілігінің жаңа бас­шысы Әсет Исекешевті таныстырып, жаңа жауапты қызметіне табыс тіледі.
– Әсет Өрентайұлы менің көмекшім болды, министр, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Бас қаламызда жұмыс істеген соңғы екі жарым жыл ішінде елордалықтардан жоғары баға алды. Ол белсенді әрі креативті ұстаныммен ерекшеленеді. Қазір бізге дәл осындай адам керек. Исекешев елордаға әкім болған уақытта біз ЕХРО – 2017 көрмесін және Аста­наның 20 жылдығын абыроймен өткіз­дік. Әсет Өрентайұлы бұл міндетті де лайықты орындай алатынына сенім­дімін, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу алдында қалалық мәслихат­тың сессиясы өтті. Онда депутаттар Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Сұлтановтың кандидату­расын бірауыз­дан мақұлдады.
Елбасы өз кезегінде қаланың жаңа басшылығының алдында тұрған мін­деттерді атап өтті.
– Елорда әкімін тағайындау мә­селесіне зор мән беремін. Қаланы да­мыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлта­новтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті, – деді ол.
Жиын барысында Қазақстан Прези­денті Астананың жаңа басшылығы ал­дында тұрған міндеттерге де тоқталды.
– Дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдардың көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғас­тыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар Қазақстан Прези­денті қаланың инфрақұрылымын да­мыту қарқынын сақтаудың және шаһар­ды газбен қамту үшін дайындық жұ­мыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев елорданың ту­ристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үз­дік тәжірибелерін қолдануды тап­сырды.
Елбасы қаланың барлық мемлекет­тік құрылымдарының жұмысын транс­формациялауды жалғастыру, көрсе­тілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарла­масын іске асыру мәселелерін Астана­ны одан ары дамытудың басымдық­тары ретінде ерекше атап өтті.
Елбасы жиын соңында еліміздің экономикалық өсімін және халықтың әл-ауқатын одан ары арттыру ісінде Президент әкімшілігінің басты рөл атқаратынын айтып, оның алдағы кезең­ге арналған жұмыстарының негізгі басымдықтарын белгілеп берді.
Соңында Ә.Исекешев пен Б.Сұл­танов сенім білдіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, бас қаламыз бен бүкіл елімізді дамыту ісіне өздерінің зор үлестерін қосатынын жеткізді.


Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*