ДҰРЫС ЖОЛ – ЫРЫС ЖОЛ

417
0
Бөлісу:

«Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» дейді Абай әйгілі  төртінші қарасөзінде.

Абай нұсқаған «орынды харекет» деген не? Бұл – дұрыс іс-әрекет. Адам дұрыс іс-әрекет жасау үшін ең алдымен ақиқатты дұрыс түсінуі шарт. «Мен» мен «менікі» дегенді айыра білгені абзал. Ойды дұрыстап алғаннан кейін бағыт-бағдар айқындалады. Дұрыс таңдау жасаудың кезі келеді. Бәрін ақыл таразысына салып, дұрыс шешім қа­былдау – ең үлкен мәселе. Сосын қашан да, қай кезде де сөздің дұрысын айтуға дағдылансақ.
Әл-Фараби бабамыз «Дұрыс әре­кет – мақсатқа жеткізер жолды дұ­рыс таңдаудан басталады» депті. Арман мен мақсатсыз адам болмайды. Арманға қол жеткізе беру екінің бірінің маң­дайына бұйырмас, ал мақсатқа қол жет­кізуге болады.
Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» атты ғақлиясын оқып-өстік. Жолда жатқан тағаны темірші ұстаға үш тиынға сатып, оған шие алып, баласын бір емес, он рет еңкейткен әке бейнесі сол күйі санамызда сақталған.
Елбасы Н.Назарбаев «Еліміздің ертеңі – бүгінгі ұрпақтың қолында, ал ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» деген болатын. Бәрі тәрбиеден бас­та­лады. «Капиталды» жазған кемең­гердің «Тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек» деген сөзі бар еді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бала жастан бойға сіңіру маңызды екен.
Біздің елімізде бәрі асығыс: не істе­сек те жанталасып істейміз, істеп жат­қанымыз дұрыс па, бұрыс па, онымен ісіміз жоқ; әйтеуір уақытылы есеп берсек болды, жасағанымыздың сапасы қандай, не ескерілді, не ескерілмеді деп ақыл таразысына салып та әуре бол­маймыз; артынан «іс бітті, қу кетті» дегенге тап болып жатамыз. Сосын кез келген іске сырттан араласушы, ақыл айтушы, жол нұсқаушы, кеңес беруші, сырттан тон пішуші көп…Кәнігі мамандар әңгүдік біреудің кеңесіне бола, бір істегенін мың істейді. Әркім өз жөнін білсе, әркім өз жолымен жүрсе, алға қойған мақсатымызға тезірек жетер ме едік?! Бір шеге қақсақ та, дұрыс қақ­сақ дейсіз еріксіз.
Қазір Қазақстанда құрылыс қарқын алған: көп өңірде баспана, жол, басқа да әлеуметтік нысандар салынып жатыр; «бәрекелдіден» басқа сөз айтпас та едік; бәленің бәрі дұрыстықтан бұрыстыққа ойыса беретінімізде сияқты. Үлкен жол айрығын салып жатқан бір мекеме құрылысқа жұмысшыларды бір айға ғана алып, келісілген еңбекақысын жөн­деп бермей, сандалтып қояды екен. Соған ыза болған құрылысшылар темір, арматура, цемент сияқты материалдарды ұрлап сатып, күн көрудің әрекетін жасайды екен. Сонда не таптық? Күні ертең салып жатқан көпірі құласа, жол айрығы қақ жарылса, одан адам опат болса, кінәні кімнен іздейміз?!.
Қазақстан әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отыр. Бұл – жаппай жұмылсақ, ұйымдаса тірлік етсек, бір бағыт, бір нысананы тірек етсек, қолдан келетін шаруа. Бірақ елдің еңсесі көтерілу үшін бір адам қыбырлап, қалғаны жыбырлап отыру аздық етеді.
Мемлекет басшысы дамудың дұрыс жолын көрсетіп берді. Дұрыс жол – ырыс жол! Орта жолда ырысың төгіліп, ыдысың сөгіліп жатса не болғаны? Абай­дың айтқан «орынды харекеті» осы заманда керек. Осыны да бір ойлап қойсақ!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*