ТҮРКІСТАН ҚАЛАЙ ТҮРЛЕНЕДІ?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында Елбасына қаланы дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде айтылып, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.
– Елімізде жаңа облыстың пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс. Түркістан – түркі халқының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды. Кеңесте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы жөнінде баяндады.
Сонымен бірге, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентіне инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.
Айша ЕРСҰЛТАН