ШЫҢЖАҢДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ

249
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Халықтық саяси консультациялық кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбдімәжин бастаған делегацияны қабылдады.

Қ.Тоқаев Қазақстанда Қытаймен страте­гиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы сенімді қатынастар өзара табысты іс-қимылдың кепілі екенін және олар қол жеткізген уағдаластықтарда екіжақты қаты­настың мазмұны мен күн тәртібі белгі­ленетінін атап өтті.
Тараптар «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастаманың құрамдас бөлігіне айналған қытайлық «Жібек жолы экономикалық бел­-деуі» стратегиясы аясындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама табысты іске асқанда екіжақты ын­тымақтастыққа күшті серпін беріп, жа­һандық экономиканы баяу қалыптан орнықты даму жолына шығаруға ықпал етеді. Бұл тұрғыда «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық стратегияның ұштасуының мәні ерекше зор. Спикер Қазақстан мен ҚХР-дың жаңғыру мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу үшін екі елдің түрлі мекемелері арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл қалып­тастыру қажет деп санайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы екіжақты саяси үнқатысудың маңызды бөлігі болып табылатын парламентаралық байланыстарға қарқын беруге назар аударды және Халық өкілдерінің бүкіл қытай жиналысының тұрақты комитеті төрағасының Қазақстанға алдағы сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін беретінін атап өтті.
«Біздің елдеріміздің үкімет органдары арасындағы байланыстар мен консуль­тацияларды белсенді жүргізу – екі елдің түрлі саладағы байланыстарының маңызды ба­ғыттары. Туындаған барлық мәселе достық рух пен өзара құрмет аясында, мәмілеге келу негізінде, ең алдымен дип­ломатиялық жолдармен шешілуге тиіс» деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев Астана ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен тұрақты, орнықты және қауіпсіз дамуға мүдделі екенін, сондықтан осы аймақтың экономикалық жетістіктеріне жіті назар аударып отыратынын айтты. Қазақстан сонымен қатар екіжақты деңгейдегі және көптарапты сипаттағы, ең алдымен терроризм, сепа­ратизм және экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ аясындағы ынтымақ­тастыққа да мүдделі.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*