МУЗЕЙГЕ ДЕ БІЛІКТІ КАДР ҚАЖЕТ

125
0
Бөлісу:

Қазақстанда қарт адамдардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек. «Нұр Отан» фракциясының мүшелері С.Сейдуманов, С.Бычкова, Г.Исимбаева және Г.Иксанова Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалдарында осындай ұсыныс білдірді.

Депутаттар белсенді ұзақ ғұмыр сүру (active ageing) жайына қатысты мәселелерді әлденеше рет көтерген болатын. «Нұр Отан» фракциясының Әлеуметтік кеңесі өз жиынында бұл жайтты
2016 жылы жеке қарады және Үкіметке ұсыным-рекомендациялар бағытталды.
Бүгінде бұл мәселе өзекті бола түсуде. Өйткені Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын – қария. Депутаттардың дерегінше, егер 1991 жылы еліміздегі өмір сүрудің орташа ұзақтығы 67 жасты құраса, қазір бұл көрсеткіш 73 жасқа таяпты. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша белсенді еңбекке қабілетті жастан кеткен азаматтардың саны 2 млн 54 мың адамнан асады. Бұл ел халқының 11,3 пайызы. Оның ішінде ерлер – 584 446, әйелдер – 1 470 159 адам.
Сондықтан «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Қазақстанда егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспарын әзірлеп, онымен «белсенді және өнімді қартая білу, қариялар арасында саламатты өмір салтын ынталандыру» мәселелерін қамтуды ұсынады.
Ал нұротандық депутат С.Құсайынов Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына депутаттық сауалмен жүгініп, музейлерді заманауи технологиялармен жабдықтау, материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін қаузады.
Қазіргі уақытта еліміздегі әртүрлі музейлерде сақтаулы тұрған мұражайлық заттардың жалпы саны шамамен 3 миллион бірлікті құрайды екен. Депутаттың дерегінше, солардың шамамен 70 пайызы нашар жағдайда тұр. Бұған сақтау шарттарының сақталмауы, мамандандырылған ғылыми-өндірістік зертханалардың және реставрациялық шеберханалардың жоқтығы кесірін тигізуде.
«Отандық музейлердің тағы бір маңызды пробле­масы – кәсіби кадрлармен қамтамасыз етілуіне қатысты. Жасыратыны жоқ, қазіргі заманғы музей жұмыскерлерін даярлау сапасы сын көтермейді. Осыдан жетекші жоғары оқу орындарында зерттеушілерді, қор жұ­мысшыларын, музейлік менеджерлерді, маркето­логтарды, реставраторларды және басқа да жоғары білікті кадрларды даярлайтын арнаулы факультеттерді құру қажеттілігі туындауда» деді депутат.
Кейінгі жылдары музей ісі бойынша мамандар даярлауды, оларды қайта оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыруға қаржы қарастырылмаған көрінеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*