БЮДЖЕТ ҮШІН БӘРІНІҢ БАСЫ ҚАТТЫ

105
0
Бөлісу:

Бюджетті игеру жұмысын лайықты атқармағаны үшін жазаланатын басшылардың тізімі бір апта ішінде белгілі болады. Бұл жайында Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Осы жиында Бақыт Сұлтанов еліміздің бас қаржыгері мәртебесіндегі соңғы баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде Қаржы министрлігінің алдағы міндеттерін де анықтады.

Қаржы министрі ретінде 2018 жылғы 8 айда мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын шығарған Б.Сұлтановтың айтуынша, жыл басынан бері ел қазына­сының негізгі көрсеткіштері елеулі жақ­сарды. Мемлекеттік бюджетке 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде 5 триллион 252 млрд теңге кірістер түсті. Бұл сома мысалы, мемлекеттің 2015 жылғы бүкіл жылдық табысынан да 74 миллиард теңгеге көп.
Бюджеттің барлық деңгейінде кірістер жоспардағыдан артығымен орын­дал­ды. Атап айтқанда, республикалық бюд­жет жоспардан 103,7%-ға, ал жергілікті бюджеттер жоспарлаған көрсеткіштерден 107%-ға асты.
– Нақтыланған жоспардың жыл аяғына дейін толық орындалуына ешқандай кедергілер жоқ. Жалпы алғанда, мемлекеттік бюджеттің шығысы жыл басынан бері
7 трлн 439 млрд теңгені құрады. Оның 55 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды. Шығыстар бойынша игеру деңгейі айтар­лықтай жоғары: республикалық бюджет – 98,6%-ға, жергілікті бюджет 97,8%-ға игерілді, – деді Бақыт Тұрлы­ханұлы.
Мемлекеттік бюджет өз ішінде «рес­публикалық» және «жергілікті» болып ажыратылатыны мәлім. Бұл ретте орталық, яғни республикалық бюджет шығыстары 6 трлн 277 млрд теңгеге жеткен.
– Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, бюджеттік тәртіп жақсарды. Бірақ 91 млрд теңге игерілмеді, соның ішінде 10,3 млрд теңге – үнемделген қаржы. Сонда нақты игерілмеу сомасы – 80,7 млрд теңге. Бұл 2017 жылдың 8 айындағы көрсеткішке қарағанда 21 млрд теңгеге аз. Ең көп игерілмеу сомалары келесі әкімшілерге тиесілі: Қорғаныс министрлігі – 15,4 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі – 11,1 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 10,9 млрд теңге, Ішкі істер министрлігі – 9,5 млрд теңге, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі – 5,7 млрд теңге. Осы игерілмеген қаражаттардың бір бөлігі алда бюджетті нақтылау кезінде өзгелерге қайта бөлінетін болады, – деді Б.Сұлтанов.
Жыл басталғалы жергілікті бюджеттен 3 триллион 74 млрд теңге жұмсалған. Бірақ 17 өңір қиыла сұрап алған қаржының 69,6 млрд теңгесін іске жаратпай тастапты. Рас, бұл былтырғыдан біршама аз көрінеді: 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында 104 млрд теңге ел игілігіне жарамай жатқан болатын. Әйткенмен, жалпы алғанда 150 миллиард мемлекеттік бюджет қаражаты­ның игерілмей тасталуы жергілікті әкім-қаралардың және орталықтағы шенеу­ніктердің жауапкершілігі және тиімділігі деңгейі жөнінен хабар береді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, Елбасы жариялаған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы іс-шараларын өңірлерде іске асыру кестеден біршама қалып келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша республикалық бюджеттен 73,5 млрд теңге аймақтарға арна тартты. Алайда соның тек 70,3 млрд теңгесі немесе 95,7 пайызы игерілді.
Оның үстіне шенділердің қаржылық тәртібі де сын тудырады, олардың кейбірі бюджет ресурстарын рәсуа етуді жал­ғастыруда.
– Бюджет қаражатының жұмсалуы тұрақты бақылауда. Жыл басынан бергі сегіз айда бюджет қаражатының 923 млрд теңгесі аудиторлық тексеріс шараларымен қам­тыл­ды. Барлығы 86,6 миллиард теңгенің қар­жы­лық бұзушылықтары анықталған. Осы со­маның 53,3 миллиард теңгесі аудит бары­сында қалпына келтірілді, – деді Б.Сұлта­нов.
Ол өз орнына келетін жаңа қаржы министрін биыл қандай істерді тамамдау міндеті күтіп тұрғанын айта кетті.
– Алдағы кезеңге арналған міндеттерге тоқталсақ, біріншіден, «Самұрық – Қазына» қорының ірі 10 компаниясын қоспағанда, жекешелендірудің кешенді жоспары биыл аяқталады. Екіншіден, алда Парламентте келесі жылға арналған бюджет жобасы бойынша жұмыс істеу және оны іске асыруға дайындық жұмыстарын жүргізу керек. 2019-2021 жылдарға арналған бюджет жобасын мақұлдау туралы республикалық бюджет комиссиясының шешімі бар. Ендеше, сатып алуды осы жылы-ақ жа­риялауға барлық жағдай бар. Ол үшін орталық мемлекеттік органдар нысаналы транс­ферттер есебінен қаржыландыратын инвестициялық жобалар тізбесін және нысаналы ағымдағы трансферттер бойынша көлемдерді бекітуі қажет және оларды жергілікті атқарушы органдарға жеткізуге тиіс, – деді Бақыт Сұлтанов.
Үшіншіден, оның айтуынша, жаңа бас қаржыгер жылды толық және сапалы аяқтау үшін бюджет кірістері мен шығыстарын күнделікті қадағалағаны жөн.
Көтерілген түйткілді мәселелерге мән берген Үкімет басшысы Бақытжан Сағын­таев бюджетті игермеген лауа­зымды тұл­ғалардың қайсысын қандай жа­уап­кершілікке тарту мәселесін бір апта ішінде қарап, анықтауды тапсырды. Ол бюд­­жеттік қаражат елеулі көлемде иге­ріл­мей қалған министрліктерге жеке қайы­рылды:
– Өте үлкен қаражат сомасы іске жаратылмаған, бұл ақшаға көптеген мектеп, аурухана, балабақша салып, жолдарды жөндеуге болатын еді. Бұл қаражат уақытылы игерілуге тиіс! – деген ол енді осы қаржылар ведомстволардың иелігінен алынып, өзге мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қайта бағытталатынын жеткізді.
Премьер-министр экономикалық өсім көрсет­кіштеріне қол жеткізе алмаған өңірлерге де жеке назар аударды.
– Мемлекет басшысы кемінде 4%-дық жылдық өсімді қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Алайда статистикалық деректерге сүйенсек, 8 айдың қорытындысы бойынша өсім – небары 3,8%. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндамасында атап өткендей, жыл соңына дейін 4%-дық өсімге қол жеткізу үшін бізге ай сайынғы өсімді 4%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет болады. Демек, мін­дет күрделенді. Атқаратын жұмыс көп, – деді Б.Сағынтаев.
Бірінші вице-премьер Асқар Маминнің түсіндіруінше, жұмыс тамыз айында орталық пен өңірлердегі басшылардың демалысқа (отпуск) шығуына және басқа да себептерге байланысты кешеуілдеп қалған көрінеді. «Егер қарапайым тілмен айтсақ, арқаны кеңге салып, бойкүйездікке ұрын­ғансыздар!» деді Премьер-министр әкімдер мен Үкімет мүшелеріне.
Бас экономистің дәйектеуінше, бұдан бөлек еліміздің экономикалық өсімінің төмендеуіне сыртқы факторлар мен әлемдік нарықтағы аласапыран-турбуленттілік те әсер етуде.
– Әрине, ішкі және сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалы бар. Алайда бұл тапсырмаларды орындамауға себеп бола алмайды. Бізде Президенттің тапсырма­ларын іске асырып, осы жылды табысты аяқтай алатындай барлық мүмкіндік бар. Сондықтан бұл мәселеге мұқият жауап­кершілікпен қарауды тапсырамын. Әкім­дерге жергілікті жерлерде мән-жайды анықтап, экономикалық өсімінің мақсатты көрсеткіштерінің орындалмауына жол берген басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырамын. Қабылданған ша­ралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпарат бір апта мерзім ішінде Премьер-министр кеңсесіне енгізілсін, – деп нықтады Б.Сағынтаев.
Ол Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және Премьер-министр кеңсесімен бірлесіп, қыркүйектің соңына қарай өңірлердің, банктердің, бизнес пен квазимемлекеттік сектордың қатысуымен өтетін арнайы кеңесті дайындауды жүктеді.
– Негізгі мәселе ретінде Президент тапсырмаларының орындалу барысы қаралады. Әсіресе, парламенттік сессия­ның ашылуында берілген тапсырмаларға, сондай-ақ «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» баса мән беріледі. Бізге тапсырмалардың орындалу сапасы, осал тұстарды анықтау және олар­дың пробле­маларын шешу тетіктері тұр­ғысынан егжей-тегжейлі талдау қажет, – деп Үкімет бас­шысы бас экономист алдына міндет қойды.
Осы жиында Үкімет мүшелері халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мәселелерін қарады. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев педагогикалық құрам мен ата-аналардың ақпараттық жүйені қолданудағы біліктілігін арттыру үшін министрлік жүйелі жұмыс істеп жатқанына сендірді. Жыл сайын мұғалімдер біліктіліктігін жетілдіру курстарына қатысады. Осы оқыту кезінде цифрлы технологиялардың дамуы мен оны қолдану аясының кеңеюіне байланысты оқу құралдарының мазмұнын жақсарту мәселесі де қарастырылады.
– Сондай-ақ бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастырып, тәжірибе алмасу, педагогтар бір-бірімен әлеуметтік желі және чаттарда тәжірибесімен бөлісулері үшін қоғамдық желілер де құрылып жатыр. Оқу үрдісіне автоматтандырылған ақпараттық жүйенің келуі ұстаздармен қатар, ата-аналарды да оқыту қажеттілігін тудырып отыр. Мысалы, биылғы республикалық ата-аналар жиналысында 1,6 млн ата-анаға білім беретін ақпараттық жүйелерді қолдану, ата-аналар чатын ашу, мемлекеттік қызметті автоматтандыру, түрлі мобильді қосым­шалармен жұмыс істеу механизмі паш етілді, – деді БҒМ басшысы.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында медицина қызметкерлерінің компьютерлік сауаттылығы мен денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді игеруі үшін мамандар арнайы оқытылады. Қазір 740 денсаулық сақтау ұйымында 182 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
– 2018 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша министрліктің ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеуді 44 869 дәрігер мен 118 035 орта медицина қызметкері үйренген. Компьютерлік сауаттылығын 46 282 дәрігер және 125 729 орта медицина қызметкері арттырды. Министрлік жыл соңына дейін барлық 182 мың қызметкерін оқытып, 100% көрсеткішке қол жеткізуді жоспарлап отыр, – деді Е.Біртанов.
Сонымен қатар емделушілер де ден­сау­лық сақтау саласындағы веб немесе мо­бильді қосымшаларды қалай қолдану ке­рек­тігін үйренуде екен. Министрдің ай­туын­ша, қазір 5 миллион 93 мың 257 ем­де­луші оқытылған. Бұл – тіркелген халық са­нының 28,2 пайызы. Білімін арттырған ем­делушілердің 933 мыңнан астамы веб/мобильді қосымшаларды қолданып жүрген көрінеді.
Медициналық ұйымдарда 471 цифрлы сауаттылық бекеті құрылып, онда мамандар мобильді қосымшаларды және электронды денсаулық сақтау қызметтерін қалай пайдалану керектігін көрнекі түрде көрсетеді. Бұл емханалардағы ұзын-сонар кезекті азайтуға ықпал етуге тиіс.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігіне әкімдіктерімен бірлесіп, халықты цифрлы сауаттылыққа оқытуды одан ары жалғастыруды және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының міндеттерін ескере отырып, жоспарлы индикаторларды қайта қарауды тапсырды.
Білім және ғылым министрлігі Ақпарат және коммуникациялар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лікте­рімен бірге салалардағы қажеттілікті назар­ға алып, мамандарды оқытуға және цифр­лы сауаттылығын арттыру бағдарла­маларын жаңартуға міндетелді. Бұл жұмыстардың жүзеге асуын бақылау вице-премьер Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*