«НҰРЛЫ ЖЕР» – ЖАРҚЫН БАСТАМА

Тұрғын үй мәселесі – бүгінгі таңда ең өзекті мәселе. Елімізде уақыт өткен cайын баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны да арта түсуде. Осыған орай, Мемлекет басшысы 2017 – 2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. 2016 жылдың соңында Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде аталған бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыс жүзеге асырылуда.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 – 2031 жылдар аралығында 1,5 млн үйдің кілтін табыстау көзделсе, соның 500 мыңын 2021 жылға дейін жүзеге асыру басты міндетке айналып отыр. Осы мақсатта бюджет есебінен шамамен 159,6 млрд теңге қаржы қаралмақ. Бұл ретте тұрмысы төмен отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің де пәтер алуға мүмкіндігі бар.
Бағдарламаға қатысу үшін не істеу керек? Алдымен, халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. Сол жерде өтініш беріп, әкімдіктің кезегіне тұрған жөн. Дегенмен баспана ең бірінші ардагерлерге, жетім балаларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандарына беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар да 11 санатқа бөлінеді. Ол – көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және тағысын тағы. Олар да өтініш беріп, кезекке тұруы тиіс. Алайда бұл ретте нақты шектеулердің де бар екенін ескерген маңызды. Соңғы бес жылда адамның атында баспана болмауы шарт. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларында кредиттік тұрғын үй алуға үміткер қатысушылар үшін ескерер жайт, көрсетілген қалалардағы тұрғылықты жері бойынша кемінде соңғы 2 жыл тұрақты тіркеуде болуы қажет. Ал жалға берілетін тұрғын үйді алу және жеке тұрғын үйге ие болу үшін өзінің тіркелген елдімекенінде әкімдіктің есебіне (кезекке) тұру талап етіледі.
«Нұрлы жер» бағдарламасының артықшылығы – жер алу кезегіне құжат тапсырған әрбір өтініш иесіне тегін жер телімі беріледі. Біріншіден, жер телімінің көлемі – 10 сотық болмақ. Екіншіден, онда инфрақұрылымдық жүйе толығымен тартылады. Үшіншіден, мемлекет жер берумен ғана шектелмей, тұрғын үйге арналған жерге үй салып беру жобасын да жүзеге асырмақ. Мұндай үйлер жергілікті атқарушы органдар арқылы жер кезегінде тұрғандарға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (ары қарай «ҚТҮҚЖБ») жүйесі арқылы ұсынылатын болады.
«Нұрлы жердің» басты ерекшелігі – халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары тиімді. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді (ары қарай ЕДБ) субсидиялау арқылы ипотекалық несиелеуді қолдау. ЕДБ бұған дейін ең көп жылдық 17 пайыз үстемемен несиелендірсе, алдағы 7 жылда мұның 7 пайызын мемлекет төлемек. Сонда ипотека алушы 10 пайыздық сыйақы мөлшерін ғана төлейді.
Бұл бағдарламада қаржыландырудың барлық көзі – бюджеттік қаражат, жеке инвестицияларды тарту және халықтың қаражаты қарастырылады. Бағдарлама да тұрғын үйге мұқтаж және өздерінің тұрғын үйлері жоқ барлық төлемге қабілетті азаматтарға үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Халықтың аз қамтылған, әлеуметтік осал топтарына «Нұрлы жер» бағдарламасында сатып алу құқығынсыз жалдамалы үй беру және әкімдіктер желісі бойынша қымбат емес несиелік үй құрылысын ала алады.
«Нұрлы жер» – бұл алдағы 15 жылға арналған үлкен жоспар. Ондай бастама елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Соның аясында тұрғын үй құрылысы саласы жандана түседі деген сенім бар. «Қалай?» дейсіз ғой. Мәселен, Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде біз миллион пәтер салдық деп отырмыз.
Бір миллионды 25-ке бөлсек, жылына 40 мың пәтер шығады. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осының арқасында 15 жылдың ішінде 1,5 миллион отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге болады» дейді Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов.
– ҚТҮҚЖБ АҚ ОҚОФ директорының орынбасары Жансерік Есімов жеке тұрғын үй жобасы туралы: «Тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш тапсырғандарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірден жеке үй салып, содан кейін пайдалануға беру мемлекет үшін де, азаматтар үшін де өте тиімді. Бүгінге дейін жер телімін алғанымен, онда тұрғын үй құрылысын бастап, соңына дейін аяқтай алмағандар өте көп. Бір үй тым биік, екіншісі аласа, үшіншісі бос жатқан жер телімі. Тіпті тұрғын үй құрылысына деп алғанымен, 10-15 жыл бойы жер телімін қараусыз қалдырғандар да бар. Мұндай жағдайлар қала сәулетіне де нұқсан келтіреді. «Нұрлы жер» бағдарламасында осындай жағдайларды болдырмаудың алдын алып әрі қала сәулетін еселей түсетін бірыңғай жер үйлердің құрылысын жүргізу мәселесі жан-жақты қаралған. Ал азаматтар үшін тиімділігі – «үй салуға қор жинаймын» немесе «құрылысты жалғастыруға қаражат жетпей қалды» деп сергелдеңге түспейді. Дайын жер үйлерді біздің «ҚТҮҚЖ» банкі арқылы 5 пайыздық үстемемен ипотекалық несиеге алады да сәні көз тартатын үйлесімді әрі таза көшенің тұрғынына айналады, – деген тұшымды ойын жеткізді.
Түйін
Тұрғындардың қалың жігін қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіп келе жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы еліміздегі қолжетімді, тиімді әрі сенімді бағдарламалардың бірі әрі бірегейі. Елбасы тапсырмасымен қолға алынған жарқын жоба бүгінде өз жемісін беруде. Сөз соңында айтпағымыз, ел игілігі үшін жасалған осындай игі бастамалар жалғасын таба бергей!
Абылайхан ЖҰМАШ