ШЕКАРАНЫ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ МӘН БЕРДІ

217
0
Бөлісу:

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында, Ұлттық ұланның 5518 бөлімінде, Күршім шекара отрядында, шекара заставасында болды, сондай-ақ «Майқапшағай» өткізу бекетінің жұмысымен танысты.

Бөлім басшысы полковник Орал Батырғалиев депутаттарға шекара­шылар­дың күнделікті әскери қызметі туралы айтып берді және шекарадағы өткізу беке­тіндегі ахуал туралы баян­дады. Сондай-ақ сенаторларға шекара күзетіндегі техникалық құ­ралдар көрсетіліп, паспортқа бақылау жүргізу жұмысының барысы таныстырылды.
Сол күні 2535 әскери бөлімінің Күршім шекара отрядында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, соны­мен қатар еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ше­кара қызметінің, Қорғаныс ми­нистрлігінің, Ішкі істер министр­лігіне қарасты Ұлттық ұланның басшылығы, шекаралық аудандар әкімдері қатысқан Сенат комитетінің отырысы болды.
Отырыста мемлекеттік шекараны күзету мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мемлекеттік шекараның шығыс шебіндегі қазіргі жағдай, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту туралы айтылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төраға­сының орынбасары–Шекара қыз­метінің директоры Дархан Ділманов сенаторларға қаржыландырудағы же­тіспеушіліктер туралы айтты. Ше­карашыларға 1 миллиард 94 мил­лион теңгеге жуық қаржы керек. Бұл қаржы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараның Шығыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін бөлігінің бойында орналасқан бөлімшелердің инфрақұры­лымдарын дамыту үшін қажет етіледі.
Сенаторлар Т.Мұқашев, С.Жақ­сыбеков, М.Құл-Мұхаммед, Т.Мұса­баев, Н.Нұрсипа­тов шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселелерге тоқ­талды. Атап айтқанда, мемлекеттік шекараны күзету және қорғау, қор­ғаныс және ұлттық қауіпсіздік мақ­саттары үшін жер телімдерін рәсімдеу, шекаралық аймақтарды дамыту және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамта­масыз ету жөніндегі кешенді мемле­кеттік бағ­дарлама қабылдау қажеттігі, сауда жөніндегі бірқатар шектеуді алып тастау және валюталық шектеуді жұмсарту қажеттігі туралы айтылды.
Сенаттың Халықаралық қатынас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Дариға Назарбаева көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, Үкі­метке жіберілетінін атап өтті.
«Көтерілген барлық мәселе депутат­тардың бақылауында болады» деп атап өтті сенатор.
Шығыс Қазақстан облысы аума­ғында орналасқан бірқатар әскери бөлімдерде болған депутаттар әскери қызметшілердің тыныс-тіршілігіне, азық-түлікпен қам­тамасыз етілу жағдайына қанықты және әскери бөлімнің инфрақұрылымын дамыту мен тұрғын үймен қамтамасыз ету мәсе­лелерін талқылады.
Сенаторлар «Семей машина жасау зауыты» мен «Семей инжини­ринг» кәсіпор­нында болды.

Ерік ЕРДЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*