«7 – 20 – 25» НЕГЕ АЯҢДАП ҚАЛДЫ?

250
4
Бөлісу:

Ипотекалық несие пайызы 7 пайызға түссе, баспана алуға өтініш берушілер күрт көбейеді деген үміт ақталмады. Әсіресе, бұл бағдарлама өңірлерде өрге баспай тұр. Себебі, «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша несие тек жаңа үйлерге беріледі. Аймақта жаңадан салынған үй жоқтың қасы. Алдағы уақытта осы олқылықтың орны толмақ. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков Орталдық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

«Аймақтарда «7 – 20 – 25» бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған фактордың бірі – тұрғын үй нарығындағы жаңа үйлердің жетіспеуі. Өйткені дәл осы бағдарлама бойынша жаңадан салынған үйлерге ғана несие беріледі. Ал аймақта жаңа үйлер жетіспейді. Мұның бір себебі, құрылысшылар, көп жағдайда, тұрғын үйлерді құрылыстың бастапқы кезеңінде, яғни пайдалануға берілмей тұрғанда-ақ сатып жібереді. Екінші себебі, жеке құрылыс компаниялары Астана мен Алматыда коммерциялық тұрғын үйлер салғанды жөн көреді, олар мұнда олжалы отырғанда, аймақтарға баруға мүдделі емес. Аймақтардағы құрылысқа әкімдік қаржылай қолдау көрсететіндіктен, ол үйлер қолда­ныстағы басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында беріледі.
Біздің зерттеуіміз осы жылдың шілде айында «7 – 20 – 25» бағдарламасы талаптары­на республика көлемінде 3 мың пәтер сай келеді деген қорытындыға келген. Оның жартысы бағдарлама бойынша сатылды, енді бір жарым мың пәтер қалды. Ол – өте аз» дейді Қайрат Алтынбеков.
Сондықтан «Баспана» ипотекалық ұйымы «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша салы­натын жаңа тұрғын үйлердің құрылысы үшін жер­гілікті атқарушы органдарға 150 млрд теңге бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
– Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік қызмет­керлер тарапынан бастапқы жарнаны жинақтау қиын деген шағым түскен болатын. Біз олардың тілегін тыңдап, «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдерін әзірледік. Жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға бастапқы жарнаны қысқарту үшін субсидия беріледі. Сонымен қатар тізімдерді жасау, өнімге қатысу үшін азаматтарды іріктеуді әкімдіктер өздері жүргізеді. Қазіргі таңда біз Шымкент қаласы әкімдігіне «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы үшін 20 млрд теңге бөліп жатырмыз.
Әкімдіктер дәл осы сызба бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жұмыс істеген­діктен, бұл бағытта қандай да бір қиындық болады деп ойламаймыз, – дейді Қ.Алтын­беков. Оның айтуынша, бұл бастама аймақтағы жаңа тұрғын үйлер жетіспеушілігі мәселесімен қатар, бастапқы жарна жинау қиындығын да жояды.
Айтқандай, Шымкент жуырда ғана респуб­ликалық маңызы бар қала мәртебесін алуына байланысты бұл қаладағы баспананың шекті құны 15 млн теңгеден 25 млн теңгеге ұлғайты­лыпты.
«Баспана» ипотекалық ұйымы айтқан тағы бір жағымды жаңалық: «Баспана Хит» атты жаңа өнім іске қосылмақ.
«7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы сатып алуға болады. «Баспана» ком­паниясы осыны ескере отырып, «7 – 20 – 25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағыт­талған арнайы өнім әзірлепті.
«Бұл бағдарлама «Баспана хит» деп аталады. Мұның бастапқы жарнасы – 20 пайызды құрайды, жылдық мөлшерлемесі – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі + 1,75%. Несие мерзімі 15 жылға дейін» деді ол.
Айта кетейік, бүгінге дейін «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша тұрғындардан 27 млрд теңгенің өтініші қабылданып, 18 млрд теңгенің өтініші қанағаттандырылған. Тамызда мақұл­данған несие шілдедегі көрсеткіштен екі есе көп көрінеді. Аталған бағдарламаға қатысуда Алматы, Астана қалалары, сонымен қатар Маңғыстау облысы көш бастап тұр.
Бұл бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдайтын банктер саны жетіге жетті, атап өтсек, Центркредит банкі, АТФБанк, Цеснабанк, BankRBK, Евразиялық банк, Халық банкі және ForteBank.

Астана

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Аянат 12 Қыркүйек, 2018 at 16:10 Жауап

    Өңірлерде бәсеңдеп тұрғаны жасырын емес. Бұл өңірлердегі жаңа пәтердің аздығы немесе xалықтың басым көптігінде алғашқы жарнаны табу қиын болуда.

  2. Баха 12 Қыркүйек, 2018 at 16:42 Жауап

    «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы ешқандай да аяңдап қалмады, себебі, бұл бағдарламаға деген сұраныстар жетіп артылады. Тіпті, жеңілдіктер де жасалып жатқан жәйі бар. Халыққа барынша жеңілдіктер беріліп жатыр.

  3. Пара 12 Қыркүйек, 2018 at 16:47 Жауап

    Дұрыс айтасыз, күнде осы ипотекалық бағдарлама бойынша ақпараттар шығып жатыр. Мақұлданған өтініштердің саны күн санап өсіп жатқанын да айтып өту керек. Баспаналы болғысы келетіндер аз емес.

Пікір жазу


*