ТАЛДЫБҰЛАҚ ДЕСЕК, ҚАЙТЕДІ?!.

444
0
Бөлісу:

Петропавл, Павлодар сияқты қалалардың атауын өзгерту керек деп жатамыз. Асылында, биіктерді бағындыру үшін аласа жоталармен жүрген абзал. Еліміздің біраз өңірінің атауы әлі де ауысқан жоқ. Кішкентай кенттер мен шалғай ауылдардың атауына неге мән бермейміз? Мәселен, Алматы облысы Талды округіне қарасты Лесновка ауылының атауы Лесновка болғаны қашан?!.

Талды округіне Еңбекші, Нағарашы, Лесновка секілді ауылдар кіреді. 2017 жылғы санақ нәтижесі бойынша округте 5908 адам, оның ішінде Лесновка ауылында 2224 тұрғын бар. Лесновка ауылы – Талды округінің әкімшілік орталығы. Елдімекен 1928 жылы құрыл­ған. Округтің 99 пайызы – қазақтар. Солай бола тұра, ауыл аты – Лесновка.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын бұл маңда ит тұмсығы батпайтын қалың орман болған деседі. Жап-жасыл шұрайлы жерге орыстар қоныстана бастағаннан кейін, ауылды «Новый лес» деп атапты. Жергілікті тұрғындар жеміс ағаштарын, грек жаңғағын көптеп отыр­ғызған. Жүре келе, атауы «Лесновка» болып өзгерген. Тәуелсіздік алғаннан кейін, орыстар біртіндеп көшіп кетті де, ауылда кілең қазақтар қалған. Ауыл тұрғындары ауыл атын өзгерту үшін бірнеше рет арызданыпты. Өкінішке қарай, Лесновка атауын өзгерту туралы жиі мәселе көтерілгенімен, соңы аяқсыз қалыпты. Тіпті жергілікті халық «Талды», «Талдыбұлақ», тағы басқа атауларды ұсынып та көріпті. Алайда ауыл атын ауыстыру әлі күнге арман күйінде қалып отыр.
Әкімдікпен байланысқа шығып едік, бірнеше жыл бұрын ауылдың атауын өзгерту жайында жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізгенін алға тартты. Жиында халық пікірі екіге бө­лінген. Сол себепті, бұл сұрақ жауапсыз қалғанға ұқсайды.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында екі ереже қалыптастыру керек екенін айт­қан. «Біріншісі , ұлттық код, ұлттық мә­дениет сақталмаса, ешқандай жаң­ғыру болмайды. Екіншісі, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Президентіміз мемлекеттік көлемде мәселе көтеріп отыр. Біз рес­пуб­лика бойынша кертартпа тұстарды жөндеуге атсалысуымыз керек. Кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстары дегеніміз не? Елбасы көненің болмы­сы­мызға жат жұрнақтары екенін астарлап жеткізіп тұр. Орысша қала, аудан, ауыл аттары, түрлі мерекелер, ұлттымызға жұ­ғыспайтын сарқыншақтардан бір­тіндеп бас тартуымыз қажеттігін нұсқады.
Лесновкадан бөлек, Панфилов ау­да­нына қарасты Пенжім, Ават ауылда­ры­ның да атауы өзге тілде. Пенжім атауын өзгерту үшін ауыл азаматтары жылда мәселе көтергенімен, құлақ асып жатқан еш пенде жоқ. Лесновканың да жыры – осындай. 26 жылда еш өзгеріс болған жоқ. Ауыл атауын өзгерту үшін жергілікті ха­лық енді қанша жыл күтуі керек?! «Лес­нов­ка» секілді кеңестік атаулардың сар­қын­шақтарын жоймай, жаңғыра аламыз ба?
Біз осы «Лесновкадан» қашан құ­тыламыз?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*