БАЛАЛАР ӨЗ АУЫЛЫНДА ОҚИДЫ

279
0
Бөлісу:

Биылғы оқу жылы Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Бәйтерек негізгі мектебі орта мектеп статусына өзгеріп, ата-аналар қауымы қуанышында шек болмады. Бұған дейін Бәйтерек ауылының тұрғындары жиналып, Зеренді аудандық партия филиалына келіп, өтініш білдірген болатын. Бәйтерек ауылы аудан орталығынан 17 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізгі орта мектепті аяқтаған балалар, 10-11 сыныпта Зерендідегі мектеп интернатына баруға немесе Көкшетауға қатынап оқуға мәжбүр болған. 

Өтініш иелерінің мәселесін жеке бақылауына алған «Нұр Отан» пар­тиясының Зеренді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Айдосова аудандық білім бөлімімен келісе отырып, мәселені шешуге қол ұшын созды. Осылайша, 2015 жылдан бастап негізгі мектеп бол­ған Бәйтерек мектебінің оқушылар саны 80-нен асып, мектеп дәрежесін өзгертуге мүмкіндік туды.
Өтініш негізінде аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдауында Зеренді аудандық білім бөлімінің жетекшісі Жанкелді Уайысов ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. «Біз балаларымыздың ауылда оқыған­дығын қалаймыз. Ауыл мектебінің ғи­мараты барлық талапқа сәйкес, осыған орай негізгі мектепке орта мектеп статусын берулеріңізді сұ­раймыз» деді көпбалалы ана Ардагүл Ордабаева.
Өтініш партияның араласуымен осылайша, оң шешімін тауып, енді Бәй­теректің 113 оқушысы ауыл мек­тебін тамамдап, қолдарына аттестат алуға мүмкіндік алды. Бүгінде дайын­дық тобында 11 бала, мини орталықта 20 бала оқып, ал орта мектепте 81 оқушы оқып жүр.
Жалпы биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша партияның Зеренді аудандық фи­лиалына 188 адам өтініш білдіріп келсе, оның 98-і оң шешімін тапқан. Барлық өтініш бойынша заң нор­малары шеңберінде түсіндірме жұ­мыстары жүргізілді.

Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*