ЕЛ КӨКЕЙІНДЕГІ МӘСЕЛЕ

332
0
Бөлісу:

Теміртау қаласында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ механикалық цехында өткен жиында жұмысшылар Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелерін талқыға салды. Кеншілер салықты азайту, жалақыны өсіру, білім беру гранттарын көбейту, «7 – 20 – 25» бағдарламасының жаңа шарттары секілді өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты.

Елде жүзеге асып жатқан жаңа бастамаларды талдау барысында «Механикалық цех» еңбек ұжымының төрағасы Құнанбай Хавалхан мен партия филиалының төрағасы Әлібек Алпыспаев Президент бастама­сындағы басым бағыттарға тоқталып, жұмысшылар қойған сұрақтарға жауап берді.
Елбасы бастамасындағы «Әр отбасыға тұрғын үй алуға жағдай жасау» атты бірінші бағыты бойынша Ұлттық банк жаңадан «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарлама жасады. Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша несиенің пайызы 7-ден аспайды. Басты шарты тұрғын үйдің алғашқы жарнасы 20 пайыз, алу мерзімі 25 жылға дейін. Осы бағыт кеншілердің қызығушылығын туғызып, жиылғандар арасында көп сұрақ қойылған тақырыпқа айналды. Жұмысшыларға жаңа шарт түсін­дірілді.
«Осы цехта 2004 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Елде болып жатқан қоғамдық-саяси жұмыстар бізге жат емес. Бес бастама ел көкейінде жүрген маңызды оқиға. Өзіме жақыны – үшінші бағыты. Ел болашағы – жастар. Қазақстанда 530 мыңнан аса студент бар екен. Олардың 204 мыңы ауылдан, басқа қалалардан келіп оқитындар. Бізде 54 мың жас грантта оқыса, биыл тағы 20 мың студентке тегін оқуға грант бөлінді. 2022 жылға дейін жатақханада орын санын 75 мыңға жеткізуді партия қол­дап отыр» дейді Құнанбай Хавалхан.
Кездесу соңында партия филиа­лының төрағасы кеншілерге алғыс білдірді. «Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламаларды жүзеге асыру елдегі әр азаматтың белсенділігінің арқа­сында іске асады» деді төраға.

Қарағанды облысы


ПІКІР

Әлемнің әміршісі – еңбек

«Мерей» бастауыш партия ұйымы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» маңыздылығын ел арасында кең көлемде насихаттап келеді. Бастауыш ұйымының төрайымы ретінде қабылдауыма келген азаматтар да әлеуметтік бастамаларға қатысты көптеген сауал жолдайды. Оларға баспана алудың тиімді мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілуде. Аудандағы 2 кәсіптік-техникалық колледж жатақханаларында студенттер үшін орын саны жеткілікті. Еңбекақысы төмен қызметкерлерге арналған салық жеңілдіктері де ең алдымен, әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатында жасалған маңызды қадам екенін ұдайы айтамыз. Адамзат тірі тұрғанда, әлемнің әміршісі еңбек болып қала береді. Сондықтан еңбекке бас игеннің ғана еңсесі биік болатыны белгілі. Бастауыш ұйымдар тарапынан жүргізілген ауқымды түсінік жұмыстарының арқасында жыл санап кәсіпкерлікке ден қойған азаматтардың қатары қалыңдап отыр.

Әсел МҰҚАНҒАЛИЕВА,

«Мерей» бастауыш партия ұйымының төрайымы,
Батыс Қазақстан облысы

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*