ЕҢБЕКАҚЫ КӨБЕЙІП, САЛЫҚ АЗАЯДЫ

173
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Елбасының бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын талқылау мақсатында фракция отырысы өтті.

Шараға облыстық мәслихат депу­таттары, фракция мүшелері, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының Түркістан облысында іске асырылуын бақылау жө­ніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік орган басшылары, ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғамның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мәжіліске төрағалық еткен фракция жетекшісі Шәріпбек Жамалбекұлы Елба­сының бес әлеуметтік бастамасы мил­лиондаған қазақстандықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға бағытталып, осы шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқаты бір жаңа деңгейге шығатынын атап өтті.
«Президенттің бес әлеуметтік баста­масының» екінші бағыты «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бойынша Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов баяндама жасады.
Статистика мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда Түркістан облысында жұмысшы­лардың орташа айлығы 103 464 теңгені құрайды. Биылғы жылдың 1 шілдесіне жеке табыс салығын төлеушінің саны – 114 380, оның ішінде жалақысы 25 есе­ленген айлық есептік көрсеткіштен төмен 43 706 салық төлеуші тіркелген.
– 2019 жылдың 1 қантарынан бастап жалақысы төмен азаматтардың салығын 10 пайыздан 1 пайызға төмендеткен жағдайда, болжаммен бюджет түсімі 1 миллиард 219 миллион теңгеге азаяды. Есесіне, төмен жалақы алатын азамат­тардың орташа айлық жалақысы 2500-3000 теңгеге ар­тады, – деген департамент басшысы салықтық жеңілдіктерден бюд­жет қор­жыны азаймай және толық болуы­на қосымша кіріс көз­дерін анықтау жұ­мыс­тары жандандырылып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар фракция отырысы барысында Қазақстан Республикасы «Президентінің бес әлеуметтік бастамасы­ның» үшінші бағыты жоғары білім алудың қол жетімділігі мен сапасын арттырып, сту­дент жастардың жатақханадағы жағ­дайын жақсарту бойынша облыстық білім, құрылыс басқармаларының атқарып жатқан жұмыстары бойынша есептері тыңдалды.
– Елбасының халықтың игілігіне арналған осындай бастамаларын толық­қанды және сапалы орындау – мемлекеттік органдардың алдында тұрған үлкен мақсат. Осы жұмыстарды қадағалауды Елбасы «Нұр Отан» партиясына тапсырды. Сондықтан біз қоғамдық бақылауды қамтамасыз етіп, Елбасы тапсырмаларын сапалы және нәтижелі орындалуын қамтамасыз етілуін қадағалаймыз, – деді фракция жетекшісі Шәріпбек Жамалбек.

Түркістан облысы

Тельман БЕЙСЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*