АХАҢНЫҢ МҰРАСЫН ҰЛЫҚТАУ – БАСТЫ БОРЫШЫМЫЗ

938
0
Бөлісу:

«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деп қазақ тілінің өміршеңдігі үшін күрескен қазақ рухани мәдениетінің көшбасшысы, ұлттық жазудың реформаторы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы – биыл 146 жаста. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамы үшін жасалған игі істері, құнды рухани мұралары терең зерттеліп, тың деректермен толығып отырғанын Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын аталып өтетін ғылыми іс-шараларда насихатталуынан байқаймыз.

Ахаңның ұлылығы – қазақ ғылы­мының төл тілде дамуының негізін қа­лауда, яғни тіл білімі, графика, орфо­гра­фия, орфоэпия, терминтану, әде­биет­тану, түркітану, әдістеме салаларында салған сара жолында деп білеміз. Сондықтан қазақтың кемеңгер тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күнін жыл сайын атап өту, рухани мұраларын жаң­ғырту – басты борышымыз.
Ахаңның теориялық негіздемелерін зерттеп, тың ғылыми мұраларын насихат­тап, арнайы конференция өткізіп оты­ра­тын мекемелердің бірі – Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты.
Тіл білімі институты биыл 5 қыр­күйекте Ахаңның дүниеге келген күніне орай және Қазақстан халқы тілдерінің күніне арнап «Қазақ ұлттық жазуы: емле, терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Биылғы конферен­цияның бұлай аталуының себебі, Тіл білімі институтының ғылыми жобалары аясында Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазуына, емлеге, терминтануға қатысты бұрын-соңды жарияланбаған еңбектерін, олардың ғылыми тұрғыда зерттелінуін және зерттеу нәтижелерін таныстыру. Екіншіден, жаңа латын графикалы әліпби бойынша емле әзірлеуші бас мекеме – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты болып белгіленгендіктен Ахаң­ның аталмыш мұраларын қазіргі орфографиялық жұмыстарда пайдала­нудың әдістерін талқылау.
Биылғы конференцияның маңыз­дылығы да осы себептерге байланысты, яғни қазақ қоғамының жаңа латын қарпіне көшу қарсаңында, жаңа емленің әзірлену тұсында ұлттық жазудың негізін салған Ахаңның теориялық ілімі қазіргі қазақ жазуындағы реформалық үдеріспен сабақтастықта жүзеге асырылуы тиіс деген ұстанымға негізделді. Осыған орай, конференцияның баяндамашылары ретінде Ахаңның тіл біліміндегі теория­лық бағытын жіті зерттеп жүрген ға­лымдар шақырылды.
Конференцияға елімізге танымал тіл­ші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қыз­меткерлері, жас ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосу А.Байтұрсынұлына арналған үлкен кітап көрмесінен басталды. Ға­лымның араб және латын графикасында жазылған сирек кітаптары таныстырылды.
Конференцияны Тіл білімі институ­тының директоры, профессор Ерден Қа­жы­бек құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін, Қазақстан Республикасының Бі­лім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев­тің, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлының құттықтау хаттары оқылды.
Сонымен қатар сөз кезегі «Өрлеу» бі­лік­тілікті арттыру ұлттық орталығының директоры Жансәуле Әлиқызына берілді. Ол өз кезегінде А.Байтұрсынұлының пе­дагогика ғылымына қосқан үлесін ұлттық тағылым ретінде бағалай отырып, кон­ференция ұйымдастырушыларына Ахмет­тің тілтанымдық мұраларын зерт­теуде сәттілік тіледі. Білім беру ісінде ғылыми-теориялық кеңесші ретінде үнемі әріптестік қарым-қатынаста қол ұшын беретін Тіл білімі институтының ұжымына алғысын білдірді және институт директорын Құрмет грамотасымен мара­паттады.
Айтулы шара кезінде кешке қатысу­шылар институт дайындаған «Ахаң аманаты» атты бейнежазба тамашалады. Ар­тынша Тіл білімі институтының ке­мең­гер ғалымдары, академиктер Рәбиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар, Шора Сары­баевқа арналған «Тіл-ғұмыр» атты үш томдық кітаптің тұсаукесері өтті.
Конференция барысында қазіргі ахмет­танушылар баяндама жасады. Бі­рінші сөз кезегі М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының дирек­торы, академик У.Қалижановқа берілді. «Әліпби – замана сұранысы» атты баян­дамасында жазудың маңыздылығы ту­ралы айта келіп, жазу тек қана лингвис­терге қатысты мәселе емес, барша халық үшін маңызды екендігін баса айтты.
Алаштанушы М.Қойгелдиев А.Бай­тұрсынұлының туған күнін тілдер күніне тура келіп, мейрам болып аталып өтуі керемет шешім екендігін, басқа да ұлт көсемдерінің туған күнін ұлт мерекесіне айналдырса дұрыс болатындығын айтып, Ахаңның ұлы саясаткер ретінде қазақтың тарихында атқараған еңбектері туралы сөз қозғады.
Жаңа латын әліпбиі бойынша емле ережелерін әзірлеушілер тобының же­текшісі, филология ғылымдарының док­торы, профессор Нұргелді Уәли «Ұлттық жазудың ұлы тіні» атты баяндамасын оқыды. Онда Ахаңның қара халықтың ауызша тіліне негізделген әліпби жүйесін жасауды ұстануы төл тіліміздің құн­дылығын сақтап қалғанын ерекше атап өтті. «Ахаңның жазу-сызу элитарлық топ­тың ғана емес, күллі халықтың игілігіне айналуға тиіс» деген ұстанымы қазіргі жаңа емле жасау барысында да негізге алыну қажеттілігі айтылды.
Келесі сөз кезегі танымал әдіскер-ғалым, филология ғылымдарының док­торы, профессор Фаузия Оразбаеваға берілді. «Қазақ жазуы: ұлттық бірегейлік пен емлелік тұтастық» тақырыбында баяндама жасаған Фаузия Шәмсиқызы қазіргі таңда А.Байтұрсынұлының мына пікірін жаңа әліпби мен емле жасау қарсаңында аса қажет деп түсіндірді: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс. Әрпі тізілгенде оңай тізілетін, басқанда орын­ды аз алатын әліпби баспасөзді арзан­дата­ды. Жақсы әліпби үйренуге де қо­лайлы болуы тиіс». Сондай-ақ ғалым жаңа әліпбидің емле-ережесін жасауда осы принциптерді басшылыққа алған дұрыс деген ұсынысын білдірді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Ахмет Байтұрсынұлының кірме тер­миндерді қабылдау мен жазу ұстанымы» атты баяндамасында Ахаңның қазақ тілінің терминін қалыптастырудағы ең­бегі ұлттық ғылымның төл тілдік қорын да­мытуға, яғни төл терминдердің еркін қолданысқа енуін ілгерілеткенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ қазіргі терминдерді жасауда барынша төл сөздерді қолданып, жат сөздерді амалсыз жағдайда ғана алу керектігін айтты. Шет тілдік сөздерді тіл заңдылықтарына икемдеу принципін сақтау дұрыс деген ұсынысын жеткізді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісімақова «Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымдары және жаңа емле» атты баяндамасында Ахаңның кірме сөздерді қазақ тіліне икемдеп игеру дәстүрі (харам – арам болып, халал – адал болып қабылданды) сақталуы керек деген ұсыныс айтылды.
«Ономастикалық атауларды латын графикасына көшірудің ғылыми-ұйым­дастыру іс-шаралары» атты баян­дама­сында филология ғылымдарының док­торы, профессор Қыздархан Рысберген латыннегізді әліпби көшкенде ең алды­мен, көзге түсетін жер-су атаулары мен кісі есімдерінің дұрыс жазылуында біріз­ділік сақталуы аса маңызды екенін атап өтті. Осыған орай, «Қазақ кісі есімдері мен аты-жөндерін латын графикасы негі­зінде транслитерациялау ережесі» емлесін жасауда ереженің базалық ұстанымдары басшылыққа алынатыны ұсынылды.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай «Емле тіл та­биғатын таныта алса игі» атты баянда­ма­сында жаңа латын негізді әліпби бойын­ша емле ережелерін жасауда тек қана фоне­матикалық принципке сүйенбей, мор­фологиялық принципке сүйену қажет­тілігін, сингармонизм заңдылығын сақтау қажеттілігін, бір буынды сөздердің таби­ғатын толық сақтау қажеттілігін, себебі ол ұлттық кодымыз екендігін айтты.
Филология ғылымдарының канди­даты Б.Қапалбеков «Қазақ әліпбиін ла­тын қарпіне көшірудің төте жолы» тақы­рыбында баяндама жасап, қазіргі жаңа латын графикалы әліпби емлесінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екен­дігін жеткізді. «У» мен «И» әріптеріне қатысты, бірге жазылатын сөздер мен кірме сөздерге қатысты мәселелерді ше­шуде жеке-жеке конференциялар ұйым­дастырылуы қажет деген ұсыныс білдірді.
Конференцияда Ахаңның емлеге, теориялық ұстанымдарына қа­тысты, қазіргі емле жасаудағы орфо­графиялық принциптерді нақтылауға қатысты пікірталас болды, пікірлер жан-жақты талқыланды. Ғалымдармен қатар қара­пайым халық өкілдері қатысып, сұрақ­тарын қойды, баяндамашылардың сөзіне, жауаптарына риза болып, рақметін айтты. Латынға көшу жолындағы ға­лымдардың ұстанымын қолдайтындығын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.
Конференция соңында мынадай қарар қабылданды:
1. Қазақстан халқының тілдері күніне және А.Байтұрсынұлының туған күніне орай конференцияны тұрақты түрде өткізу;
2. А.Байтұрсынұлының ілімін ха­лықара­лық деңгейде зерттеуге бағыт­талған арнайы мемлекеттік бағдарлама болуы керек;
3. А.Байтұрсынұлы еңбектерін терең таныту мақсатында білім беру жүйесіне пән ретінде енгізу (Филология факуль­теттерінің студенттеріне «Ахметтану курсын жүргізу, ЖОО-да терминология пәнін міндетті пән ретінде енгізу және төл терминдердің зерттелу аясын кеңейту);
4. Ахметтануды әлемдік, халықара­лық деңгейге көтеру.
Қорыта келгенде, қазақтың ұлттық жазуын, әліпбиі мен емлесін қалыптас­тырған, төл терминдер қорын жасаған, қазақ балаларының ата тілінде сауат ашуына арнаған алғашқы әліппелерін жазған, қазақ тілі грамматикасын таны­татын тұңғыш оқулықтарын шығарған, әдебиеттанудың теориялық негізін қала­ған, қазақ тілін оқытудың әдістемелік құ­рал­дарын ұсынған ұлт жанашыры, қа­зақтың маңдайына біткен біртуар тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының мұ­ралары еш­қашан мәнін де құндылығын да жоймай­тынына көз жеткіздік.
Конференция Ахмет Байтұр­сынұлы­ның дүниеге келген күніне орай арнайы ұйымдастырылғандықтан, Ахаңның әруағына арнап «иіс шығарылды», қатысушылар киіз үйде жеті шелпектен ауыз тиді.
Дәстүрлі әншілер Ерлан Төлеутай мен Еркін Шүкіман Ахмет Байтұрсынұлының музыкалық мұрасы жөнінде өз ойларын ортаға салып, ұлы тұлғаның «Ақ құм» және тағы басқа әндерін әуелете шырқап берді.
Ұлттық ғылымның арқауы Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген ақыл сөзі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ ті­лінде», – деген дана сөзімен рухани жал­ғасқанын саналы түрде қабылдап, сол бағытта дамуымыз керек. Ахмет Байтұр­сынұлы аңсаған тәуелсіздіктің құны мен қадірін бағалай білейік, оны ары қарай дамыта берейік!

Айгүл ӘМІРБЕКОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
жетекші ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Пікір жазу


*