Жүрсін ЕРМАН: АЙТЫСТЫҢ АУРАСЫ БӨЛЕК

495
0
Бөлісу:

Қыркүйек айының 15-16 күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алатауым – алтын ұям» атты ақындар айтысы өтеді. Айтысқа Бекарыс Шойбеков, Еркебұлан Қайназар, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртай сынды танымал ақындар қатысады. Қазақы өнердің жыл айналып Алматыға қайта келгені айтыссүйер ағайынды қуантты. Аттары бәйгеге шабарда, атбегіге «сіз не күтесіз?» деп сұрақ қояды. Біз де Алатау төріндегі аламан алдында айтыстың жанашыры, белгілі ақын Жүрсін Ерманнан жөн сұрап көрдік.

– Айтысты ұйымдастыру барысында қиындық туды ма?
– Қиындық деген қашан да көп. Ай­тыс Алатау ауданының 10 жылдығы мен «Ал­маты ақшамы» газетінің 30 жылдығына арналады. Мәнізоров Бағдат Сайлаубай­ұлы – осы ауданды құрғандардың бірі. Сол азамат айтысты өткізуге қолғабыс етті. «Тас­кредит» атты компания айтысты 3 жылдан бері қолдап келеді. Бас директоры Дулат Тастекеев кем кетікті түгендеп берді. «Ай-Сер» компаниясы да өз көмегін ұсынды. 1988 жылы Алматыда өткен ай­тыста ақындар «Алматы атымен неге газет шықпайды» дескен. Соның нәтижесінде, «Алматы ақшамы» газеті дүниеге келді. Биыл аталған газетке – 30 жыл. Газеттің Бас редакторы Қали Сәрсенбай – осы ай­тысты ұйымдастыруға ұйытқы болған­дардың бірі.
– Ел күткен жүйріктердің біразы жоқ. Ті­зім­нен Ринат Зайытов, Мейірбек Сұл­танханды көре алмай жүрміз. Неге?
– Бұл айтысқа 16 ақын қатысады. Осы жолы жастарды және біраз өңірдің ақын­дары жиналды. Барлығын бірдей әр ай­тыс­қа шығара алмаймыз. Бұйыртса, қыр­қүйек­тің 20-сы күні Атырау облысында, қазанның 4-і күні Қостанайда республика­лық, 21-22 күні Астанада халықаралық ай­тыс өтеді. Міне, осы додаларға қалған ақын­дарды ке­зекпен қатыстырамыз. Сондықтан мынау ақын қатыспай қалыпты деп астар іздеудің қажеті жоқ. Жыр бәйгесіне жастар қатысуы керек. Олар – айтыстың ертеңі.
– Жалпы, ақындарды айтысқа қалай іріктеп аласыз?
– Бізде ақындардың рейтингі бар. 3 жылда бір жаңартамыз. Міне, соларды ұсынамыз. Кім бабында, кімнің жырлары оралымды соларды таңдап аламыз. Жастар­дың ішінен оза шауып жүргендерін ұмыт қалдырмаймыз. Біздегі принцп – қарапайым.
– Бұл айтыста кейінгілері тәрізді сахнада тұрып жеребе тарту бола ма, әлде жұптар белгілі ме?
– Ол жағы әлі белгісіз. Қазылар алқасы­ның төрағасы шешеді. Осы орайда айтыс­тың әділ бағасын беретіндермен танысты­рып өтейін. Қазылар алқасының құ­ра­­мында: Нұртөре Жүсіп, Қали Сәр­сенбай, Жанарбек Әшімжан, Сағатбек Медеубекұлы, Темірхан Тебекенов бар. Бұдан бөлек, Бауыржан Халиолла мен Қойлыбай Асанов тәуелсіз сарапшылық етеді.
– Айтысқа келе алмай қалғандарға қай арнаны қосуға кеңес бересіз? Телевизиялық қолдау бола ма?
– Айтысты «Алматы» телеарнасынан көрсетеді. «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларынан айтыстың аудио-нұсқасын тыңдай аласыздар. Алматылық ағайын айтысты сағынған болар. Барлығы демесе де, біразы келеді деген ойдамын. Айтыс – ұлттық рухты көтеретін өнер. Теледидардан айтыс көрген қызықты, алайда көрермен болып отырып көрген бір басқа. Ақын­дардың шұрайлы шумақтары мен әсерлі әуені жаныңызды жадыратып, айызыңыз­ды қандырады. Сол үшін де кіл жүйріктерді бәйгеге қостық. Бағасын әділқазы мен көзіқарақты көрермен бере жатар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айзат ЖОЛДАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*