ЫНТЫМАҒЫ МЫҒЫМ ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ МЫҚТЫ

245
0
Бөлісу:

Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенконың қатысуымен өткен жиында аймақта Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру барысы талқыланды.

Атырау облысының ҚХА мүшелерінің, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының, сондай-ақ өңір басшысы Нұрлан Ноғаев­тың қатысуымен өткен жиналыста ас­самблея институтын дамыту, алдағы уақытта жүзеге асырылатын ауқымды жобалар мен заңға енгізілген өзгертулер мәселесі сөз болды.
Еліміздің экономикасына зор үлесін қосып отырған аймақтың жетістіктерін атап өткен Леонид Прокопенко Мемлекет басшысының Қоғамдық келісім кеңес­терінің алдына қойған міндеттері туралы айта келе, кездесуге қатысушылардың назарын Қазақстан дамуының маңызды шартына аударды. Бұл – халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз ету, оның бірігуі, елімізде барлық әлеуметтік-саяси экономикалық реформалар жүргізу үшін жағдайлар жасау.
– Биыл ассамблея жұмысын жандан­дыру бағытында «ҚР Қазақстан халқы ассамблеясы» туралы заңға өзгертулер ен­гі­зілді. Мұнда этномәдени бірлестік өкілдерін мемлекеттік қолдау мақсатында жаңа норма пайда болды. Осыған бай­ланысты ең алғаш рет еліміздегі этно­мәдени бірлестіктер қоғамдық аккре­дитациядан өтетін болады. Аккредитация ережесін қараша айында әзірлеуді жос­парлап отырмыз. Сондықтан келесі жылдың бірінші жартыжылдығында – өңір­лік, екінші жартыжылдығында рес­­пуб­­ликалық этномәдени бірлестіктер аккредитациядан өтетін болады. Бұл өзгерістер рухани жаңғыру, этносаралық қарым-қатынасты жетілдіре түседі. Ассамблея өкілдері басым бағыттардың барлығына атсалысулары қажет. Биылғы қарашада Солтүстік Қазақстан облысында республикалық Қоғамдық келісім кеңесін өткізбекшіміз. Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру, қоғамдық бақылау мәселесі талқыланатын болады. Бұл халықтың аз қамтылған топтарына салық жүктемесін азайтуға, жатақханалар құрылысын салуға, білім беру гранттарын бөлу тиім­ділігіне қатысты, – деді Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.
Оның айтуынша, жастармен жұмысты жандандыру, бірлік пен татулықтың маңызын түсіндіру бағытындағы жұмыс­тар жүргізілуі тиіс. Қазақстан халқы ас­самблеясының «Ұлы дала елі», «Қазақ­тану», «100 жаңа есім» жобаларының маңыздылығына тоқталған Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орын­басары Л.Прокопенко «Қайырымдылық керуені» жылдың дәстүрлі қорытынды шарасы биыл Атырауда өтетінін, аталған форум барысында жаңа жобалардың таныстырылымы болатынын мәлім етті.
Жиында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында өңірде қандай жұмыстар атқарылуда екенінен ақпараттандырды. «Өңірімізде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бастапқы ипотекалық тұрғын үй сатып алу механизмі табысты қолда­нылуда. Облыстағы үш жоғары оқу орны жатақханамен қамтамасыз етілді. Биылғы білім күні Д.Нұрпейісова атындағы Ха­лық­тық музыка академиясы, Атырау му­зыка колледжі студенттері үшін бір жа­тақхана аштық. Аймақта 2020 жылға қа­рай студенттер үшін жатақханадан орын беру мәселесі толықтай шешілетін болады. 2017 жылы облыста 222, биыл 247 білім беру гранттары берілді. Біздің барлық жұмы­сымыз Мемлекет басшысы қойған мін­деттерді шешуге бағытталған» деді өз кезегінде Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар кездесуде жақын арада жаңа Достық үйінің құрылысы бас­талатыны да айтылды. Жобалау-сметалық құжаттама толық аяқталып, жоба мем­лекеттік сараптамадан өткізілуде. Жаңа Достық үйінің жобасы облыстың 19 этно­мәдени бірлестігінің өкілдерімен таңдап алынғаны атап өтілді.
Бүгінде өңірде Атырау облысының ҚХА-ның 87 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді, оның ішінде 75 аналар кеңесі, 1 ғылыми-сараптамалық топ, журналистер клубы, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабы бар. Осы жылы Қазақ­стан халқы ассамблеясының облыстық филиалы екі мыңнан аса іс-шара өткізді.
Кездесуде Қазақстан халқы ас­самблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко жергілікті этно­мәдени бірлестік жетекшілерінің ұсыныс-пікірлерін де тыңдап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы «Видергебурт» неміс этномәдени бірлес­тігінің төрағасы Олег Шмальдің ұсынған жобасына қолдау білдірді.

Атырау облысы

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*