ШЕҢГЕЛДІ КҮННЕН ҚУАТ АЛАДЫ

353
0
Бөлісу:

Еліміздегі күн сәулесінен электр қуатын өндіретін ең ірі станса Қапшағай қаласы аумағындағы Шеңгелді елдімекенінің маңында салынуда. Жалпы қуаттылығы 150 МВт-сағат болатын нысанның пайдалануға берілетін кезі де таяп қалды. Жоба Алматы облысы делегациясының 2016 жылы сәуірде Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына арнаған жұмыс сапары барысында жаңартылатын қуат көздері саласы бойынша қол қойылған келісім аясында жүзеге асырылуда.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жобаның қуаттылығы 100 МВт болатын алғашқы құрылыс кезегінің ба­рысын өз көзімен көріп, егжей-тегжейлі танысып қайтты. Өңір басшысына нысан бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, таныстырған маман­дардың айтуына қарағанда, 400 гектарға орналасқан жаңа электр стансасының бірінші кезеңінің құрылысы биылғы тамызда басталыпты және 2019 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Ал екінші кезеңі келер жылдың үшінші тоқсанында бітеді деп жоспарланған.
Күн электр стансасы күн сәулесі энер­гия­сын тұрақты кернеудегі электр тоғына айналдыратын 303 мың арнайы панельден тұрады. Жабдықтардың басым бөлігі Гер­маниядан жеткізілген. Станса еліміздің Солтүстік – Оңтүстік бағытына электр қуатын тасымалдаудың өткізу мүмкіндігін арттыру арқылы Қазақстанның оңтүс­тік облыстарындағы электр қуатына деген тапшылықты жабу мақсатында тұр­ғызылуда.
Eneverse Kunkuat ЖШС компания­сының өкілі Бауыржан Қарабеков атап өткендей, «Қапшағай – 100» күн электр стансасының бірінші кезегі жылына 151,2 МВт-сағат электр қуатын өндіреді. Құры­лыс кезеңінде 500-ге жуық жұмыс орны құрылыпты. Құрылыс жұмыстарын жер­гілікті «Аманат» ЖШС жүргізуде. Күн электр стансасы іске қосылғанда 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
«Қапшағай – 100» күн электр стансасы қытайлық және қазақстандық компа­ния­лар консорциумы тұрғызған жаңарты­латын энергияның Алматы облысындағы алғашқы нысаны болып саналады. Жобаға 150 млн АҚШ долларына жуық инвестиция салынған. Стансаны тұрғызу үшін Қапшағай қаласы аумағына жата­тын, сәулелі күндері көп әрі жазық кеңіс­тіктері жеткілікті Шеңгелді селолық округі таңдалыпты.
Құрылыс жұмыстарының қарқынына көңілі толған Амандық Ғаббасұлы мұндай аса қуатты күн электр стансасының құ­рылысы облыс үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Жоба «жасыл энер­гетиканың» дамуына серпін беріп қана қоймай, аймақтағы электр энергиясына деген тапшылықтың шешілуіне өзінің оң ықпалын тигізері анық.

Алматы облысы

Болат АБАҒАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*