ТЕГІН ДЕП ШАҚЫРЫП, АҚШАҒА САТТЫ

886
1
Бөлісу:

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ТУРИЗМІ ЖЫЛЫ УӘДЕ БҰЗУДАН БАСТАЛДЫ

Өткен аптаның сенбісінде Астанада Шығыс тағамдарының гастрономиялық көрмесі өтті. Обалы не керек, сенбінің таңы әп-әдемі басталған: Астана қалалық әкімдігі алдындағы алаңда өзбек музыкасы ойнап тұр, ұлттық тағамының бәрі болмаса да, бірқатары қойылған екі-үш дастарқан жаюлы, оның жанында жүздері бал-бұл жайнап ұлттық киімін киген өзбек жастары жүр. Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылы аясында ұйымдастырылған тағам мерекесінен хабардар болса керек, ел жылдам жиналды.

Көп ұзамай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұйым­дастырған гастрономиялық көрменің ашылу рәсімі басталды. Сөз, әдеттегідей, мемлекеттік орган өкілі – Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мурзамадиеваға берілді. Ол биыл алғаш рет өтіп жатқан көрмені алдағы уақытта дәстүрге айналдыру жоспарда барын айтты, сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан Ұлы Жібек жолының ажырамас бөлігі санала­тындықтан, шетелдік туристер үшін екі елдің шекарасынан өту процедурасы жеңілдететінін де атап өтті.
Ал Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев палау пісіруге Ташкенттен ең жақсы аспаздар келгенін тілге тиек етсе, Астана қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров аталған іс-шара екі ел арасындағы ірі шарттар негізінде өтіп жатқанын, сондықтан мұндай жобаға Астана қаласы әкімдігі барлық жағдайды жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Одан кейін аспаздар көпшілік алдында дәмді тағам дайындаудың құ­пиясымен бөлісіп, шеберлік сабақ­тарын өткізген болды. Алайда келгендерге шеберлік сабағынан бұрын тегін палаудан дәм тату маңызды болса керек, олар сол жерде кезекке тұрамыз деп дауласып алды. Аспаздар дайындаған тағамдардан дәм тату басталғанда, түсініксіз жағдай болды: тегін тара­тылады деген палау сатылатын болып шықты. Қалжың шығар деп, қазан басындағы аспазынан да, басқасынан да сұрап көрдік. «Бір тәрелкесі 600 теңге» деді палау саудасын қыздыруға құлшына кіріскен бикеш. Оның жауабына бірлі-жарым қария наразы болғанымен, жұрттың басым бөлігі сатып алуға қарсы емесін білдіргендей, ақшасын ұсынып, сатып алып жатты. Ал зейнеткер қа­риялар түңілген қалпы қазан маңынан алыстай берді…
Шындығында, ұйымдастырушылар ұсынған пресс-релиздерде «Бұл күні өзбек асханасынан ұсынылатын тағам­дардан тегін дәм татасыз» деген сөйлем­дер бол­ған. Сол сөйлемді жазғандар үшін біз қы­сылдық. Сосын қарап тұрмай, ұйым­дастырушылардан жауабын білгіміз келді. БАҚ өкілдеріне сұхбат бергелі тұрған Мәдениет және спорт министр­лігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мурза­мадиеваға сұрақты төтесінен қойдық:
– Бізге таратылған баспасөз пара­ғында келушілерге палау тегін тара­тылады деп жазылып еді?..
– Иә, ол рас.
– Ал ана жерде 600 теңгеден сатып жатыр ғой?
– Жоқ, бүгін бәрі-бәрі тегін болуы керек. Қазір мәселенің мәнісін бірге барып білеміз, – деген комитет басшысы бізді Kazakh Tourism ұлттық ком­паниясының өкілі Абай Қожамжаровқа «ұстатып» кетті де қалды. Абай мырза: «Сіздің сұрағыңызға әкімдік өкілдері жауап береді, қазір оларды бірге іздеп табайық», – деп айналасын барлап шықты да, бір жігітпен сөйлесіп, осы жігіт жауап береді дегендей ишара жасап, өзі көзден ғайып болды. Әлгі жауап береді деген адамы сұрағымды естігенде шоршып түсті. Бар айтқаны: «Мен Астана тұрғынымын, мен Астана тұрғынымын» болды.
Бір білсе, осы кісі білер деп еліміздегі «Дустлик» өзбек қауымдастығы төраға­сының орынбасары Хасан Шариповты тауып алдық. Сұрағымызды тыңдаған соң: «Басқасын білмеймін, ассамблея пі­сірген палауын тегін таратып жатыр», – деді.
Жөн екен деп, өзі нұсқаған тұсқа бұрылып едік, 10-15 адамды оқшаулап алып, тамақ беріп жатыр екен, арасында бағана түңіліп бара жатқан қарияларды көріп, көңіліміз жібігендей болды.
Айтқандай, бұл күні өзбек наубайшы­лары пісірген тандыр нан мен бауырсақ тегін таратылды. Ол – рас. Алайда тегін таратылатын нан мен бауырсаққа таласқандарды сыртынан бақылау сондай қиын болады деп кім ойлаған, құдды аштық тақырыбында түсірілген фильм көргендей әсерде қалдық. Нан мен бауырсақ пісірушілерге қарай қолын ұмсына созған адамдардың пейілі шошытты. Арасында жұпыны киімдісі жоқ, бұл не қылған талас тірлік? Көңілсіз көріністі көруге көзден қысылып кері қайттық. Ал бұл уақытта интернет басы­лымдарда «Күншуақты Өзбек­станның көрмесін тамашалаушыларға 1 мыңнан астам ыстық тандыр нан мен тәтті мейіз таратылды» деген сөйлемі бар ақпар жа­рық көріпті. Сол мейіздің саудасы қыз­ғанына куәміз. Енді соның бәрін көрген көзді жазғырамыз ба, бізді әрі-сәрі күйге түсірген ұйым­дастыру­шыларды жаз­ғырамыз ба?
Қалай десек те, ұйымдастырушылар осы іс-шара жөніндегі есебін жоғары жаққа тап-тұйнақтай етіп тапсырғаны анық. Енді бұл да бір біткен іс болды деп, жаңа жобаға кірісіп жатқан да болар…

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Астана

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Риза 12 Қыркүйек, 2018 at 14:41 Жауап

    Иә, біздің адамдардың да жасап жүрген қылықтарынан ұяласың кейде. Мен сол күні адасып қалған Жанарыс деген баланы анасына табыстаған соң, үйге кете беруді жөн көрдім. Сондай болатынын сезген сияқтымын. Біздің адамдар, мәдениетті болайықшы. Тегін десе, әкесі тіріліп келгендей болып жанталасудың қажеті жоқ. Ал басшылықта жүрген ұйымдастырушылар үшін, тіпті, айтарға сөз жоқ. Ұят!

Пікір жазу


*