ЖАН БАЛАСЫНА ЖАҚПАҒАН ЖАСТАР – АЙ…

382
0
Бөлісу:

Мемлекеттік жастар саясатының «Қазақстан – 2020: болашаққа жол» атты тұжырымдамасы бар. Мұнда қазіргі жастардың алты өзекті мәселесі айтылады. Олардың әрқайсысы ерекше тоқталуды қажет етеді. Өйткені проблема расымен бар, оны шешу – мақсат һәм алға қойған міндет. Аталған тұжырымдаманың алғашқы бөлімінде мемлекеттік жастар саясатын дамытудың пайымы баяндалған. Осы бөлімге баса мән беру маңызды. Мән беріп қана қоймай, олқылықтардың орны толғаны тағы керек.

Көз алдыңызға бір шаңырақтың екі баласын келтіріңізші. Үйдің үлкені Айбек – 25 жаста, Айдардың жасы – 20-да. Екеуі де – жанып тұрған жас. Айбектің жоғары білімі бар, магистратураны да ел қатарлы оқып алған. Бүгінде орта жалақыға жұмыс істейді. Үйленбеген. Ата-анасының қолына жылы су құйғыза алмай жүргенін мемлекет беретін ақының аз екенімен байланыстырады. Шайлығынан мол артылатын айлық алмау себебін өзінен іздемейді, дамуға ұмтылмайды. Бірақ білімі бар, білігі де жоқ емес. Үкіметке иек артып, «алма, піс, аузыма түс» дейтіндердің қатарынан. Інісі Айдар 9-сыныптан соң колледжге түскен. Кәсіптік-техникалық білім алып, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отыр. Оның ойы ағасынан өзгеше – бәрі еңбекпен келеді. Байқасаңыз, мұндай мысалдар көп-ақ. Жетістікке жетпеуінің салдарын басқаға жаба салу оңай. Мұны жастар арасында дендеп кеткен дерт деуге бола ма? Олардың өзекті мәселелері қандай? Қоғамның басты қозғаушы күштерінің халі шынымен мүшкіл ме? Бұл туралы мамандардың пікірін білгенді жөн көрдік.
Жоғарыда жастардың алты өзекті мәселесі барын айтқан едік. Соны бір тізбекке салып көрелік. Ең алдымен, дәстүрлі құндылықтар жүйесіне жаһанданудың жасайтын қысымы бар. Иә, бұл процесс экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени дамуы түрлі елдердің арасындағы алтын көпір іспеттес. Ұлттық шекаралар ашылып, жаңа өзгерістерге бет бұрылды. Десек те, ақ-қарасы ажыратылмаған мәдениеттің қысымымен дәстүрлі құндылықтардың ара-жігі жойылып, жібі үзіліп жатқан сыңайлы. Мұндай дабылды соғып отырған біз емес, мамандардың өзі.
Бұдан кейін еңбек құндылықтарының доминант емес дәрежесі қозғалады. Бүгінде жастар ішінде прагматикалық бағдар күшейіп келеді. Яғни, материалдық игіліктерге ұмтылуды анағұрлым маңызды деп есептейтін сана бар. Мұны теріске шығару мүмкін емес. Тек ортасын ұстанудың маңызын ұғыну жеткілікті. Әлеуметтанушылар мен психологтардың айтуынша, өмірде қандай да бір жетістікке жету жолында тамыр-танысты пайдалану үрдісі байқалады. Үшінші мәселе, жастар арасындағы патернализм мен әлеуметтік инфантилизм. Бұл дегеніңіз – барлығын мемлекет мойнына мінгестіру, жауапкершіліктен қашу ұғымдары. Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан жастарының 58 пайызы мәселелерін шешуде мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенім артады.
Жастардың тек қана материалдық байлыққа ие болуды көздейтін қасиеті де – өзекті мәселелердің бірі. Сонымен бірге, өмірлік тәжірибесі мен жеткілікті білімінің болмауы кері әсер береді. Яғни, саяси мақсатын іске асыруды көздейтін сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің жастарға ықпалын жүргізетіні бар. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар санасына ену арқылы қоғамдағы түрлі топалаңдарға себеп болуы мүмкін. Тағы бір өзекті мәселе – маргинал жастар. Әлеуметтік аутсайдерлердің көбеюі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделудің қиындығына байланысты.


Бақтияр МӘКЕН, Мәжіліс депутаты:
«ЕЛДЕН ҰЯТ» ДЕП САНТЕХНИК БОЛУДАН ҚАШУ ДҰРЫС ЕМЕС

Осыдан 10-15 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда мемлекеттік жастар саясатында өзгеріс өте көп. Себебі, заман талабы мен жастардың түсінігі, танымы басқа. Соған сай заңға толықтырулар енгізіліп тұрады. Іске асырылған бағдарламалар оң нәтижесімен қуантып жатыр. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел» сынды бастамаларды ерекше атап өту керек. Ендігі мақсат – жастардың жұмыссыздығы. Яғни, оларды әлеументтендіру басты назарда. Бұл ретте арнайы кешкі бағдарламалар әзірленген. Десек те, меніңше, Үкімет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларға жастарды көбірек тартқан тиімдірек секілді. Айталық, «Жұмыспен қамту», «Нұрлы жер» туралы түсінік беру керек. Сондай-ақ Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша насихатты ұлғайту қажет. Бұл жөнінде кей жастар тіпті естімеген. Оларға бәрінің мүмкін екенін, өз қолдарында екенін түсіндірсе болғаны. Жас отбасылардың үйлі болуына әкімдіктер қол ұшын беріп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен әлі де кеңірек үгіт жасау қажет. Бүгінгі жастардың дені білімге құштар. Жаңа нәрсені танып, көргісі келіп тұрады. Жалпы алғанда, көш бастаймын дегенге мемлекет тарапынан қолдау көп. Бұрындары сын ретінде «неге біздің балаларымыз базарда «тәшкі» сүйреуі керек?» дегенді жиі айтатынбыз. Одан қалса, қылмыс жасайтындардың ішінде жастар көп еді. Заман ағымына қарай ма екен, жастар «білімсіздің күні қараң» екенін түсініп келе жатқандай көрінеді. Өйткені жұмысқа орналасу үшін білім алуың маңызды. Бұл енді жоғары білім туралы айтқанымыз. Енді кәсіптік-техникалық білім алу жайлы да сөз қозғайық. Елбасымыз бұл тұрғыда тегін мүмкіндік ұсынып жатыр. Өте көп көлемде гранттар бөлінуде. Соларды пайдалануға ұялмауымыз керек. Бізде мынадай сана бар. «Елден ұят емес пе» деп сантехник болудан қашады. Өзім шетелде оқып жүрген кезде арасында еден жуатынмын. Өйткені жақсы төлейді. Қосымша табыс қашанда керек. Одан қысылатын ештеңесі жоқ. АҚШ-тағы жастармен салыстырып қарап отырсам, бізде артықшылық та, кемшілік те бар. Біздегі тәрбие басқа дегеннен бастайын. Ата-анамыздан кетіп, жырақ өмір сүру бізде жоқ. Тіпті бөлек кеткеннің өзінде көмектесіп, қол ұшын беруді міндетіміз санаймыз. Яғни, рухани тұрғыдан алып қарағанда біз әлдеқайда жоғары тұрмыз. Десек те, ішкі мәдениетке байланысты кей кемшін тұстарды тізбеліп көрелік. Өзін-өзі дамыту, басқару, жеке тұлға ретінде даярлаудан америкалық жастар алға шығып кеткен. Себебі, ол жақта ата-анасы баласына бастапқы білім алуына көмектескенімен, кейін жоғары оқу орнына келгенде жеке-дара жолға түседі. Ешқандай қол ұшын алмайды. Өкінішке қарай, алпыстан асса да баласын бағып жүргендер бізде жетерлік. Не болмаса, үйлендіру үшін кредит алып жататыны да жасырын емес. Меніңше, жастардың бәріне бірдей сын айту қисынсыз. Бағыт беріп, мүмкіндіктерге жол ашып берсек, мақсатына жетеді деп ойлаймын. Сонымен бірге, ішкі патриотизимді дамыту керек. Ұлттық рухты ояту қажет. Соңғы кездері бұл жағынан жаңғырып келеміз. Футболға барғанда, халықаралық дәрежеде ұйымдастырылатын іс-шараларда, тіпті Геннадий Головкиннің кездесуін тамашалағанда халықтың рухы барын байқаймыз. Бұл – өте қуантатын жағдай. Осылай біртіндеп ахуал жақсара түседі деп ойлаймын. Бастысы, өзін-өзі басқаруға баса мән беріп, білігін арттырса болғаны. Шындығында, мемлекет жақсы жағдай жасап жатыр. Білім алу, жатақханамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту сынды мәселелер шешілуде. Қазір біреуді итермелеп, «неге былай жасамайсың» деп отыратын заман емес. Баяғыда шайнап беріп, жұтатын жағдай жасалды. Қазір бәрі еркіңізге берілген. Ұмтылыс пен мақсаты барлардың дәуірі – бұл.


Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, әлеуметтанушы:
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ВОКЗАЛДАН АШЫЛУЫ КЕРЕК

Жаһанданудың екі жағы бар. Алды­мен, жағымды жағын қарастырайық. Ол көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Еңбек нарығындағы шекаралар бұзылды. Мұны қазақстандық жастар жақсы пайдаланып жатыр. Мысалы, тіл білетін, мамандығын жетік меңгерген жастар шетелге еркін баруда. Apple-дан бастап, түрлі компанияларға жұмысқа қабылданғандар жетерлік. Оларды «алтынбасты» жастар деп те атаймыз. Табыс тауып әрі кәсіби тұрғыда жетілуіне кедергі жоқ. Кемшілігіне келер болсақ, жаһанданудың ұлттық мүддемізге зиян тигізетін тұстары бар. Себебі, жоғарыда айтқан «алтынбасты» жастарымыздан айырылып қалып жатырмыз. Екіншіден, отандық білім беру мекемелері бәсекеге шыдас бере алмай жатқанын да айта кету керек. Әлеуметтік зерттеулерді қарап отырсақ, ең негізгі екі құндылықтар еш өзгермей келеді: денсаулық және отбасы. Жаһандану үдерісі қанша жерден жүріп жатса да, бұл екеуі басты орыннан түскен емес. Яғни, деннің саулығы мен отбасының болуы маңызды екенін жастар жақсы түсінеді. Тек іске асыру барысында кінәраттар бар. Түсіну бір бөлек те, іс жүзінде орындау басқа. Оған мысал ретінде салауатты өмір салтын ұстанбауды айтуға болады. Денсаулыққа кері әсері барын білсе де, іске келгенде қолданбайтындар бар. Отбасы құндылығында да солай. Уақыт өткен сайын отбасы құру жасы ұлғайып келеді. Оған материалдық, психологиялық факторлар себеп.
Патернализмнің мәні – мемлекетке сену. Көп елдерде жұмыссыздыққа ақы төленеді. Мысал ретінде Канаданы алып қарауға болады. Соның салдарынан мемлекетке ғана иек артып қалу дендейді. Жеке бақылауым бойынша, грантта оқыған бала мен ақылы бөлімде оқығандардың арасында айырмашылық бар. Алғашқылары тегін оқып, шәкіртақы алып үйренгендіктен жұмысқа орналасып, қоғамға араласуы қиын болып жатады. Яғни, стратегияларында өзгешіліктер болады. Бұл жерде әлеуметтік капиталды арттырудың қажет екенін айтып жүрміз. Оның ішінде сапалы білім, өзгелермен коммуникация жасау бар. Қысқа қайырғанда, жастарды өмірге бейімдеу, даярлау. Бұған кейде ата-аналардың кінәлі болатын кездері бар. «Өзім көрмегенді балам көрсін» деген шектен тыс қамқорлықтың салдары өскенде баласының әлсіз болуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл жерде мәселе – баланы жүктеп, қинауда емес, отбасындағы рөлдерді дұрыс бөлуде. Кішкентайынан ненің не, кімнің кім екенін біліп өскен бала болашақта бағытын анықтауда қиындық көрмейді.
Өмірлік бағытынан айныған, нақты мақсат пен әлеуметтік статусы жоқ адамдар тобын маргиналдар деп атайды. Ол тек жастарда ғана болмайды. Тақырыпқа орай қарастырып көрелік. Көбіне жастар туралы айтқанда ауылдан қалаға келгендерін сипаттап жатады. Қылмыстың басым бөлігін де осы топ жасайды. Себебі, жұмыссыздық, кәсіби білімнің жоқтығы. Десе де, қала жастарында да мұндай топ кездеседі. Білім алғанымен, оны әрі қарай қалай қолдануды білмейтіндер болады. Зерттеулер бойынша, жастардың 60-70 пайызы нақты білім алған мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды екен. Бір жағы жүйенің кемшілігі десек, екіншіден жастардың өзі де кінәлі. Сұранысы төмен мамандыққа тапсырмас бұрын жақсылап зерделеу керек еді немесе кәсіби қабілеті төмен болып жатады. Бұл – психологиялық не медициналық дерт емес, оны ине салып, емдей алмаймыз. Мұны шешу үшін әлеуметтік тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарылуы керек. Бүгінде маргинал жастарды бейімдеу орталықтары ашылып жатыр. Соған миллиондаған қаражат бөлінеді. Сөйтіп, ол орталық қаланың қақ ортасындағы бір ғимараттың ішіне орналасады. Кейде тіпті ондай кеңсе барын сонда істейтіндерден өзге ешкім білмейтін боп шығады. Ондай орталықтардың ашылғаны дұрыс, мәселе қай жерден ашылуында болып тұр. Мысалы, теміржол не автовокзал маңайында орналасқаны жөн. Себебі, қалаға жұмыс іздеп келген адам құлбазардан бір шықпай, пойыздан түскен бойда көретіні сондай орталық болса, қандай жақсы. Жұмыспен қамту орталықтарының филиалдары да сондай жерлерден ашылса құба-құп. Маргинал жастарды бейімдеу үшін осындай шаралар іске асырылғаны дұрыс.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*