Ермек Серкебаевты еске алады

276
0
Бөлісу:

26 қыркүйекте Алматыда «Ермек Серкебаевтың дәуірі» мультимедиалық көрмесі ашылады.

2018 жылғы 26 қыркүйектен 25 қазанға дейін  Алматыда «Ермек Серкебаевтың дәуірі» атты мультимедиалық көрме өтеді. Өткізілетін орны – «Арман»  кинотеатрының жаңартылған арт-кеңістігі (Достық даңғылы, 104). Экспозицияның жұмыс істейтін уақыты – күн сайын сағат 10.00-ден бастап 20.00-ге дейін, кіру тегін.

Мультимедиалық жоба Қазақ КСР-інің музыкасы, театры, операсы, балеті мен киносының тарихына экскурс түрінде ұйымдастырылған. Көрмеге келушілер аты аңызға айналған әнші Ермек Серкебаевтың және оның замандастарының мысалында ХХ ғасырдың 20-80-ші жылдарында республикамыздың мәдениеті қалай дамығанын көреді.

«Арман» арт-кеңістігінің алты залында орнатылған үлкен экрандарда көрнекті әншілер, актерлар, әртістер, балет әртістері, жазушылар, ақындар, режиссерлар мен дирижерлар – Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениетінің негізін қалаған барлық қайраткерлер түсірілген сирек кездесетін кино- және фотоматериалдар көрсетіледі. Материалдарды Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыстық жазбалар мұрағаты, Ресейдің Мемлекеттік фильм қоры, Серкебаевтар мен Жұбановтар отбасы ұсынған. Олардың көпшілігі алғаш рет көрсетіледі.

«Әрбір адам – бұл тағдыр және тарих. Өзінің тарихы, адамның өмір сүрген және өмір сүріп жатқан уақыты мен жерінің тарихы…» – деп айтатын Ермек Серкебаев.

КСРО халық әртісі, КСРО мен ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, профессор, халықаралық конкурстардың лауреаты Ермек Бекмұхамедұлы кеңестік Қазақстанның ең атақты опералық орындаушысы болған десек артық айтқандық емес, оның дарыны туған республикасында да, басқа елдерде де адамдардың жүректерін баурап алатын. Серкебаевтың артында қалдырған мұрасы – баға жетпес құндылық.

Аты аңызға айналған әншінің өмірінің кезеңдерімен және сол заманның шығармашылық контекстімен Ермек Бекмұхамедұлының ұлы, A’studio  тобының негізін қалаушы Байғали Серкебаев дыбыстаған аудиогидтің көмегімен танысуға болады.  Келушілердің назарына әншінің берген сұхбаттарынан үзінділер және сол заманға визуалды бойлауды толықтыра түсетін музыкалық туындылар ұсынылады. Залдардың бірі Ермек Серкебаевтың ата-анасына және балалық шағына, басқалары Алматының мәдени өміріне, әншінің дүниеге көзқарасына әсер еткен одан жасы үлкен әріптестеріне, опералық бейнелерді сомдау жұмысына, қазақ кинематографына, Ермек Серкебаевтың әлем бойынша гастрольдік сапарларына және педагогикалық қызметіне арналған.

Көрме мектеп оқушылары мен студенттерден бастап аға буын өкілдеріне дейін, жас шамасы әр түрлі келушілерге есептелген. Қала күнін атап өтуге орайластырылған осынау оқиғаны Ермек Бекмұхамедұлының отбасы – ұлы Байғали Серкебаев (Ермек Серкебаев атындағы Мәдениет пен өнерді қолдау қорының құрылтайшысы), немерелері Камила (Ермек Серкебаев Қорының директоры) және Сана Серкебаевалар (көрменің кураторы) ұйымдастырды.  Алматы қаласының Мәдениет және мұрағаттар басқармасы және активтерді басқару жөніндегі «Алмалы» компаниясы экспозицияға ықпалдастық жасады.

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*