Атадан балаға жалғасқан

337
0
Бөлісу:

Дәукеңді – Дәумен аға Шоманов есімін Жаңақорғанда аудан басшыларының бірі ретінде жастай естіп өстік. 1984 жылы комсомол жұмысына ауысқаннан бастап жақын танысуға мүмкіндік болды. Аудандық комсомол комитеті, «Білім» қоғамы және аудандық партия комитетінде қызмет істегенде ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтары аудандық комитетінің төрағасы Дәукеңмен бірге қызмет бабында тығыз араластық. Тіпті аудандық «Қазақ тілі» қоғамы бөлімшесін құрып, оның «Мирас» атты апталық газетін шығару сияқты жұмыстарда ағаның қадір-қасиетін тани түстім.

Дәукең аға­мыздың тікелей басшылы­ғымен құрылған аудандық «Қазақ тілі» қоғамы социализмнен капитализмге қадам басқан өлара тұста халықтың бойындағы ұлттық құндылықтарға деген ынта-ықы­ласты оята алған бұқаралық ұйымға айналып еді. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды қалпына келтірудің өзегі атеизмнен бас тартып, халықты дінге бет бұрғызуда екендігін сол кездің өзінде-ақ жете сезген Дәукең «Қазақ тілі» қоғамының міндетіне жатпаса да ауылдық жерлерде мешіттер ашуға, осы мешіттер жанынан діни сауат ашу үйірмелерін құруға осы қоғамдық ұйымның беделін пайдаланды.
Міне, осындай кезде Дәукең аға қазына­лы қарияларға тән ақыл-парасатымен аудан­дық деңгейде өткізілетін мәдени-рухани шараларға ақыл қосып, бағыт беріп, игі істерге бастамашыл бола білді.
Дәумен Шоманов өз қатар­лары арасын­да ерекше тұлға болатын. Тұлға дегеніміз өз пікірі, көзқарасы бар және оны қорғай да, өзгелерді соған иландыра да ала­тын ықпалды адам десек, Дәукең ол қасиет­терімен бірге рухани қазынасы мол, биік парасат иесі болатын.
Дәукеңді бір кісідей таныдым дегенім бекер екен. Ол кісінің жаңа қыры – парасат-пайымнан туған қазыналы қарияның дана­лығы деп қабылдауға болатын рухани дүние­ге жанашырлығымен қызмет бабымен бір-бірімізден ұзап кеткендіктен де кеш таныс­тым.
2003 жылы 5 қаңтарда дүниеден қайт­қан­ға дейін Дәумен Шоманов үлкен ізденіс үстінде болды. Айдан айға, жылдан жылға со­зылған ел аралап, аңыз-әңгімелер мен ше­жірелік деректер жинау, Алматы мен Таш­кент, Самарқанның ғылыми мекемелерінде қолжазба қорларын ақтару нәтижесінде, бұл күнде арамызда ағамыздың өзі жоқ болса да соңындағы ұрпаққа мұра етіп қалдырған мазмұнды рухани дүниесі қолымызда қалды. Дәумен қажы Шоманұлының 2006 жылы Алматының «Мұрагер» баспасынан ғұмыр­намалық «Ғибратнама» кітабы, 2016 жылы Шымкент қаласындағы «Азиат» баспасынан «Мәуләна Шәмшідін (Шәмші Бүзірік) ұрпақтарының шежіресі және хикметтері» кітаптары жарық көрді.
Дәукеңнің кітаптары ондай сырттан келген дәстүрге жат сарындардан мүлдем ада. Бұл кітаптың басты мазмұны ұлт ру­хының өзегін құраған Ясауи жолын ұстанған қазақтың дәстүрлі діни элитасының тарихы. Соншалықты сүйіспеншілікпен, аса бір сыпайы әдеппен жазылып, қазақтың мә­дени-рухани өмірін байытқан тұтас бір әулеттің зерделенген шежіресі.
Әулеттің тарихы дегеннен шығады. Қазақтың дәстүрлі қоғамының рухани өзегін құраған Қожықовтар әулеті ХХ ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқанын біреу біліп, біреу білмес. Ақмешіт уезінде туған Қоңырқожа Қожықов Сыр­дария облысында жәдиттік мектептің негізін қалады, Қарнақ мектеп-медресесінде дәріс бере жүріп, алғашқы жәдиттік үлгіде әліпбе жазған (Ахмет Байтұрсыновпен қатар), ақын Шәді төремен бірігіп, Романов әулеті билі­гінің 300 жылдығына үлкен дастан жазған. Қоңырқожа – Түркістан өлкесі отар­лық билігінің құрылымдарында қызметке де ара­ласқан элиталық тұлға. Алаш партиясының, Түркістан Мұхтариаты үкіметінің мүшесі, Түр­кістан өлкесінде республикалық «Қосшы» одағының төрағасы. Кеңестік биліктің басшылығындағы ұлтжанды Сұлтанбек Қожановтың саяси ақылшысы болған. Оның Ясауидің хикметтерін іздеп тауып, Ұлттық кітапханаға өткізуінің өзі бір сала әңгіме. Ал оның балалары Құлахмет, Қожахмет Қожықовтар – республикада кескіндеме өнерінің негізін қалады, Сұлтанах­мет Қожықов ұлттық кино өнерін жаңа биікке көтерді. Демек, Қожықовтар әуле­тінсіз қазақ тарихы мен мәдениеті солғын тартқан болар еді.
Сол сияқты Дәукең сыр етіп шерткен ортағасырлық ғұлама, ойшыл Мәулана Шәмшідіннен тікелей өрбіген әулеттің шежіре-тарихындағы қазақтың рухани өміріне ұстын болған ғұлама ғалымдар мен шайырлар, діни ұстаздар мен әулие-әмбиелердің өнегесі мен мұрасы дәстүрлі қоғам мәдениеті мен тарихының мазмұнын байыта түсетін болады. Осы әулеттен өрбіген Әлімжан Мұхамеджанов, Ғафур Мұхамед­жанов, Сейілбек Шаухаманов, Ахмет Әділов сияқты республикалық, облыстық дәре­жедегі басшы қызметтер атқарған саяси, әкімшілік элита өкілдерінің қазақ қоға­мының саяси-әлеуметтік және экономи­калық өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі, оның тарихына қалдырған өз қолтаңбасы бар.
Қожа Ахмет Ясауи негізін салған сопы­лық поэзиясы қазақ дәстүрлі мәдение­тінің тұтастай бір саласын қамтып қана қоймайды, ол керек десеңіз дәстүрлі қоғамдағы дүние ой-сананың да қайнар көзі болды. Ясауиден бастау алған бұл сопылық поэзия бүгінгі күнгі маңғыстаулық ақын Светқали Нұр­жанның шығармашылығында классикалық мазмұн мен түрлік сипат алды. Тоғыз ғасыр бұрынғы үлгі-өнегенің дәстүр сабақтас­тығынсыз бүгінге жетуі неғайбыл тірлік. Деген де, Құл Қожа Ахмет Ясауиден кейінгі сопылық поэзия өкілдерінің ішінде жазба ақындардың қатары әдебиет тарихында сау­сақпен санарлықтай ғана екендігі жасы­рын емес. Қазір Ясауиден бастау алған сопылық поэзияның екі бағыты айқын болып тұр. Оның бірі – Асан Қайғы, Шал­гиізден бастап Мұрат Мөңкеұлы сияқты жыраулар болса, екінші бағыт – діни ортадан шыққан Сүлей­мен Бақырғани, Ахмет Игүнеки сияқты жазба ақындар. Міне, бүгін Дәумен Шома­новтың ізденістері арқылы әдебиет тарихына сопылық поэзияның тағы бір ірі өкілі келіп қосылды. Ол – Ясауи баба­ның інжу-мар­жандай өлең өлшемдерін, ой орамдарын, оның әспеттеген түркілік-ис­ламдық құнды­лық­тарын жалғастырып, та­рихи танымды жаңа көркемдік биікке кө­тере білген шығар­машыл элитаның бірі – осы Мәулана Шәм­шідін деп білеміз. Оның шы­ғармашылығына алғаш назар аударған Сәрсенбі Дәуітов 1993 жылы «Қазақ әде­биеті» газетінде жариялаған «Көне мұра қамқорлыққа зәру» мақаласында 1834 жылы хатқа түсірілген Ясауидің қолжаз­басында өзге авторлармен қатар «Хикмет Шәмси Өзгендидің» де шығармалары бар екендігіне назар аударған. Әйтсе де, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институты бөлімінің қаржы тапшылығына байланысты жабы­лып қалуына орай осы қолжазбамен жұмыс тоқ­тап қалғандығын тілге тиек етеді.
Дәумен Шоманов Мәуләна Шәмшідін­нің 40 хикметін жинап, кітапқа енгізген. Ол хикметтердің арасында көпшілігі Ясауидің жоғарыда аталған жинағына енбеген. Хик­меттердің тілі мен құрылымы соңғы шу­мақ­тарда міндетті түрде автордың есімінің қо­сы­­лып отыруына қарап, хикмет авторы­ның кім екендігі аңғарылып отырады. Шәмшідін де осы тәсілге жүгінеді. Мысалы,
– Ай, таубасиз ғашықлар,
майханада куб иатур,
Дардиң тегди, Шамсуддин,
майханаға кириб кур» немесе
«Кел имди, Шамси ғаси, қой бу сузни,
Дидар учун хақ иолына кирмайн му?»,
«Қожамсымай ей, Шәмшідін өзің білгіл,
Өзің білміш ілімің бірлә аман қылғыл, – деген тіркестерді ақынның авторлық қолтаңбасы деп білеміз.
Оның соңына қалдырған аз ғана мұрасы­ның өзі сопылық поэзиядағы дәстүрлі са­бақ­тастықты сақтаған орасан зор рухани бай­лық. Мәселе – ақын хикметтерінің аз-көп­­тігін­де емес, оның көркемдігінде. «Те­ңіз­дің дәмі там­шыдан» деген бар, иншалла, осы аз мұраның өзі Мәуләна Шәмшідінді Ясауидің дәстүрін жалғаған ақын деп тануға жетіп жатыр. Осы мұраны ерінбей-жалықпай іздеп тауып, көптің игілігіне ұсынған Дәу­кең­нің табандылығы ата-баба мұрасына деген адалдықтан туған десек, екінші жағы­нан сол ата-бабалардың алдындағы парызы деуге болады. Демек, Дәу­кең осы еңбегі ар­қы­лы сондай адалдықпен ата-баба алдын­дағы парызын өтеумен бірге, бір әулетке ғана емес, тұтастай қазақ ұлтының рухани мәде­ниетін байытуға қызмет етіп кетті.

Хазретәлі ТҰРСЫН,
тарих ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Пікір жазу


*