Атанас Ванчев де Траси: Поэзиямен айналысатындар аштан өледі

270
0
Бөлісу:

Әлемнің әр түкпірінен келген қаламгерлердің жолы Алматыда тоғысты. Қазақстан ПЕН клубы ұйымдастырған тұңғыш халықаралық жазушылар форумы үш күн бойы қызу талқы қылды. Іс-шара жөнінде газетіміздің өткен сандарында жазған едік. Бұл жолы Қазақстанға табан тіреген әдебиет өкілдерімен сұхбаттарымызды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкерлеріміз – 2019 жылғы Нобель сыйлығының номинанты, белгілі ақын Атанас Ванчев де Траси мен қырғызстандық жазушы Олег Бондаренко.

– Қазақ еліне қош келдіңіз! Бұ­рын-соңды мұнда келген бе едіңіз?
– Бұл менің Қазақстанға ал­ғаш келуім емес. Бірнеше рет іссапармен келіп, жолым түскен. Бұл елдің көріністерінен бұрын, хал­қы қатты ұнайды. Келбетте­рінің тартымды екенін, қонақжай қасиетін өзгелерге айтып жүремін.
– Демек, отандық авторлармен жақсы таныс болғаныңыз ба?
– Әлбетте жақын араласамын. Бірқатар шығармасын француз тіліне аударғаным бар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызын» ерекше атап өткім келеді. Тәржі­мам Францияда көптеген оқыр­манның көңілінен шықты. Роман бірінші кезекте өзіме қатты ұнады. Сондықтан оны аударуым керек деп шештім. Керемет жа­зылған. 600 беттен тұрады, бірақ сондай бекзат шығарма. Сонымен бірге, талантты ақын Раушан Бүркітбаева-Нүкенованың 5 кіта­бын француз тіліне тәржімала­дым. Бигелді Ғабдуллиннің «Ұлы кө­шін» де оқырманға ұсындым. Өзі ақын, өзі композитор Төлеген Мұхамеджановтың туындыларын да французша жеткізгенмін. Сондай-ақ орыс тілінде жазатын қазақ­стандық авторлардың шы­ғарма­ларымен жақсы таныспын. Бү­гінде олардың өлеңдерінің анто­­логиясын аударып жатыр­мын. Өзім орысша білетіндіктен, бұл аса қиын жұмыс емес деп айта аламын. Бұдан бөлек бірқатар ақынды француздарға қауыш­тырғанмын. Бәрін бірдей есіме түсіре алмай отырмын.
– Қазақстандық ақын-жазу­шы­­лардың жеткізу тәсіліне қа­тысты не айта аласыз? Француз әдебиетімен салыстырып көрсек.
– Білесіз бе, айырмашылық өте көп. Қазақстандық авторлар мүлдем басқаша жеткізеді. Олар­дың шығармаларында көбіне халықтың тұрмысы, өмірі сипат­талады. Әр жолында осындай дүние жатады. Француздарда қалай? Бізде «Мен сені сүйдім, сен мені сүйдің» деген көп. Жалпы алғанда, француз жұрт­шы­лығы – индивидуалист. Өзі жайлы ғана жазғанды жақсы көре­ді. Қазақстандықтар да жеке басын ұмытпайды. Бірақ соның өзі елге, жерге деген іңкәр сезім­мен байланысып жатады. Маған тіпті мұнда тек патриоттар ғана тұратындай болып көрінеді.
– Заманауи ақын-жазушы­лар­дың бейнесіне де тоқталсақ. Қан­дай сипатқа ие болуы тиіс?
– Бұл – таза риторикалық сауал. Оған нақты жауап беру мүм­кін емес. Мысалы, адам жа­рық дүниеге келді. Құдай оған сон­дай бір қасиет беріп, туғаны­нан талантпен бірге жаратады. Есейе келе, сол берілгенді дамыту не іште өлтіру – әркімнің жеке ше­шімі. Яғни, «заманға байла­нысты стиль мынадай болуы ке­рек» деп түбегейлі айта алмаймыз.
– Дегенмен, жаһандану зама­нында барлығына тән бір қасиеттер болуы керек секілді. Бұған не дей­сіз?
– Осы «жаһандану» деген сөздің өзін жек көремін. Халық ретінде жойылуға әкеліп соғатын құбылыс деп білемін. Әр ұлт өзінің бірегей қасиетін, салт-дәстүрін барынша сақтауға ты­рысуы керек. Тілінің шұрайы кетпеуі тиіс.
– Сөзіңізге қарасам, электрон­ды форматтағы кітаптарды да ұнатпайтын секілдісіз. Солай ма?
– Дөп түстіңіз. Смартфонды күнделікті қолданатыным рас. Одан бөлек заманауи техникалар­дың да көп көмегі тиеді. Бірақ дәл осы кітапты электронды түрде оқы­­ған­ды ұнатпаймын. Бірінші­ден, қолайсыз. Екіншіден, кітап – сенің досың. Оның әр бе­тін па­рақтап, қолмен сезу керек. Қағаз кітапты құшағыңызға қы­сып, сырласа аласыз. Ол да бір тірі ағза секілді. Жасым 80-ге келді. Бәл­кім, содан да болар гаджет арқылы оқуға жоқпын. Қазіргі жастардың оң жамбасына келетін сияқты. Бір жағы әдебиет­тің ізі қалуы керек деп есептеймін. Электрон­ды форматты жүктеп алғанмен, өшіп қалуы ықтимал. Кітап болса, қалады. Кейде мұны әдебиеттің ізім-ғайым жоғалуына әкеп соға­тын қауіп емес пе екен деп ой­лаймын.
– Тек қана әдебиетке көңіл бөлу арқылы байып кетуге бола ма?
– Поэзиямен айналыса­тын­дар аштан өледі. Шіріген бай болу еш ақынның қолынан келмейді. Өзім оқытушымын, сабақ беремін. Сол құтқарып отыр. Оған қоса аудар­малар жа­саймын. Осы күнге дейін 71 өлең кітабым жарық көрді. Тапқан бір тиыным жоқ.
– Қалайша әдебиетті кәсіп көзі ретінде көрмейсіз?
– Жаңағы айтқаным – ақын­дар туралы. Роман арқылы көп ақша табуға болады. Ол, әлбетте бизнес көзі болып отыр. Десек те, өнердің ішінде биігі – поэзия. Рухани тұрғыда ақындардан ешкім биік тұра алмайды.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*