ҰЖЫМДЫҚ КҮШТЕР БІР АДАМДАЙ ҚИМЫЛДАДЫ

384
0
Бөлісу:

Алматы облысында Іле өзені бойындағы Тамғалы тас шатқалында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы құзырлы орган бөлімшелерінің қатысуымен халықаралық «Жартас – 2018» ІІІ бірлескен арнайы-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оқу-жаттығуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің – Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасының төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы құзырлы органдарының құтқару бөлімшелері қатысты. ҰҚШҰ шеңберіндегі халықаралық оқу-жаттығуға 633 өрт сөндіруші мен құтқарушы, 151 бірлік арнайы техника, 5 тікұшақ қатысты.

Қазақстандық құтқарушы­лардың «Жартасты қала – Астана» базалық полигонында ІІІ бірлес­кен арнайы-тактикалық оқу-жат­тығудың соңғы кезеңін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хат­шысының орынбасары доға­рыстағы генерал-полковник Вале­рий Семериков, Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары полковник Юрий Ильин, жоға­рыда аталған жарысқа қатысушы мемлекеттердің төтенше жағдай­лар жөніндегі министрлері мен министрдің орынбасарлары арна­йы келіп көріп, соңынан жеңім­паз­дарға медаль, дипломдар тап­сырды. Бірнеше қазақстандық құтқарушылар мен ұйымдасты­рушылар Армения, Тәжікстан президенттерінің жарлығымен бекітілген медальдарға, ҰҚШҰ тарапынан марапаттарға ие болды. Сапқа тұрған құтқарушылар командаларының алдында сөз сөйлеген Валерий Семериков алдымен, ҰҚШҰ жедел мән беру ұжымдық күштерінің алғаш рет өткізіліп отырған бірлескен жаттығуларын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қазақ­стандық құтқарушыларға алғысын білдірді.
– Кейінгі кездерде біздің мемлекет басшыларымыздың, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлердің үйлестіру кеңе­сінің, Қауіпсіздік кеңесі комите­тінің екі бағытқа басты маңыз беруі бекер емес. Бұл – біздің ұжым­дық күштеріміздің әртүрлі төтенше жағдайларға жедел мән берудегі мүмкіндіктері мен әлеуеті және екіншісі, біздің күштеріміз қатысатын әртүрлі бағыттағы бітімгершілік операцияларын атқару. Біздің арнайы бөлімше­лер­мен – құқық қорғау органдарымен, есірткінің заңсыз айналымымен, күрес бөлімдерімен, әскери бөлім­шелермен ҰҚШҰ шеңберінде жат­тығулар өткізіліп тұрады. Олар жаттығу бары­сында біршама кеңейтілген диа­пазонда арнайы тапсырмаларды орындайды. Мұның барлығы бірлескен жаттығуларды өткізген кезде біздің ұжымдық күштеріміз бір жұдырыққа жұмылып, бір сапта жүріп, бірыңғай басшылық жүйесін жасау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар. Алдымыздағы қараша айында ҰҚШҰ бірлескен жаттығулары Ресей Федерациясы және Қырғызстан Республикасы аумағында өткізіледі. ҰҚШҰ ұжым­дық күштеріне кіретін төтен­ше жағдайлар бөлімшелері бір адамдай қимылдап, өздерінің жоғары дайындықтары мен өзара бірлескен әрекеттерінің үйлесім­ділігін көрсететініне сенімдімін. Сон­дықтан жаттығуға қатысушы бар­лық құтқарушылардың алда­ры­на қойылған міндеттерін та­быс­ты орындауына тілектеспін, – деді өз сөзінде генерал-полков­ник Валерий Семериков.
Оқу-жаттығудың белсенді кезеңі басталмас бұрын ҰҚШҰ басшысы бастаған халықаралық делегация авариялық-құтқару техникалары мен жабдықтарының көрмесін аралап, Қазақстанда жасалған құтқару жұмыстарына арналған жаңа техникаларды көрді. Көрмеге Қарағандыда жа­сал­ған құтқарушылар катерінен бастап су астындағы апаттық-құт­қару жұмыстарына пайдаланатын сүңгуір костюмдеріне дейін, өрт кезінде қолданылатын бейнеқұ­рал­дар, жалындаған отқа шыдам­ды костюмдер, күйген жерге жаға­тын майлар, портативті байланыс құралдары, тауда төрт тағандап жүретін тетроциклеттер, басқа да түрлі техникалар шығарылған.
Халықаралық «Жартас – 2018» оқу-жаттығуының бірінші күні алдағы уақытта өткізілетін жатты­ғудың екі кезеңі аясында, коман­далық-штабтық ойын форматында табиғи апаттардың туындау қатері мен жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл­дарды пысықтау, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің күш, құрал­дары мен құтқару бөлімшелерінің топтарын нақтылау бойынша жедел штабтың жұмысы ұйымдас­тырылды. Практикалық іс-қимыл­дарды пысықтау үшін он бір жат­тығу орны белгіленді, онда әртүрлі төтенше жағдайларға ими­тация жасалды. Әрбір орынның өз мақсаты, кезеңдері және өткізу шарттары белгіленді.
– Оқу-жаттығудың алдын ала жасалған сценарий-жоспары бойынша елдімекен аумағында күштілігі 7-9 балл болған жойқын жер сілкінісі салдарынан өнер­кәсіптік ғимараттар мен құры­лыстар қирады, көпір бұзылды, қауіпті және радиоактивті заттар төгілді, екінші факторларға байла­нысты әртүрлі өрттер орын алды, зардап шеккендер бар. Құтқару­шылар: әуе кемелерін қолдану арқылы жер сілкінісі аймағына барлау, кинологиялық есептері бар арнайы белгіленген топтарды десанттау жұмыстарын жүргізді, құрылыс конструкциялары аума­ғында және химиялық зақымдану шарттарында авариялық-құтқару жұмыстар көрсетіледі, төңіректі газсыздандыру және зардап шеккен адамдарды арнайы тазалау (дезинфекция) жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, өрттерді сөндіру және теміржол көлігінде авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізу, зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккен халық үшін дала лагерін, химиялық дала зертха­насын орнату және оның жұмысын ұйымдастыру бойынша бірлескен іс-қимылдар пысықталады, – деп түсіндірді жаттығу жоспарын Алматы облыстық Төтенше жағ­дайлар жөніндегі департаменттің қызметкері аға лейтенант Азамат Жұртбай.
Кез келген операция барлау жұмыстарынан басталады. Құт­қару қызметіне келіп түскен суыт хабарды нақтылау мақса­тында жедел штаб басшысының шешімі бойынша «Қазавиақұт­қару» қыз­метінің Еврокоптер 145 тікұшағы әуеге көтеріліп төтенше жағдай болған ауданға қарай ұшты. Айта кету керек шығар, бүгінгі күні Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетте осындай типтегі 18 тікұшақ пайдаланылады. ЕС-145 тікұшағы төтенше жағдай болған аумаққа әуеден барлау жасап, алынған мәліметтерді төтенше жағ­дайдың ошақтарын жою үшін құтқару қызметінің штабына ха­барлады. Барлау мәліметтері бо­йынша елдімекеннің аумағын­да жойқын жер сілкінісі салдарынан өнеркәсіптік ғимараттар мен құрылыстар, көпірлер және басқа маңызды объектілердің қираған, қауіпті химиялық және радиоак­тивті заттардың сыртқа ағуына байланысты қауіпті факторлардың пайда болғаны анықталды. Келесі кезекте құтқарушылар жер сілкі­нісі болған аумаққа құрамын­да кинологиялық есептоп кіретін арнайы мақсаттағы құтқару тобынан құралған десант түсіріп төтенше жағдайдың қаншалықты зардап әкелгені нақтыланды.
Келесі жаттығу жұмыстары құт­қарушылардың тікелей қаты­суымен өтті. Апат болған жерлер­дегі қираған құрылыс ғимарат­тарында, бірінші кезекте хи­мия­лық уланудан тазарту және дега­зациялау жағдайында зардап шеккендерді құтқару жұмыстары жүгізілді. Одан кейін, теміржол көлігінде болған өртті сөндіру, жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек, баспанасыз қалған, зардап шеккен тұрғын­дар­ға далалық лагерь тұрғызу, хи­мия­лық лаборатория алаңын жасау жұ­мыстары басталды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бары­сында өрт сөндіру және құт­қару бөлімшелері, құтқару авиа­циясы, тікұшақ түріндегі пилотсыз ұшу аппараттары, робототехни­калық құрылғылар жұмылды­рылды. Оқу-жаттығуға барлығы 633 өрт сөндірушілер мен құтқару­шылар, 151 бірлік арнайы техника, 5 тікұшақ қатысты. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құтқарушы­лары оқу-жаттығу барысында жойқын жер сілкінісі салдарын жою кезіндегі практикалық дағ­дыларды жетілдіріп қана қоймай, құтқару операцияларын жүргізу тәжірибесімен де алмасты.
– Жер сілкінісі бойынша сценарий жасаудың өз сыры бар. Бұл кез келген уақытта болатын табиғи катастрофа және жауын­герлік жағдайларда жиі болатын төтенше жағдайларға келеді. Мысалы, лаңкестердің, заңсыз қаруланған топтардың террак­тілері кезінде, мина жарылғанда қираған ғимараттарда құтқару­шылар зілзаладан кейінгі зардап­тарды жою кезіндегі жұмыстармен айналысады. Алдымен, өртті өшіреді, одан кейін зардап шек­кендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Төтенше жағдай­лар кезінде зардап шеккендерге сол сәтте қолма-қол медициналық көмек көрсету өте маңызды. Жа­рақат алғандарға дер кезінде меди­циналық көмек көрсетілетін болса зардап шеккендердің 90 пайызын аман алып қалуға болады. Құтқа­рушылар үйінді астынан шығарып, көптеген адамдардың өмірін құт­қарады. Мұның барлығы қазіргі кезде өмірде болып жатқан жағ­дайлар. Кез келген мемлекетте, кез келген уақытта болатын қауіп-қатер. Біз тек құтқару бөлімшелері бірлесіп орындап жатқан жатты­ғуларды күрделендіріп, кешенді түрде өткізіп жатырмыз. Бұл – төтенше жағдайлар бойынша ҰҚШҰ шеңберінде өтіп жатқан бірінші жаттығулар. Алғашқы тұяқ серпілістері жаман емес. Бұл про­цестерді жоспарлау және басқару өте маңызды. Көп нәрсе осыған байланысты. Жаттығу өте жақсы ұйымдастырылған, барлығы дина­микалық түрде өтуде. Бірнеше бөлімшелер бір мезгілде бірнеше объектілерде құтқару жұмыстарын жүргізді. Мұндай операцияларды ұйымдастыру үшін басшылық тарапынан үлкен талант керек, – деп қазақстандық құтқару қыз­ме­тінің басшыларына ризашылығын білдірді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының орынбасары доғарыстағы генерал-полковник Валерий Семериков.
ҰҚШҰ ұжымдық күштер құра­мындағы құтқарушылар тобын­дағы Ресей және Тәжікстан елде­рінің кинологиялық топтары тө­тенше жағдай болған аумаққа бірінші болып жетті. ТМД елдерін­дегі құтқару қызметтерінде бұрын 5-6 ғана итпен іздеу тобы халық­аралық жарыстарға қатысатын, қазіргі кезде олардың саны елуге жеткен. Жер сілкінісі кезінде, газ жарылыстары, әуе кемелері апат болғанда үйінді астында, қар, лай көшкіндері астында қалған адамдарды іздеуге иісшіл иттердің көмегі өте тиімді. Жарыста жақсы жұмыс істеуге үйретілген иісшіл иттерге арнайы сертификат тап­сырылады. Соңғы жылдарда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақ­та­рында иісшіл иттердің көмегі­мен қар көшкіні астында қалған он­даған адам құтқарылды. Кино­ло­гиялық топтар 10 мың м² аумақта бір сағатың ішінде зардап шеккен он адамды қардың астынан іздеп табуға мүмкіндігі бар екен. Бұдан кейін, Ресей ТЖМ «Лидер» орта­лы­ғының және Алматы Құтқару қызметінің құтқарушылары іздеу-құтқару және жоғарғы қабаттардан эвакуациялық жұмыстарды жүргізу үшін МИ-8 тікұшағынан қираған ғимараттардың төбесіне түсті. Бұл кезде Қарағанды жедел-құтқару отряды автокөлік апаты кезінде зардап шеккендерді құт­қару жұмыстарын жүргізіп жатты. Қираған аумақта белгісіз біреу автокөлікке жарылғыш зат тастап кеткен екен. Оны залал­сыздан­дыруға Ресей ТЖМ «Лидер» орталығының құтқарушылары аттанды. Ауыр кластағы қорғану костюмін киген саперлер жарыл­ғыш затты анықтап, залалсыздан­дырды. Содан кейін Алматы, Ақтө­бе, Жамбыл, Қарағанды облыс­тарының ТЖД жедел-құтқару отрядтары зілзаладан қи­раған аумақта құтқару жұмыстарын атқаруға кірісті.
Әуе кемелерінің жерге апатты жағдайда қонуы немесе теміржол құрамының апатқа ұшырауы, өрт шығуы кез келген уақытта болатын оқыс жағдай. Бірлескен ұжымдық құтқару жасақтары бұған да дайын екендіктерін көрсетті. Сондай-ақ таулы жерлердегі төтенше жағд­ай­лар кезінде, суда құтқару жұмыс­тары қалай атқары­латындығын ұжымдық күштер бірлесіп көр­сетті. Былтыр республика бойын­ша үш мыңнан астам суда құтқару жұмыстары жүргізіліпті. Жаттығу кезіндегі тәжірибелерді іс жүзінде қолданудың арқасында суға батқан 1500 адам аман қалды. Апат­тық медицина дала жағда­йында тәулігіне 150-160 ауыр жа­ра­қат алғандарға көмек көрсете алады. Қазақстан, Армения және Қырғызстан құтқарушылары көпқабатты тұрғын үйлерде өрт болған кезде жоғарғы қабаттардағы тұрғындарды қалай құтқаратын­дықтарын іс жүзінде көрсетті. ҰҚШҰ-ға мүше алты мемлекеттің құтқару бөлімшелерінен құралған ұжымдық күштердің маневрлері, төтенше жағдайларды жою кезін­дегі бірлескен өзара іс-қимылдары ойдағыдай өтті, бірлескен күштер өздеріне жүктелген кез келген міндеттерді атқаруға қабілетті екендігін көрсетті.
– Сіздердің көріп отырған­да­рыңыз тек соңғы кезеңнің бел­сенді фазасы, ал бұған дейін қан­шама жұмыстар атқарылды. Жат­тығулардың барлығы жоспар­лаудан басталады. Жаттығу – құжаттарды жасау, бөлімшелердің жаттығу орнына келуіне дейінгі марш, қозғалыс маршруты, күзет, қатысушыларды орналастыру, тамақтандыру жұмыстарының барлығы жаттығудың құрамдас элементтері, – деп түсіндірді ішкі істер министрінің орынбасары полковник Юрий Ильин. – Бізде ТМД бойынша бірлескен жат­тығулар жиі өтеді, алайда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің күш, құралдары барлық топта­рымен, осындай масштабта біздің поли­гонда өтуі бірінші рет. Осы­дан кейін осы полигонда жыл сайын өткізілетін халықаралық «Қазқұт­қару» құтқарушылар жарысы басталады. Өзбекстан командасы осыған қатысуға келе жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өзара өткізетін бұл шарасына басқа өңірдегі елдер де қатысқысы келетінін білдіруде. Мысалы, биыл Моңғолия елі құтқарушылар командаларын жібермекші. Біз өзіміздің тәжірибемізбен, мүм­кіндіктерімізбен бөлісуге қашан да дайынбыз, бізде өтетін халықаралық жарыстарға қатыса­мын дегендерді қуанышпен қарсы аламыз.
Халықаралық «Қазқұтқару» құтқарушылар жарысының басты мақсаты – құтқару бөлімдерінің кәсіби дайындығын жетілдіру, адам өмірі мен денсаулығын қор­ғау жүйесінің сенімді іргетасын қа­лыптастыру, бірлескен опера­циялар кезінде басқа елдердің құтқару бөлімдерімен өзара үйле­сімді әрекет жасауға дағдылану. Табиғи және техногендік апаттар кезінде бір адамдай қимылдау құтқарушылар үшін өте маңызды. Жиын-семи­нар барысында Орта Азия мемлекет­тері мен Ресейден келген ко­мандалар апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу бағытындағы өздерінің жинаған тәжірибелерін, машықтарымен бөлісіп қана қоймай, өздерімен бірге алып келген құтқару құрал­дарының заманауи түрлерін көрсетіп, қазақстандық құтқару­шылардың құрал-жабдықтарымен танысады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті Халықаралық құтқару­шы­лар жарысын биыл осы Іле өзенінің бойындағы полигонда 1999 жылдан бастап үзбей өткізіп келеді. Құтқарушылар үшін бұл жарыс­тардың пайдасы өте көп. Мұнда жинаған тәжірибелерін құтқару­шылар іс жүзінде қол­данады, қиын сәттерде қиналмай жол таба алатын болады. Құтқару­шы үшін ең басты алғыс оның кеу­десіне таққан медаль немесе орден емес, оның қолымен құтқа­рылған адам­ның алдына келіп шын көңілімен айтқан алғысы.
ІІМ қарайтын Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің табиғи және техногендік сипатта­ғы апаттардың алдын алу және зардаптарын жою бағытындағы атқаратын жұмыстары жан-жақты. Құтқару жұмыстарының бәрі жаттығу кезіндегідей бір шаблонмен жасалмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жұмыстары барысында құтқару­шылардың өздері әртүрлі психо­логиялық жағдайларға тап болып жатады. Сондықтан олар қашанда күтпеген жағдайларға дайын болуы керек. Мысалы, биыл Шы­ғыс Қазақстан облысында қар мөлшерден артық жауып, боранды күндері далада қалған көліктер өте көп болды. Жүздеген жолаушы қатты аязда жол бойында қалды. Оларға көмекке келген құтқару­шы­­лардың көліктеріндегі жылы орындарға мас жігіттер жайғасып алып, балалар мен әйелдер сыртта қалған оқиғалар болды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікке қарасты «Қазсел­ден­қорғау» мемлекеттік мекеме­сінің негізгі атқаратын қызметі – халықты табиғи апаттардан қорғау. Қар, лай көшкіні, сел жүру жол­дарына тосқауыл қойып, тау ба­сындағы іркілген суларды, мұ­зарттардағы көлдерді, сел бас­­сейндерін, тас құлайтын қауіпті жерлерді қадағалау. Бұл мекемеде 3600 метр биіктіктен жоғары орналасқан қауіпті учаскелерді бақылайтын 40 шақты дис­пет­черлік нүктелері бар. Жаттығу полигонында жан- жақты өтіп жатқан жарыстарға министрліктің негізгі құрамының бірі – Өрттен қорғау қызметі өз командаларын шығарған. Өрт – тілсіз жау, ол үйде де, түзде де, жер астындағы өндірістік объектілерде де үлкен қауіп төндіретін табиғи апат­тардың түріне жатады. Сондықтан оның алдын алып, күресу үшін мамандандырылған арнайы қызмет жұмыс істейді.
Республикада жылына 7 мың­нан астам жол-көлік оқиғалары тіркеледі. Құтқарушылардың айтуынша, күн сайын орта есеппен жол бойында ондаған адам апаттан көз жұмады екен. Жарысқа қаты­сушылар соғылған көліктердегі, өртенген троллейбустағы жолау­шы­ларды, апатқа ұшыраған тікұшақтағы адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізу тәсілдерін меңгеруге жақсы жаттығу кезінде машықтанады. «Теміржол апаты» жарыс этапында құтқару коман­далары жүк пойызымен соғысқан жолаушы пойызындағы адам­дарды құтқарады. Берілген тап­сырма бойынша құтқарушылар жолаушыларды құлаған цицтер­налардағы химиялық улы заттар­дан арашалап қалуға тиіс. Жатты­ғу осындай аяқ астынан болатын қиындықтарымен, түрлі тосқауыл­дарымен күрделі. «Лабиринт» этапында апаттан құтқару тобы құлаған шахтадағы жұмысшы­ларды үйінді астынан тауып, алып шығулары тиіс. Полигондағы ар­найы жасалған шахталар құт­қарушылар үшін үйренуге өте қолайлы. Тәжірибесі жоқ құтқару­шыға үйінді астынан адам іздеу оңай жұмыс емес, егер қателік жіберсе оның өзі зардап шегушіге айналады. «Қазқұтқару» халықара­лық жарысына жиналған коман­далар осындай құтқару операция­лары бойынша бір апта бойы ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің «Жартасты қала – Астана» базалық полигонында өза­ра жарысып, тәжірибе жинақ­тайды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*