«Әсем әуен» Түркияның төрт қаласын аралады

195
0
Бөлісу:
  • Халықаралық «Анадолу» фестивалі Анкара қаласы Етимесгут ауданы мэриясының ұйымдастыруымен жыл сайын жүзеге асатын дәстүрлі шара. Түркітілдес елдердің шығармашылық ұжымдары бас қосып, ұлттық өнерлерін ортаға салатын жобаға қатысу мүмкіндігіне биыл Жамбыл облысы Шу ауданының «әсем әуен» фольклорлық ансамблі ие болды. 

Қазақстанның Түркиядағы ел­шілігі өнерпаздарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай арнайы шақырып, Жамбыл облысы мен Шу аудандық әкімдігі үлкен қолдау танытқанын айта кетейік.
Етимесгут муниципалитетінің мэ­рі Әнуар Демирельдің мәлі­ме­тін­ше, жыл сайын фестивальға 3 мың­нан астам әнші-орындаушылар мен би топтары қатысып, 1 миллионнан астам көрермен жиналады. Мұнда­ғы мақсат – туыстас елдер арасында рухани тұрғыда тығыз қарым-қаты­нас орнатып, достық, бауырластық байланыстарды арттыру және түркі әлемінің мәдени мұраларын бір сах­нада тоғыстырып, бір-бірімен та­ныс­тыру. Қазіргі жастарға наси­хаттап, келешек ұрпаққа аманаттау.


Қазақстандық делегацияны қа­былдаған муниципалитет мэрі ал­ғысөзін:
– Қазақстанды көзіммен кө­ріп, ірі қалаларын аралап қайттым. Астана, Қарағанды, Алматы қала­ла­рында болдым. Алдағы уақытта басқа шаһарларға да жолым түседі деген ойдамын, – деп ерекше ілти­п­ат­пен бастады.
– Фестивальға Қырғызстан, Әзір­байжан, Түркіменстан, Өзбек­стан мемлекеттері мен Қырым та­тар­лары және Кипр, Ирак, Иран, сон­дай-ақ Ресей федерациясы құ­ра­мындағы түркітілдес елдер мен ха­­лықтардан қонақтар шақы­рыл­ған. Қадірменді меймандар ара­сы­нан сіздерді көргенімізге өте қуа­ныш­­ты­мыз, – деп қонақжайлық та­нытты.
– Біз – түбі бір түркі халықымыз, тарихымыз ортақ, рухани бас­тауы­мыз бір. Бұл жай ғана фестиваль емес, түркі әлемінің өнері мен мә­дениетіне арналған торқалы той. Түркілік рухымызды, ұлттық құн­дылықтарымызды жаңғырту үшін бас қосып отырмыз, – деп атап өтті. Сонымен қатар «тарихы терең Қа­зақстаннан келіп, қуаны­шы­мызға ортақтасып отырғандарыңыз үшін Қазақстанның Түркиядағы ел­шілігіне, елші Абзал Сапарбе­кұлы­на және сіздерді алыс жолға сенім артып шығарып салған Жамбыл облысына зор ризашылығымды біл­діремін, – деді.
Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қар­масының бас маманы Еркежан Сем­баева, облыстық Халық шы­ғар­машылығы орталығының көр­кем­дік жетекшісі Эльмира Дүт­баева, Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әуес­хан Келгенбаев та өз кезегінде ұйым­дас­т­ырушыларға алғыс білді­ріп, ау­дандық ансамбль үшін ха­лық­аралық сахнаның берер тәжі­рибесі мен шетелдік гастрольдік сапарлар­дың тигізер пайдасына тоқталды. Ресми қабылдауға келмес бұрын Ан­караның көрікті орын­дары мен та­рихи мекемелерін аралап, Ата­түрік мавзолейі және музейімен та­нысып шыққандарын тілге тиек етті.
Қазақстанның Түркиядағы ел­шілігінің дипломаты, жазушы-ау­дармашы Мәлік Отарбаев Түркия тө­рінде күй анасы Дина Нұр­пейі­сова­ға саябақ ашып, қазақ мәде­ние­ті мен әдебиетін насихаттауға лайықты үлес қосып келе жатқан Етимесгут мэрі Әнуар Демирельге халықаралық Жамбыл қоры атынан Халықаралық Жамбыл сыйлығы мен төсбелгісін табыс етті.
Сондай-ақ жамбылдық деле­гация мэрдің орынбасары Аладдин Сонаттың қабылдауында болып, ынтымақтастық тұрғыда әңгіме өр­бітіп, ансамбль туралы кең көлемді мағлұмат берді.
Шығармашылық ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әуес­хан Келгенбаевтың айтуынша, «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі 1993 жылы құрылған екен. Биыл 25 жылдық белесті зор жетістіктермен және биік мақсаттармен бағын­ды­рып отыр.


– Төле би бабамыздың 330 жыл­дық мерейтойына орай, ауда­ны­мызда фольклорлық ансамбль­дер­дің республикалық байқауы өтетін болды. Тарихи тұлғаның кіндік қа­ны тамған жері Керегетаста жүзе­ге асатын шараға сол кездегі бас­шылар «өзіміздің ауданнан да өнер­паздар қатыстырайық» деген ше­шімге келді. Сөйтіп, Мәдениет үйі жанынан ансамбль жасақ­талып, алғаш рет Әбдімомын Жел­ді­баевтың «Бәйдібектің жайлауы», Мұрат Құсайыновтың «Туған жер» әндерін орындап шықтық. Үшінші орын иеленіп, ары қарай құра­мы­мызды көбейтіп, репертуарымызды халық әндері мен Әбдімомын Жел­дібаев, Серік Әденов, Серғазы Дәулетбаев сияқты жергілікті ком­позиторлардың шығармаларымен толықтырдық. Біртіндеп аспаптық құрамымыз да көбейе бастады, шер­тер, бас домбыра, виоленчель, қо­быз қосылды. Құрамымыз әр жыл­дары жаңарып отырды. Мар­ғұлан Әлсейітов, Сұлужан Әбе­нованы сол кездегі әкім Серік Үм­бетов облысқа шақырып алды. Ол кісілер қазір Таразда тұрады. Қазіргі топпен жұмыс істеп жатқанымызға да оншақты жыл болып қалды. Об­лыстық, республикалық деңгейдегі концерттен қалған емеспіз, репер­туарымызды үнемі жаңартып оты­рамыз. Аудан тарапынан қолдау жо­ғары, костюм тіктіру, аспап жаңа­лау, соңғы үлгідегі апара­тура­мен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Құдай бұйыртса, жыл аяғына дейін облыс көлеміндегі аудан­дарды аралап шығу жоспа­ры­мызда бар. Мерейтой қарсаңында Түркия сапары біздің ансамбль үшін үлкен тарту болды, – дейді Әуес­хан Келгенбаев.
«Әсем әуен» фольклорлық ан­самблі фестивальде өнер көрсетпес бұрын муниципалитет алаңында «Қазақстан үйі» көрмесі ашылып, шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель қатысты.
Фестивальдің ашылу салта­на­тында елші Абзал Сапарбекұлы сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырған Ети­месгут ауданы мэриясына алғыс білдірді.
– Күздің осы тамаша күндері жүре­гімізге үлкен қуаныш сыйлаған ХV «Анадолу» ха­лық­аралық фес­ти­валі Түркияның ғана емес, түркі әлемінің бірегей жобасына айнал­ды. Ауқымды шара мәдени қарым-қатынастарымызды дамытуға және бауырластық рухымызды нығайтуға айрықша үлес қосып келеді. Ұлттық өнерімізді бір сахнада тоғыстырып қана қоймай, біздің мәңгілік мұра­ларымыз бен рухани құнды­лық­та­рымызды жандандыруға, тарихы­мызбен жақын танысуға, ынтымақ-бірлігіміздің арта түсуіне үлкен мүм­кіндік, тың серпін беріп отыр. Сон­дықтан Етимесгут муниципа­ли­тетінің мэрі Әнуар Демирель мыр­заға осы ұмытылмас іс-шараны ұйымдастырғаны үшін және көне Тараз төрінен, қасиетті Талас же­рі­нен келген өнер иелеріне зор ри­за­шылығымды білдіргім келеді, – деді Абзал Сапарбекұлы.
Өз кезегінде Шу ауданы әкімі­нің орынбасары Клара Қожағап­па­нова Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов пен Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевтың ыстық сә­лемі мен жылы лебізін жеткізіп, мэр әнуар Демирель мен елші Абзал Са­парбекұлының иығына шапан жауып, Тараз қолөнер шеберлерінің жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бей­несін қолмен тоқыған кілем­ше­ні сыйға тартты.
«Әсем әуен» фольклорлық ан­самблі көрермен назарына Әб­ді­мо­мын Желдібаевтың «Ерке сыл­қым», Бота Бейсенованың «Ас­тана», Мэлс Өзбековтің «Толқиды Шуым», Ескендір Хасанғалиевтің «Ата­­мекен» және Майлықожаның «Өсиет» термесі мен «Жан еркем», «Құр­бым-ай», «Дей салдым-ай», «Ауы­­лың сенің іргелі» сынды халық әндерін тарту етті.

Жас қобызшы Бір­ғаным Мырзахан халық әні «Или­гайды» орындап,

түрік әні «Ду-дуды» Бауыржан Үйсінбаев на­қышына келтіре шырқады. Ан­самбль әншілері Мәдениет қай­рат­кері Жанат Досжанова, Айгүл Ди­қа­нова, Нұрболат Іңкәрбеков те жо­ғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақ елінің ұлттық өнерін лайықты таныстыра білді.
Қазақстан өнерпаздарын 50 мың көрермен тапжылмай отырып тамашалап, «Бенгү» түрік арнасы тікелей эфирден таратты.
Жамбыл облысы өнер­паз­дары­ның гастрольдік сапары ары қарай Нигде қаласында жалғасын тапты. 5 мың орындық амфитеатрда өткен кон­цертке жақын маңдағы Алтай қазақ ауылының тұрғындары ар­найы келді. Сондай-ақ Қазақ­стан­ның Түркиядағы елшісі Абзал Са­пар­бекұлы, Нигде қаласының мэрі Йылмаз Шимшек, Бор муниципа­ли­теті мэрі Сыткы Ерат, Қазақстан Республикасының Невшехир Құр­метті консулы Халил Улуер және басқа да лауазымды тұлғалар мен БАҚ өкіл­дері қатысты.


Бағдарлама барысында Астана қа­ласының 20 жылдық мерей­тойы­на орай А.Сапарбекұлы Бор про­вин­­ция­сының мэрі Сыткы Ерат мыр­заға елорда символы «Бәйте­рек» мону­менті өрнектелеген сағат­ты сый­ға тартса, Жамбыл облысы Шу ауданы әкімінің орынбасары Кла­ра Исакқызы шапан жауып, құр­мет көрсетті. Сонымен қатар Жам­­был об­лысы әкімдігінің мәде­ниет, ар­хив­тер және құжаттама бас­қа­рамасы атынан Нигде қаласы­ның мэрі Йыл­маз Шимшекке «Көне Тараз» кі­лемшесі табыс етілді.
– Алтай қазақ ауылы сіздер кел­ді дегенді естіп, тайлы-таяғымен жи­налды. Аталарымыз Алтайдан қо­ныс аударып, бұл жердегі ауыл­дың атын да «Алтай» деп қой­ғы­зып­ты. Шағын қала болғандықтан, бұл жаққа қазақ өнерпаздары көп келе бермейді. Бізді бауырларымызбен қауыш­тырып, атамекенімізбен та­быс­тырған елшілікке зор алғыс біл­діреміз. Қазақстан концертінен ке­ремет әсер алдық, – дейді Алтай ауы­лының тұрғыны Бәтие ханым.
– Концертке жиналған 50 мың ха­лық тілімізді түсінбесе де, өне­рі­мізді тапжылмай отырып тыңдады. Егер біздің халық әндерінің сөзін тү­сінгенде, алақанына салып кө­те­рер ме еді, кім білсін?! Нигде қаласы Бор муниципалитетіндегі концерт­те де ыстық ықылас көрсетті. Түрік бауырларымыздың өнерге деген қо­шеметі бөлек екен. Рухани байып, өнерге деген сүйіспеншілі­гі­міз артып, көңіліміз өсіп қайтып ба­ра жатырмыз, – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Әуесхан Кел­генбаев.
«Түрлі шараларға жергілікті бюд­жет қарастырылған кезде мін­детті түрде ансамбльдің алдағы жыл­дағы қосымша жоспарларын ес­кереміз. Соның арқасында Түр­кия еліне жолға шығып, өнер көр­сетуге мүмкіндік туып отыр. Бұл фестиваль біздің ансамбльге үлкен шы­ғармашылық серпін берері сөз­сіз. Анадолу фестивалінен алған әсе­ріміз біраз уақытқа дейін тар­қамайды. Ұжымның репертуары жаңарып, орындаушылық мәнері өзгеріп, шығармашылық ізденіс жа­сауға оң ықпалын тигізері анық. Қа­зірдің өзінде алдағы мақсат­та­рымызды ойша бағдарлап, үлкен ой түйіп бара жатырмыз. Гастрольдік сапардың қорытындысы әлі жемі­сін береді. Елге барғаннан кейін фестиваль бағдарламасын жергі­лік­ті тұрғындарға көрсетіп, осы жыл­дың аяғында немесе келесі жылдың ба­сында басқа аудандарға жіберіп ал­сақ деген жоспар бар.
Елшіліктің ұсынысымен Эти­месгут ауданымен де алдағы уа­қыт­та бауырластық туралы мәмілеге кел­мек ниеттеміз. Білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, қаржы саласы, сондай-ақ инвестиция тарту туралы ортақ шешімдерді жан-жақты қа­рас­­тырмақпыз. Басшыларымен ақыл­даса отырып, түрік ағайын­дарды да ауданымызға шақырып, тәжірибе алмасу мақсатында қа­рым-қатынасымызды кеңейтсек дейміз. Біздің де жоғары мәртебелі қонақтарға көрсетер тарихи орын­дарымыз бен қонақжайлық дәс­түріміз бар. Бірінші рет Анадолу то­пырғына сапар шектік, ары қарай байланыс үзбейміз деген үміттеміз» дейді Клара Исакқызы.
Гастрольдік сапар барысында «Әсем әуен» фольклорлық ұжымы Ка­падокия, Стамбұл қаласының да көрікті орындарын аралап, та­рихи орындарымен танысты.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,

Алматы – Анкара – Алматы

Бөлісу:

Пікір жазу


*