Жойқын қаруға жол жоқ

182
0
Бөлісу:

Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – бейбітшілік ақиқатын ұсынған құнды құжат әрі берекелі бастама. Аталған құжатта халықаралық терроризм мен милитаризм мәселесі қозғалып және олармен күресудің жолдары айтылған. Адамзатты шығынға ұшыратып қана қоймай, жер бетінен жойып жіберетін қауіпті қарудан бас тарту әлем елдері үшін бейбітшілікке бастар батыл қадам екендігі де баяндалған.

Еліміз бұл бағытқа баса күш-жі­гер жұмсауын жалғастыруда және ядролық таратпау ісіне, толықтай ал­ғанда біздің ғаламшарымыздағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Осы орайда Қазақстан мем­лекеті бірінші болып қару­сыз­дықты енгізді және Украина мен Бе­ларуссия өз жер аумағында ядро­лық қарудан бас тартқан алғашқы үш елдің қатарына кіргенін де айта кеткен жөн.
«XXI ғасыр: соғыссыз әлем» бағ­дарламасы бойынша жаһандық стратегия үш басты қағидатты маз­мұндауды талап етеді. Біріншіден, қару­дың жаңа түрлерін дайындауға тиым салу, екіншіден, ядролық қару­­дың барлық түрін сынақтан өт­кізуге тыйым салу, өйткені қару сы­нақтан өткізілмесе ол тиімсіз бо­лады, үшіншіден, қысқартудың мүм­кіндігінше ең жоғарғы жиын­тық жұмыстарын жүргізу, бір жағынан ядролық қарудың қоры, екінші жағынан аталған қаруларды халықаралық террористік ұйымдар немесе басқа тұлғалардың қолына жетпеу үшін қорғау формасын құру, өйткені жаппай жою қаруларын қолданудан тек қана әскери ны­сандармен қоса азаматтық нысан­дарда зардап шегуі мүмкін.
ХХІ ғасырда адам айтса сенгісіз ғы­лыми жаңалықтар ашылып, соң­ғы үлгідегі заманауи техно­ло­гиялар жасалып жатыр. Адамзат баласы өз дамуының жаңа сатысына өтуде. Бір сөзбен айтқанда, әлем Төртінші өнер­кәсіп төңкерісінің табалды­ры­ғында тұр. Алайда соғыс вирусы ха­лықаралық жағдайды ушық­тыруын жалғастыруда. Халықара­лық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бір­лі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қар­сы кең ауқымды террорлық аг­рес­сияға өтіп үлгерді. Мил­лион­да­ған босқындар, қалалардың қи­рауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі шындыққа айналуда.
Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ой­лылары адамдарға болашақтағы әлем­дік соғыста планетадағы тірі атау­лының бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын бо­ла­ды деп көріпкелділікпен ескерт­кен еді.
Айта кету керек, алғаш рет атом бомбасы АҚШ-тың Нью-Мексика шта­тындағы Лос-Аламос деген же­рінде сынақтан өткізілді. Іс жүзінде ядролық қару алғаш рет 1945 жылы 6 тамызда қолданылды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ ұшағы алғашқы атом бомбасын Жа­понияның 350 мың тұрғыны бар Хиросима қаласына тастады, соның салдарынан 140 мыңнан астам адам ажал құшты. Жойқын жарылыс Хиросиманың 90 пайызына әсер етті. Екінші ядролық қару үш күн­нен соң Нагасаки қаласына тас­тал­ған болатын. Жарылыстан 75 мың­ға жуық адам қаза тапты.
Кеңес Одағы 1949 жылы 29 та­мызда Семей топырағында 22 тон­налық ядролық бомбаны сынақтан өткізді. Мамандардың айтуынша, бұл жерде қырық жылда өткізілген сынақтардың ядролық заряды Хи­росимаға тасталған атом бомба­сы­нан 2,5 мың есе ауыр екен. Бір айта кетерлігі, қырық жылда бұл жерде 470 ядролық қару, оның ішінде – 118-і жер үстінде, 352-сі жер астын­да сынақтан өткізілген. Бұл әлем­де­гі барлық ядролық сынақтың үш­тен біріне тең. Семейдегі соңғы яд­ролық жарылыс 1989 жылы 19 қа­занда болды. 1991 жылы 29 та­мыз­да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен Семей полигоны жабылды. Сөй­тіп, Қазақстан өз еркімен ядро­лық қарудан бас тартқан алғашқы мем­лекетке айналды.
2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ор­талық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойы­лып, БҰҰ шеңберінде ірі ядро­лық державалар тарапынан осы аймақтағы мемлекеттерге күш қолданбау кепілдігі берілді. БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақ­тар­ға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялауы да еліміздің ядролық қарусыздану мен бұл қаруды таратпау мәселесіндегі маңызды рөлінің бағалануы деуге болады. Сонымен қатар 2015 жылы желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы Яд­ролық қарудан азат әлем құру тура­лы жалпыға ортақ декларация қабылдағанын ерекше атап өткен жөн.
2016 жылы 31 наурызда Ва­шинг­тонда өткен ядролық қауіп­сіздік жөніндегі төртінші саммитте Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жа­рия­лағаны көпшілікке белгілі. Бірік­кен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қа­зақстанның Тұрақты өкілдігі бұл құ­жатты таныстырған соң манифест БҰҰ Бас ассамблеясының және Қауіп­сіздік кеңесінің ресми құжаты мәр­тебесін алды. Елбасының ма­­қаласы Ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты саяси газетінде де жария­лан­ды.
Манифес кезінде Президент жап­пай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңа­лықтарды пайдалануға тыйым сала­тын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеудің маңы­зына тоқталды. Осылайша, жаһан­дық қауымдастық Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіндегі үн­деуіне құлақ қойып, ғалам елде­рінің бар күш-жігері білекпен емес, білім арқылы қоғамның сан-саласы – экономиканы, ғылымды, денсау­лық сақтауды, тағы басқаларын да­мытуға бағыттады. Бұл шешім елі­міздің бейбіт саясатты ұста­на­тынын төрткүл әлемге танытып қа­на қоймай, ядролық қаруы бар Фра­нция, Ұлыбритания, АҚШ жә­не Ресей секілді елдердің ядролық сынақтарға мораторий жариялауы­на әсер етті.
Саммит аясында Қазақстан Пре­зидентінің авторлығымен шық­қан «Әлем. XXI ғасыр» манифесі атауымен мүлдем жаңа құжат-пара­диг­ма жарияланып, ол бойынша БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға, сондай-ақ әлемдік ұйым жанындағы бар­лық мүше мемлекеттердің Тұрақ­ты өкілдеріне тиісті хат жібе­ріл­ді.
Кейіннен манифест БҰҰ Бас ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Мемлекет басшысының ха­лық­аралық қауымдастық алдын­да­ғы беделі мен Қазақстанның бей­біт­сүйгіштік ұстанымы баршаға үлгі бол­ды.
Елбасы манифесі соғыс атау­лы­дан адамзаттық қорғанысты күшей­туге үндеп, бейбітшілікке қатысты аса өзекті мәселелерді қамтуға ба­ғытталады. ХХІ ғасырдың қор­қы­нышын дөп баса жариялаған мұн­дай манифестің әлем елдері үшін маңызы жоғары екенін саясаткерлер де мойындады. Ал сарапшылар оны сақтау күллі адамзат пен қазіргі бір­тұтас әлем үшін аса маңызды еке­нін алға тартады. Атап айтар бол­сақ, «Еуразия әлемі» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев «Елбасы манифесі ең әуелі әлем әлеуетін әрқилы қиындықтарға қарамастан, бейбіт өмір сүруге, рухани, адам­гершілік асқақ сезімдерді құр­меттеуге шақырған аса маңызды бағ­дарламалық құжат» екендігін тіл­ге тиек етті.
«Қазақстан – алапат қарудан бас тартқан төрткүл дүниедегі тұң­ғыш ел ретінде басқалардың да өзі­нен үлгі-өнеге алуын қалайды. Сон­дықтан Қазақстанның осындай қайыр­лы қадамына ешкім күдікпен қара­майды. 25 жыл бұрын Қазақ­стан басшысының Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жа­былды. Содан кейін ғана әлемде­гі басқа ядролық державалар атом қаруын сынауға мораторий жария­лай бастады. Былтыр БҰҰ Бас ас­­самблеясы Қазақстанның баста­ма­сымен Ядролық қарудан азат әлем құру жөнінде декларация қабыл­да­ды. Сондай-ақ 2015 жылы Қа­зақ­стан­да Төмен байытылған ядролық атом банкі құрылды. Бұның бәрі еліміздің ядролық қарусызданудағы көшбасшы саясатын, атом қуатын тек қана бейбіт мақсаттарға пай­да­лануға мүдделі екендігін көрсетеді» дейді Э.Полетаев.
Монтерей халықаралық зерт­теулер институтының ғалымы Майлз Помпер Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасы терең мағынасымен, мәні зор дүниелерді қамтығанымен ерекшеленетінін алға тартады.
«Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында өзін белсенді ел ретінде мойындатып келе жатыр. Ядролық қарусыздануға қарсы мем­лекет ретінде Қазақстанның әлем­ге айтары да, бөлісер тәжіри­бесі де бар. Тұтастай алғанда жап­пай қырып жою қаруларынан бас тартқан Қазақстанның бұл әрекеті барлық мемлекеттерге үлгі бола ала­ды» дейді М.Помпер.
«Қазіргі заманғы даму инсти­туты» Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Вашингтонда өткен Ядролық қауіп­сіздік саммитіндегі «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне қатысты сарапшылар арасында сауалнама жүргізген болатын. Бұл сауалнамаға жүзге тарта сарапшы қатысқан. Қатысушылардың 95,5 пайызы Елбасы Н.Назарбаевтың «жаһан­дық ауқымдағы жойқын соғыс – әлемге төнген үлкен қауіп» деген пікірін толық қолдайтындықтарын білдірген. Сарапшылардың 98 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит аясында жариялаған жаһан­дық ауқымдағы ықтимал соғыс қатері туралы мәселенің қойылуын уақытылы деп біледі. Ал 97,6 пайы­зы «XXI ғасырдағы аса үлкен проб­лемалардың бірі – ядролық тер­роризм қатері, сондай-ақ ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы» дегенімен ке­ліскен. Сауалнамаға қатысқан­дар­дың 94,3 пайызы «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт шынымен де өз мақсатын орындамады» деген пікіріне қосылатындықтарын айт­қан. Сарапшылардың 96,6 пайызы «ядролық терроризм қатер төндіріп тұр» деген пікірді ешқандай да жоқ­қа шығармайды.
Сауалнамаға қатысушылардың 97,7 пайызы «Әлем. ХХІ ғасыр» ма­ни­фесін құру бойынша Мемлекет басшысының бастамасын қол­дай­тындықтарын жеткізген. Ал рес­пон­денттердің 92 пайызы осы құ­жат­та ұсынылған үш басты қағидат бүгінгі жаһандық шындыққа сай келеді деп есептейді.
Бұдан бөлек, сарапшылардың 95,5 пайызы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен қабылданған «Ядро­лық қарусыз әлем жөніндегі декла­ра­циясы Қазақстанның халық­ара­лық аренадағы негізгі жетістік­тері­нің бірі» деген ойларын білдірді.
Қорыта айтқанда, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлі күнге дейін үлкен тал­қыға түсіп жатқан өзекті мәсе­ле­лердің біріне айналды. Ал Қазақ­стан­ның ядролық қарудан бас тар­туы – барлық қазақстандықтар үшін тарихи акт, қазіргіміз бен ке­лешегімізге серпіліс беретін үлкен баст­ама болып қала бермек.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*