Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы: Іске асырылатын экологиялық жобалар көп

6644
0
Бөлісу:

– Еліміз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды бас­тап жіберді. «ІТ мамандарды дайын­дауды мектеп жасынан бас­тау керек» дегенді жиі айтатынсыз. Қазір еліміздің барлық өңірінде ІТ сыныптар ашылып, ЖОО-ларда жаңа факультеттер жұмыс істей бастады. Демек, сең қозғалды деуге негіз бар сияқты.
– Заман сағат сайын демей-ақ қояйық, минут сайын, секунд сайын өзгеріп жатыр. Өте жыл­дам. Кешегі айтқан ойымыз дер кезінде іске аспаса, ертең кеш бо­лып қалуы мүмкін. Цифрлы өмір ешқандай бағдарламасыз-ақ басталып кетті. Кішкентай бүл­дір­шіндеріміздің өзі компьютер­дің құлағында ойнайды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын бұл жерде дұрыс түсіне білуіміз керек. Адамзат өміріндегі процестерге қазіргі заманауи технологияны пайдалануға тиіспіз. Мемлекеттен «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масын іске асырамыз деп ауылдық жерге сыммен Интернетті апару үшін көп қаражат бөлініп жатыр. Бізге сол керек пе? Қазір спутник­тік байланыс, интернет жүйесі бар. Әлемде басқа да техноло­гиялар қолданылып отыр. Біз де сондай технологияларды неге пайдаланбасқа?
Цифрландыру дегеніміз – компьютерді үйрету емес, өйткені қазір адамдардың өмірі компьютер­ге байлаулы. Қазір робот­тандыру кезеңі келе жатыр. Адамдардың көп ісін роботтар атқарады. Мысалы, әлеуметтік желілер, ғаламторды адамдар өз өмірінде дұрыс пайдалана білсе, сол цифрландыру болып санала­ды. Күнделікті өмірде біте қай­насып кетуі қажет. Мемлекеттік бюджеттен үлкен қаражат бөліп мектептерде ІТ сыныптар ашу өз алдына, ең бастысы – түсініктің өзі дұрыс болуы. Бар нәрсені пай­далана білуге тиіспіз, сол кезде ғана цифрландырудың нақты мәнісіне жетеміз. Әрине, 90 жыл­дары мектептерді компьютер­лендіру керек болды. Қазір компьютер деген не? Ол әрбір адамның қолындағы телефон. Сол бәрін атқарады. Әлем тез-тез өзгеріп жатыр, біз соған ілесіп отыруымыз керек. Халық барын­ша соған бейімделе бастады және солай болуға тиіс.
– «Инвесторлар альянсын» құрып, оның жұмысын бір жүйеге келтіргендей едіңіз. Дегенмен қазір экологиялық мәселелерге көбірек көңіл бөліп жүрсіз. Әу баста, көз­деген мақсаттарыңыз, бағытта­рыңыз өзгеріп кеткен жоқ па?
– Елімізде мемлекеттік қорлар мен инвестициялық банктер көп. Біз солардың жұмысын қайтала­майық деп өз жұмысымызды экологияға қарай бағыттадық. Дегенмен әу бастағы бағытымыз өзгерген жоқ. Экологияға инвес­тиция тарту үшін «Байтақ бола­шақ» экологиялық альянсын құрып, сонымен жұмыс жасап жатырмыз. Инвесторлармен кездесіп, жаңа жобаларға қаржы тарту жұмыстарын қазір де жүргізіп келеміз. Экология сала­сында инвестициялық жобалары­мыз көп. Жалпы, экология ауқы­мы кең сала. Ағаш отырғызу, энергетика, сумен қамтамасыз ету, су тазалау, су жобаларын авто­маттандыру, жаңа технология­ларды әкеліп жерасты артезиан суларын шығару сияқты әртүрлі жобаларды қолға алудамыз. Инвестициялық жобалармен айналысқанымыз қазіргі ісімізге көп пайдасын тигізіп жатыр дей аламыз. Іске асырылуға тиіс эколо­­гиялық жобалар көп, деген­мен мемлекеттік жүйе, қазіргідей теңге бағамының тұрақсыздығы, теңгенің еркін айналымға жібе­рілуі – мұның бәрі еліміздің инвес­тициялық ахуалына кері әсер етіп отыр. Теңге бағамының тұрақсыздыздығына байланысты Қазақстанға инвестиция саламыз дегендердің құлшынысы төмен­деп кетті. Өйткені тәуекелі жоғары.
Қалыптасып отырған жағдай өз кәсіпкерлерімізді де ойлан­дырып отыр. Олар қаражатын неге, қандай көлемде салу керектігіне шындап бас қатыра бастады. Мемлекеттің теңгені тұ­рақты ұстап тұру, банктердің бә­рін бақылауда алуда түрлі тетіктері бар. Бірақ мемлекет оны пайда­ланып жатқан жоқ.
– Мемлекет Ұлттық қордың есебінен екінші деңгейлі банктерге көп қолдау көрсетті. Әйтсе де, банк­тер өндіріске ақша салып жат­қан жоқ, пайыздық үстемақысы өте жоғары. Бізде банктер кім үшін жұмыс істейді? Банктермен жұмыс істеу қаншалықты тиімді және қол­жетімді?
– Рас, мемлекет екінші дең­гейлі банктерге көп қаражат бөлді. Олардың мақсаты банктер арқылы шағын және орта кәсіпке қолдау көрсету болатын. Бірақ ол қаражат екінші дәрежелі банк­тердің қожайындарынан артыл­ған жоқ. Қаражат артылмағаннан кейін бөлінген қаражат екінші қаржы институттары арқылы жо­ғары пайызбен шағын және орта кәсіпкерлікке берілді.
Өндіріс дегенде мемлекет эко­но­миканы әртараптандыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ден қойды. Бұл сала қазір мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі. Осы жерде айта кететін бір мәселе – бізде өндіріс, сауда деп бөліп қарайды. Ол дұрыс емес. Сауда мен өндіріс бір. Алып-сатумен айналысатын компания болашақ өндіріс ашу­мен айналысатын әлеуеті болатын компания. Өйткені кезінде өнді­рістік компанияларын, зауытта­рын ашып өз өндірісін жүргізген­мен, оны сату жағынан ақсап жатты. Бұл – нарық. Нарықта бірінші сауда компаниясы жұмыс істеп, белгілі бір өндірістің тауа­рын сатады. Нарықта сұранысты білгеннен кейін жаңа өндіріс құ­рылады. Сол арқылы біз нарықты қамтамасыз етеміз. Зауыттардың да жұмысын жүргіземіз. Алып­сатар немесе өндіріс деп бөліп қарауға болмайды. Өндірісші тауар өндіргенмен оны сата ал­маса, жұмыс тоқтайды. Сату деген технологияның өзі үлкен кәсіп­керлікті қажет етеді. Ол жерде дистрибьютерлік, дилерлік қыз­меттер бар. Әр түрлі компания­лармен жұмыс істейді. Бренд танымал болуы керек. Соның бәрін жасайтын осы – сауда компаниялары. Ал өндірісші тек тауарды өндіреді. Бұл жағынан алғанда өндірушінің жұмысы жеңіл. Ал сатушының жұмысы ауыр. Сондықтан біз кәсіпкер­лерімізді қолдауымыз керек. Сау­дамен айналысушылардың бәрі болашақ әлеуетті өндірушілер. Шағын және орта кәсіпкерлік са­ласындағылар – сол өндірушілер. Сондықтан оларды мемлекет қол­дауы керек. Ұзақмерзімді жеңіл­детілген ақша тауып беру керек. Қазір сол қаражаттың мәселесі қиын. «Астана банкі» жабылып қалды. Бұл банкпен жұмыс істеп жатқан қаншама кәсіпкерлер тығырыққа тірелді. Банктер тек өз қожайындары үшін жұмыс істеп келеді. Олигархтардың «ойыны­нан» халық қиналып жатыр. Осы жерде мемлекет тарапынан әділеттілік, шыншылдық болуы керек. Халықтың жағдайын ой­лаған жөн.
– Екінші деңгейлі банктерге мем­лекет тарапынан көп қолдау көр­сетілгенмен, өндіріске қарай бет бұрып, пайыздық үстемақысын төмендетіп жатқан банк жоқ…
– Қаржылық жүйеде әділет­тілік болмай тұр. Ұлттық банк рет­теуші ретінде доллардың баға­мын ұстай алмай отыр. Ешқандай қарсы құрал пайдаланып жатқан жоқ. Осы жерде олигархтар мен банк қожайындары өз жағдай­ларын жасап отыр. Бұл – бір. Екіншіден, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлік саласына бөлініп жатқан қаражат сол салаға тікелей барып жатқан жоқ. Өйткені бұл жерде жемқор­лық жайлаған. Бұл жүйенің бәрін реттеу үшін ашық жүйе керек. Ол үшін қоғамдық ұйымдардың бел­сенділігін арттыру қажет. Барлық мәселеге қоғамдық ұйымдар қатысуы керек, ашық талқылануы тиіс. Қазақстандық қор биржасы көшедегі ақша айырбастау пункті сияқты. Бұл жерде оның айыр­машылығы ақша айырбастау пунк­тінде бір ғана адам болса, онда көбірек адам жұмыс істей­тіндігінде. Біз өзімізді өзіміз алдап отырмыз.
Екінші деңгейлі банктер ар­қылы «лас» ақшалар келеді. «Лас» ақшалар деп отырғаным – кө­леңкелі экономиканың ақша­лары. Бұл долларға жалған сұра­ныс тудырады. Осы жалған сұраныстың арқасында долларға сұраныс артып, доллар бағамы көтеріліп кетті. Мұның бәрін мемлекеттік құзырлы органдар ба­қылауға алуға тиіс. Осы жағ­дайды дәл қазір қолға алмаса, жағдай бұдан да әрі ушығып кетуі әбден мүмкін.
– Шикізатқа тәуелді болмай, экономиканы әртараптандыру үшін қай салаға басымдық беріп, көңіл бөлуге тиіспіз?
– Экономиканы әртарап­тан­дыру мәселесін мемлекет ұстанып отыр. Егер расында да, осы бағыт­ты ұстанатын болсақ, онда бір мәселеге баса назар аударуға тиіс­піз. Ол – шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау. Бұл сала эконо­миканың 70-80 пайызын алатын болса, онда экономикамыз тұрақ­танды деген сөз. Ешқандай ши­кізатқа тәуелді болмаймыз. Мы­салы, қырғыз елінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 90 пайыз.
Шағын және орта кәсіпкер­лік – туризм, ауыл шаруашылығы, ІТ технология, әртүрлі сауда-сат­тық және қызмет көрсету орын­дары. Шағын және орта кәсіп­керлік саласы енді еңсесін тіктей бастаған кезде девальвация бо­лады да, банкротқа ұшырап қа­лып жатыр. Бұл бар қаржысын осы саланы көтерсем деп жұмсап ортырған отбасыларға ауыр тиеді, отбасылық қоржын азайып кетеді. Елдің тұрмысы төмендейді. Осының бәрі бір-бірімен бай­ланысты. Мемлекет өзі бәрін үйлестіріп, тепе-теңдікті ұстаса, онда шағын және орта кәсіп­керлікті көтеруге ден қойғандар­дың жұмысы алға басар еді.

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ 

Бөлісу:

Пікір жазу


*