Бір отбасын қуантты

Санкт-Петербор қаласында өткен кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, WIBA атағын жеңіп алған жерлесіміз Фируза Шарипова тараздық Жолдыбаевтар отбасына автокөлік кілтін табыс етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» жобасы аясында туған қаласының бір отбасына қайырымдылық жасауды өзінің азаматтық борышы деп санайды спортшы. Қала әкімдігінде өткен шарада Фируза Шарипова қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов және қала зиялыларымен жүздесіп, екі мүгедек баланы бағып отырған Риза Есенқызына көлік кілтін салтанатты түрде табыстады
– «Туған жер» жобасы жетістікке жеткен азаматтардың туған жеріне қайырымдылық жасауына мүмкіндік береді. Бүгінде жергілікті меценаттардың арқасында қалада түрлі әлеуметтік нысандар салынып, ескі ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов және «Арайстроймаркет» ЖШС директоры, кәсіпкер Арман Еділбаев секілді қаланың белсенді азаматтары жалпы құны 543 миллион теңгеге бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Спорт шебері, мақтанышымыз Фируза жобаға өз үлесін қосуға ниет білдірді. Қаршадай қыздың жас та болса, үлкен іске бас болғаны басқа азаматтарға үлгі болса екен, – деді Ғалымжан Райылұлы.
– Қыздар үшін жұдырық түйістіру оңай емес. Шаршы алаңда атымды емес, елімнің намысын қорғаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы еліңді, атамекеніңді сүюге шақырады. Сондықтан, байрақты бәсекедегі кезекті жеңісімді туған жеріме арнап, жүлдем арқылы бір отбасына қуаныш сыйлағым келді. Жолдыбаевтар отбасында қазіргі таңда екі мүгедек бала тәрбиеленіп отыр. Оларды ауруханаға тасымалдап, керек-жарағымен қамту үшін көлік қажет. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы осы жанұяның жағдайын біліп, көлік беруді ұйғардым. Қайырымдылық жасап марапат алуды көздемеймін. Бұл – әрбір исі мұсылманға парыз деп білемін, – деді Фируза.
Қала тұрғындары Нұрасыл және Ерасыл Қабыловтар туғанынан сал дертіне шалдыққан. 11 жыл бойы балапандарының дертімен күресіп келе жатқан 4 баланың анасы Риза жолдасы Марат екеуі жалдамалы пәтерде тұрады екен.
– Жаны жомарт жандардың барына қуанамын. Бұл өмірімде алған ең үлкен сыйлық. Алланың берген сынағын жеңілдетуге атсалысқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Фирузаға тек жеңісті жол тілеймін! – деді Риза ризашылығын білдіріп.
Сондай-ақ «100 жаңа есім» жобасының жамбылдық жеңімпаздары, облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сембек Сейдәзімов пен Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХV жазғы Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллина да өз тілектерін жеткізді.
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы