ТАҚЫРДАҒЫ ТАРПАҢ ШӘКІРТ. 1953 жыл, ақпан

435
0
Бөлісу:

Көрнекті жазушы Сұлтан Оразалы «Сталин өлген жыл» атты көлемді шығарма аяқтады. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының оқиғасын арқау еткен бұл туынды дүниеге Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы тұлғаларды берген, бірақ тағдыры кермек, шерлі аймақтың тақсіретін толғайды. Біз жаңа шығарманың бір үзіндісін жариялап отырмыз.


Абайдан сабақ алдым бала жастан,
Тең бар ма ойға терең одан асқан.
Алды бейіш, артына ырыс болсын
Мен оның шәкірті едім ізін басқан.

Көкбай ЖАНТАЙҰЛЫ


Сталин тірі. Дүниежүзілік соғыс­тан Кеңес Одағы бұрынғыдан да күшейіп, қуаттанып шықты. Көп ұзамай жер бетінде әділеттілік орнап, коммунизмнің нұры барша халықтың өміріне шапағатын ти­гізеді. Ұлы көсем бұл күнде әлемдегі демократияның ту ұстаушысы, тірегі, берік қамалы…
Үстіне бір топ оқушы бала тие­ген «полуторка» деп аталатын ша­ғын жүк машинасы Құндыздыдан Қарауылға қарай таң алакеуімнен жолға шықты. Күзде өгіз арбамен бір қонып жеткен жерге машинамен күнбе-күн бармақ ойымыз бар. Дала сұрғылт, қар ұшқындап тұрған, күн көзі көрінбейді. Әке-шешеміз бер­ген текемет пен тұлыпқа ора­нып, кабинаның түбінде бұйығып отырған он шақты ұл-қыздың қыл­тиып бастары ғана көрінеді. Жол­сызбен келе жатқан машинамыз секек қағып, біресе дөңбекшіп, енді бірде әлденеден орғып-орғып өтеді. Ондайда бәріміз жаңқадай ша­шырап, үстіміздегі жамылғыштары­мызбен бірге сырғып, артқы бортқа соғыламыз.
– Әй, амансыңдар ма? – дейді машинасын тоқтата қойған Сағади шопыр есіктен басын шығарып. – Сен­дер жылынсын деп мына арғы­мақты әдейі секіртіп келем. Бәріміз мәз болдық. Кабинаның екінші жағынан шыққан Сақан ағам:
– Балалар, кәне, жерге түсіп, бой жазыңдар, – деді. – Аяқтарың тоң­ған жоқ па? Өзі жаныма келіп, қисайып кеткен құлақшынымды түзеп, күртешемнің түймелерін салды.
Ауылдан шыққанымызға үш-төрт сағат өтсе де жолымыз манды­мапты. Ақтұмсықтан бастап қар басып қалғандықтан тау ішімен кететін таптаурын жолға түспей, төбесі алыстан қылтиып көрінген Қарауылды бетке алып, бөктердегі соқпақпен тұра тартып келеміз.
Күн түске қарай ауыпты. Жаяу борасыннан алдымызда жатқан ұшы-қиырсыз селеулі кең жазық теңіз бетіндей жыбыр қағады.
– Апырай, күн бұзылып кетер ме екен, – деді Сақан аға. – Жел күшейіп барады. Тақырдың кезеңіне жетсек жақсы болар еді. Оған дейін ел де жоқ, қу дала. Кәне, жолға шы­ғайық, – деп Сағадиді асықтырды. Сағади болса – өткен жылы колхоз сатып алған осы жүк машинасының жүргізушісі болғандықтан елдің еркесі, Семейден ат-түйедей қалап, әкелеп-үкелеп шақыртқан маман. Сайтаны ұстаса колхоз бастығына да пысқырмайды. Жұрттың бәрі Сағадидің өзінен гөрі машинасын қастерлейді. Өмір бойы өгіз арбамен итеңдеп жүргенде осы «полуторка» келіп, Боқай қасқалардың да ар­қасы босаған. Машинаның үстінде отырған жұрт пыраққа мінгендей шаттанушы еді. Сонау көкжиекте жатқан Құйғанға бару үшін екі күн жоғалтатын ел енді Сағадидің көңі­лін тапса күнбе-күн барып, шаруа­сын тындырып қайтады. Сағадидің көңілі – қымбат та емес, бір-ақ жартылық. Өзі ақкөңіл жігіт. Арақ көрсе көзі жайнап, қазақша-татар­ша былықтыра сөйлеп, қаудыр қағып, бұйдаланған боташа соңың­нан еріп жүре береді. Бірақ қандай күйде тұрса да бағынатын бір-ақ адам бар. Ол – қара дүкеннің иесі, ұста Сақан. Ұстасыз Сағадидің күні жоқ. Колхоздың үкілеп отырған жалғыз мәшинесін жұмсайтын жері көп. Жолсыз, тау-таспен жүретін­діктен бір жері соғылмай, майыс­пай, бұзылмай тұрмайды. Ал бұл өңірде машинаның тілін білетін жалғыз адам бар – ол ұста Сақан. Темірден түйін түйетін шебер. Саға­ди жүк тиеп алып, қара дүкеннің қа­сына тоқтай қалғаннан-ақ ыңқыл­дап-гүрсілдеп, тақ-тұқ ентігіп тұрған «полуторканың» жүрек соғысына құлақ түрген ұста:
– Тоқтат, – дейді. Біраздан соң қайта от алдырады да: – Ей, көк­соққан, енді біраз жүрсең, маши­наңның моторы күйреп қалатын еді. Тез арада мотордың қарайып кеткен майын ағыз да, жаңасын құй, – деді. Жазған құлда жазық жоқ, Сағади айтқанын істейді.
– Енді мәшинеңді от алдыр да, дыбысын тыңда.
Алғашқы тарсыл-гүрсіл тиы­лып, машина жаймен бүлкіл қаға­ды. Сағади қипақтап, кеше «ахаң­мен ауырып» жүргенде байқамай үйдің бұрышын қағып, мәшиненің тұмсығын бұзып алғанын, оны бас­тық­тар көрсе аямайтынын, ал жөн­детуге Семейге апарса қыруар ақша сұрайтынын жеткізді. Сақан көп сөйлемейтін адам. Оған тіл қатпас­тан машинаның майысқан жерлерін мұқият қарап шықты да, ұстаханаға кіріп ұзақ ойланып отырып қалды. Сағади елпектеп, дегбірі қашып ұстаны айналсоқтап кете алмай тұр. Басқалардың алдында әулиесімсіп, дүниенің тұтқасын өзі ұстап жүр­гендей мардымситын сабаздың мына мүләйім кейпін көргендер мәз болып:
– Япырай, Сағадиді Сақанның мысы басып, қара дүкеннің киесі ұрды ма, сайтаны қағылып қалды, – десті.
Шынында, машинасы жүрмесе өзінің көк тиындық құны жоқ еке­нін ол жақсы білетін. Сондықтан ұстаның алдында иілмеске лажы жоқ.
– Мына жүгіңді апарып, қайтып кел. Мәшинеңді түнімен отырып жөн­дейміз, – деді ұста. Айтқанын­дай, алды сәңірейіп тұрған «полу­торка» ертеңінде заводтан жаңа шық­қандай қалпына келіпті. Бұн­дай жағдай бұрын да қайталанған.
Сақанның бүгін Қарауылға бара­тын ойы жоқ еді. Таңертең бала­ларды жүргізерде қараса Сағади түнгі сайраннан әлі айыға алмай, аяғын әлтек-тәлтек басып жүр екен.
– Мынау мас қой, балаларды жазым етпесе жарар еді, – деген жұрттың сөзі түртпек болып, жұмыс киімін ауыстырмастан шолақ то­нын іле салып, жүріп кеткен. Бірге шыққаны жақсы болыпты, ұста отыр­ғандықтан Сағади бас жазуға бата алмай, түс әлетінде айығып-ақ қалды.
Көп ұзамай алай-дүлей боран басталды. Қарашоқының етегіндегі шилі, қарағанды өзекке жеткенде жол да жабылып, ескі сүрлеу ғайып болды. Азынаған жел жауа бораған қарды ұйтқытып, жер-дүние ақ тү­текке оранып, шеті-шегі көрінбей­тін сұрғылт түнекке кіріп кеткендей болдық. Машинамыз көбік қарды тіліп, жүріп келеді. Әлгі бір әзірде ескі сүр қардың құрсауына түсіп, бір орнында тыпырлап қалған еді, Бекен, Әбдікен сияқты ересек ба­лалар итеріп шығарған. Алға жыл­жыған сайын кедергі де көбейе бастады. Біз, ұсақ балалар мен қыздар, бораннан тұмшаланып, киіз бен тұлыпқа оранып, бұйығып отырмыз. Сыртта не болып жат­қанын болжау қиын. Көлігіміз бірде жүреді, біресе тоқтайды. Уақыттың да қай мезгіл екенінен жаңылдық. Шамасы кеш батуға таяған сияқты. Бір кезде бойым қатты мұздап, қойны-қонышым қарға толып кеткен соң басымды көтеріп жан-жағыма қарасам алдымызда әлдекім қараңдап көрінеді. Сақан аға екен. Мына ақ түтекте шопырға жол сілтеп барады. Үш-төрт балаң жігіт көтерем торпақты сүйрегендей, «полуторканың» екі қапталынан итеріп, оны тоқтатпай келеді.
Орныма қайта жайғаса бергенде ілгері отырған Дәмет қалқайып жаныма келді. – Сұлташ, тоңдың ба? – деді өзі жетісіп тұрғандай. Суықтан өңі бозарып кетіпті. Ол астымдағы кигіздің қарын қағып, тонымды қымтап, жаныма отырды. Нәзік, арық қолдарымен құшақтап, бетін бетіме тигізді. Дәмет – мені­мен тетелес туған әпкем. Қыста киетін аяқкиім болмағандықтан бір жыл оқуға бара алмай, төртінші сыныпты бірге бітірдік. Қазір екеу­міз ауданда бір сыныпта оқимыз. Қағылез келген Дәметтің қоңырқай жүзіне қырлы, сүйкімді мұрны мен үлкен қара көздері ерекше жара­са­тын. Жұмсақ үнді, бауырмал еді, бірақ жүріс-тұрысымды үнемі ба­қылап, үлкен адамша қамқорсып жүр­генін суқаным сүймейді. Сон­дықтан оның беті-қолымды уқалап жылытып, құшақтап бауырына басқанын жақтырмай әрі жанымда отырған достарым Боташ пен Қоңыр­қаздан қысылып, қолын қа­ғып қалдым. Жалпы, Дәмет екеуміз жиі шекісеміз. Қиқар мінезіме ол әбден үйренген, үнемі кешіріммен қарайтын. Біз төртінші сыныпта мектепке қара тайыммен барып жүрдік. Әрине, бәсіре тай менікі бол­ғандықтан ердің алдына оты­рамын да, тізгінді өзім ұстаймын. Ердің үсті тар. Артымда отырған Дәмет белімнен құшақтап отырмаса сыпырылып, аттың жәйдақ арқа­сына түсіп кетеді. Сондықтан ол мені тарс құшақтап алады. Бұл ма­ған ұнамайды. Өйткені ердің үстінде шалқайып отырғанға не жетсін! Сағадан мектепке дейінгі аралық – төрт шақырым. Ортада Көкашы, Кіші ой, Жалғыз бейіт дейтін жер­лер бар. Әр қыстақтың мектепке ба­ратын балалары Көкашыда түйі­сіп, көзден тасалау болғандықтан Кіші ойға дейінгі жазықта аттың басын жіберіп, әй бір қиқулап, дал­бақтап жарысатынымыз бар. Дә­мет­тің жағдайы осы кезде, тіпті қиындап, аттан құлап қала жаз­дайды екен. Онда шаруам қанша, қара тайды борбайлап, басқалардан озуым керек. Дәметтің құшақтаған қолын қағып жіберіп, ер үстінде ер­кін отырғым келеді. Жалғыз бейітке жете бере тоқтаймыз. Өйткені бейіт­тің қасынан шауып өту – жаман ырым. Сонда ғана Дәметтің ерден сырғып тайдың қыр арқа­сында әрең келе жатқанын көрем.
– Осы істегеніңді тәтеме айтам, – дейді ол көз жасын сүртіп. – Жаңа құлап қалсам, арттағы аттар басып кетер еді.
Қорқатын жалғыз ада­мым бар – ол шешем. Тентектігімді естісе болды айт-шайтқа қарамастан шапалақпен тартып жібереді. «Бол­саң, дұрыс адам бол!» – дейтін жа­рықтық. Шешемнің осы мінезін білетін Дәмет үйге келген соң, қи­пақтап жүрген мені аяп үндемейді. «Келесі жолы осылай істесең ай­тамын» дейтін. Бірақ келесі жолы да айтпаушы еді.
Күндердің күнінде шындық ашы­лып қалды. Көрші балалар ай­тып қойыпты. Ертеңінде мектепке барарда шешемнің өзі келіп, Дәмет­ті ердің алдына отырғызып, тізгінді қолына берді. – Сен енді артқа отырасың, – деді маған.
Бұл қорлық жаныма қатты бат­ты. Дәмет, тіпті аттың тізгінін де ұстай алмайды. Қара тай да оны сезіп қайқақтап, бағынбай келеді. Шыдамай Дәметті алға қарай ығыстырып, тізгінді қолыма алдым. Әпкем ердің алдыңғы қасына кептеліп қалды. Тепектеген тайдың жүрісі де мазасын алса керек Көкашыға жете бере, ол жалынып:
– Сұлташ, кел ауысып оты­райық. Бірақ сен бұрынғыдай шал­қайып, мені басыңмен ұрма әрі қолымды қақпа. Сонда сені күнде алға отырғызамын, – деді. Келістім. Сөйтіп үйден шыққанда ердің алдына Дәмет отырады. Көкашыдан бастап тізгінді мен ұстаймын. Ше­шем оны білген жоқ…
Машинамыз сүйретіліп, әр жерге бір тоқтап келе жатыр. Бойым жылынып, көзім ілініп кеткен кезде Дәмет өз орнына қайтты. Үсті-ба­сымды қымтап, шешемнің өзіне берген түбіт шәлісімен аяғымды орап қойыпты. Менен көрген мысқалдай жақсылығы болмаса да жиырма үш жасында қыршын кет­кен Дәмет көзі жұмылғанша тілеуім­ді тілеп өтті. Кейін, есейген шағымда, осы бір мейірбан, үлкен жүректі, бауырмал әпкемді бала­лық­пен ренжіткеніме, қадірін біл­мегеніме өзегім өртенді.
Боран әлі соғып тұр. Күн батып, қараңғылық қоюлана түскен. Азы­наған жел, ұйтқыған қар есімізден тандырып, қай жерде келе жатқаны­мыз да белгісіз. Ызыңдаған, гуілде­ген дыбыстар құлағыңды тұнды­рады. Бір кезде машинамыз бір-екі ышқынды да тоқтап қалды. Әбдікен мен Бекен борттан ырғып, жерге түсті. Қалғандарымыз, іннің аузын­дағы сарышұнақ сияқты, тоннан ба­сымызды қылтитып, жан-жағы­мызға үрейлене қарадық. Мына түнгі боранда далада қалсақ күйіміз не болады?
– Балалар, қорықпаңдар, – деді Сақан аға. – Осы қырдан ассақ алдымызда ауыл бар. Көкбай ақын­ның ауылы, – деп сөзін нақтылай түсті. – Кәне, бәрің де жерге түсіп, бой жазыңдар. Түгел жабылсақ машинаны өрге итеріп шығарамыз.
Сақан ағаның көңілді даусы бә­рі­мізге қуат берді ме, үстіміздің қа­рын сілкіп тастап жерге түстік.
«Полуторка» дегеніміз – қалақ­тай ғана машина. Он шақты адам жабылып, доңғалағын жерге тигіз­бей қырға шықтық. Боранның ара­сынан қарауытып жалпақ қораның сұлбасы көрінді. Жаңа Сақан аға айтқан ауыл осы болса керек. Ит үріп, мұрнымызға түтіннің исі білінді.
– Апырай, Сақан аға, Құдай бағы­мызға берген адамсыз ғой, әйт­песе, жол таба алмай мына ақтүтек боранда ығып, сүйегіміз қайда қала­ры белгісіз еді, – деді Сағади үйге кірген соң желпініп. – Мінгеніміз машина емес, таралейка, сіздің арқаңызда ғана моторына жан бітіп, бір шидің түбінде қалмай, сүйретіліп жеттік.
– Ей, Сағади шырақ, мәселе – машинада емес, адамда. Күн сайын араққа тойып, қылжаңдап жүрген саған топты баланың тағдырын тап­сыра алмай, үстіме киім де киместен ілесіп кеткенім рас. Бұл боран Ста­линградтың оқ боранынан қатерлі дейсің бе? Одан да шыққанбыз. Бірақ сен сияқты сенімсіз адам оқ боранында серік бола алмайтын.
Сағадидің сарғыш өңі бозарып, жүні жығылып қалды. Осы кезде сырт­тан кірген еңгезердей шомбал денелі адам Сақан ағаны көре салып:
– Сақан-ау, сенсің бе? – деді қуанышты үнмен құшағын айқара ашып. – Мына ақ дүлей боранда қай­дан жүрсің, досым-ау! Көріс­пегелі не заман! Келші, төс қағы­сайық! Амансыңдар ма, әйтеуір? Пәлі, мына бала-шағаны қайдан жиып алғансың? Тоңған, үсігендерің жоқ па? Бопты! Сақан, төрге шық. Құдай айдап әкелген шығар, қонағым бол.
Қауқылдаған шомбал қара осы үйдің иесі екен. Сағына тосқан қо­нақ­тарын көргендей, байыз таппай жүр. Қой, ешкі, сиыры аралас малы іргедегі қораға қамалыпты. Өздері мал қораға жапсарлас салынған екі бөлмелі жолым үйде тұратын көрі­неді. Бір кезде шомбал қара бақыр­тып бір ешкіні үйге алып кірді.
– Сақан-ау, қорамда қой толып тұрса да өзімдікі емес, үкіметтікі. Ал мына серкеш ақадал төл малым, бата жаса!
Сақанның қарсылығына ара­мас­тан, мал сойылып, қазанға ет салынды. Үйдің іші жылынып, жолдан қажыған балалар ас ішкен соң ұйқыға бас қойды. Дастарқан басында Сақан аға мен шомбал қара ғана отыр. Екеуі бала кезден таныс екен. 1928 жылы Шыңғыс ішін кеу­леп кеткен бандалармен соғыста, қара сирақ кедей балалары екеуі бірігіп талай ерлік көрсетіпті. Отыз екінің ашаршылығында бандамен соғыста қолдарына түскен мылтық­пен аң аулап, аш-арықтарға талға­жау тауыпты. Шомбал қара Көкбай медресесін бітірген, көкірегі ояу, көзі ашық адам, отыз жетіде біраз қуғын көріп, соғыс басталғанда Сақанмен бірге әскерге алыныпты. 1942 жылға дейін бірге соғысқан оларды жылдың ортасында екі айырып, Шомбал қара Беларусь майданына, ал Сақан шебер қолды ұста болғандықтан теміржол жөн­деуге Сталинградқа жөнелтіліпті. «Қырық жыл қырғын болса да ажал­ды өледі» деген екеуі де қан қасаптан тірі оралып, соғыстан соң бір рет қана көрісіпті. Бүгін, міне, дәм жазып, тағдыр екеуін тағы түйістірді.
– Бәке, – деді Сақан, – көзімізді тырнап ашқаннан тағдырдың өтін­де келеміз. Бала кезден жоқшылық пен қиыншылықты бірге көрдік. Тағдырымыз ұқсас. Ең қызығы, сен екеуміз үнемі оқтың аузында, со­ғыс­тың шебінде жолығып, досты­ғымыз бекіді. Бүгінде ақ түтек боран­да сені тапқанымды қарашы?!
Шомбал қараны сыйлаған­дық­тан ба, әлде жасының үлкендігін ескерді ме Сақан оны толық атамай Бәке деумен болды.
– Оның рас, Сақан, – деді Бәкең. Өзге елдінің шатқалындағы бандылармен шайқаста тура келген ажалдан құтқарғаныңды қалай ұмытармын! Мені көздеп, атқалы тұрған жаудың бесатарының аузына ат-матыңмен көлденең тұра қалдың емес пе!? Ат өліп, сен жарақат алдың, ал мен аман-сау, тірі қалдым. Оны қалай ұмытарсың?! Бәрінен де сенің Тапалды топырақтан қазып алғаныңды естіп, ішек-сілем қатты. Тапалдың өзі айтты.
Сақан аға құрдасы Тапал есіне түсті ме, мырс етіп күліп қойды. Күні бүгін ауылда аман-сау шауып жүрген Тапалды біз де білеміз. Бойы он жасар баламен шамалас, бірақ жұмыр жалпақ бет, екі көзі бақы­райған, қолтоқпақтай қара адам. Қолды-аяққа тұрмайтын, өте ши­рақ. Өзінің азан шақырып қойған аты ұмытылып, бүкіл ауыл ежелден Тапал атап кеткен. Сақан ағамен құрдастығын бұлдап, анда-санда үйге келіп, шешеммен қалжың­дасып, еркелеп, ет асқызып, арақ ішіп, бір жырғап қалады.
– Сен мені өстіп сыйлап тұ­ратын бол, – дейді шешеме кетерін­де. – Ана байыңды Сталинградтың қан-қасабынан суырып алып, аман әкелгенімді ұмытпа! Мен болмасам кім білсін…
Араққа тойып алған ол күжі­рейіп, мардымсып, бадырақ көз­дерін бізге алақ-жұлақ етеді. Ол кейде ауылдың балаларымен асық ойнап, баз-базында асыққа таласып ұмар-жұмар алысып жатқанын да көрдік.
Күнұзақ ұйқымды қандырған мен Сақан аға мен Бәкеңнің жа­нына таяп, әңгімелеріне құлақ түрдім.
– Есіңде ме, – деді Бәкең, – Егор деген еңгезердей орыс солдаты Тапалдың бойын келемеждеп, иығына ілген мылтығының құндағы жер сызып жүретінін мазақтап, қайта-қайта қорлағаны. Орманның ішінде, алғы шептен жырақта ерігіп отырған солдаттар оған дем беріп мәз-мейрам болды. Тапал байғұс не істесін, төбелесе кетуге дәрмені жоқ, жұдырықтай түйіліп, бізге жаутаң-жаутаң қарай береді. Әлгі солдат одан сайын есіріп алды:
– Ей, мартышка, кел менің етігімнің батпағын тазалап жібер, – деді.
Сол кезде сен атып тұрып, өзің­нен әлдеқайда денелі орысты кеңір­дегінен ала түстің. Өмір бойы балға соққан, темір құрсаудай шеңгелің­нен шыға алмай тыпырлаған әлгі сорлының көзі алайып, демі құрып бара жатты. Сол кезде екінші жұ­дырығыңмен іштен бір түйгеніңде ол бүктетіліп түсті. Сен тіл қатпас­тан, ештеңе болмағандай, орныңа қайта отырдың. Өркірек солдатты жаңа ғана қоштап, қолпаштап отырғандардың жағы қарысқандай, үнсіз қалды…
Бәкең Сақанға сүйсіне, ерекше бір мейіріммен қарады.
– Тапалды жаныңнан тастамай, Сталинградта да бірге жүргендерің дұрыс болды. Әйтпесе, кім білсін…
Енді оны топырақтан қазып алғаныңды айтшы. Сақан асықпай, езуіндегі насыбайын сұқ саусағымен іліп алып, бір қағазға орады да, оты өшпеген пешке лақтырып жіберді.
– Біз өздеріңнен бөлініп Ста­лин­градқа келгенде 1942 жылдың күзі еді. Адам айтқысыз қан майдан жүріп жатқан. Қаланың ішіндегі өлікті жинауға да мұршалары кел­мепті. Қан сасиды. Біз шығыс жақ­тағы жау талқандаған темір жолды жөндеуге кірістік. Тасада тығылған неміс мергендерінің атқылағаны өз алдына, төбемізден қайта-қайта бомба жауып, жөндеп кеткен жолымызды талқандай берді. Амал жоқ, жолдың жиегінен терең ор қазып, жау шабуылында соны пана­лаймыз. Сәл саябыр болса қайта жұмысқа кірісеміз. Күндіз де, түнде де осылай. Бір кезде «әуе шабуылы» деген дабыл қағылды. Жол үстіндегі қалың солдат қазылған орға қашты. Мен траншейдің қабырғасына арқамды тіреп, жүрелей отырдым. Неміс самолеті жер бауырлай ұшып, пулеметтан оқ жаудырды, артынша бомбаларын тастай бастады. Көзім­мен Тапалды іздеп едім, көрінбеді. Аяғымның асты жыбырлаған соң төмен қарасам, Тапал траншейдің түбіне етпетінен түсіп, қорыққа­нынан бушлатымен басын бүркеп алыпты.
– Тапал, басыңды көтер! – де­генімше, іргемізге бомба түсіп, құ­лақ тұндырған жарылыс болды. Есімнен танып қалыппын. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Бір кезде тынысым тарылып бара жатқанын сездім. Көзімді ашайын десем, топырақ тығылады. Басым мең-зең, құлағым шыңылдап тұр. Денемді зіл-батпан албасты басқандай езіп барады. Жан-дәрмен басымды қоз­ғалтып көріп едім, төбемдегі то­пырақ сусып, көзім ашылды. Маңайда өлген-жіткендерді теріп санчастың адамдары жүр екен, олар менің қылтиған басымды көріп:
– Тірі, тірі, – десті.
Бомба екі метр жерде жарылып­ты. Қалың топырақ траншейдің он құлаш аумағын түгел басып қалған. Астында қанша адамның қалғанын бір құдай ғана біледі. Жүрелей отырғандықтан төбемде топырақ жұқалау түсіп, аман қалсам керек. Есіме Тапал түсті. Өзімді шығарған соң, сол жерде тағы бір адамның жат­қанын айтып, орды қаздырдым. Бір құлаш тереңдіктің топырағы алынды. Тапал жоқ. Санчастың адамдары ренжи бастады. Оларға жалынып-жалпайып, тағы жарты құлаш қазғанымызда бір адамның сұлбасы көрінді.
– Это не солдат, какой-то маль­чик лежит, – дейді медбике.
– Қайдағы «мальчик», ол – Та­пал, – деймін қуанғаннан айқайлап.
Тапалым есінен танып жатыр, бірақ тірі. Жер астында жарты сағат жатса да тұншықпай аман қалғаны, басын бушлатпен орап, маңдайын қолымен тіреп жатқанының арқасы екен. Үстіне топырақ үйілгенде бет алдындағы қуыста біраз ауа қа­лып­ты. Көрер жарығы бар, енді сәл ке­шіксек, Тапалдан айрылады екенбіз. Тапал дәрігерлік бөлімшеге бармай, менің қасымда бір сағаттай серейіп жатып, құлан таза тұрып кетті.
– Сенің сөзіңе еріп, жүрелеп отырсам, бітіп едім, – дейді Тапал міз бақпай. – Онда төбемнен түскен топырақ кемі бір метр болар еді де, сен қазып алғанша, он-он бес минутта-ақ тұншығып өлетін едім. Ал өз ақылымның арқасында қо­рық­пастан етпеттеп жатып аман қал­дым. Дауың бар ма?
– Әрине, Тапалға дауа жоқ, – деп Бәкең күліп қойды. Екеуі біраз үнсіз қалды. Сақан қалтасындағы шағын дорбаны шығарып, ішіндегі махорканы насыбайдың орнына атты. Оның қимылына қарап отыр­ған Бәкеңе:
– Соғыс кезінен қалған әдет қой. Насыбай уқалайтын уақыт жоқ, махорканың өзін ататынбыз. Қазір де солай.
Ол ернін жымқырып біраз оты­рып, оттың күліне шырт еткізіп түкірді.
– Бағана, боран көлегейледі ме, әлде қараңғыдан аңғармадым ба, Көкеңнің медресесі мен зираты көрінбеді ғой, – деді.
– Ей, Сақан-ай, қызылдар үкі­мет­ті алғаннан бері қирамаған не қалды? Соғыстың алдындағы «ха­лық жауын» іздеген науқанда Кө­кеңді де «молда» деп, «шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбай тұқы­мымен ниеттес» деп күстәналады емес пе? Сол кезде оның медресесі мен мешітін қиратып, кірпішімен осы мал базын салған болатын. Зираты жауын-шәшіннен бүлініп, құлап қалды. Оған қараған пенде жоқ. Жұма сайын өзім барып ба­сына құран оқимын. Бір кезде осы Тақырдағы медіреседе жеті жыл бойы арғын, найман, уақ, керейден жиналған үш жүздей бала оқыған екен. Солардың ішінде кейіннен өз елдерінде Көкбай үлгісімен медресе ашып, ұстаздық еткен ондаған адамдар болыпты. Қазір Көкеңмен қоса олардың атын өшірді. Не үшін?! Жазығы не?! Шәкірттерінен осы өңірде тірі жүргені мен ғана. Көпшілігі отызыншы жылдары ұста­лып кетті. Бірер білімді, орыс тіліне жүйріктері Ресейді, Өзбек­стан мен Қырғызстанды, мына өзіміздің орыс басқан Жарма, Бес­қарағай аудандарын паналап жүр деп естимін. Көкеңнен дәріс тың­дап, Абай үлгісін үйреніп, адам­шылық пен білімділікті мұрат еткен талай боздақтарды білуші едім, олар­дың көбі осы соғыста қыршы­нынан қиылып кетті. Көкең Абай­дың өсиеттерін шәкірттерінің санасына сіңірді. Өзі тірі пенденің ала жібін аттамаған адал адам. Алдын көрген шәкірттерінің бәрі де Кеңес үкіметіне адал қызмет етсе де жақпады. Міне, енді оның ізгілік оты өшіп, жұртында ұлып жалғыз отырмын.
Сақан Бәкеңді үнсіз тыңдады. Қоштағаны да, қарсылығы да білін­ген жоқ.
– Сақан, шыныңды айтшы, – деді Бәкең. – Сен кәмөнессің ғой. Мынау кәмөнестердің өкіметі. Немісті жеңдік, енді кімнен қор­қамыз? Тағы да ел ішінен жау іздей бастадық. Сталин «Қойыңдар!» деп айтпай ма? Көзімізді тырнап ашқалы білгеніміз – қуғын-сүргін, ашаршылық пен соғыс. Әлгі «ұш­паққа шығарамыз» деп күндіз-түні алдарқатып жататын социализмнің құлағы да көрінбейді. Жақсылықты өлген соң көреміз бе?
Бәкең астындағы кигіздің шетін астына бүктеп салып, Сақанға қа­рама-қарсы жүрелей отырды. Бейне кәмөнестердің көсеміне шарт қойып отырғандай. Сақан әлі үнсіз. Ернін қатты жымқырып, ойға бат­қан. Майдандас досының жан тол­қынысын түсінеді, бірақ жауабы жоқ. Бәкең тағы сөйлеп кетті.
– Өзімізбен тай-құлындай тебі­сіп, бірге өскен ана Шәкір Әбенов­ты «халық жауы» деп итжеккенге айдапты. Апыр-ау, Шәкірден қандай дұшпандық шығады? Ақын болған соң артық-кем шындықты айтқан шығар.
«Әуелі бұл колхозды бастық жейді,
Кредиттен, складтан астық жейді…
Мұғалім көрінгеннен сұрап жейді,
Бұқалтыр құйыршығын бұрап жейді» – дегені өтірік пе? Ал оның жұрт жылап отырып оқитын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Таңшебер – Жапал», «Кейпін батыр» поэма­ла­рын Мағжан, Ілияс, Бейімбеттердің кітаптарындай өртеп жіберіпті. Атын да ататпайтын көрінеді. Ол да соғысқа қатынасып қан төкті емес пе? Кім үшін? Әрине Кеңес үкіметі үшін. Енді сол адам жау бола ма?
Бәкеңнің екпіні, тіпті күшейіп кетті. Ішіне шемендей қатқан кер­мек ойларын мына иен далада кімге айтсын? «Үй сыртында кісі бар» деген заман. Сондықтан майдандас, сенімді досына ақтарылып отыр. Өзі үшін айтып отыр.
– Шәкір де тек жүрмейді, – деді сөзін жалғап, – Саясатта несі бар? Жұрттың бәрі қолпаштаған Сталин­нің сүйікті ақынына тілі тиіпті. Ел-жұрт қарт жыраудың қазасына қай­ғырып жатқанда оның не айтқанын білесің бе? Білмесең айтып берейін.
– Айтпаймын мен өлеңді кекесінмен
Бөркін қисайта киген шекесінен
Қырық жыл бойы Сталин деп бақылдаған
Қазақстан айырылды-ау текесі­нен! – депті. Сотталуына осы өлең де себеп болса керек.
Жантайып жатқан Сақан осы кезде басын жастықтан жұлып алды.
– Әй, Бәке, – деді бұл өлеңді енді ешкімге айтпа. – Артындағы жақын-жұрағатына кесірі тиер. Сен маған кәмөнессің деп сұрақ қойдың ғой. Білгенімді айтайын. Көзімді тырнап ашқаннан көргенім жетім­дік пен жоқшылық. Он үш жасым­нан дүкен құрып, қолымнан балғам түскен жоқ. Ағайын-туған­ның жақ­сылығын жетім жүргенімде көр­медім десем, күпірлік болар. Оларға алғысым шексіз. Бірақ мені, тақыр кедейді, оқытам, пана болам, ұш­паққа шығарамын, сен де өзіңнің бақытың үшін күрес, өз үкіметімізді құрайық десе неге қарсы болуым керек? Сондықтан кәмөнес болдым. Жақсы өмір үшін күрестім. Кәмөнес­тер мен құран сөзінде көп ұқсастық бар. Соған сендім. Бірақ «құранды молда теріс оқыр» деп Абай құтым айтқандай, кәмөнес­тердің ішінде де сөзінен ісі алшақ, екі жүзді, екі тілділері аз емес екен, адал ниетті бүлдіріп отырғандар со­лар ма деп ойлаймын. Одан арғыға ақылым жетпейді. Көкпайдай ұстаз­дан оқып, сен сияқты мектеп көрген адам емеспін. Өмір бойғы білгенім алдымдағы төс пен балға, маңдайымның адал тері. Шыдайық, артының қайыры болар…
Майы таусылды ма әлеусіреген білте шам жалп етіп өшті. Терезеден бозарып таңның сызы білінді. Сақан орнынан тұрып:
– Бәке, тосыннан жолықсақ та бір-бірімізге сенісіп ішкі шерді тар­қаттық. Таң атып қалыпты, енді ұйқы болмас. Діттеген жер жақын қалды. Боран басылған сияқты. Бала­ларды оятып, еру болатын уақыт жетті, – деді. Екі дос орын­дарынан ширақ тұрды.
– Көкеңнің басына барып құ­ран оқиық, – деді Сақан. – Балалар жуынып-шәйініп, тамақ ішкенше қайтып келеміз.
Мен де ілесіп бірге шықтым. Жалпақ қорадан екі жүз қадамдай жердегі қарайған қорым – Көкбай Жанатайұлының зираты екен. Олар жандарында шошайып отырған маған мән бермей, дұғаны ұзақ оқы­ды. Біз Тақырдан аттанып кет­кенде қырдың үстінде обадай қа­рауытып Бәкең жалғыз тұр еді. Өзі айтқандай, ұстазының моласын, ол жаққан ізгілік отын өшірмей күзет­кен сабаз – иен даладағы арлан бөрі сияқты. Ішін тағы қандай ойлар тырнап жатқанын кім білсін!..
Көп жылдар өтті… 2011 жылы күз айында Шыңғыстауда Көкеңнің 130 жылдық мерейтойы кеңінен аталып, Тақырдың бойына ел-жұрт көп жиналды. Көрген қорымның үстіне таяуда алып кесене салынып­ты. Оның іргесінде ақынның мұра­жайы бой көтерген. Осы екі көрікті ғимараттың ашылу салтана­тында ақын туралы сөз сөйлеп, тұсауын кесу мәртебесі маған бұйырды. Бұл бір жан тебірентерлік сәт еді. Жұрт­тың көңіл күйі ерекше. Ақын өмірі мен өлеңдерін ұрпақтары жатқа айтады. Мұражайдың ішінде оның кітаптары самсап тұр. Жолын қуған алғашқы шәкірттерінің тізімі мен кейбірінің суреттері қойылған. Арасында Бәкең де бар екен. Іштей күбірлеп дұға оқыдым. Көз алдыма бала кезгі көрініс келді.
Өзінің аруақты ұстазының қа­бірін күзетіп, ізгілік отын өшірмей ұстаған Бәкең әлі де сапта тұрғандай әсерде едім.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент, Алаш және
Абай атындағы халықаралық әдеби сыйлығының,
«Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық сыйлығының иегері,
профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*