Әлем назары Түркістанға ауды

1335
2
Бөлісу:

Ұлы ұстаз Яссауидей бабамыз, Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы мен бірқатар сұлтандары және елдің аманатын арқалаған билер мен батырлары сынды ұлтымыздың қаймақтары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның тарихы тым тереңде. Барша түркі әлемінің түп қазығы саналып, ер түріктің бесігі атанып, дәуірлеген Түркістан аумалы-төкпелі замандарды да өте көп көрді. Бір кездері көне қала Қасым ханның пәрменімен мемлекеттің астанасы да болды. Алайда көптеген ғасырларға созылған түрлі соғыстар мен шапқыншылықтарды бастан өткерген рухани шаһар, әсіресе соңғы екі ғасырда Ресей патшалығынан бастау алған отаршылдардың құйтырқы саясатының кесірінен өзгелерге тәуелді бодан ел болып, тіптен жойылып кете жаздаған еді. Дегенмен бабалар армандап кеткен армандар мен аманаттар орындалып, еліміз егемен ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Араға ширек ғасыр салып, еліміз ес жиып, әлемдік деңгейдегі жағдайға жеткенімізде енді, міне, Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Осылайша, мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып, қазір даму жолына түсті. Мұны ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкімдік бүгінде қыруар жұмыстарды жүргізіп жатыр. Алда атқарар толағай жұмыстар мен міндеттер тұр.

Облыс орталығының Түркі­стан­ға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ға­сыр­лар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орна­лас­қан. Бұрынғы Ұлы Жібек жо­лының бойында қоныс тебуі­нің өзі бұл шаһардың стра­те­гия­лық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті, Түркістанды Түркі әле­мінің рухани әрі мәдени ас­та­насына айналдыру мүмкіндігі көп. Яғни, Түркістан облыс ор­та­лығы ғана емес, халықаралық дә­режеде танымал қалаға, Түркі әлемінің ғылымы мен мәде­ние­тінің ірі орталығына айналады. Мұн­да бүкіл түркітілдес елдер қа­тысатын ғылыми конфе­рен­ция­лар мен мәдени шаралар тұрақ­ты түрде өтеді. Сондай-ақ бұл қалада Түркі академиясы, Тү­рік кеңесі мен ТҮРКСОЙ се­кілді халықаралық ұйымдардың бө­лімшелері ашылады деп кү­тілу­де.
Айта кетейік, өткен ғасыр­дың басында, яғни 10 наурыз 1932 жылы Түркістан облысы­ның Оңтүстік Қазақ облысы атауымен негізі қаланды, кейін 1936 жылы атауы Оңтүстік Қа­зақстан облысы деп өзгертілді. Ал 3 мамыр 1962 жылдан бастап 6 маусым 1992 жыл аралығында Шымкент облысы деп аталды. 1992 жылы бұрынғы атауы бе­рі­ліп, Оңтүстік Қазақстан об­лысы деп қайта аталып келді. Биылғы жыл­дың 19 маусымында Пре­зи­дент Жарлығымен Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы Түркістан об­лы­сы деп аталып, әкімшілік орта­лы­ғы Түркістан қаласына ауыс­тырылғаны белгілі. Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесі берілгеннен кейін ол облыстар құрамынан шығарыл­ды. Облыс ауданы – 116 280 км² (ел аумағының 4,3%). Солтүстік жә­не оңтүстік учаскелері ара­сын­дағы алшақтық – 600 шақы­рым.
Осы орайда Елбасы тапсыр­ма­сы бойынша Үкімет пен об­лыс басшылығы өткен үш айға жуық уақыт ішінде қандай жұ­мыс­тар атқарды және алдағы жос­парлары қандай, соған тоқ­тап, саралап көрелік.
Ең басты атқарылған жұмыс ол – 17 тамызда жаңа атауға ие бол­ған облыс әкімдігінің құрамы мен аумақтық орган өкілдері Шым­кенттен жаңа облыс орта­лық – Түркістан қаласына көшіп келді. Атап айтқанда, құрамында облыстың зиялы қауым өкілдері, об­лыс ардагерлері, құзырлы ор­ган басшылары, әкім аппараты қыз­меткерлері, 28 аумақтық де­партаменттің басшылары мен қыз­меткерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қыз­мет­керлері, республикалық жә­не жергілікті БАҚ өкілдері бар. Айта кету керек, көшіп келген бас­қармалар мен аумақтық де­партаменттер қаланың бас жос­парына сәйкес салынатын ғи­ма­раттар салынып біткенге дейін қазіргі жайғасқан орындарды уақытша қоныс етеді.

ҰЛЫ КӨШ ҰЛЫ ІСТЕРДІҢ БАСТАУЫ 

Премьер-министр Бақытжан Са­ғынтаев іссапар барысында кеңес өткізіп, Түркістан об­лы­сы­ның әлеу­меттік-эко­но­мик­а­лық және мәдени даму преспек­тиваларын қарап, алда атқары­лар істі нақтылаған болатын. Қа­ланы дамытудың бас жос­па­рының тұжырымдама­сы­ның жо­басы талқыланды.
Облыс әкімдігі көшіп жатқан мем­лекеттік қызметкерлерді бас­панамен қамтамасыз ету мә­селесін шешіп жатыр. Айталық, тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қыз­мет­керлерге тұрғын үйлер мен жа­тақханалардан орындар дайын­далған. Яғни, қызмет­кер­лерге 67 жекеменшік пәтер жал­дауға ұсынылған. Орта есеппен, мұн­дай баспана айына 50-80 000 теңге болады. Сонымен қатар Түркістанда уақытша орна­лас­тыру үшін жатақханаларда 305 орын, 14 қонақүй, Кентауда – 275 орынды жатақхана мен 7 тұр­ғын үй әзірленген. Түркістан­да 1200 пәтерлік 20 көпқабатты үйдің, Кентауда 420 пәтерлік 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Нысандар құрылысын аяқтау жә­не пайдалануға беру 2019 жы­лы жоспарланған.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында «7 – 20 – 25» бағдарламасын жүзе­ге асыру үшін Әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорация 360 пәтер бо­латын 6 көпқабатты үйдің құ­ры­лысын бастады.
Премьер-министрдің жұмыс са­пары барысында белгілі бол­ғандай, жалпы облыстың өнер­кә­сіп өнімдері өндірісінің көлемі қаң­тар-шілде айларында 250,7 млрд теңгені құрады. Негізгі ка­пи­талға салынған инвестиция­­­лар – 118,5 млрд теңге, бұл 2017 жыл­ғы тиісті кезеңге қара­ғанда 5,1% ар­тық.
Сонымен қатар өңірде білім беру жүйесінің инфрақұрылы­мын дамыту жөніндегі шаралар кешені іске асырылып жатыр.
Биыл республикалық бюджет есебінен 4,4 млрд теңге сомасына 16 білім беру нысанының құры­лы­сын жүргізу, сондай-ақ жа­тақ­ханалар құрылысы мен мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен колледждерді жарақ­тан­дыру шаралары қарастырыл­ған.
Айта кету керек, бүгінде өңір­де 688 мәдениет және өнер ме­кемесі бар: 390 кітапхана, 249 мә­д­ениет үйі, 25 музей және т­а­ғы басқа.
Алғашқы атқарылар басты міндет – Мемлекет басшысы қойып отырған тапсырмаға сәй­кес – қысқа мерзім ішінде бас жоспар бойынша жаңа ғима­рат­тар мен нысандардың құры­лы­сын бастау. Сол себепті, жақын күн­дерде облыста құрылыс жұ­мыс­тарын қарқынды жүргізу жос­парланып отыр.
Мұнан өзге Түркістанның да­муына бизнес өкілдерін де тар­ту көзделген. Бүгінгі таңда жер­гілікті кәсіпкерлерден әлеу­мет­тік нысандарды, қонақүйлер мен басқа да маңызды ғима­рат­тарды салу бойынша ұсыныстар тү­сіп жатыр. Сондай-ақ Түр­кіс­танды дамытуға еліміздің бар­лық өңірлері де атсалысып, түрлі нысандар мен орталық­тарды салу­ға ниет етіп отырса, «Са­мұ­рық-Қазына» ҰӘҚ өз үлесін қо­суды көздеп отыр.
Өңірді дамыту бойынша Пре­­зидент қойған міндеттерді іске асыру үшін қажетті қаражат то­лыққанды бөлінетін болады.
Жалпы, бюджетке келер бол­сақ, 2018-2019 жылдарға арнал­ған облыстық бюджеттің жос­пар­ланған көлемі қайта қаралып, бе­кітілді. Осы жылдағы облыс­тық бюджет 621,6 млрд теңгені құ­рады, ал Шымкенттің бюд­же­тін бөлгеннен кейін облыстық бюд­жет 552,5 млрд теңгеге баға­лан­ды. Ұлттық экономика және Қар­жы министрліктеріне Шым­кент қаласының алдағы екі жыл­дың шығындарын жабуға өтінім бе­рілген. Шымкентте орна­лас­қан облыстық нысандарды (167 өңір­лік мекеме) қалалық мен­шік­­ке беру жұмыстары жүргі­зілу­де.
Аймақ басшысы Ж.Түй­ме­баев облысты және Түркістанды дамыту туралы баяндамасында бі­рінші кезекте, атқарылар ша­ра­лар анықталғанын, Түркістан облысын 2024 жылға дейін әлеу­меттік-экономикалық дамы­ту­дың бас жоспарының жобасы әзір­ленгенін айтты. Кешенді жос­пар 188 шарадан тұрады. Бес жыл ішіндегі қажетті қаражат кө­лемі – 1,3 трлн теңге.
Туристерді тартатын басты ор­талық – Яссауи кесенесі Мә­дениет және спорт министр­лі­гіне тиесілі. Осыған орай, ми­нис­трлікпен бірлесіп Түркия тәжірибесі бойынша кесене маңынан туристік орын құру мақ­сатында кәсіпорын құруды жос­парлап отыр. Түркістанға ту­ристерді көптеп тартуға мүм­кіндік жетерлік. Мәселен, өткен жыл­дың өзінде қалаға миллион­нан астам турист келген.
Айталық, Премьер-министр­дің бірінші орынбасары А.Ма­мин­нің мәліметінше, сәулет­ші­лер қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың біршама жобасын әзірлеген. Қыркүйек айының соңына дейін Бас жоспардың тұжырымда­ма­сын бекіту туралы шешім қабыл­дан­ған. Бекітуден кейін, Бас жос­парды дайындауға байқау жа­рияланады, ол екі кезеңнен тұра­ды: 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін.
Түркістан қаласын түркі әле­мінің мәдени-рухани орталығы ре­тін­де дамыту бойынша бас жоспардың ең үздік тұжырым­да­масын әзірлеуге ашық халық­ара­лық конкурс жарияланған. Бү­гінде Түркістан қаласының ұзақ­мерзімді аумақтық дамуы, мә­дени-тарихи мұрасының сақ­талуына әрі туристік әлеуетін да­мытуға негізделген конкурс­тың жобалар көрмесі ұсынылып жатыр.
Халықаралық байқауға бір­қа­тар шетелдік құрылысшылар мен отандық және шетелдік сәулетшілер де қатысуда.
Бас жоспар бекітілген соң со­ған сәйкес Түркістан қаласын­да жаңа әуежай, теміржол вок­залы, автовокзал, көптеген әкім­шілік ғимараттар мен мәдениет ошақ­тары салынады. Мұнан бө­лек, 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлануда. Демек, алдағы жыл­дары Түркістан қаласы үл­кен құрылыс алаңына айналады деген сөз. Қарқынды құрылыс қа­ла­ға инвестиция құйылуына, көп­теген жаңа жұмыс орында­ры­ның пайда болуына, кәсіп­кер­ліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді.
Мұнан бөлек, Түркістан қа­ла­сында кәсіпкерлікті, ауыл шаруа­шылығын дамытуға да ба­са мән берілмек. Әсіресе, өнер­кәсіп жетекші салаға ай­налуы тиіс. Сондай-ақ Түр­кістан­ның айналасында жылы­жай мен интенсивті баулар көп­теп өсірілмек. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағы­нан туристерге көрсетуге бола­тын экотуризм нысанына айна­ла­ды.

ТҮРКІСТАН ҚАЙТА ТҮЛЕЙДІ 

Әлемдегі елдер Түркістанға на­зар аудара бастады. Олай дей­тініміз, Елбасының Түр­кістан облысын құру жөніндегі жасаған Жарлығына көп өтпей жатып ежелгі қаланы дамытуға көрші мемлекеттерден түрлі ұсыныстар түсе бастады. Атап айтқанда, Түр­кістанды дамытуға жария­лан­ған байқауға бірқатар мем­лекеттер қатысып жатса, Түркия мемлекетінің кәсіпкерлері де ең алғашқылардың бірі болып, үл­кен инвестиция салатын болды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның бизнес өкілдерімен кез­десуі барысында кәсіп­кер­лер­ді Түркістан қаласын дамы­туға шақырды. Атап айтқанда, Түркия астанасы Анкарада қос ел­дің 200-ден астам ресми тұл­ғалары мен ірі кәсіпкерлері қа­тысқан қазақстандық-түркия­лық бизнес форумда елімізден барған өкілдер Түркияның ірі холдингтері мен компаниялары басшыларымен келіссөз жүр­гізді. Нәтижесінде, Түркістан облысына түрік компаниялары 625 млн доллар инвестиция салатыны белгілі болды.
Келіссөздер нәтижесінде 30 жыл­дан бері бизнес саласында көш­басшылардың бірі атанып жүр­ген Түркияның DAL Holding Investment Company холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн АҚШ долларын құрай­тын жылыжай салуға ниет біл­дір­ді. Жобаны жүзеге асыру ба­р­ы­сында жылыжай аумағында тоңазытқыш әрі көкөніс қой­масы салынады. 1000-нан астам жұ­мыс орны ашылады.
Түріктің тағы бір Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti компаниясы 2019 жылы Түр­кістан облысында жиһаз шы­ғаратын фабриканың құры­лы­сын бастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция кө­­лемі – 5 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асса, 130-дан астам жұмыс орны пайда бо­лады.
Сонымен қатар баламалы және жаңартылатын энергия көз­дерін дамыту бағыты бойын­ша Çalık Enerji және Zorlu Holding – Zorlu Enerji атты ірі ком­паниялар 50 МВт қуаты бар күн электр стансаларын салуға дайын екендерін білдірді. Жоба­ның жалпы құны – 120 млн АҚШ доллары.
Кездесулер мен келіссөздер қо­рытындысы бойынша Түр­кістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының ара­сын­да жалпы инвестиция көлемі 625 млн АҚШ долларына 4 меморандум түзілді. Қос тарап бұл меморандумдар Қазақ­стан және Түркияда бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыра­тын механизмге айналып, тығыз коммерциялық байланыстарды да­мы­тып, екіжақты инвестиция­лар көлемінің ұлғаюына және тех­нологиялар трансфертіне не­гіз болатындығына сенім біл­дірді.
Сондай-ақ Түркістан облы­сы­ның әкімі Жансейіт Түйме­баев «Хайвилл Қазақстан» ком­па­ниясының бас директоры Джон Дэ Кангты қабылдады. Кез­десуде екіжақты әріптестікті күшейтіп, Түркістан қаласын да­мыту мәселелері сөз болды. Өңір басшысы құрылыс сала­сында өзіндік орны бар корея­лық компаниямен бірлесіп жұ­мыс істеуге дайын екенін жет­кізді. «Хайвилл Қазақстан» ком­па­ниясының бас директоры Джон Дэ Канг Түркістан қала­сын­да түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер салуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде облыс әкімдігі мен компания бас­шылығы алдағы уақытта да ке­ліссөздерді жалғастыру жөнін­де уағдаласты. Жиыннан соң ко­реялық компания өкілдері Түр­кістан қаласын дамыту жө­ніндегі жобалар мен жоспар­лармен танысты.

БАҚ ӨКІЛДЕРІ ТАБАН ТІРЕДІ

Күні кеше Түркістан облы­сы­на шетелдің жетекші бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өкіл­дерінің алғашқы легі келді. Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен келген делегация құ­рамында Ұлыбритания, Фран­ция, Қытай, Италия, Корея, Польша, Индонезия елдерінен журналистер бар.
Сапар аясында шетелдік қо­нақ­тар тарихы терең Отырар ауданына да барды. Содан кейін олар Қожа Ахмет Яссауи кесе­несі, «Әзірет Сұлтан» мемлекет­тік та­рихи-мәдени қорығы және Түр­кістан қаласындағы басқа руха­ни және туристік орын­дарды ара­лап, тарихымызбен танысты. Этно-мәдени кешен­дегі бой көтерген қазақтың киіз үйіне бас сұғып, дәстүрлі өнерін тамаша­лап, ақ дастарханан дәм татты.
Сондай-ақ шетелдік қонақ­тар Түркістан қаласы маңындағы мақта алқабындағы ақ алтынды жинау сәтіне куә болды. Олар басты тіршілігінің бірі – ауыл­шаруа­шылық саласы екенін және биыл өңірдегі 132 мың гек­тар алқапқа мақта егілгенінен де хабардар болды. Еліміздегі ақ ал­тын өсіріп, экспорттайтын бір­ден-бір өңірдегі шаруа­шы­лықтың бұл түрі шетелдік жур­на­листердің қатты қызығушы­лы­ғын оятты.
«Түркістанда тарихи орындар мен ескерткіштер, көне қалалар көп. Сонымен қатар таулар, көл­дер, өзендер мен көрікті орын­дар да баршылық. Ұлы Жі­бек жолы біздің облысымыздан өткен. Сіздер де өз елдеріңізге бар­ған кезде Түркістан туралы ай­тып, өңір туризмін насихат­тауға үлес қосасыздар деген ой­да­мын. Бүгінгі кездесуде ай­тыл­ған ұсыныстар мен пікірлер «Түр­кістан облысының туристік әлеуетін дамыту» бағдарламалық тұ­жырымдамасын жүзеге асыру­да зор ықпалын тигізе­тініне се­нім­дімін» деді облыс әкімі Жан­сейіт Қансейітұлы шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесуінде.
Кездесуде Польшаның Turystyka.rp.pl агенттігінің өкілі Анна Клоссовска және өзге де журналистер өз әсерлерін айтып, өңір туралы сұрақтар қойды. Ен­деше шетелдік БАҚ өкілде­рі­нің қасиетті Түркістанға қадам басуы еліміздің туристік әлеуетін және Түркістан облысымен қа­тар Қазақстанның беделін ны­ғайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Сол себепті, әлемнің назары ауған қасиетті Түркістанның екінші ты­­нысы ашылды деуге толық не­гіз бар.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. Садирдин Қуат 16 Қыркүйек, 2018 at 14:47 Жауап

    Түркістан-Түркіден тараған 34 елдің Астанасы. Қайта түлейді, жаңаланады қаржы жұмсалынуы өте жақсы! Елбасы мен Ж Түймебаевтың Түркияға сапары жемісті болды. Жасасын Ұлы Тұранның тірегі-рухани Астанамыз-Түрікстан!

Пікір жазу


*