Тұлғаның қазір қажеті бар ма?

531
0
Бөлісу:

Бүгінде еліміз өз алдына әлеу­меттік жаңғыру, үдемелі иннова­циялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойын­ша жаңа ауқымды міндеттер қойып отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылындағы жетістіктерді бекіте отырып, Қазақстан XXI ғасырдың үшінші он жылдығында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қата­рына кіруге ниет білдіріп отырға­ны да әмбеге аян. Бұл жағдай­ларда аға буынның жасампаз істерін жалғастыруға, ұлттық бәсекеге қабілеттің деңгейін одан ары жоғарылатуға, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуі мен әлемге танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктелді. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы осылай басталады.

Жақында жастар мен аға буын қатысқан отырысқа қа­тыстым. Әдеттегі ресми жина­лыс болмағандықтан, еркін әң­гіме өрбіттік. Сөз арасында «Қа­зақстаннан неге тұлға шық­­пай жатыр?» деген мәселе тал­қыға түсті. Бүгінде бізге тәлім беріп жүрген алдыңғы толқын бала кезден біраз сыр шертті. Ол кездегі кумирлер кім еді, олар қалай тұлғаға айналды – бәрі сөз болды. Ақыр соңы бүгінге де келіп жеттік. «Қазір кім бар? Сендер кімге ұқсағыларың келеді» деген сынды сауалды жаудырды. Бірлі-екілі адам­дар­ды сол жерде жиылған жас атап та жатты. Ойға шомып, ұзақ отырдым. Расында, мен үшін идеал кім? Асылы, бұл жерге өз пі­кірімді де қоса кет­кім келеді. Өз басым түбегейлі бір адамды атай алмайды екем. Бірінің көркі, бірінің білімі мен білігі, енді бірінің бірнеше тілді жақсы меңгер­гені һәм тақуалығы ұнайды екен. Десек те, осының бәрі бір адамнан табылмай­тын­дай… Осы ретте бүгінгі қо­ғамға тұл­ға қажет пе, қазіргі қа­зақстандық жастар­дың бет-бейнесі қандай, олар­дың ортақ тұстары бар ма – осыны талқылағанды жөн көрдік.

Арман СҚАБЫЛҰЛЫ, журналист:

ТҰЛҒА ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ҚАЖЕТ

– Ұрпақты тәрбиелеу үшін тұлға ке­­рек-ақ. Қа­­зақстанда қазір осы мә­­селе қы­зық жағдайлар бо­лып жатыр. Ғаламтордың пайда болып, қарқынды дамы­ғанының салдарынан барлық жерде «жұлдыздардан» идеал жасау белең алып келеді. Олардың отырып-тұрғаны, қайда барып, не ішкеніне дейін ел на­зарында. Соған сәйкес, бү­гінде тұлға деген сөздің өзінің мәні кетіп қалғандай сезіледі. Осы жайлы кейінгі кезде көп ойланып жүрмін. Мысалы, менің үш немерем бар. Олардан кімді үлгі тұтатынын, тұлға­лардан кімді танитынын сұрай­мын. Білетіні – жердегі жұлдыздар. Өйткені инс­таграмға кіреді, теледидарды қосады, онда жарқ етіп шы­ғатын тұлғалар – солар. Мы­надай қызықты айтып берейін. Журналистика факультетіне түсетін талап­керлер мен онда оқитындар­дың өзі осы шоу-бизнес өкіл­дерін үлгі етеді екен. Пуб­ли­цистерден кімді білесіз деген сауалнаманың нәтижесі осындай болған. Мұның бә­ріне өзіміз кінәліміз. Идеоло­гияны құртып отырмыз. Тіпті оқулықтарда есімдері аталып жатыр. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс.
Тұлға жасау мақсат ретінде қойылуы керек. Негізінде, тұлғалар бар, жетерлік. Оларға бар болғаны насихат жетпей жүр. Яғни, үлкен бағдарлама жасалуы қажет. Бұл – жай ғана мақтан үшін жасалатын дүние емес. Тұлға ұрпақты тәрбиелеу жолында қызмет етеді. Ол міндетті түрде жур­налист не жазушы болуы тиіс деген заң жоқ. Бастысы, қай салада болсын жастарға үлгі бола алса болғаны. Жеткен жетістігіне ғана қарап емес, адамдығымен де өлшеу керек. Мәселен, Геннадий Головкинді атап өтуге болады.
Біздің бала кезіміздегі идеология басқа еді. Мысалы, кезінде Юрий Гагаринді идеал көріп өстік. Себебі, одақтың құрамында едік. Одан бөлек, хоккейден КСРО құрамасын­дағы Валерий Харламовты да үлгі тұтатынбыз. Ресей қазір оны тұлға жасап, «Легенда №17» сынды фильмдер түсірді. Қазақтан шыққан батырлар да аз емес еді. Серік Қонақбаев, Жақсылық Үшкемпіровтерді кумир етіп өстік. Сондай-ақ тұлға деп тракторшы Кәмшат Дөненбаева, Жадыра Таспам­бетованы санайтынбыз. Қалай, ә? «Міне, тұлға деген осындай болады» деп миымызға құятын. Адамгершілігі жоғары, еңбегі ұшан-теңіз, ерлігімен көзге түскен деп білетінбіз. Қазір ашық-шашық қыздар, жеке өмірімен елді шулатқандар тұлға болып шыға келді.
Қандай қоғамда болсын тұлға керек. Бір адамды идеал жасау керек емес дегенге ке­ліс­пеймін. Американың ойдан шығарып жатқан Шварцнеггер не Рокки сынды батырлары не үшін наси­хатталып жатыр деп ойлайсыз? Мәселе – тек қана прокатта емес. Ол – идеология. Амери­калық рухты ояту мақ­саты жатыр. Яғни, қоғамды алға сүйрейтін нағыз тұлға­ларды дұрыс насихаттау қажет.

Әділбек ЖАПАҚ,
журналист, Кардифф (Ұлыбритания) универси­теті­нің магистрі:

ЖИЫНТЫҚ  ОБРАЗ ЖАСАҒАН ЖӨН ЕМЕС 

– Қазіргі жас­тар кімге елік­тейді? Бұл – бір­ден жауап беру қиын, тым абстрактілі сұ­рақ. Жастардың қазіргі идеалы деп жалпыға телу дұрыс емес шығар. Ондай жалпылау – коллективизмнің сар­қыншақ идеясы. Әр адам –жеке индивид деп қарауы­мыз керек. Сәйке­сінше, әркімнің идеалы демей-ақ қояйын, үлгі тұтатын, соған ұқсағысы келе­тін адамы әртүрлі болады. Сон­дықтан жастардың идеалы мы­нау деп атап-түстеп, жиын­тық образ, role model жасау дегенді аса құптай қоймаймын.
Орда бұзар жас дегеніңіз – өзімнің қатарластарым екен. Өзім құрметпен қарайтын, олардың жасап жатқан ісіне қызығатын, тілеулес болатын жандарым жетерлік. Олар – белгілі IT маманы Арман Сүлейменов, математик Дурвудхан Сұрағанов, әнші Димаш Құдайбергенов, шахматшы Дәрмен Сәдуақасов. Бұл тізімді кеңейте беруге болады. Бастысы, еңбегімен жеткен адамдарды үлгі тұта­мын. Менің дүниетаным ореолым­нан тыс жерде өзінің мақтангерлігімен, псевдо­патриот­тығымен «ел аузында жүрген Едігелер» көп. Өкініш­ке қарай, жұрт соларды бұрын біліп жатады. Ал нағыз еңбек­торы, өз саласының шын мық­ты­лары үшін «тұлпар бойын жасырады» демекші ондай арзан жолмен ат жасаудан өздерін ада ұстайды.
Меніңше, идеал болуға ұмтылу да, идеал тұту да – өзіңнің біреуге тәуелділігің, өз-өзіңді төмен санау, орысша айтқанда «закомплексован­ность» дегеннің белгісі. Еш адам кемел, инсан емес. Кез келген адамның күнгейі мен көлеңкесі болады. Сондықтан «менің идеалым» деп біреуді анық айта алмайды екем. Мы­надай критерий аясына сыятын адамдар құрметке лайық деп ойлаймын: әлеуметтік жоба­лар­мен айналысатын кәсіп­керлер. Мысалы, Марғұлан Сейсенбаев, Айдын Рахымбаев және тағы басқа ғылымға қамқорлық сын көтермейтініне қарамай, ғылыммен айналы­сатын жандар, өзіңің басын өлімге тігіп, талай жанды құт­қарып қалатын бейбіт күннің қаһармандарын айтуға болады.

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,
Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері:

ИДЕАЛ ТҰТУДЫҢ ДА ИІРІМДЕРІ БАР

– Менің ойым­ша, жас ба­ла­ның ең бірінші елік­тейтін адамы – ата-анасы. Өйткені туғалы бері көргені мен тани­тыны – сол жандар. Ата-анаңның мінез құлқы, іс-әрекеті балаға мін­детті түрде сіңеді. Осындайда мына сөз ойыма оралып отыр: «Бала – ата-анасының ай­насы». Осы пікірге толықтай келісемін. Баланың қандай тәлім алуы, белгілі бір бағытты таңдауы, бойжетіп, ер жетуі бірінші ата-анаға байланысты. Өсе келе, өздері шешім қабыл­дайтын кезден бастап идеал­дары пайда бола бастайды. Ол бәлкім, спортта, өнерде тағы басқа салаларда болуы мүмкін. Жалпы алғанда ондай болғаны да дұрыс шығар. Себебі, үлгі тұтқан адамы жүріп өткен жол­мен жас бала «мен де дәл осындай боламын, мен де сол адамның жеткеніне жетемін» деп өз-өзін жігерлендіреді. Бұл сол баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын.
Десек те, адамды қатты идеал тұтып, шегінен шығып кетпеу керек секілді. Өйткені мұндай жағдайда фанат болып кетіп, өзінің тұлға ретінде қа­лыптасуына кері әсер беруі де мүмкін. Қоғамға пайдасы тиетін дүниелер жасап, сауап­ты істерін көріп соған ұмты­латын болса, ол адамның жа­саған жақсы ісі сені де жақ­сылыққа итермелесе, бұл – сол идеал тұтудың оңтайлы нәти­жесі. Мұндайды өте құптай­мын.
Өз басым, көпбалалы жан­ұяда тұрғандықтан, ата-ана­мыздың тәрбиесіне сай бол­ғымыз келетін. Алдыңғы буын ағаларымызды үлгі тұта­тынбыз. Кейіннен спортқа қадам басқаннан бастап Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Юрий Мельничен­ко ағаларымызға ұқсағымыз келді. Ол кездерде интернет жоқ, күрес туралы жаңа­лық­тарды спорт басылымдарынан оқып, сол суретін көріп, қы­зығып оқитынбыз.
Жалпы, адамды идеал тұт­қанда да жақсы мен жаманды ажырата білу керек. Кейбір жастар ерсі қылықтарды бойына сіңіріп алып, «мен сол сияқты болғым келеді» деп қоғамға пайда әкелмейтін, керісінше ар-ұят дегеннен жұрдай болатын қылықтарды шығарып алып жатады. Идеал тұтқан адамыңыз жақсы істердің бастаушысы болып, сен де сол бағытта жүрсең, ондай тұлғадан үлгі алу – өте пайдалы және жақсы тәлім-тәрбие. Қазіргі орда бұзар жастағыларды айта кететін болсақ, мықты мамандар көп. Спортта үлкен додаларда топ жарып жүргендер, ғылымда жаңалық енгізіп жатқан тұл­ғаларымыз бар, шығарма­шылықтың шыңында жүрген ақын-жазушыларымыз бар. Сондықтан бір адамға тоқтал­май, әр саланың өз мықтысы бар дер едім. Ғылымда болсын, өнерде болсын, спортта болсын, артынан еріп келе жатқан жастар да аз емес.

Мадияр САУДБАЕВ,
С. Демирел университетінің PhD, ассистент-профессоры:

ЖАСТАР ТРЕНДПЕН ЖҮРЕДІ

– Бүгінгі жас­­тар үшін идеал кім? Бұл сұрақтың астарында идео­ло­гия мә­се­лесі жатқан сияқты. Негізінен, ол филосо­фияда бір нәрсені идеал­дандыру немесе идолдандыру деп қарастырылады. Жалпы, бір затты, ұғымды не адамды кумир қылып, оған фанат етіп, табындыру десек болады. Екіншіден, идеал адамдар ақпараттың жетіспеуінен не бір нәрсенің қатты дәріптелуі­нен пайда болады. Мысалы, орта ғасырларда Еуропада ренессанс немесе қайта өрлеу дәуіріне дейін шіркеу идеал саналған еді. Бірақ нақ сол кезде ғылымның пайда бол­уымен, ортаға шығуымен шіркеудің идолдық үстемдігі қоғамнан кетті. Яғни, адамдар ғылымға бет бұрып, басқа балама тапты.
Сол секілді Кеңес Одағында да идеологиялық құрал ретінде идеал адам­дардың бейнесі қалыптасты. Соның ішінде, Олжас Сүлей­менов, Мұқағали Мақатаев сынды ақындарды қазақ жастары пір тұтты. Немесе Владимир Ленин бүкілодақтық идол болды. Сталин де солай. Бұдан бөлек, ғарышқа ұшқан Гагаринді көпшілік кумир көрді. Тіпті ғарышкер болуды армандады. Мұның барлығы Кеңес Үкіметінің оқшауланған ақпаратынан қалыптасқан. 1991 жылы Кеңес Одағы ыды­рағаннан кейін біз пір тұтқан идеалға яки ақпаратқа балама ретінде капитализм тудырған ақпараттық айналым келді. Бұл кезде әркім өз идеалын іздей бастады. Мысалы, қазақтар жеті ата, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абылай хан сынды тұлғаларды қайта шығарып, жаңғыру басталды. Солардың тұлғалық қасиеттерін жастар­дың бойына сіңірудің жолын іздеп, ақпарат бере бастады. Біз әл-Фарабиді, Өзбекстан Ибн Сина, Қырғызстан Жүсіп Баласағұн деген сияқты түркі дүниесіндегі ескі ғалымдарын дәріптеді. Сондай-ақ Абай Құнанбаев сынды тұлғалардың мерейтойын тойлау үрдісі қалыптасты. Яғни, әр ұлт жастардың бойына идеал тұлғалардың қасиеттерін сіңіруді мақсат етті.
Енді жаңа заманға, техно­ло­гия дамыған кезге келсек, бүгінде ақпарат көп. Тек қана бір кісіні не идеяны идеал­дан­дыру қате деп ойлаймын. Университетте сабақ берген­діктен, жастармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Олардың идеалдары сан түрлі. Осы мәселеге қатысты пікірім­ді сұрағаныңыздан кейін жас­тардан кімдерді үлгі тұтатын­дарын білгім келді. Бірі физио­ло­гиялық түрге, яғни бет-бейнесіне қарап идеал санайды екен. Бірақ нақты біреуді то­лықтай кумир ретінде көр­мейді. Сильвестр Сталлоне немесе Терминатор деп айта алмайды. Тағы бірі идеал деп әлеуметтік желіде белсенді, оқырмандары өте көп, инс­таграм­да беделді адамдарды атайды. Соған қарағанда, бүгінгі жастардың тағы бір сипаты – қаржылық жағдайы жақсы адамдарды үлгі тұтады. Жаңа дәуір адамдары үшін ақпарат кеңістігі ашық. Сондықтан бір адамды идеал ету өте қиын деп ойлаймын.
Бүгінде тренд деген ұғым бар. Жастар идеал ретінде бір адамды айтқаннан гөрі трен­д­пен қатар жүргенді жақсы көреді. Мысалы, трендті екіге бөлуге болады: экономикалық немесе заттық тренд (киім, сақал, шаш үлгісі) және идея­лық немесе материалдық тренд. Соңғысына тоқталсақ, жас­­тар арасында феминизм жай­лы сөз қозғау сәнге ай­нал­ды. Қоғамдағы өте маңызды дүниені қозғап жатқандай бо­лады. Бұл да – тренд. Яғни, қазіргі жастар трендті алға тар­туды қалайды. Қазақстан­ның даму тарихына қарайтын болсақ, тәуелсіздік алған тұс­тан бері салт-дәстүр не діни идеялық кумирлер ортаға шықты. Сонымен бірге, рухани ізденістер жасала бастады. Көпшілігі мұсылмандықты идеал деп тапты. Енді бірі христиан­дықты басым деді. Міне, осындай тенденциялар бастау алды.

БҮГІНГІ ЖАСТЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ  

BRIF Research Group агенттігі 2017 жылы жастар жай­лы кешенді зерттеу жүр­гізген. Сауалнамаға 14-30 жас аралығындағы 627 респондент қатысқан. Сонымен бірге, статис­тикалық көрсеткіштерге де талдау жасалған. Соның нәти­жесінде, Қазақстан жас­та­ры жайлы бес дерек анықталды.
1. Қазақстандық жастар барынша қарапайым өмір сүргенді ұнатады екен. Басым көпшілігі үшін түрлі стартап­тармен айналысу, Цукерберг секілді шіріген бай атану, жа­һандық жылыну процесіне тоқтау қою сынды мәселелерге бас қатыра бермейді екен. Отбасы болу тақырыбында заманға сай өзгерістер енгені­мен, жас қыз-жігіттер үшін маңыздысы – шаңырақ кө­теріп, балалы болу. Еуропалық жастармен салыстырғанда, бұл мәселеде жастарымыз консер­ватив көзқарас ұстанады. Сауал­нама нәтижесіне қара­сақ, Қазақстан жастарының 10-15 пайызын ғана индивидуа­лист деуге болады. Яғни, бірін­ші кезекте өмірдегі мақ­саттарының жүзеге асыруды ойлайтындардың үлесі осын­дай. Ол қандай мақсаттар? Карьера, саяхат, өзін-өзі дамыту деп ары қарай кете береді. Мұндай жастардың дені Астана және Алматы қаласында тұрады екен. Бір айта кетерлігі, сауалнамаға еліміздің жеті қаласындағы жастар қатысқан.
2. Жұмыс – ақша табудың бір әдісі ғана. Көпшілігі жұмыс істегісі келмесе де, қаражат тапқысы келеді. Барынша бай­лыққа батып, қолайлы жағ­дайда өмір сүруді кім сүй­ме­сін? Десе де, жастардың дені бер­генінен алғаны көбірек бол­ға­нын жақсы көреді. Арма­ның­дағы жұмыс орнын іздеу жо­лында жалықпайды. Ол қандай жұмыс десеңіз – «ма­шақаты аз, ақшасы көп». Ең ұтымды әдіс деп туысқан­ның көмегімен жұмыс орна­ла­суды айт­са болады. Аймақ­тар­да тұра­тын жастар үшін мем­лекеттік қыз­мет, соның ішінде елордада жұмыс істеу – ар­ман. Бірақ кәсіби тұрғыда даму­­ды көздей­тіндердің ба­рын да жоққа шығаруға бол­май­ды. Олардың салмағы Қазақ­стан­ның ірі қалаларында басым.
3. Оқығанды да аса ұната бермейді. Болашақ маманды­ғын таңдауда ойланбайды. Диплом алып, жұмысқа орна­ласу үшін ғана оқиды деген пікір бар. Сонымен бірге, ма­ман­дық таңдауда көбі қысым көреді. Яғни, туыстары мен достарының айтқанымен жү­реді. Қалыптасқан түрлі тап­таурындарды бұзуға қауқар­сыз. Жастардың қателесетін тағы бір тұсы – беделді ма­ман­­­дыққа түскенін үлкен табыстың кепілі деп қарас­тыруында. Яғни, ол кәсіпті қаншалық меңгергенін емес, жай ғана сол мамандықты бітіргенімен өл­шейді. Көп жағ­дайда ата-ана­лар да, талап­керлер де еңбек нарығына тал­дау жүр­гізбейді. Болашағы жарқын деп айты­латын ма­ман­дықтар­дың шын мәнінде, салмағы жоқ болуы мүмкін дегенді ескеру керек. Мысалы, гуманитарлық салаға кеткен мамандар өте көп. Соның сал­да­рынан техникалық маман иелеріне тапшылық бар. Мұ­ны есте ұстау қажет. Білім алуға деген құлшынысың төмен­деуіне білім сапасы да әсер етеді. Көбі елден гөрі шетелде оқығанды құп көреді.
4. Жастар арасында елден кетуге деген құштарлық бары байқалады. Зерттеулер нәти­жесіне үңілсек, жастардың 41 пайызға жуығы Қазақстаннан мәңгіге көшіп кеткісі келеді не болмаса сапалырақ білім алу үшін өзге елде оқығысы ке­леді. Бұған экономикалық ахуал әсер етеді. Өйткені ел­ден кет­кендердің көбі жала­қысы жо­ғары, білімі жақсы болған­дық­тан осындай шешім қабыл­дай­ды. Мұндай тенден­ция сол­түстік аймақтағы жастарда басым.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*