Марафон қатысушылары Головкин-Альварес жекпе-жегін қалай тамашалады?

691
0
Бөлісу:

Астана марафонына жиналған жұртшылық Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегін тікелей трансляция арқылы лэд экрандардан тамашалады. Көптен күткен жекпе-жек кезінде халық Головкиннің соққылары басым түскен сәттерде қошемет көрсетіп, қуанып, қарсыласынан айласын асыра алмаған тұстарда қазақстандық спортшыға алаңдаушылық білдіріп тұрды. 

Серікбай Сағымбеков:

Бәріміз Головкиннің жеңісіне күмән келтірмейміз. Бүгін марафонға қатысып, жанкүйерлер сапынан табылғаныма қуаныштымын. Генаның соққылары жақсы. Мексикалық боксшыдан басым түсері анық. 

Жанкүйерлер арасынан Геннадий Головкиннің бірнеше раунд қатарынан қарсыласымен тең түсіп, айқын жеңісті жақындатпағанын «қазақстандық спортшының өзіндік әдісі» деп танығандар да табылды.

Марат Шикубаев: 

Біздің ұлттық батырымыз сегізінші, тоғызыншы раундта бәрібір жеңеді. Өйткені, ол – үздік. Қарап отырсаңыз, Головкин қазір аса көп күш жұмсамай, қарсыласын шаршатудың амалын жасап жатыр. Соңғы раундтарға қарай, Альварестің бойынан әл кете бастағанда, Головкин соққыны үдетіп, қимылын ширатады. Бұл – оның негізгі тактикасы. Гена әдетте қарсыластарын әуелі жеңіске әбден дәмелендіріп барып, ойсырата жеңеді. 

Рауза Катаева:

Балам Головкинді ерекше жақсы көреді. Ол – өте мықты тұлға. Кәсіби спорттағы Генаның қазіргі сыны үлкен екені сөзсіз. Алаңдаушылық басым. Мексикалық боксшы да осал емес. Головкиннің техникасы жақсы ғой. Бүгінгі жекпе-жек бүкіл Қазақстан, тіпті, әлем үшін өте маңызды. 

Головкиннің жекпе-жектің соңғы минуттарына қарай белсенділік танытып, қарсыласына қарай жұмсаған әр жұдырығы жиналған жанкүйерлер тарапынан қолдау сөздер мен айрықша қошеметке ие болды.

Төрешілер шешімі жарияланғаннан кейін, жеңістен үмітті халық артық сөзсіз кейін бұрылып жүре берді.

Кетіп бара жатқан халықтың арасында әркімнің өз достарымен, жанындағы таныстарымен жекпе-жек қорытындысын талқылап бара жатқаны естілді. Біреу «Сауль Альварес допинг қолданған шығар» деп күдіктенді. Енді бір азамат Геннадий Головкиннің Қазақстанға орны бөлек мәртебе сыйлағанын, оның алдыңғы үзіліссіз жеңістерін еске алды. Оған басқалары да қосылып, қазақстандық спортшының мықтылығына күмән келтірмейтіндерін растады. Тағы бір топтағылар Головкиннің спорттық карьерасының ары қарай қалай жалғасатынын сөз етіп, екіншілері «Қазақтың бар жинағанын бір күнде жоғалтса, «садақа» дейтін сабыры бүгін Головкиннен байқалды» деген пікір айтты.

Динара Тілеубек

Бөлісу:

Пікір жазу


*