ТОҚАЕВ ДЕТЕКТИВТЕРІНІҢ ТӨРЕСІ – «ТҮНДЕ АТЫЛҒАН ОҚ»

3087
0
Бөлісу:

Қазіргі қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының қарымы қандай? Қаламы детектив жазуға қабілетті қай қаламгерді атай аласыз? Осындай сұрақтар туындаған кезде, ойланып-ақ қаласыз. Неге? Өйткені бүгінгі күннің детективтері бұрынғы Кемел Тоқаев бастаған кемел тұлғалар көтерген зәу биікке көтеріле алмағаны анық нәрсе.

Былай қарасаң, детевтив жанры сыртынан қарағанда шым-шытырық оқиғаларға құрылған әдебиеттің оңай жанры секілді көрінеді. Ал оған ішкерілей енсең, нағыз «инемен құдық қазғандай» бейнетті жанр екеніне көз жеткізуге болады. Детективті ішкі қуаты мол, интелегенциясы жоғары, қиялы ұшқыр қаламгерлер ғана індете жазып, оны оқырмандарға қызықты етіп жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ детективінің көрнекті өкілі Кемел Тоқаев керемет суреткер, сұңғыла жазушы. Әлем детективінде Артур Конан Дойлдың аты қандай танымал болса, қазақ детективіндегі Кемел Тоқаевтың да орны сондай биік.

Кемел Тоқаев қалың оқырман сүйіп оқитын детектив жанрына тереңінен сүңгіп, маңызын, қаспағын дөп сүзіп, болашаққа теңдессіз мұра ретінде роман, повесть, хикаят, әңгімелерін жазып қалдырды.

Оның қаламынан туған шым-шытырық оқиғалардың қай-қайсысы да оқырманды ойландырады, шығармалар тереңіне тартып әкетіп, қызықтыра түседі. Оқиға қалай аяқталар екен, кейіпкерлердің тағдыры қалай түйнділер екен де шығарманың соңына жеткенсе, жан таппайсың, безек қағасың. Осының өзі-ақ Кемел Тоқаевтың нағыз шебер екенін айғақтай түседі. Тоқаев туындыларындағы әдеби болжамда шындықпен тоқайласты, ақиқатқа айналды.

Қаламынан төгілген әр шығармасы шым-шытырық сюжетке, ұлттың болмысын ұлықтауға, батырын қастерлеуге құрылған қаламгердің өмір есігін ашқанына ­­­­­­­– ­95 жыл.  Кемел Тоқаев – Қаратал баурайында дүниеге келген, еліміздің сол жылдардағы үш негізгі басылымда жауапты қызмет атқарған, оншақты шығармалар жинағының авторы, қажырлы еңбегіне орай марапаттарға ие болған, әдебиет әлеміне өлшеусіз үлес қосқан, «ел мүддесін майданда – қарумен, бейбіт күнде – қаламмен қорғаған» майдангер һәм кемеңгер тұлға. Оның алғашқы «Жұлдызды жорық» деп аталатын шығармалар жинағы 1954 жылы жарыққа шықты. Осылайша Тоқаев қасиетті әдебиет әлемінің табалдырығын аттады. Бұдан кейін де оның қаламынан «Көмескі із», «Тасқын», «Сырғабанда болған оқиға», «Арнаулы тапсырма», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» секілді шығармалары бірінен соң бірі жарыққа шығып, қалың оқырманның әділ әрі оң бағасын алды. Қазақ детективінің қорына қарулы қаламгердің «Солдат алысқа кетті», «Соңғы соққы» секілді романдары қосылып, қазақ әдебиетінің қоржынын қомпайтты.

Соғыс туралы шығармаларды сол соғыстың бел ортасында ғана қан кешкен адамдар ғана жандандырып жаза алады. Детектив әдебиетінің бойына қан жүгіртіп, жан бітіретін де – солар, соғыс көргендер. Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсеновтің шығармалары неге шынайы? Себебі олар отты жылдары майдан даласының нағыз қаһармандарына айнала жүріп, қаламнын ақиқатқа суарды. Осы қатарға Кемел Тоқаев, Қалмұқан Исабаевты да қосуға болады. Олар да – отан үшін от кешкен, кеудесін оққа төсеген нағыз ерлер, қаламына бірде бір жалған қоспаған жалынды жазушылар.

Кемел Тоқаевтың бүгінде лайықты бағасын алған, шытырман да шынайы оқиғаға негізделген шығармаларының бірі – «Түнде атылған оқ».  Оыс повесінің қызықты сюжеті мен толымды мазмұнына аз-кем тоқталып өтсек.

«Түнде атылған оқ» – кең пішілген, детектив жанрында жазылған повесть. Шығармада тәртіп сақшыларының қылмыскерлерді ашудағы табанды қимылдары, аңыз болар ерен істері суреттеледі. Отан алдындағы парыз, адалдық, тергеу кезіндегі қара қылды қақ жарған әділдік – кітапқа енген шығарманың негізгі арқауы.

«Түн. Дала шырттай қараңғы. Жауын себелеп тұр. …Мүлгіген орман үсті бір сәтке жарқырап ашылып, қайта түнерді. Мырзаш қосауыз мылтығын асып, босағада тұрған. …Кісі түскен орман тұсын шапшаң болжап алды да солай қарай беттеді. … Мырзаш қарт «Қорқау үңгірден» шамалап, төте жолмен қия тартып келеді. Тоқтап-тоқтап құлақ түреді. Әлден уақытта жылым жақтан біреудің ырсылдап, ентіккен үні естілді. Мырзаш дауыстады.

– Ей, бұ қайсың? Бермен қарай жүр. Аржағың жылым, өлесің.

…Түнде атылған оқ қара орманды жаңғыртты. Мырзаш кеудесіне біз сұғып алғандай сезінді. Жандырып күйдіргендей. Сол сәтте есінен айырылып, талықсып құлап бара жатты. …»

Шығармада сипаттап жазылғандай, оқиғаның басы қарсы жақтан келген жансыз – кінәсіз, өзіне жаны ашыған Мырзаш қартқа оқ атып, оны жарақаттауынан өрбиді. Мырзаш қарттың бар ойы: жоғарыда аталған «Қорқау үңгір» – қара орманның сол жақ тұмсығында орналасқан. Ашаршылықта қорқау қасқыр ұя салып, күшіктесе керек. Ар жағы жылым, батпақ болғандықтан, келе жатқан адам тайып мерт болмасын деген қамқорлығы еді. Бірақ бірінші адамның арам ойынан, екінші бейкүнә адамның зардап шегуі – өмір заңдылығы. Ары қарай дәл сол күні дұшпан  жақтан парашютпен келген Якутов-Наматхан құрықталады. Оқиға тергеумен жалғасып, қызықты өрбиді.  Мырзаш қарттың жұбайы Қалампыр кемпірдің қылмыскерді мейіріммен үйіне кіргізуі, бәрі сәтімен жалғасын табады.  Тіпті Бақытжан мен Алтыншаш есімді жігіт пен қыздың арасындағы кіршіксіз сезім мен жүрек жартысына деген адалдық, тұрақтылық та әсерлі, қызықты орын алған.

Мысалы: « …– Біз жігітімізді қара жұқа қосып, жасырып, бүркеп жүрсек, бұл қыз оны студент кезінен біледі екен ғой. Неге айтпаған?  – деді. – Атқарып жүрген жұмысына бөгет жасамайын деген ойы шығар. Қыз ақылды екен. Мен бұл хатты иесіне табыс етейін, – деп Талғат газет қиындысын қалтасына салды». Бұл жерде Алтыншаштың, қазақ қызының образын  екі ауыз диалогпен ашып тұр. Қазақ қызының ұлт мүддесіне, ерінің мүддесіне деген – адалдығы.

Ал оқиғаның шарықтау шегі  Черноносов есімді қылмыскерді құрықтау барысындағы қызықты сюжеттермен негіз тапқан. «… Бұл мезгілде Черноносов бақ ішінде, шөптің арасында тығылып жатқан еді. Қалаға келгеніне бірер сағаттай өткен. Соңына түскен қуғыншыны байқай қоймады. Оның үсітне «қауіп жоқ» деген шартты белгіні білдіретін терезенің қақпағы жабық еді. Черноносовта үйдің екінші кілті болатын.Есікті ашып, жайлап ашып, түпкі үйге кіре бергенде, қарулы, мығым қолдар тапжылтпай ұстап, қолына кісен, мойнына темір мойынтұрақ салды. Осының бәрі бірер секунттың ішінде жасалды. Жағасындағы улы ампулды шайнап үлгірмеді.

Машинаға алып келгенде Черноносов өз қолымен жолда «атып тастап» кеткен Бақытжанды көрді. Артқы кабинада жайбарақат отыр. Түнде оқ атылмағанын, алданғанын Черноносов сонда ғана ұқты…». Міне, повесть осылай қорытындыланады. Яғни, оперативтік топтың жүйелі жоспары, тынымсыз адал еңбектерінің нәтижесінде қылмыскер құрықталады.   Шығарманың жүрегі – қызықты сюжеті болса, 62 тамыр – шығарманың кейіпкерлері. Жазушы бұл шығармадағы кейіпкерлердің кескін-тұлғасын, іс-әрекетін,  мінезін сол ортаның, сол заманның өзгешелігін танытып, типтік сипаттарымен қатар өзінің басына ғана тән ерекшеліктерін де анық байқатып сипаттаған. Ең бастысы, реализм бар. Мысалы, қылмыскер Черноносов – айлакер, қу, алдымен қисық-мұрын Пәшкенің баласы, одан соң Аркадий Антонович, үшінші Ашырапов сынды жалған аттарды жамылған тыңшы және кісі өлтіруші. Аңғал, надандығымен оның қолындағы қаруына айналған – Глинов, қызға тән ақымақтығымен, Черноносовтың қолынан өлім құшқан – Зинаида Рябова. Қызының артынан жоқтап қалған ана – Таисия Каменовна.  Ал әділдікті кейіпкерлер, оперативтік топ мүшелері – майор Бөгембаев, Талғат, Бақытжан, Нәсір өз қызметтеріне адал, еңбекқор әскерилер.  Қазақ шаңырағындағы ата-әже образын ашқан – Мырзаш ата мен Қалампыр әжей. Алтыншаш –  ақылына көркі сай ару. Тіпті Черноносов пен Талғаттың бір поезда келгенін аңғарған да, Талғаттың  ішпеген сау екенін көзінен байқаған да, еріне демеу бола білген де Алтыншаш еді.  Бұл кейіпкерлердің әрбір айтқан сөдері мен қимыл, іс-әрекеттері  шынайы болған оқиғаға, бұлтартпас деректерге негізделген.

Ешкіөлместің баурайында орын алып, Таразы қаласы, Мәскеу, «Құшай» селосы, Көктал, Көлбастау сынды үлкен қалалар мен кішігірім ауылдар арасында өрбіген бұл детективті шығарманың негізгі мақсаты – қызметтеріне адал тәртіп сақшылары мен көңілдері дархан, таза адамдардың қоғамға кесірін тигізетін қылмыскерді құрықтау барысындағы ең ұтымды тұстарын қалың оқырманға шынайы жеткізу. Ол осы шығармасы арқылы  өзі өмір сүрген қоғамның қасіреті болған жат тірлікті шытырман оқиғаларға желі етіп, сабақ алар, салмақты мұра қалдырды.

Оқиға барысы – ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлер болмысымен,  әсте қайталана бермейтін ұтымды диалогтармен, мағынасыз тірлікке емес, заман шындығына құрылған ащы шындықты астарлап, бірақ миға сіңімді, ойға қорытатындай жеткізілуімен ерекшеленеді. Шериаздан Елеукенов айтпақшы, «…Осы жаппай оқылатын жанрдың майын ішкен Кемел Тоқаев енді детектив формасын ар-ождан, құлық тақырыпты проблема көтеру мақсатына пайдаланған. Әдетте бөгде әңгіме шытырман оқиғалы шығарманың заңына қайшы келіп, шиеленіскен жұмбақ жағдайлардың шешілу қарқынын бәсеңдетеді. Детектив шығарманың шеңбері қылмыстың жасалуы мен әшкерелену шеңберінен аспауы тиіс. Сонда да Кемел апас-құпас оқиғалары шапшаң алмасып, тартысы қатты бұралған домбыра ішегіндей шертіп тұрған сюжеттен саңылау тауып, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ойын дамытатын тақырыптың жаңа бір қырын тауып, үлкен әңгіме қозғайды».

Рас, Кемел Тоқаев – қаламы қарулы, майданда қалам мен қаруды қатар серік еткен, детективтері арқылы оқырманнан лайықты бағасын алған талантты жазушы. Оның шығармалары – қазақ әдебиетінің баға жетпес бай мұралары. Келешек детектив жанрының жалынын тартып мінер жас жазушылар Тоқаев шығармаларын өздерінің темірқазығы етіп ұстанатыны бек анық. Кемел ағамыздың бір кемел ісі болса, ол – уақыттан оза білгенінде, болашақты бес саусағындай тани алғанында дер едік. Ондай қабілет басқа қаламгерлер үшін арман ғана. Ендеше, Кемел Тоқаевтың шытырман шығармалары – шындықтың туын желбіреткен, оқыған жанды елжіреткен, кеше де, бүгін де, болашақта да оқырманның ой-сезімін сәулелендіретін, ізгілетін, қиялына қанат бітіретін баға жетпес байлық деуге толық негіз бар.

 

Жанерке АХМЕТ,

ҚазҰУ-дың 4-курс студенті

Бөлісу:

Пікір жазу


*