АСТАНАЛАР АРАСЫН ЖАЛҒАУ МАҢЫЗДЫ

492
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңғыру 3.0», «Революция 4.0» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында біраз тапсырмалар берген болатын. Елбасының бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын бастау жобасы бар. «Қараөзек» компрессорлық станcасынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында 2,7 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталатын болады. Осы ретте Үкімет «Қызылорда – Жезқазған» автожолын да дамытуы тиіс.

Елімізде тәуелсіздік жылдары ішкі қатынас жолдарының құрылысы қолға алынды. Мұның бәрі жақсы. Үкіметтің жоспарына сәйкес, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылы жолдың 211 шақырымы, 2016 жылы 469 шақырымы, 2017 жылы 5 296 шақырымы, 2018 жылы 480 шақырымы ақылы жүйеге көшірілуі керек. Бұл ретте, Щучинск – Астана автожолы ғана ойда­ғыдай жұмыс істеп тұр. Жол жақсы болса, ел ақысын төлеуден қашпайды.
Қызылорда – Жезқазған арасын жалғайтын жол неге созбаққа салына береді? Бұл үшін алды­мен «Сарыарқа» газ құбыры тартылуы керек екен. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек «Жергілікті жолдарға енді жыл сайын 150 миллиард теңге бөлінетін болады. Жар­ты­сы – ор­та­лық бюджеттен, жартысы – жергілікті бюджет­тен. 50 пайыз бен 50 пайыз. Енді осы қаражаттың арқасында жыл сайын жергілікті жолдардың 4 мың шақырымы жөнделетін болады» деген еді.
Қызылорда – Жезқазған жол учаскесін қаржыландыруға Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі ықтияр. Жол құрылысына 2020 жылы халықаралық қаржы институттарынан қарыз алу жоспарланған.
Парламент Мәжілісіндегі дағдарысқа қарсы шараларға арналған Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Жезқазған – Қызылорда автожолын «үнем­делген қаржыға саламыз» деп мәлімдеді. Экс-депутат Мұхтар Тінікеев «Қызылорда – Жез­қазған – Қарағанды» трассасы «Нұрлы жол» бағдарлама­сына енгенімен неге екені белгісіз, қа­зір оны тізімнен ысырып тастамақшы деп сауал жолдаған. «Автожол – қанша рет кө­теріл­ген мәселелердің бірі. Үнемделген қаржыны (шамамен 11,5 млрд теңге) Жезқазған – Қы­зыл­орда жолын қаржыландыруға бөлінетін болып келісілді. Елбасы қалай келісімін береді, солай жобаны жүзеге асыратын боламыз» деген еді министр. Одан бері де біраз болды. Еш өзгеріс жоқ.
Парламент сенатының жалпы отырысында «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Қызылорда – Жезқазған» жолы құрылысына қаржы 2020 жылы бөлінеді» деп мәлім еткен. Ұзындығы небәрі 427 шақырым автожолды жөндеу жұмыстарына «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Қы­зылорда – Жезқазған» жолы да кіреді. Қазір бюджетте жол құрылысын қаржылан­дыруға мүмкіндік жоқ көрінеді. Ел өміріндегі өзекті күрежолды салуға шамамен 3 жыл кетеді екен.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских «Қызылорда – Жезқазған» арасындағы жолдың сапасы туралы мәселе көтерген. «25 тамыз күні Қызылорда қаласынан Астанаға жеке автокөлігіммен келген болатынмын. Ара қа­шық­тық – 1164 шақырым. Қызылордадан Жезқазғанға дейін 420 шақырымды 8 сағатта басып өттім. Неге десеңіздер, оның 220 шақы­рымы апаттық тұрғыдан өте күрделі. Машина жылдамдығын 40-50 км/сағ асыра алмайды. Жол бойында бұзылып жатқан 4-5 машинаны көзіммен көрдім. Осы жолға үлкен назар аударғанымыз дұрыс деп білемін. Жүргізушілер өте үлкен зардап шегіп жатыр». «Том Харди түскен «Ессіз Макс: Қаһарлы жол» деген фильмді көрдіңіздер ме? Осы фильмді көрген соң «Қызылорда – Жезқазған» жолымен жүруге болады. «Мерседесіммен» бұл жолды 40 км/сағ жылдамдықпен сегіз сағат жүріп өттім» деді ол.
Қазіргі таңда Түркістан, Қызылорда тәрізді қазақтың ескі астаналарымен ел ордасының арасын жалғау өте маңызды. Бір жағынан бұл жол Астана мен Түркістан, Қызылорда арасын жақындатады. Екінші жағынан Астанаға көкөніс, бақша дақылдары дер кезінде жетеді. Үшіншіден, оңтүстік өңір мен солтүстік аймақтың халқы тығыз араласады. Үкімет «қаржы игерілмей жатыр» деп дабыл қағуда. Неге сол «игерілмейтін» қаржыны дәл осындай ішкі қатынас жолдарына бағыттауға болмайды? Кейінге ысыра бергенше, мемлекетке де, ұлтқа да пайдалы жобаны қолға алса, қайтеді?..

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*