ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ МӘНІН ҰҚТЫРҒАН ТУЫНДЫ

840
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» деп өткен ғасырға тарихи баға берген болатын.

Сол ХХ ғасырдың ең бір ауыр тұсы – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық. Кей деректе 3 миллион, соңғы деректер бойын­ша 3 миллион 700 мыңға дейін қазақты қырып салған осы бір зұлмат кезең елімізге сұмдық соққы жасады. Сол соққыдан әлі күнге ес жия алмай жатыр­мыз. Бұл өзі – қазақ әдебиетінде, әсіресе, киносы мен деректі фильмдерде сирек қозғалатын тақырып. 1916 мен 1938 жыл­дар аралығындағы қазақтың қасіретін көрсеткен фильм саусақпен санарлық қана. 1986 жылы Амангелді Тәжібаев түсірген «Кейкі» көркем фильмі мен «Аманай мен Заманайды» жақсы білеміз. Режиссер Дамир Манабаевтың «Сұрапыл Сұржекей», Сламбек Тәуекелдің «Жер­ұйық» деп аталатын көркем фильмде­рінде, Жандос Еспенбетовтің қысқа­метраж­ды «Жұт» фильмінде, Бақыт Қайырбековтің Жұмат Шанин туралы деректі фильмінде ашаршылық ашық болмаса да, жанама түрде көрсетіледі. Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмінде де ашаршылық жағдайы тұспалдап болса да беріледі. Еркін Рақышевтың «Ашар­шылығы» кейінгі кезеңде түсірілді. Бұған «Жетісу» телеарнасы түсірген «Бір уыс бидай» деректі фильмін қосыңыз. Деректі фильмнен Қалила Омаровтың біршама дүниесі бар.
Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» «Талан» атты толықметражды көркем фильмді түсірді. Режиссер Болат Қалымбетов «Бұл фильм тарихымыздың ең қиын кезеңдері – жиырмасыншы ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында орын алған оқиғаларды қарапайым адамдардың өмірі арқылы суреттейді. Фильмнің мақсаты сол – замандағы адам бейнесін экранда көрсету. Фильмнің сценариі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қас­қыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған. Кинофильм тарихымыздағы аса күрделі кезеңді адам болмысының құбылысы арқылы танытқысы келеді. Тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен бай­ланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы – тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан – тағдырдың синонимі» дейді.
Кеше Алматы облысының Райымбек ауданында түсірілген фильмнің тұсау­кесері болды. Сценарийін Ғазиз Насыров пен Болат Қалымбетов жазған екен. Актерлік құрам да келісіп тұр: Ерік Жолжақсынов (Таласбек), Шынар Жанысбекова (Бибісара), Ержан Нұрымбет (Шорман), Ұлан Нүсіпәлі (Шүкір), Оңдасын Бесікбасов (Қастек), Асан Киркабаков (Тағай), Жасұлан Әйтенов (Керім), Қаршыға Әлікенов (Тағайдың бала кезі), Аян Өміржан (Керімнің бала кезі).
Фильмді көрдік. Алған әсеріміз күшті. Мемлекет қаржысына осындай кинолар түсірілуі тиіс. Ең бастысы – «Талан» көркем фильмін көріп отырып, қазақ тарихындағы зұлмат кезең туралы жақсы кино түсірілгенін айтуымыз керек. Бір жоқтың орны толғандай. Дегеніміз болғандай! Осы фильм арқылы бүгінгі жас ұрпақ Тәуелсіздіктің бізге оңайшы­лықпен келмегенін, халқымыз Азаттық жолында талай қайғы-қасірет шеккенін терең ұғынса дейсіз! «Қазақфильмнің» кей туындысы жалпақ экранға шықпай, сөреде жатып қалатыны бар еді.., сондай боп жатып қалмағай, қалың көрерменге жол тартқай!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*