ENGLISH FOR JASTAR БАСТАЛДЫ

545
10
Бөлісу:

Елімізде ағылшын тілін оқытуға ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері жемісті жұмыс жүргізіп келеді. партия қолғанатына айналған қыз-жігіттер кеше тағы бір бастаманы қолға алды. Нақтырақ айтсақ, ендігі жерде еріктілер елдімекендерде әлемдік қатынас құралына айналған тілді оқушыларға тереңірек үйретуге кіріспекші. Осылайша, «Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» қауымдастығы ауылдық мектептердің оқушыларын ағылшын тіліне оқыту жөніндегі партиялық English for Jastar жобасын сәтті бастады.
«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты бір топ еріктілер жасағын салтанатты жағдайда аудандарға шығарып салды. Партияның Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бейсембаевтың айтуынша, бұл жоба ал­ғашқыда облыстың жеті ауданында – Аман­гелді, Жангелдин, Денис, Жітіқара, Са­ры­көл, Таран және Федоровта іске асы­рылады.
Жобаға қатысуға 12 ерікті тілек білдірген. Оның ішінде жоғары оқу орындарының 9 студенті, Жітіқара политехникалық кол­леджінің 1 оқытушысы және ағылшын тілін білетін шетелдік 2 азамат бар.
Партиялық English for Jastar жобасы аясында 141 еріктілер 20 қыркүйек пен 20 қа­раша аралығында ауыл балаларымен жұмыс істеп, олардың ағылшын тілінде сөй­леу дағдыларын дамытумен айналысады. Жоба Қазақстанның 84 ауылдық аймақтары мен аудан орталықтарындағы 7000-нан астам баланы қамтиды. Бұл Елбасының Қазақ­станда ағылшын тіліне оқыту және үштіл­ділікті дамыту бағдарламасына қосатын партия­-лық үлесі болмақ.
Еріктілерді іріктеу де оңай болмағаны анық. Мәселен ағылшын тілін білу Intermediate деңгейінен төмен болмауы, орыс және қазақ тілдерін еркін меңгеруі, еріктілер қатарында, балалармен жұмыс істеуі, сол сияқты ұстаздық тәжірибелерінің болуы талап етілді. Ең маңыздысы – ауылдық мек­теп оқушыларының ағылшын тілін игеруіне көмектесуге деген зор ынтаның болуы.
Жобаға қатысушылар аудандардың барлығында баспанамен, тамақпен, дәрі­герлік көмекпен, қауіпсіздік және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.
– Жоба облыстағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университеті, А. Байтұр­сынов атындағы Қостанай мемлекеттік ун­иверситеті және Арқалық мемлекеттік пе­дагогикалық институты тарапынан қол­дау тапты. Шараға келген, Хусаин Хасенұлы мен Еркін Аманжолұлына және аудан әкімдеріне алғысымызды айтамыз. Жо­баның алғашқы қарлығаштарына сәт­тілік тілейміз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бейсембаев.
Өз кезегінде А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры Құсайын Уәлиев бұл жоба­ның ауқымы кең екенін және оған қатыс­қан студенттердің басқаларға үлгі болатынын айтты.
Студенттер тарапынан сөз сөйлеген Әсия Сүндетбаева: «Маған Таран ауда­нындағы жастарға ағылшын тілін үйрету бұйырды. Сабағыма 25 адам қатысады. Екі айда оларды ағылшын тілінде еркін сөйлеуге үйретемін және осы мақсатта бар күш-жігерімді жұм­сап, біліктілігімді жетілдіруге қолдау біл­дірген «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз», – деді. Ал Павлодар облысы бо­йынша 6 аудан іріктеліп алынып, 12 ерікті жолға шықты.
Осындай игілікті шара Алматы об­лы­сында да басталды. Бұл партияның облыс­тық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыровтың, жас еріктілер мен жасотан­дықтардың, партия белсенділері мен ұстаздар қауымының, облыстық фи­лиалдың саяси бөлімі қызметкерлері мен жаңа партиялық жобалардың жүзеге асы­рылуына жауапты мамандардың қатысуы­мен Көксу ауда­нындағы коворкинг орталы­ғында өткен кездесу барысында хабарланды.
Аймақтағы тілшіміз Болат Абағанның хабарлауынша, English for Jastar партиялық жобасы аясында аймақ бойынша ха­лықаралық «Болашақ» стипендиясы қауым­дастығына сұхбаттасуға жөнелтілген 10 студент іріктеуден сүрінбей өтіпті. Олар енді шалғай ауылдарға барып, балаларға ағылшын тілін үйретуге дайын отыр. Жобаға қатысушы студенттермен өткізілген кез­десулер кезінде оларға нақты міндеттер мен тапсырмалар берілген. Еріктілер Ақсу, Алакөл, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Пан­филов ауданда­рындағы алты мектептегі 9,10,11-сынып оқушыларына аптасына 3 рет ағылшын тілін үйретеді. Жоспар бойынша 500 оқушы оқытылады.
Шет елдерден келетін еріктілер Көксу, Панфилов аудандарына барады. Ерік­тілердің тұратын жері, сабақ өтетін орны, ағылшын тілін үйрету сабақтарының кестесі бекі­тілген. Студенттердің аудан­дарға баруы мен қайту мәселесін шешу аудандық партия төрағаларының орын­басарларына жүктелді.
English for jastar жобасы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала аудандарында жүзеге асырылады. Жобаға барлығы 12 ерікті қатысады.
Мектептердің 9,10,11-сынып оқушы­лары күніне 2 сағаттан сабақтан тыс уақытта аптаның 5 күнінде ағылшын курсына қатыса алады.
Батыс Қазақстан облысы бойынша жоба Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала ауданында пилотты түрде жүзе асады.
– Партиялық жобаны іске асыру үшін арнайы еріктілер тобын жасақтап отырмыз. Олар – Орал қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері. Соның ішінде екі шетел азаматы бар. Олар да ерікті ретінде келіп, жастарға ағылшын тілін үйретуге келісім берген азаматтар. Шетелден келетін екі еріктінің бірін Тасқала және Сырым ауданына жолдап отырмыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Батыс Қа­зақстан облыстық филиалы төрағасының орын­басары Г.Құлжанова.
Еnglish for jastar жобасы туралы Атырау облысындағы тілшіміз Тұрсын Жұма­бек­қызы да «Нұр Отан» партиясы Құрман­ғазы аудандық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты салтанатты жағдайда Құрманғазы ауданына English for jastar жобасы аясында келген еріктілерге сәтті сапар тілегенін жеткізді.
Партияның Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтың айтуынша, English for Jastar партиялық жобасы екі айда ауыл балаларымен жұмыс істеп, аудан жас­тарының ағылшын тілінде сөйлеу мүмкін­дігін дамытады. Жоба бес жүзден астам бала қамтылады.
Еріктілердің бірі Тоғжан Кәримолланың айтуынша, жобаға ағылшын тілін меңгеруі Intermediate деңгейінен кем емес, орыс және қазақ тілдерін еркін меңгерген, бұрын соңды балалармен жұмыс жасап көрген, ауыл балаларына ағылшын тілін үйретуге ниеті бар еріктілер тартылды. Осы жағдай ауыл балаларының ағылшын тілін еркін меңгеруіне мол мүмкіндік береді.
Салтанатты шара Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылында да өтті. Қазіргі таңда Түркістан облысы бо­йынша Төлеби, Мақтаарал, Сайрам, Созақ, Сарыағаш, Отырар аудандарында ағылшын тілін үйрететін еріктілермен сұхбат жүр­гізілді.
Жалпы, English for Jastar жобасы жүзеге асып жатқан барлық аудандарға қажетті оқу құралдары жеткізілді. Осыған орай, 172 Elementary мен Pre-Intermediate оксфордтық құрал жиынтығы бөлінді. Әр жиынтықта оқушыларға арналған Student`s Book, тап­сырманы жасауға арналған Workbook, соны­мен бірге ағылшын тіліндегі фильм­дердің DVD-дискілері бар.
Жобаға академиялық көмекті InterPress тіл орталығы көрсетті. Олардың Oxford University Press (Англия) баспасының Solutions оқулығы бойынша, оқытушылар қо­сым­ша тіл сындырады. Сондай-ақ AIESEC ха­лықаралық ұйымы, «Білім беру ли­дер­­лігінің орталығы» ЖШС, «Назарбаев Уни­верситеті» АҚ, Qazaq Air әуеком­па­ния­сы АҚ, «Меломан HOME VIDEO» ЖШС, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 4KZTours ҚР ішкі туризмді дамыту жөніндегі американдық компания жобаға әріптестік танытты.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бөлісу:

10 пікір жазылған

  1. Тимур 18 Қараша, 2018 at 11:59 Жауап

    Радует, что у всей молодежи области появился шанс поговорить с носителем английского языка. Очень классный проект.

  2. Мурат 18 Қараша, 2018 at 12:00 Жауап

    очень классно. Радует что по всему Казахстану реализуется такой классный проект как Английский для молодежи.

  3. Абылай 18 Қараша, 2018 at 12:01 Жауап

    Я думаю нужно больше проводить классы для общения, переговоров на английском языке. Английский язык необходим молодежи.

  4. Даурен 18 Қараша, 2018 at 12:02 Жауап

    Сейчас молодежь более готова к новизне жизни. Более лучше принимают информацию, изучает языки и т.д. Супер занятия.

  5. Әлібек 18 Қараша, 2018 at 12:03 Жауап

    Радует, что имеет молодежь районов получает возможность развивать свой уровень английского с носителем языка.

  6. Ахмет 18 Қараша, 2018 at 12:03 Жауап

    Керемет жоба екен. Жас отан расыменде жарады осы жолы. Маған ұнады. Алда тағы қандай жобалар бар екен?

  7. Самат 18 Қараша, 2018 at 12:04 Жауап

    Жастарға нағыз қажетті дүние екен. Замануаи кезде ағылшын тілі меңгеру жаңалық емес, талап болып келеді.

  8. Малик 18 Қараша, 2018 at 12:04 Жауап

    мыұты жоба екен. Шетелдік қонаққа рахмет, уақытын бөліп балаларға, оқушыларға деген өз үлесін қосып.

  9. Айдар 18 Қараша, 2018 at 12:04 Жауап

    Ауыл жастарына жақсы болыпты. Біздің кезімізде мынадай мүмкіндіктер болған емес. Тіл деігейлерін шыңдап, жаңа деп алып алған болар жастар

  10. Сакен 18 Қараша, 2018 at 12:04 Жауап

    Келесі жылы бұл жоба жалғасын таба ма екен. Бұл тек бір кездесуден тұратын жоба емес. Арнайы жастар ауылдарға барып 2 айдай сабақтар жүргізуде.

Пікір жазу


*