Ауыл мектебі ағылшынға дайын ба?

446
0
Бөлісу:

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста орталық мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ж.Дүйсебаев Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жүгініп, көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде туындайтын жанармай мәселесін көтерді.

«Биылғы күздің ауа райы құбылмалы болып, еліміздің негізгі астық өндіруші аймақтарында ауа температурасы төмендеді. Дәнді дақылдардың ылғалдылығы әдет­тегіден 5-8 пайызға жоғары. Осыған орай, жиналған астық дер кезінде және сапалы кептіруді талап етеді. Ал астықты кептіру қондырғыларының басым көпшілігі жанармаймен жұмыс істейтін, дизель отынын тұтыну көлемі біршама өсетінін ескерсек, күзгі науқанға бекітілген 394 мың тонна арзандатылған дизель отынының көлемі жетіспейтіні анық» деді ол.
Сол себепті, депутат Премьер-министр­ден биыл­ғы табиғи климаттық жағдайды ескере оты­рып, күзгі науқанға жоспарланған ар­зан­датылған жанар-жағармай көлемін қайта қарастырып, қосымша 120 мың тоннадан астам дизель отынын бөлуді сұрады.
Нұротандық депутат А.Қожахметов те Үкімет жетекшісі Б.Сағынтаевқа қайыры­лып, 2011 жылы Қарағанды облысындағы Жезқазған – Ұлытау өңірінің барлық тұр­ғын­дары Қазақстан Үкіметінің Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-эконо­микалық дамытудың 2012-2017 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдағаны туралы жаңалықты зор ықыласпен қа­былдағанын еске салды.
Қалақұраушы кәсіпорын «Қазақмыс» корпорациясының барланған қорлары мен өндіріс көлемінің қысқаруына және ком­пания басқармасының 2008 жылы облыс орталығына көшуіне байланысты, өңірден адамдар кете бастады, бизнесін жапқан кәсіпкерлердің саны артқан, жергілікті бюджетке түсетін салықтық түсімдер азай­ды. Салдарынан өңірде жұмыссыздық ұлғайып, қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс арта түсіпті.
Ал кешенді жоспардың қабылдануы нәтижесінде, өңірдегі жағдай өзгере бас­таған екен. «Адамдар Жезқазғанның бола­шағына сеніммен қараған. Жезқазған – Бейнеу теміржолы іске қосылғанда, бұл сенім нығая түскен көрінеді. Қазір кешенді жоспар 2020 жылға дейін ұзартылды және ол енді өңір үшін маңызды іс-шараларды іске асыруға бағытталған 88 позицияны көздейді. Жалпы қаржыландыру 351,5 миллиард теңгені құрайды.
«Кешенді жоспардағы өңірдің тыныс-тіршілігі үшін стратегиялық міндеттердің қатарында минералдық-шикізаттық базаны кеңейту, индустриалды-инновациялық даму, сумен қамтамасыз ету сияқты бағыт­тарды атап көрсетуге болады. Аталған бағыттар жаңа жұмыс орындарын құруды, жер қойнауын пайдаланушылардың тұрақты қызмет етуі, жаңа инвесторларды тарту үшін жағдай жасауды, Жезқазған, Сәтпаев қалаларының тұрғындарын таза ауызсумен жабдықтауды қамтамасыз етуге тиіс. Алайда бағдарламаның осы стратегиялық іс-шараларының республикалық бюджеттен толық қаржыландырылмауы салдарынан оларды іске асыру мерзімдері бұзылуда» дейді депутат. Сондықтан ол Премьер-ми­нистрден қалыптасқан жағдайдың басын ашып, кешенді жоспардың барлық іс-ша­ра­ларын уақтылы әрі сапалы орындау үшін барлық қажетті шаралар қабылдауды сұрады.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі Ә.Сапарова Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, ауылдық және шағын жинақты мектептерде жаратылыстану-ғылыми циклді пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесін қаузады.
«Министірлік ұсынған ақпаратына сәйкес, ауылдық және шағын жинақты мектептерде 2021-2022 оқу жылдарында аталған пәндерді ағылшын тілінде жүргізуге көшу жоспарлануда. Дегенмен бүгінде бұл мәселеге керекті дәрежеде көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, бір сынып-жинағы іс жүзінде, 6 және 7-сыныпта оқитын балалар­дан құралуы мүмкін. Өз кезегінде оқыту бұл сыныптар үшін негізгі орта білім берудің (жаңартылған мазмұнының) үлгілік оқу жоспарына сәйкес, сағат саны әр сынып бойынша аптасына 2 сағатты құрайды. Бірақ оқу бағдарламасының тақырыбы мен маз­мұны әртүрлі, нәтижесінде оқушылар­дың профильдік білімді меңгеру сапасын қам­та­масыз ету мәселесі туындайтыны сөзсіз» деді депутат.
Сол себепті, ол министрден бірқатар пәндерді ағылшынша оқытуға көшкенде, осыған да назар аударуды сұрайды.
Депутат А.Жамалов Үкіметке шетелдік импортты азайтып, «Қазақстанда жасалған» импорталмастыру бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*