Ауылда ағылшын тілі тегін оқытылады

478
0
Бөлісу:

Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын English for Jastar жобасының басталғаны жарияланды. Енді ауыл жастары алдағы екі айда ағылшынша сөйлей бастайды. Пилоттық режимде екі ай бойы 14 аймақта жүзеге асатын жоба туралы «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев, атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, Олимпиада чемпионы, Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев әңгімелеп ерді. 

Жобаны негізінен «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» Жастар қанаты және Bolashaq қауым­дастығы ұйымдастырып отыр.
Жобаның мақсаты – оқушы­лардың мектепте үйренген ағыл­шын тілін тәжірибе жүзінде қол­дануына мүмкіндік беру. Егер жоба жақсы жүзеге асып жатса, келесі жолы ауқымы кеңейеді. Осы арқылы бәсекеге қабілетті жастардың қатары артады.
«Елбасы ағылшын тілін жан-жақты үйрену әлемдік деңгейдегі үрдіс екенін атап өтті. Біз де бә­се­кеге қабілетті жастарды тәр­бие­леуге үлес қосуды мақсат етеміз. Сондықтан «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагері аясында English for Jastar жо­басын іске қостық» деді Данияр Сүндетбаев.
Жоба аясында 84 ауылдық және аймақтық деңгейде 7000 мек­теп оқушылары ағылшын тілін үйренеді. Ең қызығы, жобаға қатысуға ағылшын тілін жетік меңгерген 141 жас қызығушылық танытыпты. Атап айтқанда, олар­дың арасында 28 шетелдік және 140 астам жергілікті ма­ман­дар бар. Олимпиада чемпионы, Мә­жіліс депутаты Серік Сәпиев те 2018 жылдың қыркүйегінен қараша айына дейін 9-11 сынып оқушыларына ағылшын тілін қосымша үйрететін болады.
Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова: «Жобаның жұмыс тобы шетелдік еріктілерді ірік­теумен айналысты, бұл іске аса жауапкершілікпен қарады. Ерік­тілердің әрқайсысымен бейне­сұхбат жүргізіліп, олардың ден­сау­лығы жайлы және ешбір кри­миналдық құқықбұзушылыққа қатысы жоқтығы туралы мәлімет жинады. Сонымен қатар шетелдік еріктілердің жоғары білімі, балалармен жұмыс істеу және ағылшын тілін үйрету тәжі­рибесі барын растайтын құжаттар алын­ды», – деді.
Сонымен қатар бұл жобаның негізгі сабақ жоспарының орын­далуына еш кедергі келтіріл­мей­тінін, тек қосымша уақытта өтетінін айтты.
Interpress тіл үйрету орталығы жобаға академиялық қол­дау көрсетуде. Оқушылар Oxford University Press (Англия) баспа­сының Solutions оқу құралда­рымен оқитын болады. Бұдан басқа, жобаға AIESEC, «Назарбаев Университеті» «Білім беру көшбасшылар орталығы» ЖШС, Qazaq Air АҚ, «Меломан HOME VIDEO» ЖШС, әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ, Қазақ­стандағы ішкі туризмді дамытуға бағытталған 4KZTours амери­калық компаниясы және LingvaTen тілдік мектебі сынды отандық және халықаралық компаниялар да қолдау көрсетті. Ал оның оқыту бағдарламасы «Назарбаев Университеті» «Білім беру көшбасшылығы орталығы» ЖШС сарапшы лингвисттерінің қолдауымен әзірленген.

Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*