Әлем тарихындағы даулы жерлер

653
0
Бөлісу:

Әлемнің бүкіл саяси-географиялық картасын алып қарар болсаңыз, әлі шешімін таппаған мәселелер көп. Ол ең алдымен, шекаралық аймақ пен жер дауына келіп тіреледі. Тіпті мемлекет болғалы келіссөздің түйіні шешілмей, дүрдараздыққа ұласып жатқан жағдайлар да бар. Кім иеленіп алған жерін кері қайтарып бергісі келеді дейсің?

Ғасырлар өтсе де, территория­лық тұтастығын талап етіп келе жат­қан мемлекеттер жетерлік. Халықаралық қоғам­дастық екі жақты татулас­тыруға қанша тырысса да, бір-біріне бас имей келе жатқан мемлекеттер көп. Бір ғана мысал, Пәкістан мен Үндістан арасындағы территория­лық дау бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, әлі шешімін тапқан жоқ.
Пәкістан, Үндістан, және Қытай аралығында орналасқан Джамму және Кашмир штатында ең алды­мен, ресми Дели мен Исламабадтың мүддесі жоғары. Аталған екі штатта 13 миллионнан астам халық тұрады. Тарихқа жүгінер болсақ, 1947 жылы Ұлыбританиядан дербестік алған Джамму мен Кашмир аймағы екіге бөлініп кетті. Оның жартысынан астамы Үндістанның, ал 30 пайызы Пәкістанның иелігінде қалды. Азат Кашмир және Солтүстік провинция Пәкістанға қарады. 1962 жылы атал­ған аймақтың 10 пайыздай жерін Қытай басып алып, өзіне қарат­ты. 1963 жылы кейбір жапсар­лас аудан­дарды Пәкістан Қытайға берді. Айта кету керек, Джамму және Кашмир халқының 90 пайызынан астамы – мұсылмандар. Бес уақыт намазын қаза қылмаған мұсылман қауымы Үндістанның иелігінде болғысы келмейді. Олар Исламабад­қа қара­ғанды жөн көреді. Джамму мен Кашмир автономиялық мәртебеге ие, олардың өз туы және конститу­циясы бар. Үнді мәжілісінде қабыл­данған кез келген заң штаттың өз парламентінде талқыланып барып, күшіне енеді. Үндістанға қара­ғанымен, бүйрегі Пәкістанға бұратын мұсылмандар қауымы талай рет екі ел арасындағы қақты­ғыс­тың құрбаны болса да, күрес­керлігін жалғастырып келеді. Оның үстіне Кашмир мен Джамму айма­ғындағы мұсылмандарға ресми Исламабад астыртын болса да дем беріп, дүрдараздықты күшейтіп отыр. Сондықтан да екі ел арасында соғыс өрті арагідік болып тұрады. Бірақ түйінді мәселені шешуге ешқайсысы да құлықсыз. Тарихқа көз салар болсақ, 1947 жылдан бері Үндістан мен Пәкістан арасында шекаралық аумақта болған соғыстан 15 мың, ал Кашмир аймағынан 10 мың адам қайтыс болған көрінеді. Жалпы, саяси мәселе тұрғысынан келгенде, бұл қос мемлекеттің ғана шаруасы. Тіпті екі жақты тату­ластыруға басқа да алпауыт елдердің мүмкіндігі, тіпті әскери әл-қуаты да жетіп артылады. Бірақ олар да бұған бел шешіп кірісе алмайды. Соған қарағанда, Азия аймағында шиеле­ніс­тің шешілмей, осылай жағдайдың күрделеніп тұруына кейбір алпауыт мемлекеттердің де астыртын мүддесі бар болар. Тарихқа жүгінер болсақ, қазіргі кезеңде әлемде әлі де шешімі қиындап тұрған 13 шекаралық ай­мақ бар екен. Оның сегізі – Азия құрлығында, екеуі – Таяу Шығыста, үшеуі – Африкада, қалған екеуі – Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлығында.
Жалпы Кашмир мен Джамму ғана емес, ғасырдан асса да, әлі қарым-қатынасқа кедергісін кел­тіріп жатқан жер дауына қатысты шекаралық аймақтар көп. Соның бірі – Ресей мен Жапонияға қа­тысты. Токио соңғы жүз жыл­да Куриль аралдары тізбегіне қатысты Мәскеуге өз талабын біл­діріп келеді. 1855 жылғы ақпан айын­дағы сауда мен шекара жөнін­дегі Симодс трактатына сәйкес, орыс-жапон келісімі жасалды. Келісімшартқа орай, Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи түбектері Жапония­ға, ал қалған бөлігі орыстарға кетті. Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталар тұста Кеңес Одағы Итуруп, Куна­шир, Шикотан, Хабомаи аралдарын басып алды. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 тамызында Хиросима мен Нагаса­киге аме­рикалықтар атом бомбасын тас­тағаннан кейін Мәскеу 1939 жылы бейтараптықты сақтау туралы жасалған пактіні бұзды. Арада бір апта уақыт өткеннен кейін Жапония амалдың жоғынан Потсдам деклара­циясын мойындауға мәжбүр болды. Декларацияға сәйкес Солтүстік Куриль аралдары да Кеңес Одағы­ның меншігіне өтті. Қазіргі уақытта Жапония нақты айтқанда, толықтай Куриль аралдарын қайтаруды көз­дейді. Бірақ осы уақытқа дейін Ресей президенті мен Жапония премьер-министрі қаншама рет кез­десу өткізсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін нақты талқыланған жоқ. Тіпті ресми Токио Куриль аралдарын бірлесіп пайдалану туралы Мәс­кеудің алдында мәселе көтергені де белгілі. Бірақ оған Кремль бас­шылары илігіп отырған жоқ. Егер шын мәнінде, Куриль аралдарының біраз бөлігі Жапонияға берілер болса, инновациялық-технология­лық дәстүр мен техникаға бай күн­шығыс елі бұл түбекті де гүлдендіріп жіберері сөзсіз. Бірақ бір нәрсе анық, экономикасы әлжуаз, шала­жансар күйде тұрса да, Ресей Курильді кері қайтармайды. Өйткені империялық пиғылы басым ел жан-жақтан санкция қысып, әзірге қауқарсыз болып тұрса да, геосаяси мүддесін алға тартады. Бұдан шыға­тын қорытынды не? Куриль арал­да­рына қатысты Жапония мен Ресей арасындағы даулы аймақ алдағы уақытта да шешімін тап­пайды.
Жалпы, Таяу Шығыс пен Оң­түстік – Шығыс Азия елдерінде ғана емес, территориялық жағынан тұтастыққа нұқсан келтіріп отырған даулы жерлер Еуропа құрлығында бар. Мысалы, Эгей теңізіне қатысты егес Түркия мен Грекия арасында соңғы қырық жылдан бері жалғасып келеді. Бұл дау әсіресе 1987 және 1996 жылдары шарықтау шегіне жетті. Тіпті екі ел арасында осы кезеңде соғыс оты да тұтанып кете жаздады. Алғашқыда екі мемлекет те енінен алғанда 6 миль қашықтық­тағы территориялық су аймағын өздерінің меншігі ретінде санады. Бірақ гректер тарапынан мұны 12 мильге дейін ұзарту туралы әрекетіне түріктер қарсы шықты. Ресми Ан­кара «Егей теңізі өзінің география­лық ерекшеліктеріне сай 12 мильдік ережеге бағынбайды» деп өз пози­циясын ашық айтты. Тіпті 1987 және 1996 жылдары дүрдараздықтың өрістегені сонша, екі жақтың әскерилері сақадай сай сапта тұрды. Осы орайда, Эгей теңізіне қатысты егес пен Каспий келісімін салыстыра кету қажет. Бес елдің, атап айтқанда, Түркіменстан, Қазақстан, Әзірбай­жан, Ресей мен Иранның Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау тура­лы жақында қол қойылған келісімі алдағы уақытта ешқандай дүрдарыз­дыққа апармайтыны ол енді анық.
Расында да, кезінде бір мемле­кет­тің қол астында болып, кейін тәуел­­сіздік алған елдердің ше­кара­лық дауға ұрынбай, мәселені шешуі – қуандыратын іс. Бір ғана мысал, бұрынғы Югославияның құрамында болған бірнеше мемле­кеттің арасындағы террито­рия­лық дау әлі күнге дейін шешіл­мей келеді. 1991 жылдан бері Сербия мен Хорва­тия арасында Шаренград аралы үшін талас бар. Аталған арал Сербиядан –100 метр, ал Хорва­тиядан – 300 метр қашық­тықта. Югославия мемле­кеті тұсында Шаренград аралы Хорва­тияға қарады. Халықаралық ережеге сәйкес, аталған арал хорват­тардың меншігінде қалуы тиіс еді. Алайда екі ел арасында басталған соғыс­тың салдарынан түбек Сербияның иелі­гінде қалып кетті. Бірақ әлі де хор­ват­тар бұл аралды өз меншігі санайды.
Қалай айтқанда да, тәуелсіз елдің басты белгісі – заңды түрде белгіленген өз территориясының болуы екені айдай анық. Бәрі де осыдан басталатыны ақиқат. Бұл орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған кезде-ақ көрегендік танытты. Шекараны шегендеді. Өзбекс­тан, Қырғызстан, Қытай және Ресеймен шекараның тұсын айқын­дап алды. Оны заңды түрде бекітті.
– Есте жоқ ескі кезеңдерді қоз­ғамай-ақ қояйық, бергі уақыттың өзінде шекаралас елдердің арасында жер үшін қаншама қанды қырқыс болғанын білеміз. Сондықтан да 1992 жылдың өзінде-ақ, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғаннан кейінгі Бас Ассам­блеяның алғашқы сессиясында қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайлық зардабы болуы мүмкін екенін айтқан едім. Қалыптасқан шекараларды қайта қарауға шақырудың қандайы да тек шатаққа бастайды. Сон­дықтан бәрін тарихқа тірей беретін болсақ, шекара туралы даудың қандайының да мәні қалмайды. Адамзат шекара дауын тыюы керек. Бұл әбден-ақ есте ұстайтын сөздер. Қаншама тәуелсіз ел болсаң да, шекараң ашық-шашық жатса, ол іргедегі көршілердің тарапынан түгел мойындалмаса, ондай тәуел­сіздіктен береке болмайтыны бел­гілі. Ендеше, әуелі Қытаймен, сосын көршілес мемлекеттер – Қыр­ғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан­мен шекара мәселесін реттедік, сосын Ресеймен де сондай уағдалас­тыққа қол жеткіздік. Жалпы, жер дауы, шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе, ел ішінде тыныштық, тұрақтылық болмайды, тұрақтылық жоқ жерде экономика алға бас­пай­ды, ал бұл екеуі жоқ болса, мәдениет пен ғылымның алға жылжуы мүмкін емес, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сол кезде Қазақстанның Сырт­қы істер министрі болған Қасым-Жомарт Тоқаев шекараға қатысты келіссөздердің өте қиын жағдайда өткенін өзінің кітабында да ашық айтады.
– Қытаймен өте қиын келіссөз­дер жүргізілді. Келіссөздер 1992 жы­лы басталып, 1994 жылы шека­раны жүргізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Бірақ екі жер теліміне қатысты дау болды. Алдымызда қиын мәселе тұрды. Осы кезде қа­зақстан­дық саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевтан көмек сұрады. Біздің Президенттің айтқан сөзі өте сенімді болды, ол «бұл мәселені қазір шешу керек және жерді Қазақстанда қалдыру керек. Себебі, болашақта бұл мәселе Қазақстан үшін де, Қытай үшін де үлкен проблема туғызады, біз стратегиялық серіктес бола алмай қаламыз» деп нақты айтты. Ақыры Президентіміздің жігері мен стратегиялық көрегенді­гінің арқасында, бұл мәселе Қа­зақстанның пайдасына шешілді. Ресеймен де келіссөздер оңай болған жоқ. Біздің Президент тағы да сенімді дәлелдер келтіріп, құ­жатқа қол қойылды, – деді сол кезде Сыртқы істер министрі қызметінде болған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да, шекара дауы ше­шіл­мей, ел арасында дұрыс қарым-қатынас орнамайды. Жердің дауы дүниенің төрт бұрышындағы елдің бәрінде де бар. Дұрысы – сол түйт­кілді шешу. Бірақ оған ел басшы­ларының көбісі мүдделі емес. Мәселе – сонда.


ЕРЕК ПЕН ДƏЙЕК 

Гибралтар, Испания билігі бұл бұғазды өз меншігі санағанымен, мұны қазіргі уақытта Ұлыбритания басқарып отыр.
Монблан биігі – Франция мен Италия арасындағы даулы жер.
Боденское көлі – Австрия, Германия мен Швейцария елдері арасында әлі күнге дейін түйіні шешілмей отырған су айдыны.
Пиран шығанағы – Словения мен Хорватияның иелігінде.
Карлингфорд Лох – Ирландия мен Ұлыбритания арасындағы шекаралық аймақ.
Оливенса елдімекенін Испания басқарып отыр, бірақ мұнда Португалияның үлесі бар.
Тузла мен Керчинск шығанағына 2003 жылдан бері Ресей иелік еткенімен, оны Украина өз меншігі санайды.
Превлака аралы – Хорватияның иелігінде. Оған Черногорияның таласы бар.
Саставси елдімекені Сербияның бақылауында, бірақ Босния мен Герцеговинаның мүддесі бар.
Роколл құзы Ұлыбританияның иелігінде болғанымен, оған Ирландияның таласы бар.
Абу -Мұса, оған Иран қожайындық еткенімен, Біріккен Араб Әмірліктері де бақылауында ұстағысы келеді.
Арцвашен, Башкенд елдімекені Армения жері саналғанымен, Таулы Қарабақ соғысынан кейін оған Әзірбайжан иелік етіп отыр.
Аксай Чин Қытайдың басқаруында, бірақ Үндістан өз мүддесін жүргізгісі келеді.
Бакду таулы ауданы – Солтүстік Корея мен Қытай арасындағы даулы жер, онда Тайвань мен Оңтүстіктік Кореяның да мүддесі бар.
Муралльон осы уақытқа дейін шекаралық аймақ нақтыланбағандықтан, оған Аргентина мен Чили таласып отыр.


Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*