English for Jastar – ауылда

389
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы English for Jastar жобасын іске асыруға белсене кірісті. Жоба аясында еріктілер, негізінен педагогтар 9-11 сынып оқушыларына ағылшын тілінен тегін факультативтік курстар өткізе бастады. Алдымен, он екі ауданның алтауында тәжірибе жинақтау көзделді. Бұл – Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда, Қарғалы ауданы орталықтары мен Хромтау ауданындағы Дөң ауылы.

Ауылдарда жастар қазақ және орыс тіл­дерін еркін меңгерген. Дегенмен жақ­сы өмірді армандай отырып, шетелде болу және беделді жоғары оқу орында­ры­на түсу үшін жоғары сынып оқушылары­ның көпшілігі мектеп бағдарламасымен шек­телмей, ағылшын тілін терең жетіл­дір­­­гісі келеді. Бұл орайда, оларға «Нұр Отан» партиясы көмектесуге дайын.
Қысқасы, English for Jastar жобасы бас­талды. Жоба Мемлекет басшысының үштілділікті енгізуді қолдау негізінде бер­ген тапсырмасына орай жасалып отыр. Ол оқушылардың ағылшын тілі деңгейін арт­тыруға, коммуникативтік дағдыларын жақ­сартуға бағытталған. Бұл жоба екі ай бойы пилоттық режимде жүргізіледі және 2018 жылдың қыркүйегі мен қараша ай­лары, яғни 2 ай бойы жалғасады.
– Біз практикалық жұмыстарға кіріс­тік. Еріктілер оқушылармен бірге ереже­лер­ді қайталап, еркін де қызықты өзіндік әдіс­тері бойынша оқушылардың лексика, грамматикадағы олқылықтарын жоюға кірі­седі, – деді «Жас Отан» Жастар қана­ты Ақтөбе облыстық филиалының төра­ға­сы Асылжан Бүркіталин.
Ол партияның Ақтөбе облыстық фи­лиа­лы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязовпен бірге Алға ауданындағы №4 орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі Шолпан Гробова өткізген алғашқы дәріс­ке қатысты. Еріктінің факультативтік кур­сына бірер күннің ішінде 80-нен астам оқу­шы жазылған.
– Мен ағылшын тілін таңдадым, себе­бі бұл – ең танымал тіл. Өткен жылы мен ағылшын тілінен олимпиадаға қатысып, 2-кезеңнен өттім де 3-кезеңнен өте алма­дым. Бұл осы бағытта ізденуіме түрткі бол­ды. Қазір ағылшын тілі бойынша фа­куль­тативтік курсқа жазылдым. Мен ау­дар­машы мамандығын таңдадым және бас­қа тілдерді де үйренуді жоспарлап жүр­мін, – деді 11-сынып оқушысы Есет Дүй­сов.

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*