Ер адам ұшу барысында әуе кемесінің есігін ашып жіберуге әрекеттенді

470
0
Бөлісу:

Әуе кемесіне өмірінде алғаш рет отырған Үндістан азаматы ұшу барысында төтенше жағдайда қолданылатын есікті ашуға тырысқан. Кейінірек белгілі болғандай, ол төтенше жағдайдағы есікті дәретханамен шатастырып алған. Бұл туралы The Express Tribune басылымы жазады.  

Оқиға Нью-Делиден Патна қаласына рейс жасайтын GoAir әуе компаниясының ұшағында орын алған. Патна қаласы – Үндістанның солтүстік бөлігінде орналасқан шаһар. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін Үндістан азаматы орнынан тұрып, төтенше жағдайда ашылатын есікті тұтқасынан жұлқылай бастаған. Оның бұл әрекеті лайнер ішіндегі жолаушыларды таңғалдырады. Жолаушылардың бірі одан не істеп жатқанын сұрайды. Сол кезде әлгі ер адам дәретханаға барғысы келетінін айтқан. Ер адам бұдан кейін де өз әрекетін жалғастырып, қалайда есікті ашуға тырысып бағады. Бірақ осы уақытта өзге жолаушылар бортсерікті шақырып келіп, олар бәрі бірігіп жолаушыны райынан қайтарған.

Ұшақ әуежайға қонғаннан кейін лайнер қызметкерлері ер адамды жергілікті билік өкілдеріне табыстап, істі әрі қарай зерттеуді соларға аманаттаған. Әуе компания қызметкерлерінің айтуынша, ер адамның әрекетінен өзге жолаушыларға ешқандай қатер төнбеген. Себебі, төтенше есікті ашу мүмкін емес нәрсе.

Осыған дейін мұндай оқиға Богатадан (Колумбия астанасы) Монтерияға қарай ұшқан әуе кемесі ішінде де орын алған. Онда жолаушылардың бірі ұшақ іші қатты ыстық болғандықтан аздап салқындап алу үшін шығар есікті ашуға әрекеттеніпті. Оқиғаны жолаушылар видеоға түсіріп алып, желіде таратып жіберген. Онда белгісіз ер адамның әуе кемесінің қызметкерлерімен дауласып, әлденені талап етіп жатқаны анық байқалады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*