ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

491
0
Бөлісу:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» деген Қазақстан халқына Жолдауында «Болашақ қоғам жастардың болашақка деген бағыт-бағдары отбасында, мектеп қабырғасында қаланады» делінген. Президент Н.Назарбаев 1998 жылы зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде «Елдің экономикалық мүдделерінің дұрыс шешілуі үшін де алыс-жақындағы мемлекеттердің бізді танығаны, мойындағаны керек. Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз» деп еді.

Елбасы бұл сөзді тектен текке айтпаса керек. «Бұл – әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ өңірдің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз. Түптеп келгенде, біз осыны мақсат етеміз» деп зиялы қауымның, әсіресе пе­дагогтардың назарын ұлттық дүниета­ным мәселелеріне аударған болатын.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көр­некті қайраткері Жүсіпбек Аймауытов педагогика, психология, көркемөнер ғы­лымдары саласында тұңғыш қалам тарт­қан қаламгер. Сол Аймауытов баланың дүниетанымын қалыптастыруда тәрбие­нің екі түрлі болатындығын көрсетеді: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі. «Әсі­ре­се, екіншісінің дамуына қазақ халқының саз өнері байлықтары әсер етеді» деп тұ­жырымдап кеткен екен. Шоқан Уәли­ханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құ­нанбаев, Мағжан Жұмабаевтар да жас ұрпақ дүниетанымын кеңейту мәселеле­рін зерделеуде халықтың рухани байлы­ғын, тарихи мұраларын, салт-дәстүрлерін жиі пайдалану қажеттілігіне көңіл бөлген.
Қай заманда да ұлттық өрлеудің, халық­тық қалыптасудың ең негізгі шарты – білім. Ал шынайы білім беру – ұлттық сананы қалыптастыру мен да­мытудың басты құралы. Н.Назарбаевтың Жарлы­ғы­мен бекітілген мемлекеттік «Білім» бағ­дарламасында: «Балалармен мен жастарды тәрбиелеудің ең көкейкесті мәселелері ретінде білім мекемелерінде оқушылардың этностық-мәдени ерек­шеліктерін ескере отырып тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген. Президентің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы «Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәде­ниетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген ой-тұжырымдары да жас ұрпақты рухани-мәдени мұралар негі­зінде тәрбиелеу қажеттігін аңғартады.
Жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру, халықтық тәлім-тәрбие бере отырып, ұлтжандылық сезімдерін ояту аса маңызды шаруа. Осы ретте қа­зіргі қазақ жастарының қазақ мемлеке­тінің құрылымын білуі, билік айту және шешендік өнерді меңгеруі, салт-дәстүрді сақтауы тұрғысында тілімізді тістейтіндей жағдай қалыптасқанын көріп жүрміз. Ұлттық дүниетаным сабақтарында қазақ халқының қару-жарақ, қорғаныс құрал­дары атаулары, ырымдар мен сенімдері туралы, төрт түлікке қатысты мәліметтер, ат әбзелдері мен құрал жабдықтарының атаулары, оларға байланысты тыйымдар мен ырымдар хақында талай нәрсе бар. Соларды жастайынан құлаққа сіңдіру аздық етеді. Қолмен ұстап, көрсеткен абзал. Осыған байланысты ірі қалаларда этноауылдар кешенін жасау арқылы оқушыларды халықтың қайнар қазы­насына терең қанықтыру қажет-ақ.
Қазір «жүген», «ноқта», «құрық», «ауыз­дық», «айыл» тәрізді сөздерді ажы­рата алмайтын ұрпақтың да төбесі қыл­тиып шыға бастады. Қай заттың қандай екенін білмейтін ұрпақтың ұлттық дү­ниетанымы қандай болмақ сонда?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*