РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҚАЛАСЫ

1262
0
Бөлісу:

«Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды».

(Н.Назарбаевтың Парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінен).

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты

Түркістанның даңқы туралы көбінесе өткен шақта айтылып келгені ақиқат. Оның әр кездегі аумағы, қоғамдық саяси өмірдегі рөлі өзгеріп отырғаны да тарихтан белгілі. Ол жөніндегі мағлұматтар кезінде еуроцентристік көзқараспен түзілгендіктен, қазіргі отандық ғылым бұл мәселеге тәуелсіздік талабымен, жаңаша ойлау жүйесімен қайта қарауы тиіс. Өз заманындағы мегаполистің (тұтас аумақтың, басқару аймағының) әлем тарихындағы орны көптеген дереккөздерінде анық жазылса да, Түркістанды Орталық Азияның саяси-мәдени, әлеуметтік-рухани дамуы тұрғысынан қарастыруға жабық та, ашық та кедергілер кездескенін ұмытпалық. Мәселен, патшалық Ресей осы киелі мекенге қырын қарап, рухани құбылысты жай ғана кесене атауы тұрғысынан, оның өзінде Черняев зеңбірегінің шар оғы тескен «алынған бекініс» тұрғысынан саралады. Кеңестік идеологиялық жүйе Қазақ хандығы байтағының рухы мен мәртебесін түрлі «тыйыммен» бүркемелесе де, берісі қазақ халқының, арысы түркі жұртының санасынан өшіре алмады. Өшіру мүмкін де емес еді. Ескіргенін ескеріп – «ежелгі» деп, көнергенін көлегейлеп – «киелі» деп, тозғанын тазартып – «тәбәрік» деп, жадына жақынын  – «жәдігер» деп, әйтеуір бетегеден биік, жусаннан аласа қалыпта Әзірет Сұлтан кесенесіне де, басқа да байырғы ғимараттарға, керуен сарайлардан, мазараттардан табылған мүкаммал мен мұраға ыждағатпен, жанашырлықпен қарауға тырыстық. Сол ниет, сол бастама әз Тәуелсіздік тұсында елдік үмітімізге серпін берді.

Түркістан идеясы тұрғысынан өңірлік ын­тымақтастықтың жандану себебі – әлем­дік сын-қатерлерге деген Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ жауабы. Дү­ниежүзіндегі аума-төкпе, алмағайып ахуал­дың алдын алу үшін ауық-ауық кеңесу, ор­тақ мәселенің шешімін табу шарт. Өңірдің түбі де, тілегі де бір елдер басшылары бо­дан­дықтан арылудың ширек ғасырында елеулі тәжірибе жинақтады. Сыртқы сыр­ғақ пейілді де, адуын күшті де байыптай ал­ды. Түркістан жұртының «Төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыз­дағы кетеді» нақылының ақыл дәнін са­насында жаңғыртты.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт мүддесі мен мұқтажы үшін басын бәйгеге тіккен Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқайдың екі шепте тұрса да, бір деммен айтқан «тұтас Түркістан», «бірліктегі Түркістан» идея­сы әлемдік үйлесімділіктің моделі еке­ні айқындалды. Әрине, әр ғасыр мен ке­зеңнің өз шындығы, амалы бар. ХХІ ға­сыр үшін бірлік – отаршылдыққа қарсы қамал соғу бірлігі емес, кез келген күшті тағдыр мен тарихтың талай сынынан өткен халық пен этностардың дамуына қажетті се­р­пі­ніне айналдыру бірлігі.
Бүгін экономикалық байланыстар арт­қан дәуірде Орталық Азияның тың қуатын на­рық заңдарына бұру, өңірлік туризмнің р­өлін белсенді ету – басым бағыт деп бі­ле­міз. Бұл ретте дүниенің жартысына таныс Самарқан мен Бұхара, Хиуа мен Хорезм кесене-ғимараттарына шәк келтірмей-ақ Ұлы Дала мен ірілі-ұсақты шаһарлардың түйісіңдегі, бәлкім үйлесіміндегі қала мә­де­ниетін насихаттау маңызды. Аралдың астын­дағы «қырық қала» аңызы, Сыр бойы шаһарлары, Отырар мен Сауран, Сығанақ пен Жанкент, Тараз бен Баласағұн, Қаратау мен Алатау, Ұлытау мен Шыңғыстау бау­райындағы, Алтайдың саясындағы, Үстірт­тің аясындағы, Еділ мен Есілдің ен тоғайын­дағы қала-қалашықтар жұрты – ғасыр­ларды жалғаған материалдық мәдениеттің жарқын беттері. Осы аяда Түркістан – ақын Мағжан айтатын «екі дү­ние есігі» болумен бірге Тұран мәдениетінің тұғыры, өзгеге иіле қоймаған Иранға бей­біт өмір сүрудің игілігін аңғартқан киелі мекен ретінде маңызды.
Түркістанның тұтас тарихы да, түрлі сая­сат салдарынан үзілген тарихы да еш­қашан соғысқа да, сойқанға да негіз бол­маған. Арғы Ясы жұрнағынан бергі Яссауи хикметіне дейін – Жаратқанның жарасы­мы, адамзаттың ағаруы, пейілдің пәктігі. Түркістан – дүниетаным баспалдағы. Түр­кістан – тазару таразысы. Ал осы құбылыс сәулет құрылысына айналғанда және дауыл да, дау да алмаған кесененің мүбарак кір­піші болып қаланғанда, дүние үйле­сіміне шәк келтірмейсіз.
Сонымен әлемге мәшһүр тарихи Түр­кістан, мұндағы қазақ хандары мен би-ба­тыр­лары, игі жақсылар қабірстаны (пан­теоны) – Орталық Азияның тағылымды туризм деңгейін де, ашылмаған руханият парақтарын да, шырақтарын да танытады деген ойдамыз.
Ілгеріде, Кеңес заманында Қазақ­стан­нан шетелге ілеуде біреу ғана шықпаса, бүгін­гідей жаппай жер, ел шолатындар бол­майтын. Ал барып келген кісінің әңгі­месі аңыз бен ақиқаттың ортасынан шыға алмай жататын. Сол шақта бір жігіт ағасы: «Барған жерімізде жұрт қайдан келгенімізді сұрады. Ауыл-аймағымызды қойшы, Қа­зақстан, Алматыны да естімеген екен. Ал Түр­кістанды ауызға алғанымыз сол-ақ екен, көздері жайнап, бізді ерекше құрмет­теп, құшағына алды» деп естелік айтқаны есі­мізде. Сонда дейміз-ау, Қазақстанды, Өз­­бекстанды, Қырғызстанды, Түркі­мен­стан­ды, жалпы Орталық Азияны танып-біл­меген қарапайым үнділер қиырдағы Түр­кістанды көрмесе де даңқынан хабар­дар болуы тегін бе? Әрине, мұндай мысал­дар­ды ол кездері сыбырлап қана айтатын.
Шындығында, аталған-аталмаған көп кедергінің кесірінен Түркістанның бұралаң тарих шаңына көміліп қалу қаупі орасан еді. Құдай сақтады, Құдай деген азамат­тар­дың сауапты істері сақтады. Жүрегі елім, жерім деп соққан отаншыл азаматтардың са­на-сезімі мен болашаққа сенімі жақсы­лыққа қорғаныш болды.
Бұрынғылар «Жай жатқан жер жау ша­қырады», «Бос жерге шайтан үйір» деген. Із­деушісі мен сұраушысы түрлі саяси жүйе­ден діңкелегенде, көлденең көк атты­лар­дың көзі көне жәдігерлер мен қайталанбас құн­дылықтарға түсті. Олар әртүрлі сыл­таумен өз жеріне, өз еліне тасыды. Халы­қ­тың көз алдында тұрған құндылықтар қол­ды болды, тарихи төбелер (ескі қалалар жұр­ты) ойрандалды, бақан құлады, бақ ауды. Ұлт кие тұтқан жерде бейберекет іс, одағай әрекет, жайбарақат көзқарас белең алды. Өкінішке қарай, Түркістанның жұнт­тай жұрнағын сақтап қалуға одақ қа­мыты мойнына күштеп кигізілген Қазақ КСР дәрменсіз еді.
1935 жылы Ленинград қаласындағы Эр­митаждың атаулы бір көрмесіне әкетіл­ген Тайқазанның тағдыр-талайы – соның дәлелі. Әлдекімдер айтып жүргендей, дүниежүзіне танымал экспонат елге өзі­нен-өзі оралған жоқ, көп қажырлы жұ­мыс­тың, ақылмен басқан қадамның арқа­сын­да жетті. Бұл ретте отандық музей ісінің не­гізін қалаған мемлекет және қоғам қай­рат­кері Өзбекәлі Жәнібековтің бастамашыл да батыл іс-әрекеті үлгі етуге тұрарлық. Мұ­ның рәміздік мәні бар еді. Ол туралы түр­кіс­тандық ақын, мұратанушы Нұрмахан Назаров былай деп жазады: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. Қа­зақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сү­лейменов, М.Шаханов жолдастарға. Түр­кістан қаласының еңбекшілері тоқырау жә­не қайта құру жылдарында КСРО Жо­ғар­ғы Кеңесіне Ленинград Эрмитажындағы қа­занды өзінің нағыз иесі – Ахмет Яссауи му­зей-мавзолейіне қайтару туралы сан рет өтініш жасаған еді»…Осындай жеделхат А.Лукьяновқа жолданды. Сол күні-ақ Жо­ғарғы кеңес хатшылығындағы Воропаев деген кісінің атынан «жеделхаттарды ал­дық» деген мазмұнда жауап келді. Осыдан дәл 28 күн өткенде КСРО Мәдениет ми­нистрі В.Захаровтың Тайқазанды Түр­кістанға қайтару туралы бұйрығы шықты. Сөй­тіп, Қазақстанның ең қастерлі ескерт­кіші, Әзірет Сұлтан кесенесінің бас жәді­гері 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына орал­ды. Сонда Тайқазан көп кешікпей ке­летін Тәуелсіздігіміздің қарлығаш хабар­шы­сындай болған екен-ау. Міне, сол кез­дер­де көп жылдардан бері орындалмай қа­палы еткен халқымыздың аманат арма­нын іске асыруға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін».
90-жылдардың аяғында Елбасының ұйға­рымымен Түркістанның 1500 жыл­ды­ғына байланысты дайындық шаралары бас­талғанда да әуелі республика аумағын­дағы ескерткіштер мен тарихи орындарды те­рең зерттеген, Мәдениет министрі бол­ған қайраткер-этнограф Өзекеңмен кеңе­суді жөн деп таптық. Сонда аурухана төсе­гіне таңылып жатқанына қарамастан, өзіне тән бекзат та сырбаз қалпымен былайша сыр ақтарып еді:
– Бір кезде әлем Түркістанды кітап­тар­дан ғана таныса, енді көзбен көруге мүм­кін­дік жасаған жөн. Ол үшін алдымен ға­лым­дарды, соның ішінде Еуропаның ма­мандарын шақырып, ортақ іске жұмыл­дырса, тарихымыздағы, архитектура­мыз­дағы, қолданбалы өнеріміздегі ашылмаған көп жаңалығымызды көрсете алар едік. Ең бастысы «кесенені тек туристер үшін сақ­тап қалу керек» деген заманнан өттік, енді қайталанбас архитектура туындысын ке­шен­ді түрде зерттеу мен насихаттауға, барын­ша тарихи қалпына жақын келтіруге ден қою маңызды. Бұл салада әлемдік тә­жіри­бе бар. Түркістандағы үлкен іс-шара­ның біссімілдасы осыдан басталса…
Әңгіме арасында қайраткер Отырар мен Түркістанды зерттеп жүрген жас ға­лым­дарға қамқорлық көрсетуді мықтап тап­сырды.
Еліміздің қолы тәуелсіздікке жеткеннен кейін ғана Түркістанның бір жарым ға­сырлық тойы лайықты дәрежеде, тіпті ха­лықаралық деңгейде сәтті аталып өтті. Бұл тарих межесін ұлт дәстүрімен сабақтастықта атап өтудің алғашқы тәжірибесінің бірі еді. Ұйымдастыру мен үйлестіру ісінде көп қиындықтар кездессе де, осы ауқымды іс-ша­раның үйретері мен өнегесі ерекше бол­ды.
Елдік істе мемлекеттің де, халықтың да ойы бір жерден шықты. Мәселен, арнайы құрылған «Парыз» қоры тек қаражат жинаумен шектелмеді. Елбасы ұсынғандай, зиялы қауым, өнер тұлғалары, мемлекеттік қызметкерлер табанынан тік тұрып, осы киелі-рухани орталықтың адамзат, қоғам үшін маңызын, топтастырушы, бірлікке үндейтін мәнін түсіндіре алды. Осы жолда қыруар жұмыс істелді. Бұл үдеріс Қазақ­станның барлық өңірінің Түркістан туралы әрі табиғи, әрі жаңа, әрі өркениетті сан­а­сын қалыптастыруға ықпал етті.
Түркі әлемінің қара шаңырағында оты­рып елдік дәстүр мен ұлттық құндылықты ұлықтау түркі бірлігіне де, халық ынтағына да тыңнан жол ашты. Мемлекеттік, ха­лық­тық, азаматтық іс-шаралар «Киелі Түр­кістан» ұғымын әрбір қазақтың жүрегіне жа­қындатып, елімізде тұрып жатқан түрлі этностардың үйлесіміне де, парасатына да игі ықпал жасады. Көппен бірге көрген мерейтойдың діттегені де осы еді.
Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасырын­да Түркістан мұратын бір сәт те естен шы­ғарған емес. Халықаралық биік саяси фо­румдарда болсын, өңірлік маңызды жиын­дарда болсын Орталық Азияның руха­ни да киелі орнын ықпалдастық пен мә­мілегерліктің тұғыры, байыпты да жа­сам­паз алаңы ретінде дәлелдей алды. Мұ­ны Ахмет Яссауи университетінен бастап, соңғы ширек ғасырдағы түркі бірлігінің жаңа­шыл да бейбіт кез келген институты дә­лелдей алады. Осының бәрінде де Мем­лекет басшымыздың әлемдік беделі мен саяси көрегендігі таразы басын теңестіріп отырды.
Биыл 19 маусымдағы Түркістанға ерек­ше мәртебе беру туралы Елбасымыздың кемел шешімі – тарихи әділеттіліктің ор­на­ғанын, рухани жаңғырудың өрістегенін көрсетті. Ұлт ұйысуына маңдай терін төк­кен Шымкент миллиондық межеге жетіп, мегаполис ретінде дербес дамудың жолына түскенде, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы – өңір тынысын ашудың орайлы белесі еді.
Әрбір қазақ кие тұтатын мекеннің жаңа әкімшілік басқару тұғыры облыс жұрт­шы­лығына да, республика халқына да, тұтас түркі дүниесіне де зор жауапкершілік үстеп отыр. Ең басты міндет – Қазақ елінің та­рихын құнттау мен Тәуелсіздік жылдары жет­кен жетістіктерімізді еселендіру. Ота­нымыздың әрбір азаматы рухани орта­лықтың дамуына өзінің қатысы барын сезінуі үшін, бейнелеп айтсақ, руханияттың шырақшысы екенін сезінуі үшін, Елбасы нұсқағандай, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Адам капиталын дамытy жан-жақты бі­ліммен, күшті рухпен, ертеңгі күнге деген сеніммен жүзеге асады. Жаңадан қала салу немесе шаһарды қайта түлету оңай емес. Ол үшін ең бірінші халықтың санасын даярлау мен арманын ұштау қажет екенін Елбасы Астана мысалында нақ­ты көрсетіп берді.
Имандылыққа баулудың өзі құрғақ насихаттан тұрмайды. Ата-ананы құрмет­теу, жасы үлкенді сыйлау, жетім-жесірлерге, кембағал-мүгедектерге көмектесу, ар мен намыс алдындағы адалдық секілді қара­пайым да мағыналы адами қасиет қоғам­ның алпыс екі тамырында қайнап жатуы тиіс. Осындай дәстүрді берік ұстанған қауым өзін одан әрі жетілдіруге ұмтылғанда ғана әл-Фарабилер армандаған қайырымды да баянды қала қалыптасады. Бұл ретте Түркістанның жаңа мәртебесі барлық са­лада рухани жаңғырудың үлгісін көрсетуге зор мүмкіндігі бар. Уақыт өте келе оған «Ру­хани жаңғыру қаласы» деп рәміздік атау беруіміз де ғажап емес.
Ежелден халқымызды нақ осындай ұлы істер, ірі бастамалар біріктіре түскенін тар­лан тарих талай рет дәлелдеді. Егемендік ал­ғаннан кейін өшкеніміз қайта жанып, жо­ғымыз түгенделіп, барымызды баға­лағанымыз – осындай табиғи жетілудің ар­қасы. Тәуелсіз Қазақстан өркендеуінің асыл арқауы – Астана қаласын тұрғызуы­мыз, халықаралық жолдар мен аэропорт­тар­дың салынуы, облыс орталықтарының дамуы, әлемдік деңгейдегі форумдар мен саммиттер өткізу, тағы да басқа игілікті шаралар.
Түркістанның жаңа тынысын ашу үшін, біздіңше, мынадай бірқатар істі кеңесе отырып, күш біріктіріп шешу қажет деп ойлаймыз.
– Тарихи Түркістанның төрт қақпасы, цита­дельдің екі қақпасы болған. Қала қонақ­тарының назарын өзіне аударатын ең басты нысан – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екенін ескерсек, сол қақпаларды да, бекініс қор­ғанын да ғылыми-архитектуралық не­гіз­де, бір стильде қалпына келтіру маңыз­ды. Кезінде осы тарихи орыннан сыртқа әке­тілген құнды экспонаттарды өркениетті жол­мен қайтару үшін қоғамдық пікір мен ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сынды халық­ара­лық ұйымдардың әлеуетін пайдаланған орын­ды (әзірше көшірмесін жасата тұру да қа­жетті).
– Кесене маңында жерасты 44 бөлме­ден тұратын «қылует» деп аталатын ғиба­дат­хана мен шығыс моншасының жұрнағы бар. Осыны да қаланың қолайлы жерінде үлкейтілген үлгіде қайта қалпына келтіру қажет деп білеміз. «Түркістан моншасы» брендін өмірге әкелуге де мүмкіндік туады.
– Халықаралық ұйымдармен келісе оты­рып, таяуда Елбасы ұсынған «Түркі әле­мінің 100 жаңа есімін» қорытындылау салтанатын дәстүрлі түрде Түркістанда өткізуге қол жеткізу керек.
– Түркі дүниесіне ортақ «Түркістан та­лант­тары» атты өнер телефестивалін («Ев­ровидение», «Новая волна», «Славянский базар» үлгісімен) ұйымдастыру – уақыт талабы.
– Әлемге ортақ Қорқыт, әл-Фараби, Ах­мет Яссауи, Баласағұни т.б. түркі тұлға­ларына арналған ғылыми конференция, форумдарды дәстүрлі түрде осы қалада өткізіп отыру керек.
– Түркістан айналасын көгалдандыру үшін Қазақстан халқы ассамблеясы бас­тамасымен («Астана орманы» үлгісімен) осы топыраққа бейімделген немесе жер­сінетін тал-терек, жеміс ағаштары мен өсім­діктерді егуді қолға алу. Ыстық кли­матта өсімталдығын танытқан Иранның шыршатұқымдас әсемдік ағаштарын өсірудің Ашғабаттық тәжірибесін орайлы қа­былдау қажет-ақ.
– Басқа қалаларға үлгі боларлық салық тө­лемі және құқықтық мәдениет жобасын қа­лыптастырып, жүзеге асырсақ. Бұған қо­са шаһардың бас жоспарына кедергі кел­тіретін бейберекет салынған үй-жайларды сүргізу қажеттігін түсіндіру жұмыстарын екі жаққа да тиімді етсек.
– Әрбір квартал (махалла) мен көшені өр­кениетті қалыпқа келтіру үшін шефтік-қам­қорлық жұмысын үйлестіру меке­ме­лерге, білім-мәдениет орындарына тапсы­рыл­са. Дәстүрлі «сенбіліктің» ын­та­­ландыруға, тіпті жүйелі нарық пен бәсекеге негізделген жаңа форматы ұйымдастырылса. Бұл іске ойы озық, әрдайым жаңашыл, үнемі ізде­ністе жүретін студенттерді тарту – әлемде бар үрдіс.
– Түркістан қаласының жаңғырған жасампаз дәстүрін қалыптастырған мақұл. Мысалы, Елбасы шешімімен демалыс күндері болып белгіленген Құрбан айт мейрамын заманға лайықтап, өнегелі етіп өткізу (халықтық басқосу-айттау, татулық, қайырымдылық шаралары т.б.) зайырлы дін мен дәстүр ықпалдастығын үйлестіре түсер еді.
– Қаланың бас жоспары айқындалып жатқан кезде айтарымыз: болашақ әр ықшамауданға тарихи шаһарларымыздың (Отырар, Сауран, Сығанақ, Бозоқ, Ботай т.б.) атауын беріп, сол аумақтың ғима­рат­тарын дәстүр мен мұраны елестететіндей етіп тұрғызу қиынға соқпас.
– Тұрғын үй және басқа да жайларды салуда қатаң әрі жүйелі тәртіп орнатылып, баспана сатып алу мен пайдаланудың озық үлгісі қолданысқа енгізілсе. Тұрғын-үй ком­муналдық жүйенің ашықтығы, біріз­ділігі аса маңызды.
– Біз елімізде суды қадірлеудің («Судың да сұрауы бар») мәдениетін жаңа Түркістан арқылы қалыптастыруға тиіспіз (топырақ құнары мен су қоры бұл жерден әлдеқайда төмен Израильде суды 5 деңгейге бөліп, тиімді пайдаланады). Ендеше, Орталық Азия­ға үлгі болатындай «Түркістан қай­нары» атты ауызсу, мелиорация, ирри­гация, жерасты суын іске жарату жобасын жүзеге асырсақ.
Бұл әрине, жаңа облыс орталығы үшін қыруар шаруаның бір парасы ғана. Әлемдік стандарттарды, озық технологияларды бір күнде енгізу оңай емес. Жоғарыда атап өтке­німіздей, Түркістанды атына лайық, мәр­тебесіне сай ететін – тек қаржы-қара­жат емес, ең бірінші тұрғындардың сана-сезімі, бірлігі мен жауапкершілігі. Рухани жаңғыруға ұмтылған елімізде оны жүзеге асыруға ниет те, мүмкіндік те бар.
Олай болса, әлімсақтан түркі дүниесінің қара шаңырағы (жауапкершілік деп ұғыңыз), қазақтың аруақ қонып, нар шөк­кен жері (екі дүниенің обал-сауабын ойлау деп біліңіз) – Түркістанның жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның рухани ордасы ретінде жаңғыратынына сеніміміз мол.

Бөлісу:

Пікір жазу


*