ӨМІР – КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

580
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасының Конституциясының 15-бабында «Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар. Ешкiмнiң өз бетiнше адам өмiрiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшiн ең ауыр жаза ретiнде заңмен белгiленедi, ондай жазаға кесiлген адамның кешiрiм жасау туралы өтiнiш ету хақы бар» деп тайға таңба басқандай жазылған. Үкімет отырысында елдегі жергілікті полиция жұмысы қаралып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев саладағы жұмыстардың дұрыс атқарылмай келе жатқанын қатты сынға алды.

Қоғам жуырда қабылданған заңнан көп нәрсе күтеді. Жаңа заң бойынша Ішкі істер департаменттері – Полиция департаменттері болып өзгертілді, ал жергілікті полиция қызметі олардың құрамына енді. Бірақ қанша жерден заңдық және құрылымдық өзгерістер болып жатқанымен елдегі қылмыс өршіп тұр. Премьер-министр саладағы кадрлық мәселелерді шешуге, мектептердегі инспекторлар тәжірибесін дамыту мәселесіне баса назар аударды. Инспекторлары бар және жоқ мектептер бойынша жасөспірімдер қылмысы статистикасын зерделеу қажеттігін атап өтті. Әкімдерге өңірлерде орын алып жатқан мәселелерді қарай отырып, құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың арнайы отырыстарын өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін едәуір нығайтуға ықпал ететін шаралар қабылдауды тапсырды.
Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі баяндамасы, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің басшылығына міндеттер жүктеп, тағайындау өкілеттігі бар әкімдердің есептері тыңдалды.
Премьер-министр мәселені төтесінен қойды. Селекторлық байланыс арқылы өңірлердегі Полиция департаменті басшы­ларынан да сала бойынша проблемаларға қатысты жауап талап етті. Атырау облысының ІІД бастығы өңірдегі қылмыс санын «қатты өсіп тұрған жағдай» емес деп түсіндірді. «Былтыр 25 адам өлген, биыл 26 адам өлді деп адам өміріне түсініксіз қарайсыз. Бір адам болса да ол – адамның өмірі. Бұлай жеңіл қарауға болмайды» деді Бақытжан Сағынтаев. Дұрыс талап. Дұрыс сөз.
Бір адам өлсе де – қайғы. Қауіпсіздікті қорғайды дейтін сала қызметкерлерінің әбден кісі өліміне еті үйреніп кеткен бе, тіпті шімірікпейді. Көрер көзге Конституция талаптары бұзылып жатқанымен ісі де жоқтығы алаңдатады.
Аймақтардағы жағдай да жетісіп тұрмаған екен. Бір ғана Ақтөбе облысы бойынша 2018 жылдың 8 айында аса ауыр қылмыстар 48,8%, адам өлтіру 91%, тонау 25%, ұрлық жасау 20 пайызға өскен. «Ұрлық жасау, тонау деген секілді қылмыстар ауыр санаттағы қылмысқа жатқызылып отырмаған болар. Адамдарды нақты осы жағдай мазалап отырған жоқ па? Сіздердегі ахуал ауыл шаруашылығы саласындағыдай ауа райы жағдайына тәуелді ме? Бір жылы ауа райы жақсы болса, егін түсімі де жоғары, келесі жылы төмен болуы мүмкін. Оған байланысты емес шығар? Егер бір жылы 30 пайыз төмендете алсаңыздар, оны әрі қарай жалғастыру керек. Басқа өңірлердегі полиция қызметі де жұмыс жасап отыр. Алайда оларда мұндай көрсеткіш жоқ. Әлде енді барлық бәленің бәрін ұрыларға жабамыз ба? Олар қатты жұмыс істеп жатыр, ал біз түк істей алмай отырмыз деп» деп Сағынтаев отырыста орынды талап қойды.
Қазір халықтың полицияға деген сенімі азайды. Екі күннің бірінде – кісі өлімі. Дәл осы Үкімет отырысы өткен күні Астанада белгісіз біреу журналист келіншекті өлтіріп кетті. Денис Теннің ажалы бұзақылардан болды. Құқық қорғау қызметкерлері үшін мемлекет барлық қажетті жағдайды жасап отырса да қылмыс саны азаяр емес. Неге бұлай? Президенттің полиция қызметін жетілдіруде Грузия тәжірибесін қолдану туралы талабы орынды тәрізді.
Кісі өлтіру неге тоқтамайды? Қазақстан халқының саны соншама көп пе еді?! Мына түрімізбен бар халықты зарлатпай тоқтамай­тын сияқтымыз ба, қалай?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*