Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы өзінің алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті (видео)

3818
0
Бөлісу:

Қазақстандық орта салмақтағы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, колумбиялық қарсыласы Карлос Галваннан басым түсті.

Олардың кездесуі Калифорния штаты Окленд қаласындағы Oracle аренадағы бокс кешінің андеркартында өтті. Кездесу алты раундқа созылып, Әлімханұлы төрешілер шешімімен (60-54) жеңіске жетті.

Осылайша, 25 жастағы Әлімханұлы кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуінде үшінші жеңісін олжалады (бір нокаут). Ал 27 жастағы Галван болса сегізінші рет жеңіліс тауып отыр. Сондай-ақ осы уақытқа дейін оның еншісінде 16 жеңіс, 15 нокаут және 1 тең кездесу бар.

Еске салсақ, Әлімханұлы 2013 жылы әлем чемпионатын жеңіп, 2016 жылғы Рио олимпиадасына қатысты. Ал кәсіпқой рингте алғаш рет 2016 жылы жұдырықтасты. Ол алғашқы екі кездесуін де Қазақстанда өткізген.

Ол әуесқой бокстан осы жылдың басында түбегейлі кетті. Одан соң дереу АҚШ-қа аттанып, Top Rank  промоутерлік компаниясының басшысы Боб Аруммен келісімшартқа отырды. Аталмыш промоутер қазіргі таңда әлемге әйгілі украиналық Василий Ломаченко (11-1, 9 КО) және америкалық Теренс Кроуфордтарға да (33-0, 24 КО) қамқорлық жасайды.

Енді Жәнібек келесі кездесуін 3 қарашада Техас штатындағы Эль-Пасода өткізеді. Сол жолы Жәнібек 32 жастағы америкалық Вон Александерге (12-1, 8 КО) қарсы тұрмақ.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Жеңіс құтты болсын, қазақ елі!

Публикация от JANIBEK ALIMKHANULY (@janibek_alimkhanuly_team)

«Мен АҚШ-та енді ғана бокстасып жатырмын. Бәрі жақсы болды. Бәрі ойлағанымыздай өтті. Америка жеріндегі алғашқы кездесуім болғандықтан не нәрсеге мүмкіндігім бар екенін барынша көрсетуге тырыстым. Біраз уақыт бокстаспай да қалғанмын. Өз стилімді, алға жүріп шабуылдай алатынымды, қалай қорғанатынымды көрсеткім келді. Енді келесі жекпе-жегіме дайындаламын» депті жекпе-жектен кейін Жәнібек.

Абай Аймағамбет  

Бөлісу:

Пікір жазу


*