Жазушы арнайы сыйлыққа ие болды

363
0
Бөлісу:

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты.

Осыған орай, Ұлттық кітапханада жазушының шығармашылық жолына арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уә­лихан Қалижан ашты. Әуелі Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гоги­к­алық университетінің ректоры, про­фессор Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйлеп, автордың әдеби зертханасына талдау жасады.
– Нағашыбек Қапалбекұлы – өзінің тарихи және әдеби көркем шығармалары арқылы елімізге кеңінен танымал қалам­гер. Оның ХХ ғасырдың ұлы жыршысы Жамбыл Жабаев туралы зерттеулері мен деректі шығар­малары, Қарасай батыр, Мақыш балуан, Сарыбай би, Құртқа тәуіп туралы тарихи-танымдық кітаптары және «Еңлік­гүл», «Дос жүрегі», «Қызыл елік», «Таудан түскен тұман» сияқты повестер мен әңгімелер жинақтары – қазақ әде­биетінің алтын қорына қосылған сүбелі дүниелер. Шығар­малары сюжетінің шы­найылығымен, композициялық құры­лы­мының шымыр­лығымен, тілінің шұ­райлылығымен, жоғары идеялық көр­кемдік құндылықтарымен ерекшеле­неді.
Қаламгердің орыс тілінде шыққан «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», түрік тілінде жарық көрген «Құс қанаты» атты кітаптары орыс және түрік елдерінің оқыр­мандарына қазақ халқының ба­тырлығын, елдік және ұлттық дәстүрле­рін, адамгершілік асыл қасиеттерін, мәдениеті мен салт-сана­сын кеңінен танытады деп ойлаймын, – деді.
«Құс қанаты» әңгімелер жинағы Якуп Омероғлы төрағалық ететін Еуразия Жазу­шылар қауымдастығына қарасты Bengü баспасынан жарыққа шықты. Анкарадан арнайы келген Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапарбекұлының ыстық ықыласы мен үшбу сәлемін жеткізді. Нағашыбек Қапалбекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығын табыстады. Қордың төрағасы – жазушы Яxия Акенгин.

Сонымен қатар Кечиөрен муници­палитетінің мэрі Мұстафа Актың, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдасты­ғының төрағасы Осман Баштың және Әлем сөз акаде­миясының төрағасы Хай­реттин Ивгиннің құттықтауларын оқып берді.Бұған қоса, тұсаукесер қарсаңында Стамбұлдан шығатын Önce Vatan газетінің колумнисі М.Кемал Саллының «Құс қанатындағы әңгімелер», сондай-ақ Анкарадан шығатын Anayurt газетінің колумнисі Орхан Селеннің «Қазақ жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы» атты сараптамалық мақалалары жария­ланғанын тілге тиек етті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов өз кезе­гінде: «Қазақтың бай әдеби тілінің қоры, қолдану тәсілдері, сөз тіркестері, жеке сөзге, сөйлем­дерге мағына сыйғызатын суреткерлік қа­сиеті Нағашыбек шығар­машылығын даралап тұр. Оның туын­дыларында соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ отбасыларындағы ауыр тұр­мыс, жетімдік, жесірлік сынды тағы басқа псих­ологиялық ахуалдар қазақы ортаның тілі­мен, қарапайым адамдардың көзімен баян­далады. Әдебиетте оқырман кейіп­керге айналу деген ұғым бар. Нағашыбек әңгімелерінен әр оқырман өз тағдырын табады», – деді.
Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, профессор Хангелді Әбжанов, жазушы Жанат Ахмади, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын және басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. «Ақорда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбал­дының құттықтау хатымен орынбасары Қанат Мұсағұлов, Алматы қала­сы әкімі Бауыржан Байбектің жылы лебізін кеңесшісі Мамай Ахет таныстырды.
Соңынан Нағашыбек Қапалбекұлы жиналғандарға алғыс айтып, айтулы аза­маттарға шапан жапты.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*