ТҮРКІСТАН ТЕЗ ТҮЛЕЙДІ

719
4
Бөлісу:

Оңтүстік өңірге келген Мемлекет басшысы жаңа Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәнін айтты. «Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздың көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы – барша қазақтың тарихы» деді.
Елбасы Түркістанның күллі түркі халықтарының өмірінде де ерекше орын алатынын атап өтіп, қабылданған шара­ларды жүзеге асыру нәтижесінде қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеретініне, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.
– Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құра­мынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20 процентін ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу, – деді Мемлекет басшысы.
Халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруа­шылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасау керектігін сөз етті. «Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту үшін жағдай жасау керек. Жаңа қонақүйлердің, мейрам­ханалар мен дәмханалардың, сауда ойын-сауық орталықтарының және басқа да нысандардың құрылысын бастау қажет», – деп нақты тапсырмалар берді. Әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелерін де қамтып кетті. Бұл ретте балама энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарас­тыруды тапсырды.
«Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркен­деуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын 5 миллиард АҚШ долларына дейін арт­тыруға әлеуетіміз жетеді, – деген Президент Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ TURKISTAN арнайы эконо­микалық ай­мағын құру туралы жарлықтарға қол қойды.
Ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелері өте өзекті. Инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, аймақ үшін аса маңызды Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған авто­вокзал салу мәселелері көтерілді. Енді Түркістан – Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағытына қарай жол мәселесі шешілсе, бір ғанибет болар еді.
«Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.
«Айқын» газетінің өткен нөмерлерінің бірінде Мәжіліс депутаты Дархан Мың­байдың «Рухани жаңғыру қаласы» деп аталатын мақаласы жарық көрді. Осы мақалада Түркістанның келешек келбетін жақсартуға қатысты көптеген нақты ұсы­ныстар бар. Соларды қажетіне қарай қолдансақ, артықтық етпейді.
Астана тәрізді енді Түркістан да тез түлейді. Қасиетті шаһардың келбеті алдағы үш-төрт жылдың өзінде адам танымастай өзгереді. Ұлтымыздың ұпайы түгенделеді.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Сакен 10 Қазан, 2018 at 12:59 Жауап

    Президент Казахстана уделяет развитию Туркестанской области особое внимание. Акцент делается на молодежь региона.

  2. Малик 10 Қазан, 2018 at 12:59 Жауап

    Реально это регион, который вносит нереальный вклад в развитие всего туризма страны. Нужно развивать в правильном направлении

  3. Ахмет 10 Қазан, 2018 at 13:00 Жауап

    Туркестан, город полон истории и духа казахского народа. Хорошо , что ее развитию уделено такое пристальное внимание

  4. Самат 10 Қазан, 2018 at 13:00 Жауап

    Түркістан біздің еліміздің рухани байлығы. Қаншама тарих жатыр бір өңірде. Қаншама тұлға жатыр.

Пікір жазу


*